“МЫҢ ӨЛIП, МЫҢ ТIРIЛГЕН” ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!

“МЫҢ ӨЛIП, МЫҢ ТIРIЛГЕН” ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!

“МЫҢ ӨЛIП, МЫҢ ТIРIЛГЕН” ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!
ашық дереккөзі
258

Қалай ойлайсыз, «ұлттық намыс» ұғымын бүгiнгi жас ұрпақ қана емес, алпысты арқалағандар мен елудi еңсергендер, қырықтың қырқасына шыққандар мен «солай да солай, қарағым, отыздан асып барамын»-дар жете түсiне ме?..

* * *

Әрiптестерiмнiң бiрi: «Мен ендi ұлттық намыс, ұлтшылдық туралы мақала жазбауға бел будым. Өйткенi, қазақтардың өзi менi келеке етуге айналды» деп ренжiдi. «Қанына тартпағанның қары сынсын!» деген. Олар – дұшпандарың ғой. Сен керiсiнше, ұлтшылдық туралы көп жаз» деп оны қайрасам да, ауылдан күнi кеше ғана келген «аузы сасықтардың» тасыраңдағанына, «су iшкен құдықтарына түкiргендерiне» налыдым…

* * *

Троллейбуста отырғам. Жөн сұраған қазақ апаны қарсы алдымдағы имек мұрын шал: «Қазақтар – малсыңдар! Қалада нелерiң бар? Ауылда жүре бермедiңдер ме?!» деп «жерден алып, жерге салды». Әдепкiде кикiлжiңдерiне мән бермегенмен, тұтас бiр ұлтты, ел басына күн туған шақта, бауырына басып, бiр үзiм нанын бөлiп жескен бауырмал қазақты сонша қорлағанына тiксiнiп қалғам. Бiрақ «шаңыраққа қарауды» «ұмытып» кеттi ме, әлде үйреншiктi әдетiне басты ма, әлгiң қызды-қыздымен: «Қазақтардың жетi атасын… Бүкiл әйелдерiн…» деп салды! Намыстан жарылуға шақ отырған мен «асымды iшiп, аяғымды тепкен» жаман шалдың сонша басынғанына шыдамай, құлақ шекесiнен қойып қалдым! Күтпеген жерден тиген соққыға шыдамай, қисая берген ұйғыр шалмен бiрге менiң шынашағым да қисайып қалды. Сонда саусағымның жан шыдатпай ауырғанына емес, троллейбуста отырған оншақты қазақ жiгiттiң өз ұлтына жаны қас, оспадарсыз бiреуге тойтарыс бере алмағанына күйiнгем: «Аузын буған өгiздей неге үнсiз қалдыңдар? Бүкiл қазақты, жетi аталарыңның әруағын қорлаған көргенсiздi неге тезге салмайсыңдар?!». Ешқайсысы үндеген жоқ. Тек бiреуi ғана мұрнының астынан мiңгiр еттi: «Сонымен қатын сияқты салғыласайық па?..». Жалған намыс пен ұлттық намыстың ара жiгiн ажырата алмаған сорлыға күйiнгенiм соншалықты, қаным басыма шапшыды: «Өңшең ез! Аналарыңның арын көз алдарыңда төгiп жатса да үндемейтiн түрлерiң бар ғой, түге!»… Әлгi жөн сұраймын деп басы бәлеге қалған апа екеумiз троллейбусты орта жолдан тоқтаттық та, қазақты қорлаған жетесiздi желкелеп отырып, көлiктен жерге түсiрiп жiбердiк. Шал тегiн кеткен жоқ, бүкiл қазақты, қазақтардың жетпiс жетi атасын қарғап-сiлеп, боқтап, кiжiнiп кеттi. Атқа жайдақ мiне салып, жауға талай жалғыз шапқан Қобыландының ұрпақтары тағы да ләм-мим дескен жоқ. Оны он жерде бүкшиген күйлерi үнсiз отыра бердi…

* * *

Қаскелеңнiң маңында заңсыз иеленiп отырған жерiн бермеймiз деп айран-асыр төбелес шығарған кришнаиттер қазақстандық құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң екi аяқтарын бiр етiкке тықты. Әрекеттерiнiң заңсыздығын айтып, жердi босатуды бiр емес, бiрнеше рет талап еткен тиiстi органдар оларға күш қолдануға батпай отыр. Өйткенi, кришнаиттер халықаралық ұйымдарға шағымданатындықтарын айтып, сес көрсетуде. Есесiне, сол маңдағы бiр ауылда тұратын, Алматының бұрынғы әкiмi Храпуновтың кезiнде жерлерiн құжаттармен заңдастырып, қаржысын төлеп, үй тұрғызып алған қазақ отбасыларын «Үйлерiңдi заңсыз тұрғызғансыңдар» деп айыптаған полицейлер (денi – қазақтар) ұйқы-тұйқысын шығарды. Әдiлетсiздiкке күйiнiп, зар жылаған аналар, еңiреген балалар, қабақтары тарс түйiлген азаматтар. Қазақ полицейлердiң алдына түсiп алып, полиция бөлiмшелерiне қарай томпаңдаған қаракөздер. Бәрi де қазақтар…

* * *

Қарабазарға барған сайын қамығып қайтам. Өйткенi, таудай жүк тиелген арбасын әрең сүйретiп келе жатып, «Ноги, ноги! Дорогу!..» деп айқайлайтындар – қазақ жiгiттер, әйел адам түгiлi, еркектердiң әлi келу-келмеуi неғайбiл ала дорбасын арқалап алып, ауыр салмақтан белi үнемi қайысып жүретiн – қазақ аналар, тауар сататын үстелдiң астында төрт бүктелiп алып, пыс-пыс етiп жататын – қазақтың қарадомалақтары. Оған ата-бабасы найзаның ұшы, бiлектiң күшiмен қорғаған ұлан-ғайыр жерiнен ұлтарақтай жер бұйырмай, үрiм-бұтағымен кiсiнiң есiгiн сағалаған, кiсiнiң пәтерiн жағалаған ақсақалдарды қосыңыз… Күнделiктi күйбең тiрлiк қажытқан осы бауырларыңыздан ұлттық намыс, Отан үшiн от пен суға түсiретiн өрлiк пен ерлiк туралы сұрап көрiңiзшi…

* * *

Аулада 4-5 қазақ баласы ойнап жүрген. Жандарына 1 орыс баласы келдi. Сол-ақ екен әлгi қазақ балалар орысша шүлдiрлесе жөнелдi. Бұл – кеңестiк империядан қалған құлдық психологияның жарқын көрiнiсi. Күнәсiз қарадомалақтарға ештеңе дей алмадым. Есесiне, «Бiздiң Пәленше керемет, орысша сөйлейдi» деп танауын көкке көтерген қарасұр келiншекке шүйлiктiм: «Балаң бәрiбiр орыс болмайды. Қаны қазақ. Өзiң қазiр қалалық болғаныңмен, ауылдан кеше келдiң. Балаға жөн сiлтеудiң орнына, неге терiс тәрбие бересiң?!». Айтқаным көкейiне қонды ма, әлде «жұлқынып отырған бәлеге үндемей-ақ қояйын» дедi ме, қарасұр келiншек үнсiз жер шұқып қалды. Онысы өзiне жақсы болды. КСРО келмеске кеткелi қаншама жыл өтсе де, ұрпақ қуалаған рухани дертке, қазақ бүлдiршiнiнiң бойына көшкен құлдық психологияға күйiнiп отырған мен сол жерде төбелес шығарудан тайынбас едiм!

* * *

«Қазақстан» телеарнасының басшылығының ауысуына қатысты өткiзiлген баспасөз мәслихаттарының бiрiнде Алматыдағы Ұйғыр мәдени орталығының басшысы Ахмадиев: «Ұйғырларға арналған бағдарлама «Қазақстанда» таңғы сағат онда берiледi. Ол уақытта теледидарды ешкiм көрмейдi» деп қатты ренжiптi. Сонда ол жерде отырған бiрде-бiр қазақ: «Ахмадиев мырза, менiң ана тiлiмдегi хабарлар түнгi 12-де басталып, таңғы 7-де бiтедi. Ол кезде теледидарды сiз көрер ме едiңiз?» деп қарсы сұрақ қойған жоқ.

Жуырда қызметi қазақстандық бiлiм саласымен байланысты бiр шенеунiк: «Қазақстанның батыс бөлiгiндегi аймақтарда тұратын өзге ұлт өкiлдерiнiң көпшiлiгi мектептерде балаларына қазақ тiлiн үйретуге қарсы» дедi. Түсiнесiз бе, менiң тiлiмдi тегiн үйренуге қарсы! Ағылшын тiлiне, қытай не шүршiт тiлiне қарсы емес, ҚАЗАҚ ТIЛIНЕ қарсы! «Құрметтi ата-ана! Өзiңiз азаматы болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлiн балаңыздың үйренуiне неге қарсысыз?» деп сұраған жан баласы жоқ. Негiзi Қазақстандағы өзге ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң басым бөлiгi ҚАЗАҚ топырағында, ҚАЗАҚТЫҢ суын iшiп, нанын жеп отырса да, тiлiн үйренуге мүдделi емес. Балаларына үйретуден де «ат-тондарын» ала қашады». Неге? Себебi, жерi де кең, көңiлi де кең ҚАЗАҚТЫ – ҚАЗАҚ мемлекетiн құраушы негiзгi ұлт ретiнде мойындамайды. ҚАЗАҚ ЕЛIНIҢ ертеңiне, оның келешегiне, бойында ұлттық намысы бар жас жеткiншектiң өсiп-өркендейтiнiне күмәнмен қарайды. Кеудесi аяққаптай кейбiреу келмеске кеткен КСРО-ны, ҚАЗАҚ сияқты «екiншi сортты» ұлттарға жоғарыдан қараған империялық саясатты аңсайды. Ондайлар ҚАЗАҚТАРДЫҢ ұлттық намысына, ұлтшылдығы мен ұлттық құндылықтарына түкiргiсi бар! Ал қазақтар, әсiресе, ауылдан келген қазақтардың көпшiлiгi «қағынан жерiп» жүр. Кейбiреу тiптi, ҚАЗАҚ екенiн мойындауға намыстанады…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары