ПИОНЕРДIҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ ЕДI?!

ПИОНЕРДIҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ ЕДI?!

ПИОНЕРДIҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ ЕДI?!
ашық дереккөзі
1932
Кезiнде 19 мамыр жасөркеннiң ең қызықты мерекесi болған

Бiз кезiнде октябрят, пионер деген атқа ие болғанда, бұны өзiмiзге үлкен мәртебе санадық. Кеуденiң тура жүрек тұсына жас Володяның, яғни, Күн Көсемнiң бейнесi сараланған жұлдызшаны тақпасақ, бойымызға бiр нәрсе жетiспей тұратындай болатын. Кейде оны тағуды ұмытып кетсек, ар, ұят санап, бiртүрлi күй кешетiнсiң. Оның үстiне мектепке саппен кiргiзiп, есiк алдында тұратын кезекшi мұғалiм де кеудеңде жұлдызшаң немесе мойныңда қызыл галстук болмаса, сабаққа кiргiзбей, оқушылардың алдында абыройыңды айрандай төгетiн-дi. Тiптi, галстуктi мойнына мыж-мыж етiп таққан не болмаса қалтасына бүктеп салған ұл балалардың есiмiн арнайы мектеп қабырғасы бұрышындағы «Тiкенекке» бадырайтып жазып қоятын. Содан кейiн жатақханада жатып оқитын достарым күнде сабақтан соң әуелi галстугiн жуып, сосын оны үтiктеумен әлек болып жүретiн. Бұл бiрiншiден, ант қабылдау арқылы омырауға таққан жұлдызшаңа, мойныңдағы галстукке деген пәктiктi, адалдықты бiлдiретiндей. Егер оқушы октябряттық сатыдан пионерге өтсе, өзiнен кейiнгiлерге үлгi, өнеге болуға тырысып бағатын. Ал одан жоғары лауазым – комсомол атану өте қиын болатын» деген аға-апайларымыздың әңгiмесiн талай естiдiк. Шынында да, ереженi қайта-қайта жаттап, өте алмай, жылап жүрген жоғары сынып оқушыларын көзiмiз көрдi. Алайда комсомол болмасақ та, пионердiң көтеретiн жүгiнiң өзi үлкен жауапкершiлiктi талап еткенi белгiлi. Сол кездерi әрбiр мектепте пионердi отансүйгiштiкке, патриоттық сезiмге баулу арқылы тәрбиелейтiн пионер ұйымдары қызу қарқында жұмыс iстедi. Оған арнайы үздiк оқитын жоғары сынып оқушысынан немесе мұғалiмдерден пионер-вожатый сайланатын едi.

Пионер ұйымы құрылған алғашқы күндерден бастап-ақ жас пионерлер бүкiл елдiң еңбекшiлерiнiң балаларымен достық пен ынтымақты ұлғайтып, революция күрескерлерiне көмек көрсету жөнiндегi халықаралық ұйымдардың белсендi мүшелерi болды. Германияның аштықтан зардап шеккен балаларына, Англияның ереуiл жасаған кеншiлерiне қаржы жiбердi, республикалық Испанияның балаларын бiрге туған iнi-қарындастай құшақ жая қарсы алды. Осындай көмек көрсетiп, қолұшын беру пионер ұйымының шежiресiнде мәңгiлiк жазылды десе болады. Мiне, өткен жылдарда пионер ұйымы нағыз патриоттарды тәрбиелеу жөнiнде елеулi еңбек еткенiн байқау қиын емес. Осы тәжiрибелердi шығармашылықпен ұштастыра отырып, патриоттық тәрбиенiң мазмұнын байыта түсудiң арқасында, оның жаңа, неғұрлым тиiмдi пiшiндерi мен тәсiлдерiн әрдайым iздестiрiп отырды. Мұндай шешiмдер вожатыйларға үлкен көмекшi құрал ретiнде саналып, Отанының патриотын тәрбиелеу балалық шақтан, баланың балабақшаға келген алғашқы қадамынан, октябрят жұлдызшасында, пионер отрядында басталатынын үнемi естен шығармады. Сондай-ақ пионер ұйымының әр алуан жұмысы барлық Одақтас республикалар пионерлерiнiң достығын нығайтуға, Отанға деген мақтаныш сезiмiн, бүкiл дүние жүзi еңбекшiлерiнiң пионерлерiмен, балаларымен туысқандық ынтымақта тәрбиелеуге бағытталды. Демек, Отанға деген адал махаббатқа тәрбиелеу өзiнiң туған өлкесiне, оның табиғатына, жер бетiндегi барлық тамаша iстi жасаған ұлылар еңбегiне деген сүйiспеншiлiкке баулудан басталады екен. Бiр пионер ұйымдарының өзi кезiнде талай шараға мұрындық болып, көмек ретiнде қолұшын бергенiн бiлдiк. Ал одан берi қаншама уақыт озды. Елiмiз егемендiк алғанына аттай 15 жылдан асты. Жаңағыдай патриоттық рухқа, отансүйгiштiкке тәрбиелейтiн пионер, комсомол ұйымдарының орнын небiр жастар ұйымдары мен қозғалыстары басып алды. Алайда олар сол баяғы ұйымдардың көтерген жүгiн, қызметiн соншалықты атқарып жүр ме? Әйтеуiр iшiнара мемлекеттiк тiлге, жастар мәселесiне байланысты құрылған ұйымдар кездесiп қалып жатса, кейбiрi жеке бiр мүдденiң қамын ойлап немесе бәзбiреулердiң қолшоқпарына айналып жүр. Ал «Мектеп қабырғасында оқушыларды патриоттық сезiмге тәрбиелеу тек тәрбие сағатымен шектелiп қалған сыңайлы» деген Алматы қаласының №133 орта мектебiнiң мұғалiмi Рабиға Базарбекова әңгiмесiн былай жалғады: – Мектепте тәрбие сағатының аясында өткiзiлетiн азаматтық тәрбие беру деген сағат өтедi. Көбiнесе мемлекеттiк мерекелер – Тәуелсiздiк күнi, Республика күндерiнде осы патриоттық тақырыпқа көңiл бөлiп, оқушылардың Отанға, туған жерге, елге деген махаббатын арттыруға тырысамыз. Ал күнделiктi сабағымыз мiндеттi түрде Әнұранмен басталғанының өзi патриоттыққа тәрбиелейдi. Сондай-ақ сынып бұрышында мемлекеттiк рәмiздерге арналған тақташалар да бар. Бiрақ мұның өзi жеткiлiксiз. Кезiнде әр пионер ұйымы ардагерлер мен балалар үйiне көмек берудi үрдiске айналдырған едi. Қазiр соғыс ардагерлерiн тек 9 мамыр – Жеңiс күнiнде ғана есiмiзге алып, кiрiп шығамыз. Сондықтан бұрынғыдай оқушыларға арналған пионер ұйымдары керек сияқты. Әрине, оның атын жаңа заманға сай өзгертiп, ережесiн де елiмiздiң рәмiздерiне сай етiп жасауға болады. Естуiмше, қаладағы екi-үш мектепте «Жас Ұлан» атты ұйым бар екен. Олардың атқаратын қызметi тура пионер ұйымдарына ұқсас. Бiр өзгешелiгi, мойнындағы галстугi туымызбен түстес. Мiне, осындай ұйымдарды барлық мектепте ашса, немен айналысатынын бiлмей, дел-сал болып жүрген оқушыларға әжептәуiр жұмыс болар едi. – Демек, мұндай ұйымдар дәл қазiр де керек деп ойлайсыз ғой… – Керек. Бүгiнде жастарды айтпай-ақ, мектептегi жасөспiрiмдердiң өзi небiр бұзақылыққа, нашақорлыққа бой ұрып жүр. Осындай тәртiпсiз оқушыларды тәрбиеге, патриоттыққа шақыратын мектепте арнайы ұйым болса, құба-құп болар едi. Сонау бiздiң кезiмiздегi пионер, комсомол ұйымдарының пайдасы болды. Сондықтан «Жас Ұлан» ұйымын қайта жасақтап, барлық мектепте ашу керек. Бұл бұрын октябрят та, пионер де, комсомол да болған мұғалiмнiң пiкiрi ғана. Алайда кеңестiк заманнан қалған ұйымдарды егемендiк алған Қазақстанымызға «қайта ашу керек» деп, неге сандалып отыр деп ойлауыңыз мүмкiн. Шынымен де, қазiргi жастардың бойында сол кездегi жастарда болған Отанға, туған жерге деген патриоттық рух, сезiм бар ма? Керiсiнше, бұл заман батыстық менталитетке елiктеген, кiндiгiн ашып, қолына темекi ұстаған, ата-анасына қарсы сөз айта кететiн, басқа тiлде шүлдiрлейтiн ұл-қыздарды өмiрге әкелдi. Сонда бiздiң өз қазақи болмысымызға сай әдептiлiгiмiз, «Үлкенге құрмет, кiшiге iзеттiгiмiз» қайда қалды? Бiр қызығы, мектеп оқушылары мен кейiнгi буын жастары пионер деген атты естiмеген, бiлмейдi де. Бiз тiлдескен балалардың кейбiрi тек Ленин атаның «Оқы, оқы және оқы» өсиет сөзi мен ұшқыш Гагариндi ғана бiлетiн боп шықты. Алматы қаласы №13 орта мектебiнiң 11-сынып оқушысы Нұрболдан «Октябрят отряды мен пионер ұйымы туралы естiгенiң бар ма?» деп сұрағанымызда, былай деп жауап бердi: – Оқушының мұндай атаққа ие болатынын тек кiтаптан ғана оқығанмын. Бiрақ олардың не жұмыс iстегенi, қандай киiм кигенi жайлы ата-анамыздан естiгенiм болмаса, бiлмеймiн. Әке-шешем сол октябрят, пионер, тiптi комсомол болған кездерiн мақтанышпен айтып отырады. Кейде олар маған «Мына сенiң заманыңнан қорқамын. Жан-жағыңа қарасаң, жастар көбiне тәртiпсiздiкке, жаман пиғылға қарай бет бұрып жатқан сияқты. Ал егер мектептерде баяғыдай пионер сынды ұйымдар жұмыс iстесе, жасөспiрiмдер мұндай бойкүйездiкке, бос жүрiске салынбас едi» деп уайымға батады. – Ал мектептерiңде осындай ұйым ашылса, мүше болар ма едiң? – Әрине. Ондай болса, ата-анам қуанар едi. Шынымен де, мектепте бiр iспен шұғылдану керек қой. Көп достарым бос уақытын үнемi ойын автоматтарына жұмсайды. Тiптi, кейде түнiмен ойнап, сабаққа да бiрде келiп, бiрде келмейдi. Дегенмен осындай оқушыларды жазаға тартатын немесе бәрiмiздiң көзiмiзше ұялтатын, тәртiпке шақыратын ұйым немесе топ қажет деп ойлаймын. – Патриоттыққа, отансүйгiштiкке тәрбиелейтiн арнайы сабақтар бола ма? – Бiзде тәрбие сағаты болып тұрады. Кейде мұнда бiр оқушының мәселесi қаралып, күллi оқушының алдында абыройын төгедi. Бұдан кейiн бiр нәтиже шығаруға тырысып жүретiндерi бар. Ал патриоттық рухтағы әңгiмелер көбiне мерекелерде кеңiнен тарқатыла айтылады. Мәселен, Желтоқсан оқиғасындағы жастардың ерлiгiне, Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлердiң қайсар, батырлығына тәнтi болып, құрметтеп, үлгi тұтамыз. Ал бұл туралы төменгi сынып оқушылары не бiледi екен?! – Балақай, сенiң пионер туралы естiгенiң бар ма? Шыңғыс, №133 орта мектебiнiң 7-сынып оқушысы: – Бiлмеймiн. Ол деген не өзi?! Теледидардағы кинодан мойнына әкемдiкi секiлдi галстук тағып алған балаларды көрдiм. Бiрақ оның түсi қып-қызыл. Сосын анамнан «Неге оқушылар мойнына галстук байлап алған» деп сұрағанымда, «Ол – пионер. Бұрын бiз де осылай жүргенбiз», дедi. Тағы да «Неге? Не үшiн?» деп сұрағымды жаудыра бастап едiм, «Ой, оны не қыласың, қазiр сендерге мұның түк қажетi жоқ» деп ұрсып тастады. Мадина, Қарасай ауданы, Абай ауылының М.Ғабдуллин орта мектебiнiң оқушысы: – Пионер жайында апамнан естiдiм. Бiрақ менiң пионер болғым келмейдi. Қазiр мектепте киiм кию жағы еркiн ғой. Бұрынғы замандағыдай мойынға қызыл галстук таққан ыңғайсыз сияқты. Оның үстiне оқушыларға арнап бiрыңғай киiм үлгiсi де енгiзiлiп жатыр. Мұның өзiн әр мектепте әрқалай киедi. Егер бұрынғы пионерлер секiлдi бiрдей киiнiп жүрсек, оқушы екенiмiздi «мен мұндалатып» көрсетер едi. Қайсыбiр оқушыдан: «Пионер кiм? Қандай болды? Не iстедi?» деп сұрасаңыз, бетiңе таңырқап қарайды. Онысы жөн-ақ. Өйткенi, олар қазiр тәуелсiздiкке қол жеткiзген, демократиялы елде өмiр сүрiп жатыр. Бiрақ қазiргi жастар мен жасөспiрiмдi патриоттыққа, отансүйгiштiкке, жерге, үлкенге деген құрметтiлiкке тәрбиелеу жағы көңiл көншiтпейдi. Не десек те, әрбiр ұрпақ алдымен өз Отанының, туып-өскен жерiнiң патриоты болса, қанеки!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары