ЖАМАН ҮЙДIҢ ҚОНАҒЫ БИЛЕЙДI

ЖАМАН ҮЙДIҢ ҚОНАҒЫ БИЛЕЙДI

ЖАМАН ҮЙДIҢ ҚОНАҒЫ БИЛЕЙДI
ашық дереккөзі
245

Kazakhstan Today ақпараттық агенттiгiнiң сәуiрдiң 21-i күнi таратқан хабарына қарағанда, үстiмiздегi жылдың жазында Қазақстанда орыс тiлдi баспасөздiң Бүкiләлемдiк конгресi өтпек екен. Бұл жаңалықты V Евразия медиа-форумының отырыстары арасындағы үзiлiстердiң бiрiнде ИТАР-ТАСС-тың бас директоры Виталий Игнатенко жария етiптi. Бұндай шешiм себебiн ол былай түсiндiрiптi: «Мы намерены провести его летом, планируется 60-65 стран-участниц. Это очень важно – провести здесь, в Казахстане, где очень серьезно развивается русскоязычная печать».

Сонымен, Қазақстан орыстiлдi бұқаралық ақпарат құралдарының, орыс мәдениетiнiң және орыс тiлiнiң әлемдегi Ресейден кейiнгi екiншi төл отаны ретiнде ресми дерлiк статусқа ие бола бастады. ИТАР-ТАСС – мемлекеттiк құрылым. Және жай құрылым емес, идеологиялық құрылым. Оның басшысы «бұндай конференцияның осында, Қазақстанда өткiзiлуi өте маңызды» деп жатса, бұның жай ғана емес, идеологиялық маңызы барында күмән жоқ болса керек. Осы тұста әлдебiреулердiң бұл тұжырымға қарсы мынадай уәж айтуы мүмкiн: Бiзде орыс тiлдi баспасөздiң көп екенi және өте ықпалды екенi рас болса, оған қатысты халықаралық жиынның осында өткелi жатқанында тұрған не бар?! Ол осы сияқты ТМД-ның басқа да елдерiнде өте берер едi ғой. Бұған бiрден айтар жауабымыз мынадай: ТМД-ның кез келген басқа елiнде ондай конференцияның ұйымдастырылуына жол берiлуi екiталай. Өйткенi бұндай шараның астарында — қалай дегенде де – идеологиялық мазмұн жатады. Турасын айтқанда, басқа мемлекеттiң идеологиясының мақсатын көздейтiн пиғыл.

Қазiргi заманда бұқаралық ақпарат құралдары – идеология жүргiзудiң және таратудың басты құралы. Азуы алты қарыс және әскери қуатының күштiлiгiмен бүкiл әлемдi басып ұстауға мүмкiндiгi бар болған Кеңес Одағының санаулы жылдар iшiнде тұяқ серпуге де жарамай, күйреп құруы осындай тұжырымды дәлелдеуге тамаша мысал бола алады. Оны осындай жағдайға жеткiзген сол кеңестiк БАҚ-тың өзi емес пе?! Кеңес Одағы қалыптастырған бүкiл идеологиялық құралдар (мерзiмдi баспасөз, телеарналар, әдебиет, кино) оның өзiне қарсы жұмыс iстей бастағанда, қуатты державаның iргесi сөгiлiп, оның өзi ақыры быт-шыт болып ыдырап тынды.

Бұдан бұрынғы одақтас республикалар, кейiнгi тәуелсiз ТМД елдерi жақсы сабақ алған. Тiптi орыс халқымен дiнi жағынан туыстас грузиндер мен дiнi жағынан да, тiлi жағынан да, шығу тегi жағынан да туыстас украиндардың өзi орыс тiлi мен мәдениетiнiң өз елдерiндегi ықпалын мейлiнше шектеуге барын салып жатыр. Бұл жердегi мақсат-мүдде Ресейге не орысқа қарсы болуға емес, өз елiнiң өзiндiк елдiгiн, тiлi мен мәдениетiн сақтап қалу қажеттiгiн мейлiнше терең түсiнуге негiзделген.

Осындай саясатты бас болып жүргiзiп жатқан мемлекеттiк шенеунiктерге сын айтылса, олардың берер жауабы бiреу-ақ: Бiз ешкiмге қарсы емеспiз, бiз ешкiмге де терiс қарамаймыз. Бiз тек өз елдiгiмiздiң негiздерiн қорғап, сосын мәпелеп дамытуға талпынып жатырмыз. Бiздiң осылай iстеуге толық құқығымыздың бар екенiн ешкiм жоққа шығара алмайтын болар, солай емес пе?!. Бұндай адамдар өз елдерiнде «Всемирный конгресс русскоязычной прессы» дегендей үлкен жиынның өткiзiлуiне келiсе қояды дегенге сенудiң өзi қиын. Осындай шараның Грузияда не Украинада емес, Америка Құрама Штаттарында не Францияда ұйымдастырылуы әлдеқайда оңайырақ болар. Өйткенi американдықтар мен француздарға бәрiбiр, олардың тiлi мен мәдениетiне орыс тiлi мен мәдениетi тарапынан жасалып жатқан ықпал өте аз. Тiптi жоққа жақын.

Ал, айталық, сол американдық мәдениет пен ағылшын тiлiнiң Франциядағы ықпалына француздар осыншама бей-жай қарай алмайды. Өйткенi олар үшiн бұл – үлкен мәселе. Француздар американдық мәдениет пен ағылшын тiлiнiң ықпалын шектеу жолында талай жылдан берi табанды күрес жүргiзiп келедi.

Қытайдағы жағдай да осыған ұқсас. Бiр жағынан ол елде жұрттың бәрi тездетiп ағылшын тiлiн игерiп алуға ұмтылады, өйткенi оны бiлу қазiргi заман талабына сай бiлiкке және жаңа технологияларды игеруге жол ашады. Ал тiлдi үйренiп алу үшiн оған қатысты мәдениеттi де қоса игеру қажет. Демек, сол тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдары тарататын хабарларды оқып не көрiп және тыңдап отыру қажет, киноларды қызықтау қажет. Бiрақ бұлардың жергiлiктi адамдарға шектеусiз жетуiне Қытайда жол жоқ. Тiптi Интернет арқылы хабар алудың өзiне көптеген шектеулер қойылған. Ал Қытайға жылына кiргiзiлетiн американ киноларының саны 15 шақты ғана. Бұл жердегi шектеу коммунистiк «темiр перде» сынды себептермен түсiндiрiлетiн шектеу емес. Қытай мәдениетiн басқаратын адамдар АҚШ киносының өз елiнде көбiрек көрсетiлуiне қарсы емес, бiрақ олар мынадай уәж айтады: Сiздер Америкада көрсетуге сатып алатын қытай киноларының саны бiз осында көрсетуге сатып алатын американ киноларының санынан аз. Бiзге мәдени байланыстың барынша паритеттi, яғни тепе-тең негiзде болғаны керек.

Бұл жердегi Қытай басшылығының алаңдайтыны – басқа ел мәдениетiнiң жергiлiктi халық санасына тым көп әсер ете бастау қаупi. Батыс мәдениетi қытайлықтар үшiн, қалай дегенмен де, жат мәдениет болып табылады. Ал жат мәдениетке тым көп елiктеу қандай халықты болса да тез аздырады. Ал американдық кино өндiрушiлер ресми Пекиннiң осындай пейiлiн жұмсарту мақсатында соңғы кезде өздерiнiң жаңа туындыларына жағымды қытай кейiпкерлерiн енгiзудi әдетке айналдыра бастады. Қазiр Голливуд шығаратын кинотуындылардың бiразы Қытайда түсiрiледi.

Яғни осы жерде бiз көтерiп отырған мәселе бұрынғы Кеңес Одағы мен қазiргi ТМД ауқымына ғана тән емес. Ол барлық елдерге де қатысты. Бiрақ бұл жерде әрбiр аймақтық, әрбiр мемлекеттiң өзiндiк ерекшелiктерi бар. Үлкен мемлекеттер айналасындағы шағын елдердiң мәдениетiн басып, халқын өз аузына қаратып алуға талпынады. Бұрынғы социалистiк Шығыс және Орталық Еуропаның жақында ғана Еуропалық Одаққа қосылған республикалары үшiн қазiр ондай мемлекет – Германия. Мәселен, немiстiң газет-журнал шығарумен айналысатын «Аксель Шпрингер» атты медиа-корпорациясы Польша, Венгрия сияқты елдердегi ең iрi деген газет-журналдарды иемденiп отыр.

Ал ТМД ауқымындағы ондай мемлекет – Ресей. Оның iшiнде Қазақстанда осы алып мемлекеттiк ақпараттық идеологтары мен медиа-топтары ойына не келсе, соны iстеп жатыр. Ендi олар жоғарыда аталған конференцияны осында өткiзбек. Сондағы басты мақсат – Қазақстандағы өздерiнiң идеологиялық позицияларын бұрынғыдан бетер бекiте түсу және өз идеологиясының бұндағы үстемдiгiн әлемге паш ету. Бұл – бiр жағынан алып қарағанда.

Ал ендi екiншi жағынан қарасақ, бұл шараның арғы жағында өз елiнде отырып теперiш көрiп жатқан қазақ тiлi мен мәдениетiн бұрынғыдан бетер тұқырту пейiлдiң жатқанын көремiз. Жақында ғана Қазақстандағы орыс-славян ұйымдары – есiңiзде ме?! — Қазақстанда «существует дискриминационная практика в языковой сфере» деп байбалам салып шыққан («Бұлардыкi қай күшею?», «Түркiстан» газетi, №12, 21.03.2006 ж.). Егер бiздiң елiмiзде орыс тiлiне қатысты сондай «дискриминационная практика» бар болса, сонымен қатар дерлiк кезде ИТАР-ТАСС-тың бас директоры Виталий Игнатенконың аузымен айтылған «в Казахстане, где очень серьезно развивается русскоязычная печать» деген сөз бұнымен қалайша жанасады?! Әрине, соңғы – шындық. Ол шындық болмаса, аталмыш конференцияны Қазақстанда ұйымдастыру түгiлi, ол туралы әңгiме де айтылмаған болар едi. Солай емес пе?! Олай болса жоғарыдағы орыс тiлiнiң дискриминацияланып, яғни қорланып жатқаны туралы байбаламды қалай түсiнуiмiз керек? Шындығында, бұл жердегi бiр-бiрiне қарама-қайшы келетiндей осы екi мәлiмдеме әлдебiр ортақ мақсатты көздей айтылған сияқты. Орыстың ұлы әдебиетшiсi И.Крыловтың мынадай бiр қанатты сөзi бар: «Күштiлердiң алдында әлсiздер әрқашан да айыпты». Сол айтқандай, әбден теперiш көрiп, бас көтеруден қалған қазақ тiлiн оның аяғынан тiк тұрып кетуiн қаламайтындар бiресе орыс тiлiне күн көрсетпей жатқан қылып шығарады, бiресе ол тiлдiң тiптi Қазақстанда бар екенiн де байқамаған болады. Әйтпесе В.Игнатенко айтқан: «Мы намерены провести его (Всемирный конгресс русскоязычной прессы) летом, планируется 60-65 стран-участниц. Это очень важно – провести здесь, в Казахстане, где очень серьезно развивается русскоязычная печать» — дегенi қалай?! Қазақстанда ресейлiк идеологиялық құрылым басшысы «мы намерены провести» дейтiндей сонда не, бiздiң елдiң өз мәдениетi және мемлекеттiк тiлi, сол тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдары жоқ па?! Бар болса, не оның бүкiл мәселелерi шешiлiп, ендiгi қалғаны бүкiләлемдiк орыс баспасөзiнiң мәселелерi ғана болды ма?!

В.Игнатенконың осы бiр сөзiн қазақты әбден басыну деп қараудан басқа амал жоқ. «Мы намерены» деп өзеурейтiндей Қазақстан оның өз отаны, өз мемлекетi емес қой. Бiрақ В.Игнатенко, обалы не керек, сөздiң шынын айтып жатыр. Ресей идеологтары мен медиа-құрылымдары Қазақстанға өздерiнiң құйыршығы сынды қарауға дағдыланған. Жағдайдың осылайша қалыптасуына жол берген – бiз өзiмiз. Яғни қазақ мәдениетiнiң, қазақ тiлдi БАҚ-тың өкiлдерi. «Жаман үйдiң қонағы билейдi» деген бұрынғы қазақтар. Сол осы жағдайда рас болып шықты. Сыйлап шақырып, басымызға көтерген қонақтарымыз төрiмiзде отырып алып, билiк айтатын болды.

Аққали КӨПТIЛЕУОВ

Әлемнiң 60-65 елiнен делегаттар жинайтын орыстiлдi баспасөздiң Бүкiләлемдiк конгресiне қазақ журналистерi қалай қарайды? Бiз осы жайында журналистер қауымына сауал тастаған едiк.

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ, журналист:

— Өкiнiшке қарай, бiзде елеулi қоғамдық-саяси тыныс-тiршiлiктiң бәрiн де орыс тiлiнде жүргiзу бұлжымас әдетке айналды ғой. Мен өзiм бұл жәйттi дұрыс емес деп есептеймiн. Бұл менiң жалпы орыс тiлiне қарсы болғандығым емес. Орыс тiлiн пайдаланып, қазақтың мүддесiн көтеруге әбден болар едi. Бiрақ, тәуелсiздiкке 15 жыл толғанымен, ұлттық мүдде әлi күнге дейiн iс жүзiнде тиiстi дәрежеде қалпына келтiрiлген жоқ. Толыққанды ұлттық мемлекет орнады дей алмаймыз. Ал, бiздiң арманымыз, ғасырлар бойы отарлық құрсауда болған елдiң тәуелсiздiкке жеткендегi арманы, ұлттық идеясы — ұлттық мемлекет орнату болса керек. Олай болмауы – бағдарымызды дәл айқындамағандықтан. Ұлттық мемлекет елiмiзде азаматтық қоғам институттарын, демократиялық үдерiстердi тәуелсiздiкке ешқандай қауiп төнбейтiндей етiп дамытуға және орнықтыруға кепiл бола алады. Алайда бiзде атты арбаның артына тiркеу орын алып отыр. Сондықтан да бiз Ресейдiң бiр ұлттық провинциясы сияқтымыз. Билiк — орысша, басқару — орысша, қоғамдық институттардың бәрi — орысша сөйлейдi. Мұны олар қалыпты жағдай деп есептейдi. Дұрысында, нағыз қалыпты жағдай — барлық қоғамдық тiршiлiк қазақ тiлiнде — мемлекеттiк тiлде жүргенде ғана орнығады. Ал бiз өзiмiздi өзiмiз төменшiктетiп, кемсiтiп отырмыз. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл конгрестi өткiзудiң де, оны ынталандырудың да қажетi жоқ. Өйткенi бұл жиын бәрiбiр ұлттық мүддеге қызмет етпейдi. Күнi кеше өткен Еуразиялық медиа-форумға қатыспасақ та, есiтiп жатырмыз: бiрде-бiр Қазақстанның проблемасы айтылмады, мемлекеттiк тiлдiң мәселесi, ұлттық мәселелер көтерiлмедi. Сондықтан медиа-форумның ұлтты, ұлттық журналистиканы өркендетуге еш пайдасы болған жоқ. Алдағы конгрестiң бағдарламасын бiлмесем де, оның да ұлттық мүддеге бiр түйiр пайдасы болмайтынына сенiмiм кәмiл. Тәуелсiз ел бола тұра ұлттық мемлекеттiң намысын жырта алмау — ол масқара, ұят…

Юлдаш АЗАМАТОВ, «Уйгур авази» газетiнiң

бас редакторы:

— Мен Бүкiләлемдiк орыстiлдi журналистердiң конгресi нелiктен Қазақстанда өтетiнiн түсiнбей, таң қалып отырмын. Орыстiлдi, французтiлдi, ағылшынтiлдi журналистердiң конгресi өтетiн болса, ол пайдалы нәрсе. Мен оны қолдап, қуаттаймын. Бiрақ не үшiн Астананы таңдап алғаны қызық. Егер де Дүниежүзiлiк қазақ журналистерiнiң конгресi ұйымдастырылатын болса, оны Астанада өткiзу орынды.

Екiншi жағынан, бұл жиынға қазақтiлдi баспасөз өкiлдерi қатыспай ма сонда? Бұл жағы да бар. Қазiр ТМД аумағында орыстiлдi журналистика қай жерде қалды? Ресейден басқа… тек қана Қазақстанда қалған сияқты. Өзбекстанда орыстiлдi газеттер өте аз дейдi, ал Түркiменстанда тiптi жоқ екен. Украина мен Грузияда жағдайдың қандай екенiн өздерiңiз де бiлерсiз. Бәлкiм, осы жағынан ойлап, Астананы таңдаған болар. Басқа қай жерде орыстiлдi журналистика барын бiлмеймiн…

Негiзi Қазақстанда қазақтiлдi журналистердiң бүкiләлемдiк жиыны өтсе қанеки?! Егерде бiздiң Журналистер Одағы бүкiл қазақтiлдi журналистердi жинайтын болса, онда Қазақстанда әрбiр аймақтан көптеген журналистер келер едi. Өйткенi шетелде қазақ баспасөзi баршылық. Мәселен, Өзбекстанда, Қытайдың Шыңжаң аумағында, Моңғолияда, т.б. жерлерде қазақтiлдi басылымдар шығып жатыр. Соларды неге жимасқа?! Ары кетсе, нелiктен түркiтiлдес журналистердiң жиынын өткiзбеске?! Мен негiзi орыстiлдi журналистердiң конгресiне қарсы емеспiн, бiрақ басқа-басқа емес, Астананы таңдап алғандарына қатты таңданып отырмын.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары