«АЛТЫ АЛАШ» АСТАНАДАҒЫ ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ЖОҚТАУШЫСЫ

«АЛТЫ АЛАШ» АСТАНАДАҒЫ ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ЖОҚТАУШЫСЫ

«АЛТЫ АЛАШ» АСТАНАДАҒЫ ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ЖОҚТАУШЫСЫ
ашық дереккөзі
441

Астананы Қазақстанның астанасы дегенiмiзбен, әзiрге бұл қала қазақтың астанасы деген мәртебелi атқа ие бола алмай тұрған түрi бар. Өйткенi, мемлекеттiк тiлдi жатсынатын қалада ұлттық құндылықтарға орын аз. Қаладағы қазақ халқының үлес салмағы соңғы жылдары артқанымен, қала басшылығының мемлекеттiк тiлге ден қойғанын көзiмiз шалмайды. Тiптi, мемлекеттiк тiлде шығатын газет-журналдардың өзiн Астана көшелерiндегi дүңгiршiктерден таба алмайсың. Бұл сатып алушылар жоқ деген сөз емес, қайта мемлекеттiк тiлдегi газет-журналдарды сатуға деген ниеттiң кемшiндiгi. «Сұраныс жоқ» деген сөздi қорғаныс перде етiп алатындардың сөзiн Астананың миграцияық жағдайы жоққа шығарады. Өйткенi, қала халқының саны жыл сайын ауыл қазағының есебiнен артып жатыр. Қазақтiлдiлердiң ақпаратты қазақтiлдi БАҚ-тан алатыны белгiлi. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген жеке кәсiпкер Мейрамгүл Рақымбаева қазақ тiлiнде шығатын газеттердi сататын дүңгiршек ашпақшы болғанда, тиiстi органдар тарапынан қолдау таппай, Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шахановқа өтiнiш айтудан өзге жол таппапты. Шаханов араласқаннан кейiн ғана «Алты Алаш» деп үкiлеп ат таққан қазақ тiлiндегi газет-журналдар дүңгiршегiне Астанадағы Орталық базардан орын табылды. Мемлекеттiк тiл мәселесiн жүйелi түрде көтерiп жүрген ұлтжанды ақын араласпағанда, қазақ тiлiндегi газет-журналдар сұранысы қанағаттандырусыз қалушы ма едi? Мейрамгүл Рақымбаеваның бастамасына дейiн Астанада мемлекеттiк тiлдегi газет сататын орынның болмағаны тiптi күйiнiштi жағдай. Жеке кәсiпкерлiктi ұлттық мүддемен тоғыстырған 4 баланың анасы Мейрамгүлдiң қуанышында шек жоқ. «Алты Алаш» өнiмдерi – мемлекеттiк тiлдегi газет-журналдарға сусап жүргендер баршылық екен. Мейрамгүлдiң екi күндiк саудасы 2000 АҚШ долларына теңесiптi. Бұл Астанадағы қазақ тiлiндегi газет-журналдар тұтынушыларының қарасының молдығын аңдатады.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары