МЕМЛЕКЕТТIК КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТI ОТЫРЫСЫНДА
МЕМЛЕКЕТТIК КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТI ОТЫРЫСЫНДА
Соңғы он бес жылда «алдымен экономика, кейiн саясат» деп келген Қазақстан басшылығы саяси реформалардың уақыты келгенiн байқап, осы мақсатта Мемлекеттiк комиссия құрған. Демократиялық реформалар бағдарламасын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi Мемлекеттiк комиссияның наурыз айының аяқ шенiнде өткен бiрiншi отырысына Елбасы төрағалық еткен едi. Арада ай өтпей жатып, мемлекеттiк комиссия екiншi отырысын шақырыпты. Бiрақ, бұл жолы Мемлекеттiк хатшы Оралбай Әбдiкәрiмов жиылысты қадағалау құқығына ие болыпты.
Қадағалау деген сөзге мән беруiмiздiң себебi, жиылыс әртүрлi көзқарас иелерiнiң еркiн пiкiр алмасуы дәрежесiнде өткен жоқ. Комиссия жұмысына оппозиция өкiлдерiнен ешкiм қатыспады. Жиылыстан бiздегi қалыптасқан вертикальдi саяси жүйенiң көлеңкесi көрiнiп тұрды. Комиссия мүшелерiнiң демократиялық реформаларды жүргiзу жөнiндегi ұсыныстары негiзiнде құқықтық түсiнiктеме беру Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Берiк Имашевқа жүктелiптi. Ол жергiлiктi өзiн-өзi басқару, сайлау жайлы жобаны комиссия мүшелерiне оқып бердi. «Жергiлiктi жерлерде кеңестер құрылады. Кеңестердiң атқарушы билiгiмен төрағалар айналысады. Кеңестердiң қаржылық жағдайы мемлекеттiк бюджеттiң мойнында. Бұған қоса, кеңестердiң өзге де тараптардан қаржы алуына болады» дейдi Имашев. Ол бұған дейiн кейбiр округтерде тәжiрбие негiзiнде сайлау өткенiн еске түсiрдi. Имашевтiң айтуынша, 2006 жылы Қазақстанның аудандары мен қалаларының 30 пайызында сайлау өтпек. Ол сайлауды өткiзу жергiлiктi мәслихаттардың мойнына жүктелмек.
Жиылыста саяси реформалардың тезiрек жүруiн қалайтын комиссия мүшелерi мен демократизациялау процесiнiң асықтырылмай жүруiне көздейтiндердiң мүддесi көрiндi. Әлихан Бәйменов пен Ғани Қасымов қоғамды демократизациялау этаптарының тезiрек жүзеге асуына мүдделiлiк танытты. Қасымов: «Бiз бұған дейiн де айтылған жайттарды неменеге қайталап отырмыз? Күн тәртiбiне қойылған мәселелердiң жартысын алып тастау керек» деп ұсынып едi, Мемлекеттiк хатшы Оралбай Әбдiкәрiмов бастаған топ оны аса қаперге алған жоқ. Мәдениет және ақпарат министрi Ертiсбаев «Қасымов пен Бәйменовтiң айтқандарымен жүрсек, бұл процестi тездетiп, тiптi, Парламенттi таратуға алып келедi. Шешiмдердi асықпай, кешендi түрде қабылдауымыз керек» деп, Бәйменов бiр жарым жылдан берi Парламент жұмысына араласпаса да, айлығын алып жүр дегенге келтiрдi. Бәйменов болса, жанында отырған Мәжiлiстiң вице-спикер Дьяченкоға депутаттық жалақысын «Журналистердi қорғау қорына аударуды» ұсынды. Мемлекеттiк комиссия отырысында осы Бәйменов пен Ертiсбаев арасындағы сөз жарысын айтпағанда, маңызды ештеме көзге түспедi.
Дариға Назарбаева есеп комитетiнiң рөлiн қатайту жөнiнде ұсыныс тастады.
Әлихан Бәйменов билiктiң Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлiн күшейту ұсынысын өзiнiң аса қаламайтындығын жеткiздi. «Ассамблеяның рөлiн күшейту оның тиiмдiлiгiне жағымды түрде әсер етпейтiн секiлдi» дейдi ол.
Жалпы, қоғамды демократизациялау жөнiндегi кеңестер бiржақты болғандықтан, бiздiңше, Мемлекеттiк Кеңестiң екiншi отырысын тиiмдi түрде өттi деу қиын.
Жиылыстың басынан аяғына дейiн ресми тiлде өткенi тек, Алтыншаш Жағанованың көңiлiне келдi. «Бiз өзiмiздi сыйламасақ та, халықты сыйлайық. өз тiлiмiзде неге сөйлемеймiз? Басқа-басқа Қуаныш Сұлтановтың орыс тiлiнде сөйлегенiне қайранмын. Қазiр, тiптi Ертiсбаевтың өзi қазақша сөйлеп жүргенде бiздiкi не жорық?» дейдi ол. Бәйменов Президент әкiмшiлiгi құжаттарды мемлекеттiк тiлде дайындаса деген тiлегiн бiлдiрдi.
Қоғамды демократизациялау, саяси реформаларды тереңдету негiзi болып табылатын Мемлекеттiк Комиссия Президент әкiмшiлiгi түзген сценарийден ауытқып кетпейтiн секiлдi.
Әлихан БӘЙМЕНОВ:
– Комиссияның құрамына қатысты әртүрлi мәселелер туындап жатыр. Бiрақ, қара қазан, сары баланың қамы үшiн дегендей, бiз өзiмiзге қажет деген шешiмдердi айта отырып, соларды жақсарту үшiн үлесiмiздi қосуымыз керек. Өздерiңiз де көрдiңiздер ғой, кейбiреулер тiптi, талқылауды да қажет етпей, әкiмшiлiк дайындаған құжаттарға қол қойып кете бермекшi. Мұндай жайттар, әрине, комиссияның мәнiн жоғалтады.
– Ауылдық жерлердегi сайлаулар мәслихаттар негiзiнде өтедi деп жоспарланып отыр. Ал бiздегi мәслихат сайлауы да, Мәжiлiс сайлауы сценарийi секiлдi жүзеге асып жатады ғой.
– Сол себептен де мен, жаңа «Сайлау туралы заң» қабылдау керек деп ұсындым. Ондай заң бiзде бар. Жергiлiктi жерлердегi сайлауларға атқарушы билiктiң, тiптi, билiктiң мүлде қатысы болмауы тиiс. Партиялар өздерi сайлауға қатысатын кандидаттардың тiзiмiн жасақтауы керек. Ал ол тiзiмдi мәслихат бекiтуi қажет.
Берiк ИМАШЕВ:
– Комиссия мүшелерi сiздiң түсiнiктемеңiздi қайталау деп айтып жатты..
– Олар өздерi қызық сондай. Мен түсiнбеймiн. Тек олардың айтқан ұсыныстарына құқықтық комментарий бердiм. Сөйтсем, неге қайталайсың дейдi. Олардың ұсыныстарын заң шеңберiнде түзiп, түсiнiктеме бердiм ғой. Егер ұсыныстарыңыз өтсе, мынадай заңдарда өзгерiстер болады дедiм. Бары сол.
Гүлнәр Мұқанова