ӨЗГЕНIҢ ӨСУIН ҚЫЗЫҚТАУ ҚАЗАҚҚА СӘН БЕ ЕКЕН?!

ӨЗГЕНIҢ ӨСУIН ҚЫЗЫҚТАУ ҚАЗАҚҚА СӘН БЕ ЕКЕН?!

ӨЗГЕНIҢ ӨСУIН ҚЫЗЫҚТАУ ҚАЗАҚҚА СӘН БЕ ЕКЕН?!
ашық дереккөзі
199

Бабаларымыз бiлектiң күшiмен, найзаның ұшымен кең байтақ жерiмiздi қорғап, ұрпақтарына осылай ұлан-ғайыр жердi мұра етiп қалдырды. Осы ұлы байлығымыздың бетiнде бақытты өмiр сүрiп жатқан қазақтардың саны баяу қарқынмен өсiп жатқаны намысымызға сын секiлдi.

Қазақстанда 2015 жылы халық саны 20 миллионға жету керек деген Президент Жолдауындағы асқақ арманды орындауға Үкiмете, билiктiң тұтқасын ұстаған әкiм-қаралар да белшеше кiрiсе қойған жоқ. Ресми деректерге сүйенсек, елiмiздегi халықтың баяу өсуiн құзырлы мекемелердiң елеп – ескермеуi түсiнiксiз. Санымыздың көбейiп жатқаны мардымсыз.

Халық өсiмiн арттыру көптеген әлеуметтiк-экономикалық факторларға байланысты. Ашығын айтқанда, қазақтың қыз-келiншектерi қазақтың санын көбейтуге, көп бала асыруға шын ниеттi. Тек олардың осы ниетiн қолдап, мемлекет тарапынан қамқорлық жасау кемшiн соғып жатыр. Қоғамымызда бала санын көбейтуге тосқауыл көп. “Ауруын жасырған өледi” деген халық даналығына сүйенсек, мемлекетiмiздегi орын алып жатқан кемшiлiктердi жасырмай айтқанымыз жөн. Одан ұтпасақ ұтылмаймыз. Ең бiрiншi ана денсаулығын қорғау жеткiлiктi деңгейде болмай тұр. Өмiрге денi сау ұрпақ әкелу үшiн iшер асымыз киiмiмiз бүтiн болуға тиiс. Ауылда көп балалы ата-аналар қатқан нан мен сылдыр сумен қарын тойғызып күнелтiп жатқанын жасыруға болмайды. Олар өздерiне қамқорлық пен жәрдемдi шенеунiктерден тосып қажығаны сонша, бiр Алладан тiлейдi. Жұмыссыздық жайлаған ауылда көп бала асырау қиямет қайымның нақ өзi. Тиiстi әлеуметтiк жәрдем-ақысын ала алмай Астана шапқылаған, әкiмшiлiк үйiн торуылдаған әйелдер ереуiлiн де көрдiк. Аналардың әлеуметтiк мәселенi шешемiн деп темiр торға қамалған жағдайларына да куә болдық. Ұрпақ өсiретiн аналар бала тәрбиесiмен айналысудың орнына өз мүдделерiн қорғау үшiн жүйке тоздырып, билiк жүйесiмен айқасқа түстi.

Әлгi жоғарыда айтып өткен қатқан нан мен сылдыр сумен жүрек жалғайтын әлжуаз қазақ әйелдерi өмiрге денi сау сәби әкеледi деп қалай айта аламыз. Мұндай жағдайдың қалыптасуын денсаулық сақшылары дәрiгерлер қауiптi құбылыс деп санайды. Шет елдiң азаматтары өзi асырайтын мысығы мен күшiгiне дейiн жүйелi рационмен тамақтандырады. Жануарлардың iшiп-жейтiн ас-суын күнделiктi жарнамалардан да көрiп жүрмiз. Тамағының құрамында сан-алуан витаминдер жеткiлiктi. Витаминдер адам денсаулығын сақтаудың бiрден-бiр кепiлi.

Қазақ әйелдерiнiң әлжуаз, ауыршаң сәбилердi өмiрге әкелуi кез-келгенiмiздi толғандыру керек. Денi сау ұрпақ қана мемлекеттiң тiрегi бола алады. Өмiрге ұрпақ әкелiп жатқан аналарымыздың 80-85 пайызы анемия ауруына шалдыққан деген ресми деректер бар. Дәл бүгiн осы факт облыста орын алып отырғанын айтуға болады. Бұл облыста басқа аурулардың да кең етек жайғаны құпия емес. Сәбилер өлiмiнiң жиiлеуi де қазақтың өсуiне керi әсер етiп жатыр.

Қазақ қыздарының тұрмыс тауқыметiне шыдай алмай жезөкшелiкке, iшкiлiкке салынуы, отбасылық ажырасуларға баруы қоғамдық дертке айналды. Олар ертеңгi ұрпақ қамын емес, бүгiнгi ырду-дырду өмiрмен күн кешуде. Бұл келеңсiз құбылысты да түп тамырымен жоюға құзырлы мекемелер құлық танытпай отыр. Қазақтың қолаң шаш, қаракөз қыздары ұлтымыздың ар-ұяты, ар-ожданы емес пе?!

Құр бос ұранмен, айқаймен қазақ саны 9 жылдан соң 20 миллионға жетедi деу бос қиял. Президент Жолдауынан кейiн де қам-қарекетсiз жатқан Үкiметтiң ұйқысынан оянатын кез келдi.

2015 жылы қазақтың саны 20 миллионға жету үшiн елiмiзде жыл сайын 670 мың сәби дүниеге келуi тиiс екен. Қазiргi күнде есеп бойынша 225-235 мыңның айналысында жүрмiз. Сонда 2030-2035 жылдар аралығында 20 миллионға жетсек те Құдайға шүкiршiлiк деймiз. Қазақ әйелдерiнiң денсаулығының нашарлығы, сәби өлiмiнiң көбеюi т.б. факторлардың барлығы көңiлiмiзге қуаныш ұялатпайды.

Қазақ халқын бүкiл әлем танып жатыр, ел экономикасы өрге басты, әлеуметтiк жағдайымыз жақсарды, ұлттық қорымыз 15 миллиард доллардан асты деп мақтанғанда бөркiмiз аспаннан түспейдi. Қазақтың абыройы асқақтап, мәртебесi биiктегенге не жетсiн! Дегенмен халық өсiмiн арттыруда қол жеткен жетiстiгiмiзбен атқарып жатқан тiрлiгiмiзге қарын ашады. Экономикасы құлдырап, жұмыссыздық жайлаған, халықтың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайы мәз болмай тұрған көршiмiз Өзбекстаннан үлгi алсақ та жарар едi. Халқының саны бүгiнде 1.5 миллиардқа таяп қалған көршiмiз Қытайға көз қиығын салмасақ та болады. Ол елдiң “Қазақтар 10 миллион болса бiр-бiрiн танитын шығар” деген қалжыңы да бiзге жеткiлiктi. Шынында бiз, мың өлiп, мың тiрiлген қазақпыз. Оған тарих куә. Тарихтың трагедиясын айтып, көз жасымызды көлдеткенмен қазақтың саны өсiп кетпейтiнi баршаға аян. Етек жеңiмiздi жинап, ертеңгi тiрлiгiмiздi ойластырайық. Көршiмiз өзбек халқы саны жөнiнен әлемде 24 орынға иек артыпты. ТМД-да Ресей мен Украинадан кейiнгi орында тұр. Табиғи өсiмi бойынша Тәжiкстаннан ғана қалып отыр. Өзбекстан демографтары2020 жылы өзбек халқының саны 40 миллионға жетедi дегендi нық сенiммен айтып отыр. Былтыр Өзбекстанның табиғи өсiмi 313.9 мың адамға өсiп, 26.021 миллионға жеткен. Өзбек мемлекетi егемендiк алғаннан берi 14 жылда халық саны 5.414 миллионға өскен деген нақты дерек бар. Өзбекстаннан жан-жаққа халықтың сан-алуан жағдайларға байланысты көшiп жатқаны бар. Көшкен жұрттың 68 пайызы, Ресейдiң 26 пайызы Қазақстанның үлесiне тиедi екен. Осы жағдайға қарамай өзбек халқының өсу деңгейi жоғары. Ал қазақтар мұндай көрсеткiшпен мақтана алмайды.

Ұлт санының аздығынан орны толмас өкiнiшке әкеп соғатын жағдайлары бар. Халық тiлi мен дiнiнен айырлады. Тiптi ұлт ретiнде жойылып кету қауiпi жоқ емес. Дүние жүзiнде аз ана тiлiнде сөйлей алмайтын шенеунiктердiң бiздiң Қазақстанда ғана болып шықты. Қазақ санының аздығынан тiлiмiз шұбарланып, салт-дәстүрiмiзге нұсқан келдi. Әр түрлi дiни ағымдар қойын-қоншымызға кiрiп алды. Бiз өзге ұлт өкiлдерiне жәутеңдеп заң шығаратын болдық. Бұл ұлттың мәртебесiн көтермейтiн жағдайлар.

Халық өсiмiнiң тағы бiр факторы –шет елдердегi қазақтардың ата-жұртына қайта оралуы. Қазақтардың ең көп шоғырланған жерi – Азия мемлекеттерi. Қазiргi уақытта Өзбекстанда – 2.5 млн., Қытайда – 1.7 млн. Монғолияда – 110 мың қазақ бар көрiнедi. Еуропада 600-дей қазақ отбасы тұрады деген мәлiмет бар.

Елiмiзде оралмандар проблемасы қолға алынса қазақтардың саны өсетiнi даусыз. Оралмандардың басты қатыратын мәселесi – тұрғын үй, жұмысқа орналасу.

Қазақтар қалай өсiп жатырмыз. 1989 жылғы санақта КСРО-дағы қазақ – 8 миллион, 136 мыңға жеткен. Оның Қазақстандағысы – миллион, 584 мың ғана екен. Қазiр елiмiздегi қазақтың саны 9 миллионға жетер-жетпес. Бiр Үндiстанның Бомбей қаласына 10 млн. халық шоғырланған. Ал кең байтақ Қазақстанды мекендейтiн бар халқының саны бiр қаланың тұрғынына жетпеуi жiгерiңдi құм қылады. 1920 жылы Түркия халқы дәл қазiргiдей қазақтар секiлдi 90 миллионға жеткен екен. 2003 жылы Түрiк халқы 70 миллионнан асып-жығылған. Халықтың өсiп өспеуi әр ұлттың өз қолында.

“Қазақтың саны қашан өседi, қалай өседi?” – деп шыр-пыр боп жүргендер де қолында билiгi жоқ қазақтар. Ұлт тағдырын ойлайтын билiктегiлер ұйқыла. Қарны тоқ, қайғысы жоқ. Котеждер салып, шетелдiк қымбат көлiктер мiнгенiне, мемлекеттiң бар байлығын талан-таражға салғанына мәз секiлдi. Олар ұлт байлығын қорғауға келгенде дәрменсiз. Ұлттық рух жоқ.

Ұлт тағдырын ойлайтын қарапайым азаматтар қазақтың санын көбейту үшiн ең алдымен әйелдерге де, ерлерге де әлеуметтiк, қызметтiк жағдайына қарамай мемлекеттiң есебiнен жәрдем ақы төлеудi талап етедi. Ол көп мөлшерде қомақты қаржы болғаны орынды деп санайды. Көп балалы аналарға, отбасыларға кезектен тыс тұрғын үй, көлiк, медициналық жәрдем берлiсе деген тiлек айтады.

Жаңадан отау құрған қазақтың ұлдары мен қыздарына Үкiмет тарапынан шектеусiз жеңiлдiктер қарастырылғаны абзал. Жас отау иелерi тұрмыстық мәселелердi шешумен емес, болашақ ұрпақтың тәрбиесiмен айналысқаны жөн. Үй-күйсiз, жұмыссыз жүрген жастардан қазақтың санын көбейтуге ат салысыңыздар деп айтудың өзi қисынсыз. Қазақтың жастары бұрынғыдай ерте шаңырақ көтеруге асықпайды. 30-дан асқан ұлдар, осы жасқа жетiп тұрмыс құрмай жүрген бойжеткендер қоғамымызда көп. Өйткенi баспанасы жоқ, жұмысы жоқ жастардың бақытты өмiр сүретiнiне ешкiм кепiлдiк бермейдi.

Тастанды балалар проблемасы де шешiмiн таппай келедi. Бабалар салт-дәстүрiн сақтау, ұлттық идеологияны қалыптастыру халық санын өсiруге оң ықпал жасайтыны даусыз.

Балаларды бала-бақшаларда тәрбиелеу iсiн қолға алу, бiлiмдi, жан-жақты үйлесiмдi ұрпақты өсiруге қолғабыс жасайды. Билiк жекешеленген бала-бақшаларды керi қайтару iсiмен кеш те болса шұғылданып жатыр. “Сауна, казино, сауда-саттық орындарын салумен емес, ендi балабақша, кiтапхана рухани ғимараттар салумен шұғылданайық” деген бастамалар көтерумен айналысатындар табылды. “Көш жүре түзелер” деген. Осылай қоғамның ағысын басқа жаққа бұрсақ, өзбектердiң ғана өсiп жатқанын қызықтамай, қазақтың қатарын көбейтетiн күн де туар.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары