ПУТИННIҢКРЕМЛЬДЕН КЕТКIСI ЖОҚ

ПУТИННIҢКРЕМЛЬДЕН КЕТКIСI ЖОҚ

ПУТИННIҢКРЕМЛЬДЕН КЕТКIСI ЖОҚ
ашық дереккөзі
270

Жолдаудағы қоқан-лоққылар сайлау алдындағы әрекеттерден аумайды

Ұлы Отан соғысындағы жеңiстiң 61 жылдығын атап өте салысымен алып Ресей ел президентi В. В. Путиннiң Федералдық жиналысында кезектi Жолдауына мұқият құлақ түрдi. Бұл Ресей Федерациясы басшысының дәстүрлi жетiншi Жолдауы болатын. Салтанатты залда дүркiрете соғылған қол шапалақтаудың саны осыған дейiн әлемдiк БАҚ-тарда мазақтамаға, кекесiнге айналған АҚШ президентi жолдауы кезiндегi қол соғулардан асып түскен сыңайлы. Әлбетте, бар нәрседе, әсiресе билiк иелерiн бағалау мен құрметтеуде шектен шығуға ежелден құмар, даурықпа елде осылай болуы заңды да. Алаңдар мен көшелердегi жеңiске арналған салтанатты, қанағаттанушылыққа толы сөздер мен сансыз ұрандар ендi биiк мiнберден түйдектете төгiлген, ресейлiктердi жаңа жеңiстерге шақырулар мен әлемдiк қауымдастықты үрейлендiруге толы сөздерге ұласты.

Солтүстiк көршiмiз қабақ шытса, сұсы Қазақстанды қалшылдататын әдет бойынша iле-шала елiмiздегi билiк баспалдақтарында да бiрсыпыра дүрлiгу назарға шалынған. Астанада Мәжiлiс төрағасы Орал Мұхамеджанов мырза РФ Мемлекеттiк Думасының Аппарат бастығы Валентин Чернявскийдi шұғыл қабылдап, пiкiрлесушi тараптар екi ел арасындағы экономикалық, мәдени, рухани байланыстарға қанағаттанушылық сезiмдерiн баса атап өттi. Дәп қасында әсiре әрiптесшiл, мүйiз шайқап еш қарсылық танытпайтын тым жуас ел тұрғанда Ресей билiгiндегiлер неменеге алаңдасын?! Тiптi, сол Жолдаудың жаңғырығы ма, өткен жұманың соңына таман Қазақстан премьер-министрi Д. Ахметов мырзаның төрағалық етуiмен екi елдiң мамандары ғарыш бағдарламаларын да шұғыл талқылады. Бұл жиынға Ресейдiң жетекшi ғарыш орталықтарының басшылары, М. В. Хруничев атындағы Мемлекеттiк ғарыш-өндiрiстiк орталығы, "Энергия" ғарыштық зымырандар корпорациясының өкiлдерi қатысты. Әдеттегiдей әңгiме екi жылдан берi көк аспанға ұшыру мұң болған "KasSat-2" жерсерiгi жөнiнде өрбiген. Бұл кездесулердiң бәрi бiр жарым-екi жылдан соң Кремль билiгiнен кетуге тиiстi В. Путиннiң қатаң жолдауынан, әсiресе, оның балистикалық зымырандар мен ғарыш туралы айтқан пiкiрлерiнен туындайтын сияқты. Бұл жолдаудың су астындағы ағыстар сияқты көзге айқын ұра бермейтiн кейбiр құпия алғышарттарды да барлығы сөзсiз. Осының қарсаңында ғана Литва астанасы Вильнюсте Қара теңiз және Балтық теңiзi жағалауы мемлекеттерi басшыларының "Жалпы тату көршiлiкке жалпы көзқарас" аясында саммитi өткен болатын. Осы жиында АҚШ вице-президентi Дик Чейни демократиялық құндылықтарға жете назар аудармай отырған Ресей билiгiнiң атына бiрқатар ауыр айыптар таққаны аян. Тiптi, осы мәлiмдеулерден соң бiрқатар орыс шовинистерi мен саяси қайраткерлерi Уинстон Черчилльдiң 1946 жылы Фултонда жасаған баяндамасы мен "қырғи-қабақ соғыстың" басталуын еске алған. Бәлкiм, расында да тарих қайталанатын шығар. Әсiресе, Ресей президентiнiң бұрынғы кеңесшiсi А. Н. Илларионовтың Вильнюста "әуелi Чешенстан бостандығы бұзылды" және барлық пәле осыдан басталды деп батыл мәлiмдеуi, оның үстiне, газ мәселесiнде Литва мүдделерiн сырып тастаған Германияны айыптауы Кремль билiгiндегiлердiң жанды жарасын тырнаған iспеттi. Саяси сарапшылар мен бiрсыпыра саяси қайраткер аталмыш Жолдаудың асығыс дайындалғанына, көптеген күрделi мәселелердi үстiрт сүзiп шыққанына әу бастан-ақ назар аударған болатын. Iле-шала әлемдiк БАҚ-тардың, бiлiктi саяси сарапшылардың мәлiмдеуiнше, РФ президентiнiң жетiншi Жолдауы плагинат (яғни, ұрлықпен көшiрiп алынған) деп табылып, соңы үлкен дауға айналды. Путиннiң өзi мұны мойындағысы келмегенiмен, сенiмдi журналистерге "жолдауды Кремль әкiмшiлiгiндегiлерден қайта жазып шығуын өтiнгендiгiн, дегенмен оған көңiлi онша толмағандығын" ашық айтқан көрiнедi. Мамандардың айтуына қарағанда, Жолдау бүтiндей бiр емес, қилы құжаттардан көшiрiп алынғанға ұқсайды. Солардың бiрi көлемдi "Ресей" жобасы деп аталатын, ел Конституциясына қарама-қарсы құжат екен. Өйткенi, аталмыш атышулы жобаның түпкi мақсаттарының бiрi — мемлекеттiң басқару формасын монархияға бағыттау болып табылады. Сонымен қатар, Путин өз жолдауын "орыс әдебиетi мен философиясының патриархы" атанып жүрген Александр Солженицынның баспасөздерде жарияланған "Халықты сақтаудың жолдары" деген ой-толғауындағы ғақлиялармен үстемелеген сияқты. Қысқасы, түрлi құжаттардың асығыс қоспасы. В. В. Путиннiң жыл басынан берi онсыз да кешiктiрiлген жолдауын үстiрт дайындауына қандай себептер ықпал еттi? Бұл құжатта қандай тосын ойлар айтылған едi? Ең бастысы, РФ президентiнiң жетiншi Жолдауы Ресейде қордаланған сансыз проблемаларды шешуге ықпал ете ала ма?

Зерттеушiлер мен саяси сарапшыларды толғандырған сұрақтар В. Путин Жолдауындағы жауаптардан әлдеқайда басымырақ.

Ең бастысы, аталмыш Жолдау орыс халқының бойындағы ежелгi соғысқұмарлықты, даңғой өркөкiректiктi қайта өршiтiп, әлемдi билеушiлiкке ұмтылыстарын одан әрi қоздырған сыңайлы. Бұған Саяси және экономикалық байланыстар агенттiгiнiң бас директоры Дмитрий Орловтың өктем пiкiрi дәлел бола алады. Орлов мырзаның: "Путин нақты цифрларды тiлге тиек ете отырып, өз сөзiн шашырандылыққа ұшыратты және басты сауалдардан қашықтап кеттi деушiлерге қосылмаймын. Қайта керiсiнше Ресейдiң даму доктринасын қалыптастыру үшiн оған нақтырақ стратегияны түзуi қажет болатын және ол бұл мақсатына жеттi де. Ал Жолдауда сыртқы саясатқа аз ғана орын берiлдi деуге келетiн болсақ, онда Путин ең бастысы: Александр III-нiң уақытындағыдай Ресейдiң ең басты достары — армия мен флот қана екендiгiн ашық айтты", — деуi елде белең ала бастаған соғыс психозын, ксенофобия, нәсiлшiлдiктi анық аңғартады.

Ең сорақылығы сол, аталмыш Жолдау федеральдық мемлекет ретiнде танылатын Ресей халықтарының басым тобы болғанмен, жеке бiр ғана бөлiгi — орыс халқының атынан немесе соларға ғана тiкелей әрi астыртын бағытталып жасалуында болып отыр. Бұл бекерден бекер жасалмаса керек. Құпия сырлар жатқан сияқты.

Кремль билiгiне неғұрлым жақын саяси-технолог, эффективтi саясат Қорының президентi Глеб Павловскийдiң: "Это Послание укрепить лидерство Путина накануне цикла будущих выборов и усилить желание населения видеть его президентом на третий срок", — деп мәлiмдеуi ("Известия" газетi, №81, 11.05.2006ж) табан астында пайда болған Касандралық көрегендiк емес, Кремль тұтқасын уысында берiк ұстап отырған В. Путиннiң таяу уақта Конституцияға қарама-қайшы қадам жасап, үшiншi рет елдiң билiгiне тағы да келуге құмартуынан сыр суыртпақтайды.

Өйткенi, Путин Жолдауында әңгiме етiлген бағдарламалардың басым бөлiгi қазiргi президент өкiлдiлiгiнен тыс ұзақ уақытта жүзеге асырылуға тиiс мiндеттер. Және Ресейде дәп қазiргi уақытта қалыптасқан iшкi күрделi ахуалды шешуге еш көмегi тие қоймайды. Мәселен, Ресейдегi балалардың тууын көбейтуге бағытталған күрес 2007 жылдың 1 қаңтарынан басталып, тура он жылға созылмақшы.

Сарапшылар сонда ресейлiк аналар 2017 жылы бiрден екiншi бала туудан бастай ма, өйткенi, екiншi балаға әлдеқайда көп ақша берiледi ғой деп аң-таң. Ал армияны жабдықтау мен қайта қаруландыру да 5 жылға созылмақшы және 2012 жылы ғана нақты нәтижелер көрiнбекшi. Бiр сөзбен түйiндегенде, бiлiктi мамандар мен сарапшылар В.Путиннiң соңғы Жолдауы Ресейде қордаланған проблемаларды шешуге қауқарсыз деп отыр. Жалпы стратегиялық бағыттар емес, құрғақ цифрлар адамдарды адастырады дейдi.

Қазақстан өзiнiң стратегиялық әрiптесi ретiнде басымдық берiп, экономикалық, саяси байланыстар тұрғысынан бiрiншi орынға қойып отырған Ресей президентi жалпы ТМД елдерiмен байланыстар жөнiнде бiрер ауыз айтқанымен, бiздiң ел туралы сөз қозғаған жоқ деуге де болады. Бұл — "Жуас түйе жүндеуге жақсы" дегеннiң нағыз керi боп шықты. Бәлкiм, Дик Чейнидiң бiздiң елде болып, бiрқатар тосын келiсiмдерге қол жеткiзгенiне өкпелегендiк шығар. Бiрақ, Ресей президентiнiң Жолдауында бiздiң ел үлгi аларлық тұстар да жоқ емес. Мәселен, Қазақстанда өндiрiлетiн энерготасымалдаушы шикiзаттарды саудалайтын биржа ашуды неге қолға алмасқа?!

Екiншiден, балалар мен босанған аналарға берiлер жәрдемақыны неғұрлым көбейту жайы. Қазiр мұнай мен газ сатудан түскен қомақты қаржы Ұлттық қорда шоғырландырылуда. Алыс келешектегi күтпеген қатерге қарсы пайдаланылмақ. Бүгiнгi адамдар түк пайдасын көре алмайды. Осы қаржының белгiлi бөлiгiн елiмiзде балалардың тууын ұлғайтуға тiкелей бағыттау жөн сияқты. Әрине, Үкiмет күн санап ырық бермей бара жатқан инфляциядан үрейленiп отыр. Бiрақ, отандық тауарларды өндiру ұлғайтылса инфляция ауыздықталары сөзсiз. Сондықтан, бүгiнгi уақытта дүниеге келген сәбилердiң несiбесiнен қағу өркениеттi елге ауыр сын болмақ. Ресей кезектi рет әлемге азуын көрсеттi Таяуда екi атом сүңгуiр қайығын суға түсiретiнiн де мәлiмдеген В.Путин әлемдiк қауымдастықтың тамырын басып көрмекшi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары