ИРАН МӘСЕЛЕСI ӘЛЕМДIК САЯСАТТАҒЫ БАСТЫ ТАҚЫРЫПҚА АЙНАЛДЫ
ИРАН МӘСЕЛЕСI ӘЛЕМДIК САЯСАТТАҒЫ БАСТЫ ТАҚЫРЫПҚА АЙНАЛДЫ
АҚШ Конгресiнiң Өкiлдер палатасы Пентагонның Иранға қатысты жасаған жасырын баяндамасын Конгресс талқысына салуды талап еттi. «Америка Иранға қарсы әскери күш қолданатын болса, екi ел арасындағы соғыс 30 жылға дейiн созылады» деген болжам да бар.
АҚШ Конгресiнiң Өкiлдер палатасы Пентагон басшысына Иранға әскери күш қолдану мүмкiндiгi туралы құпия баяндаманы Конгресс назарына ұсынуға тапсырма бердi. Өкiлдер палатасы хатшылығының мәлiмдеуiнше, арнайы қабылданған заң жобасында «АҚШ Қорғаныс министрi 2007 жылдың 31 қаңтарына дейiн АҚШ қауiпсiздiгi мен халықаралық қауiпсiздiкке Иран тарапынан туындап отырған және туындауы мүмкiн қауiптердiң алдын алу мақсатында АҚШ Қорғаныс министрлiгiнiң бүгiнгi таңнан бастап 2016 жылға дейiнгi кезеңдi қамтитын құпия баяндамасын Сенат пен Өкiлдер палатасының қорғаныс күштерi жөнiндегi комитеттерiне тапсырсын» делiнген. Сонымен қатар баяндамада АҚШ Қорғаныс күштерiнiң әрекетiн және аталған әскери күштi қолдану барысында кездесетiн кез келген кедергi мен шектеулердi ақтап алатын әскери варианттар түгел қамтылуы керектiгi де баса айтылған. Негiзi Иранның ядролық бағдарламасына қатысты туындаған дау – бүгiнде әлем назарын аударған басты мәселе. Халықаралық сарапшылардың басым бөлiгi «Ақ Үй Иранға қарсы әскери күш қолдана ма?» деген сауалға кесiмдi жауаптарын бере алмай отыр. Ал АҚШ-тың бұрынғы президентi Джимми Картердiң саяси кеңесшiсi болған әрi әлемге танымал саясаттанушы Збигнев Бжезинский «Вашингтон пост» газетiне берген сұхбатында Иранға қарсы әскери күш қолдану АҚШ-тың әлемдiк беделiне нұқсан келтiретiнiн, ал Америка тарапынан Иранға қарсы соғыс жарияланатын болса, 30 жылға созылатынын айтқан болатын. Егер екi ел арасында соғыс өртi тұтанатын болса, Иранға бiрiншi болып көмек қолын созатындар – Қытай мен Ресей. Ал кейбiр отандық сарапшылардың пiкiрiнше, Қазақстан АҚШ-тың одақтастары – Германия, Франция, Ұлыбритания мен Израильдi қолдауға мүдделi. Өйткенi, ресми Тегеранның кесiрiнен «қара алтыны» мен табиғи газын еуропалық нарыққа тiкелей тасымалдау мүмкiндiгiнен айырылған қазақтар бүгiнде орыстардың құбырына тәуелдi. Кезiнде Иран ислам мемлекетi бола тұрып, Арменияны Әзiрбайжанға айдап салуға тырысқан әрекетi де сенiмсiздiктi күшейте түседi.
Өзiнiң толық ядролық циклымен уранды байытуға мүмкiндiк алғанын мәлiмдеген Тегеран «ядролық алпауыттар клубына» мүше болуға өтiнiш бiлдiрдi. Радарларға көрiнбейтiн баллистикалық зымырандарына сынақ өткiзгенде, «Иран әлемнен жасырып, ядролық қару жасайды» деп онсыз да қауiптенiп отырған АҚШ пен Батыс шаптарына шоқ түскендей шоршыды. Ахмаденижадтың мәлiмдемесiнен кейiн АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнен Иранға қатысты әскери күш қолдану мүмкiндiгiн қарастыратын жаңа Қарар қабылдауды талап еттi. Райстың мәлiмдеуiнше, БҰҰ Хартиясының 7-бөлiмiнде агрессор болып табылатын немесе халықаралық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн мемлекетке қарсы әскери күш қолдану мүмкiндiгi жазылған. Негiзiнен БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң Иракқа қатысты кейбiр Қарарлары Хартияның дәл осы бөлiмiне байланысты қабылданған едi. АҚШ-тың ғылыми және халықаралық қауiпсiздiк институты Иранның ядролық қару жасауға ықпал ететiн күш ауқымын кеңейтiп жатқаны жайлы баяндамасын жариялады. Ақ Үйдiң көңiлiн алаң еткен тағы бiр мәселе: Иранның осыдан 1 ай бұрын кең ауқымдағы әскери жаттығулар өткiзуi. 17 мың әскери мен бiрнеше кеме, әскери және бомбалаушы ұшақтар қамтылған бұл жаттығу Парсы шығанағының ирандық жағалауының солтүстiгi мен Оман шығанағындағы Чахбехар портында өткiзiлген болатын. Тегерандағы Қорғаныс күштерiнiң күнiне арналған әскери шеруде елдiң әскери қуатының көрсетiлуi де «отқа май құя түскендей» болған. АҚШ пен Батыстың уран байыту жұмыстарын 5-10 жылға тоқтата тұру туралы талабын Иран қабылдамай тастады: «Халықаралық атом энергиясы жөнiндегi агенттiк тарапынан жүргiзiлетiн бақылауға дайын, Ядролық қаруды таратпау жөнiндегi келiсiмдi де орындайды, алайда уранды байыту бағдарламасын тоқтату туралы сөз қозғаудың өзi артық». Ресейлiк сарапшы Владимир Орловтың пiкiрiнше, ирандықтар уранды байыту iсiн уақытша тоқтатуға өз еркiмен келiссе, аталған бағдарламаны Ираннан жырақта, яғни, Ресейде (Ангарскiде) немесе басқа мемлекеттерде, мысалы, Қазақстанда жүзеге асыруға мүмкiндiк алады. Қазiргi Иранды зерттеу орталығының бас директоры Раджаб Сафаров: «Иран аумағында уранды байытудың халықаралық орталығы құрылса, ал оның жұмысын халықаралық қауымдастық бақылауда ұстап отырса, келiссөз жүргiзушi тараптардың барлығы да келiсiмге келер едi» деген пiкiрде. Бұл пiкiрдi британдық «Jane’s» сараптамалық корпорациясының қауiпсiздiк жөнiндегi сарапшысы Чарльз Хейман да құптайды. Алайда Иран өз жерiнде уранды өндiрiстiк тұрғыда байытудың консорциумын құруды да, осы салада бiрiгiп әрекет етуге ұсыныс жасаған ресейлiк жобадан бас тартпауды да қалайды. Сарапшылар пiкiрiнше, бұл – табиғи заңдылық: «Иран өзiнiң жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп алуды көздейдi. Өйткенi, ирандықтар ядролық мәселенi шешiп алғаннан кейiн АҚШ лаңкестердi қолдап отырсың деген желеумен Иранға қысым жасайды деп қорқады». Ал аспан асты елiнiң пiкiрiнше, ирандық ядролық бағдарламаға қатысты туындаған дауды бейбiт жолмен шешуге болады. Өткен аптада БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанмен кездескен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттiк кеңесiнiң мүшесi Тан Цзясюань: «Ирандық ядролық бағдарлама ядролық қаруды таратпау жөнiндегi халықаралық құрылымның беделi мен қызметiнiң өмiршеңдiгiне байланысты. Сондай-ақ, аталған бағдарлама Таяу Шығыстағы бейбiтшiлiк пен тұрақтылыққа, әлемдiк энергетикалық қауiпсiздiкке қатысты. Барлық мүдделi тараптардың сенiм деңгейiн арттыру мен көпшiлiк қалаған шешiмдi табу мақсатында келiссөздердi жүргiзе беруi өте маңызды» дедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ