ЕКI ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА...

ЕКI ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА...

ЕКI ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА...
ашық дереккөзі
183

ЖАҢА «ҚЫРҒИ ҚАБАҚ СОҒЫС» ЕЛIМIЗДЕГI ЖАҒДАЙДЫ ШАЙҚАЛТЫП ЖIБЕРУI МҮМКIН

Американың вице-президентi Дик (Ричард) Чейни мамыр айының басында Астанаға келерден бұрын Вильнюске соғып, онда Балтық теңiзi мен Қара теңiз аймағына кiретiн бұрынғы социалистiк елдiң басшыларымен кездестi. Осы кездесуде сөйлеген сөзiнде ол Ресейге қатысты бiраз сын айтты. Мұндай сын бұрындары да болып тұратын. Бiрақ сонша жоғары лауазымы бар адамдар осы уақытқа дейiн қазiргi Кремль саясатына қатысты мұндай зiлдi сөздер айтуға бармаған. Сондықтан Ресей басшылығы бұл сөздердi қатты көңiлiне алып қалғаны түсiнiктi болса керек.

Президент В.Путин мамырдың 10-ы күнi Ресей халқына арналған Жолдауында бұл тақырыпқа да ден қойды. Американың аты тура аталмағанмен, тұспалды түрде оған қатысты ашуы мен өкпесi аралас қатты-қатты сөздер айтылды. Өйткенi АҚШ вице-президентi деңгейiнде айтылған бұл жолғы сын дәстүрлi жалпылама сын емес, В.Путин қарауындағы Ресей басшылығы тарапынан соңғы кезде iстелiп жатқан нақты iстер мен шараларға тiкелей тағылған мiн болды. Бұны Кремль, әрине, ескерусiз қалдыра алмады.

Ондағы басшылардың жанына өте-мөте батқаны Дик Чейнидiң Ресей энергетикалық инфрақұрылымды «қоқан-лоқы мен бопсалардың құралына» айналдырды дегенi болса керек. Бұндай әңгiмеге астар болған мәселенiң үстiмiздегi жылдың басында Украина мен Грузияға қатысты түрде орын алған газ шатағы екенi кiмге де болса құпия емес. Ресей басшылығы мен қоғамдық пiкiрi өз елiнiң Украина мен Грузия сияқты Батыспен жақындасуға бет алған мемлекеттерге мұнай мен газды әлемдiк баға бойынша сатуға талпынуын экономикалық әдiлеттiктi орнықтыруға ұмтылыс деп таниды. Шындығында да ешбiр ел шикiзаттық колония болуға көнгiсi келмейтiнi белгiлi.

Оның үстiне Украина мен Грузия бұрын Мәскеудiң тiкелей қарауында болған. Бүгiн олар Ресейге сыртын берiп, Батыспен жақындасуға бет алып барады. Мәскеудiң осы уақытқа дейiн оларға шикiзатын төмендетiлген бағаға берiп келуiнiң өз мәнiсi болған. Ресей басшылығы Украинаны да, Грузияны да жақын одақтасы етiп ұстауға мүдделi болған. Бiрақ билiк басына Тбилисиде М.Саакашвили, Киевте В.Ющенко келгеннен берi жағдай күрт өзгерiп кеттi. Ендi Грузия да, Украина да НАТО мен Еуропалық Одаққа қосылуды мақсат етiп қойып отыр. Дик Чейнимен Вильнюсте болған кездесуге М.Саакашвили мен В.Ющенко да қатысып отырды. АҚШ вице-президентiнiң Ресейдiң энергетикалық инфрақұрылымды «қоқан-лоқы мен бопсалардың құралына» айналдырғаны туралы әңгiмесi солардың саясатын қолдау түрiнде көрiнiс тапты.

Яғни бүгiнгi таңда АҚШ пен Ресей арасында қайта басталған деп есептелетiн жаңа «қырғи қабақ соғысқа» («холодная война») себепшi болатын басты мәселелердiң бiрi – энергетикалық шикiзат немесе мұнай мен газ мәселесi. Қазiр күш алып келе жатқан осы текетiрестiң Қазақстанға да тiкелей қатысы бар. Бiздiң ел үшiн бұл бiр өте ыңғайсыз жайт. Өйткенi ресми Астана АҚШ-пен де, Ресеймен де жақсы болғысы келедi. Бұл дұрыс та. Бiрақ бүгiнгi таңда осы екi жақпен де жақсы болу жағдайын сақтап қалу барған сайын мүмкiн емес болып бара жатыр. Бұны мынадан көруге болады.

Вильнюсте Ресей энергетикалық саясатына қатты шүйлiгiп алғанының арқасында В.Ющенко мен М.Саакашвилидi дән риза қылған Дик Чейни содан соң тура Астанаға бет алды. Осы туралы американдық журналист Дж.Бурке былай дейдi: «Вильнюсте сөйлеп алған соң, Чейнидiң Қазақстанға аттанудағы мақсаты – Президент Нұрсұлтан Назарбаевты АҚШ мүддесiне сай болып табылатын құбырларды қолдаудың қажет екендiгiне иландыру» (Justin Burke «The United States is ill-prepared to wage a new cold war», EurasiaNet, 08.05.2006 ж.). Бұл жерде сөз болып отырған құбырлар — Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) бағытындағы мұнай құбыры мен Баку-Тбилиси-Эрзурум бағытындағы газ құбыры.

Бұлардың бiрiншiсi өткен жылы iске қосылған. Екiншiсi үстiмiздегi жылдың аяғында салынып бiтпек. «Осы екi құбырдың стратегиялық мақсатты орындап шығуы үшiн Қазақстан бұл қос бағыт бойынша өзiнiң өте бай табиғи қорларының үлкен бөлiктерiн тасымалдау туралы шешiм қабылдауға тиiс болса керек», — дейдi жоғарыда аталған Дж.Бурке қалыптасқан жағдай туралы. Айтылып отырған стратегиялық мақсат — Ресейдiң мүддесiне тiкелей қарама-қайшы мақсат. Ресми Астана оны болдыруға көнсе, қалай дегенде де Кремльдiң наразылығын тудырады. Көнбесе, Вашингтондағы Ақ үйдiң көңiлiн қалдырады. Бiр сөзбен айтқанда, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгiз өледi» дегендей жағдай қалыптасып отыр.

Ресми Астана әзiрше екi жаққа да «жоқ» демей отыр. Ричард Чейни Астанаға келiп, Президент Н.Назарбаевпен кездесiп жатқан кезде Қазақстан премьер-министрi Даниал Ахметов қызмет сапарымен Бакуде болып, онда бiздiң елiмiздiң БТД құбыры арқылы өз мұнайы экспортқа шығаруға мүдделi екенiн жария еттi. Оның үстiне биылғы жылдың соңында аяқталуға тиiс Баку-Тбилиси-Эрзурум бағытындағы құбырымен болашақта Батысқа газ жөнелту мүмкiндiгiнiң де зерттелiп жатқанын айтты. Сонымен, Қазақстан бұл екi ғаламат жобаның екеуiне де қатысуға дайын сияқты.

Бiрақ мынадай жәйтке назар аударайық. БТД құбыры өткен жылдың мамыр айында iске қосыла бастады. Президент Н.Назарбаев соған қатысты ұйымдастырылған салтанатқа қатысты. Бiрақ содан берi Қазақстанның БТД-ға қосылатыны туралы келiсiмшарт жасалған жоқ. Рас, сол Бакуде болғанда премьер-министр Д.Ахметов осындай құжатқа алдағы айда қол қойылу мүмкiн екенi туралы айтқан. Бiрақ 2006 жылдың маусым айында да сол келiсiмшарт жасалып болады дегенге онша сенiм жоқ. Өйткенi ол жасалған бойда Қазақстанның Ресейге қатысты статусы өзгерiп шыға келедi. Бұған күмән жоқ.

Баку-Тбилиси-Джейхан құбырының тәулiктiк тасымалдау мүмкiндiгi — 1 млн. баррель, жылдық тасымалдау мүмкiндiгi — 50 млн. тонна. Бәрi жақсы-ау, бiрақ бүгiнгi таңда жылына осы консорциум жұмыс iстеп жатқан Әзiрбайжан түгiлi, бүкiл Закавказьеде 50 млн. былай тұрсын, 20 млн. тонна мұнай да өндiрiлмейдi. Соңғы кездегi ондағы жылдық нәтиже — 15 млн. тонна шамасында. Сонда былайғы уақытта БТД консорциумы 50 млн. тонна мұнайды қайдан алмақ? Закавказьеден тыс жерде оны алатын ел бiреу-ақ. Бұл — Қазақстан. Бiрақ Қазақстандағы Қашаған кенiшiнде мұнай өндiре бастау мерзiмi 2005 жылдан 2007 жылға дейiн керi шегерiлдi.

Ал қалған кенiштерде өндiрiлiп жатқан мұнайдың барар жолы бұрыннан бар болатын. Ол негiзiнен Ресей арқылы. Жақында Теңiз Новроссийск бағытындағы КТК құбырының тасымалдау мүмкiндiгiн бұрынғы 28 млн. тоннадан 67 млн. тоннаға дейiн ұлғайту туралы шешiм қабылданды. Қазақстан тарапы бұған өз келiсiмiн бердi. Одан қалса, жаңа ғана салынып болған және жылына 10 млн. тонна шикiзат тасымалдай алатын Атасу-Алашанькоу құбыры тағы бар.

Бұның бәрi — БТД консорциумына айдан анық нәрселер. Дегенмен, ондағылар ешбiр қиналып жатпағандай кейiп танытады. Қазақстан жағынан қанша мұнай керек болса, сонша мұнай ала алатынына олар кәмiл сенiмдi көрiнедi.

Бастапқыда ресми Астана оларға алдымен 20 млн. тонна мұнай берiп тұруға мiндеттенген болатын. Өткен 2005 жылдың мамыр айында премьер-министр Даниал Ахметов өзiнiң түркиялық әрiптесi Реджеп Эрдоганмен кездескенде, Қазақстанның ендi осы құбыр арқылы жылына 30 млн. тонна шикiзат жiберiп тұруды жоспарлайтынын жария еттi. Бұл — әрине, шындығында Қазақстанның жоспары емес, сол БТД-ны салып болғанмен, оған 50 млн. көлемiнде мұнай таба алмай жатқан батыстық трансұлттық корпорациялардың мүддесiне сай талапқа Астананың көнгендей кейiп танытуы.

Мәскеудегiлер Астананың бұнысына тiптi де риза емес. Қазiр Ресейде «Қазақстанның екi бiрдей құбыр — Баку-Тбилиси-Джейхан мен Атасу-Алашанькоу – жобаларына қосылуы әуел бастан пайдаланылып келген Атырау-Самара құбырын жұмыссыз қалдыратын болды» деген әңгiме көтерiлiп жатыр. Қытайға қарай баратын бағытқа қатысты онша дау жоқ. Ал БТД-ның жөнi тiптi басқа. Ресей үкiметiнде мұнай мәселесiмен айналысқан Калюжный мырза «Баку-Тбилиси-Джейхан жобасында ешқандай экономика жоқ, тек саясат қана бар» деп, баяғыда-ақ ашықтан-ашық жариялаған. Бiрақ оңтүстiк жағындағы жағдай тұрақсыз және мазасыз болып тұрғанда Қазақстанда Закавказье жақтың мүддесiне сай осындай мiндеттеменiң алынуы — саясат пен стратегия тұрғысынан алғанда елiмiз үшiн, әрине, үлкен ұтылыс. Ресейдiң қоғамдық пiкiрi қазiр «Астана алыстағы Түркияның жоғын жоқтап, жақындағы көршiсiнiң мүддесiне нұқсан келтiруге көнсе, оны оңтүстiктен төнетiн қауiптен қорғап ненiң әлегi» дегенге саяды. Және бұған қарсы ештеңе айта алмайсың. Өйткенi, «бiреудiң жоғын екiншi бiреу өлең айтып жүрiп iздейдi» деген бар.

Қазақстанда отырып алып, Ресейдi жақсы көруге, не жаман көруге болады. Бiрақ бүгiнгi мәселе онда емес. Қалай дегенде де, қалыптасқан жағдай ауқымында, Қазақстан Ресейден терiс айналып кете алмайды. Ал егер ол Баку-Тбилиси-Джейхан және Баку-Тбилиси-Эрзурум бағытындағы құбырларға шикiзат берiп тұру туралы келiсiмшарттарға түпкiлiктi қол қойса, ресми Мәскеуге қарсы келген болады. Сонда Ресей жағының Украина, Грузия мен Молдоваға кейiнгi кезде iстегенi сияқты Қазақстанға қатысты түрлi амалдарға бару әбден мүмкiн. Олай болған күнде елiмiздегi әлеуметтiк-экономикалық ахуал ғана емес, қоғамдық-саяси жағдай да күрт нашарлап кетуi мүмкiн. Ресейдiң Қазақстанға ондай күн тудыруға әлi жететiнiне күмән жоқ.

Жалпы, егер Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан және Баку-Тбилиси-Эрзурум бағытындағы құбырларға қосылып, түпкiлiктi түрде АҚШ-тың ыңғайына жығылса, Астана мен Мәскеу қарым-қатынастарында көп нәрсе өзгередi. ЕврАзЭС, Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк, Ұжымдық қорғаныс келiсiмшарты сияқты мемлекетаралық құрылымдардың бәрi жөнiнде қалады. Өйткенi Қазақстан Американың жетегiнде кеткен күнi Орталық Азияның басқа мемлекеттерiнiң оларға мүше болғанынан еш мағына-мәнi қалмайды.

Әзiрше Астананың Баку-Тбилиси-Джейхан және Баку-Тбилиси-Эрзурум жобаларына қатысты мойнына алып жатқаны сөз жүзiндегi мiндеттемелер ғана. Нақты келiсiмшарттар жасалған жоқ. Әсiресе Баку-Тбилиси-Джейхан жобасына Қазақстанның нақты түрде қосылуы мәселесi ұзақтан берi бiржақты шешiлмей-ақ қойды. Ендi Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас әбден ушығып кеткен сәтте ол төтесiнен қойылып отыр.

Ресми Астана үшiн қалыптасқан жағдайда бiр-ақ жол бар. Ол Баку-Тбилиси-Джейхан құбырына мұнай беруге келiскенмен, сол берiледi деген шикiзат көлемiнiң өте аз болуына қол жеткiзу. Бүйткен жағдайда Қазақстан БТД жобасына қосылды дегеннiң аты болғанмен, заты болмайды. Яғни бұл Ресейден де, АҚШ-тан терiс айналған болмайды. Бiрақ бұндайға БТД консорциумы көне қояр ма екен?!

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары