ҚЫЗЫЛЖАРДА ДА ПӘТЕР БАҒАСЫ КҮЙIП ТҰР

ҚЫЗЫЛЖАРДА ДА ПӘТЕР БАҒАСЫ КҮЙIП ТҰР

ҚЫЗЫЛЖАРДА ДА ПӘТЕР БАҒАСЫ КҮЙIП ТҰР
ашық дереккөзі
461

Тегi, әр халықтың кәдiмгi төрт қабырғалы баспанаға байланысты түсiнiгi, мақал-мәтелi әр қалай қалыптасқан ғой. Норман шапқыншылығынан берi әр қонысты тас қамалға айналдырып келген салқынқанды ағылшындар ‘my home is my castle’ («менiң үйiм менiң қорғаным») деп оқшауланған-ды. Ұнатса, қазақ үшiн құдайы қонағын төрге шығарып, аядай ғана ұясында көсiлiп жатудың өзi бiр рахат. Ауыл мен қалада үй бағасы аспандап тұрған мына заманда талай қазақтың үйi де, күйi де болмай жүргенi жанға батады.

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Сергей Развиннiң жақында келтiрген мәлiметiне сенсек, өткен жылы 2005 облыста 117 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлген екен. Бұл мұның алдындағы жылғы көрсеткiштен 1,8 есе артық. Алайда жоспар артығымен орындалып жатқан аймақта тұрғын үй мәселесi бұрынғыша күрделi қалпында тұр. Әрине, Қызылжар Алматы немесе Астана емес. Мұнда тұрғын үй нарқы да бiршама төмен болуы заңды. Соның өзiнде облыс орталығының шеткi ықшам аудандарының өзiнде бiр бөлмелi баспана бағасы 20 мың долларға барып қалады.

Үй қымбатшылығының бiрнеше себептерi бар. Соңғы жылдары тұрмыс тауқыметiнiң қыспағына түсiп қалаға ағылған ауыл тұрғындарының саны өсiп келедi. Баспана iздеушiлердiң көбеюi бағаның өсуiне де әсер етiп отыр. Екiншiден, облыста тұрғын үй құрылысының қарқын алуына қарамастан ипотекалық несиеге халықтың басым көпшiлiгiнiң қолы жете бермейдi. Несиенi алған күннiң өзiнде де оның банкке қайтарылуы пәтер иелерiнiң мойынынан түспейтiн ауыр жүк.

Ипотекалық бағдарламаның орындалуы да күмән тудыратын жағдай. Қазiр Қызылжарда зәулiм үйлер қысы-жазы үзiлiссiз Кеңес заманындағы бесжылдықтарда да болмаған жедел қарқынмен жүрiп жатыр. Мұның себебi де түсiнiктi. Аса ауқымды тұрғын үй бағдарламасының сандық көрсеткiштерiн орындау керек. Ал сонда қысқы аязды күндерi асығыс салынған үйлердiң сапасына кiм жауап бередi?

Облыс басшылығын әкiм Тайыр Мансұров қолына алғалы құрылыс өнеркәсiбiн жандандыруға ерекше көңiл бөлiндi. Шағын және орта бизнес кәсiпорындары құрылыс материалдарын шығаруды қолға алды. Бiрақ алдын ала дайындықсыз, қауырт жүргiзiлген iстiң не берекесi болушы едi, жергiлiктi кәсiпорындарда жасалған пластикалық терезелердiң сапасыздығы, үйлердiң салқындығы өткен қыста-ақ байқалды. Құрылыс заттарының басым бөлiгi әлi де қымбат бағаға көршiлес Ресейден әкелiнедi. Бұл үй қымбатшылығын тудырып отырған басты себептердiң бiрi. Облыста құрылыс сапасын тексеретiн бiлiктi кадрлардың жоқтығы жақында өткен облыстық мәслихат сессиясында өзектi әңгiме болған едi. Бiрақ бұл мәселенi де жақын арада шешу мүмкiн емес. Тоқсаныншы жылдардың басында маман құрылысшылар мен мамандардың бiразы шетел асса, қалғандары соңғы жылдары Астананың құрылыс алаңдарына бет түзедi. Облыстағы кәсiптiк-техникалық оқу орындарында дайындалған аз ғана мамандар табысы аз облыс орталығында қалуға құлықсыз.

Ауыл шаруашылығы саласындағы сияқты облыс, аудан әкiмшiлiктерiнде бiрiнiң жұмысын бiрi қайталап жоғарыға мәлiметтер дайындаумен уақыт өткiзетiн құрылымдар жетерлiк, бiрақ нақты жұмысқа басшылық жасауға қабiлеттiлер саусақпен санарлық қана. Жақында жүргiзiлген депутаттық тексерiс көрсеткендей облыс аудандары әкiмшiлiктерiнiң құрылыс бөлiмдерiнде iстейтiн 42 маманның елу пайызының ғана жоғары бiлiмi болса, арнайы бiлiмдi сәулетшiлер төрт ауданда ғана бар екен.

Бүгiнгi ипотекалық тұрғын үй құрылысы бағдарламасын орындаудағы кадр және сапалы құрылыс материалдарына байланысты iрi олқылықтар тек қана Солтүстiк Қазақстан облысына тән деп айтсақ қателескен болар едiк. Бұл кемшiлiктер жалпы қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың жан-жақты ойластырылғанына және экономикалық жағынан негiзделгенiне күмән тудырады. Соңғы уақытта құрылыс жұмыстарын жандандыру мақсатында социалистiк кезеңдегi студенттiк құрылыс отрядтарын қайта құру керек деген әңгiме көтерiлiп жүр. Солтүстiк Қазақстан облысында мұндай отрядтар құрылды да. Жергiлiктi басшылар студент жастарға негiзiнен арзан жұмысшы күшi ретiнде қарайды, ал олардың жұмысына басшылық жасайтын кәсiби мамандардың жоқтығын ескерiп жатқандар жоқ.

Қазiргi таңда ата қонысқа алыстан аңсап жеткен ағайындарымыздың қаншасы баспанасыз жүргенiн ескерсек алдағы демографиялық жағдай тұрғын үй мәселесiн күрделендiре түсетiнiн есте сақтаған жөн. Тұрғын үй нарығындағы бағаны реттеудiң тиiмдi құралдарының бiрi аймақтарда мемлекеттiң қаржылай көмегiмен отандық шикiзаттарды пайдалана отырып, сапалы әрi арзан құрылыс материалдарын шығаратын кәсiпорындарды, құрылыс кластерлерiн дамыту. Қазiргi тұрғын үй саясаты қазақстандықтарды Ресей компанияларының қалтасына ақша құюға мәжбүрлеп отыр. Бiр кезде құрылысшы аз күндiк нәпақа үшiн кiм көрiнгенге еңбегiн сататын жалдамалы жұмысшы емес, мақтан етуге тұрарлық, табысы мол қадiрлi мамандық иесi болатын. Тұрғын үй мәселесiн iс жүзiнде шешу үшiн құрылысшыны бұрынғы мәртебелi дәрежесiне қайта көтеру де қажет.

Марат ЕРМҰҚАНОВ

Солтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары