Еуразиялық медиа-форум: БАТЫС АЙТТЫ, ШЫҒЫС КӨНДI
Еуразиялық медиа-форум: БАТЫС АЙТТЫ, ШЫҒЫС КӨНДI
Қазiрдiң өзiнде отандық журналистер биылғы Еуразиялық медиа-форумның тым сылбыр өткенiн мойындап отыр. Жылдағы дәстүр бойынша медиафорум үш күнге созылды. Бiрақ форумға қатысушылардың iшi екiншi күнi-ақ пысып кеткендей әсер қалдырды. Оның үстiне биыл тұңғыш рет медиа-форумның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Бұл да өз кезегiнде басқосудың саяси салмағын жеңiлдетiп жiбергендей. Түптеп келгенде, медиа-форум әу бастан өзiне жүктелген бүкiл мiндет-парыздарды атқарып қойып, өз қажеттiлiгiнен айырылып қалған сияқты. Содан болар, келесi жылы басқосу бола ма, болмай ма деген сауал әрбiр форум қонағының көкейiнде кеткен сыңайлы.
Бұның да өзiндiк себептерi бар. Бiрiншiден, айтулы басқосуда Батыс саясаткерлерi мен журналистерiнiң үнi басым шығады, Шығыс жағы сөзден «жығылып» қала бередi. Өйткенi Батыстан келген модераторлар регламенттi алға тартып, өзге пiкiрдегi мамандардың аузын тыюды әдетке айналдырған. Шынтуайтына келсек, бұл басқосуда Батыс пен Шығыс арасында пiкiр алмасушылықтан гөрi, пiкiр таңылып отырады. Қазақстан жағы да Батыстың айтқанына көнiп, құлдық ұрып, «ләппайлап» келедi күнi бүгiнге дейiн… Оның iшiнде елiмiзге жарнама жасауды да ұмытпаймыз. «Қазақстан – бiрлiгi жарасқан көпұлтты мемлекет» деген ұран жоғары мiнберден тағы да айтылды. Екiншiден, Қазақстанға қатысты өзектi проблемалар жиын өткiзiлетiн кең залда емес, не кiрер ауызда, не дәлiзде ғана сөз болады. Онда да қазақ журналистерi лауазымды тұлғалар алдында мәселенi өздерi қояды. Ал, лауазымды тұлғалар — министрлер мен саясаткерлер қазақ журналистерiнiң бетiн қайтарып, дәлiзде көтерiлген мәселеге жауап бергiсi де келмейдi. Бiрақ биылғы медиа-форум Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн дүр сiлкiндiрген «Қазақстан» телеарнасындағы дау-дамаймен тұспа-тұс келдi. Сондықтан қазақ журналистерiн басқосуда талқыланған Франциядағы студенттердiң ереуiлiнен гөрi, Қазақстан медиа рыногiндегi қазақтiлдi ақпарат құралдарының проблемасы аса алаңдатты. Содан болар, Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаевты дәлiзде тосып, табалдырық тоздырған журналистер кемде-кем едi. «Қазақстан» телеарнасындағы өзгерiстердi министр кадрлық орын ауыстырушылықпен ғана түсiндiрдi. Бiрақ қазақ журналистерiнiң қобалжыған көңiлi көпке дейiн орнына түспеген сыңайлы. Бәлкiм, дәл осындай өзектi мәселелердi дәлiзде емес, анау кең залдың төрiнде талқылау жөн шығар. Бiрақ, амал нешiк… Қазiр бiзге өзiмiздiң емес, өзгенiң бас қайғысы маңызды iспеттi. Үшiншiден, медиа-форумға келетiн негiзгi қонақтар жылда қайталанады. Сол баяғы Виталий Третьяков, Ричард Перл, сол баяғы Акрам Хузам дегендей… Ал, бұл өз кезегiнде пiкiрлердiң жылда қайталанып отырғанын көрсетедi. Осылайша медиа-форум «тұрақты қонақтардың жиынына» айналғандай. Ал, тұрақты қонақтар — «тұрақты пiкiр» деген сөз емес пе?! Төртiншiден, шетелдiк меймандар форумда Қазақстан баспасөзiнен мағлұмат берерлiк газет-журналдар мен кiтаптарды таба алмады. Қонақтарға баршаға белгiлi ағылшынша «Herald Tribune» басылымы ұсынылып, «CNN» американдық телекомпаниясының күнтiзбелерi сыйға тартылды. Форум Қазақстанда өткiзiлiп жатқан соң, шетелдiк қонақтарға қазақ газет-журналдары мен күнтiзбелерi берiлуi керек емес пе?! Ол түгiлi, басы-аяғы орысша өткен басқосуда баспасөз-релиздерiне дейiн орысша дайындалыпты. Ресейлiк меймандар өздерiн Ресейде жүргендей сезiнiп, мәз-мейрам болып қалды. Дәл осындай сезiм өзге де шетелдiк меймандардың көңiлiн жайлаған соң, форумның «қазақ жерiнде өттi» деген даңқы құрдымға кеттi.
Еуразиялық медиафорумның басты жаңалығын «ИТАР-ТАСС» орталығының бас директоры Виталий Игнатенко хабарлады. Оның айтуынша, үстiмiздегi жылдың жаз айларында Қазақстанда Орыстiлдi баспасөздiң бүкiләлемдiк конгресi өтедi екен. Виталий Игнатенко: «Бұл өте маңызды оқиға, бұл осындағы (Еуразиялық медиа-форумдағы) талқыланған идеялардың жалғасы болмақ» — дей отырып — «Орыстiлдi баспасөздiң конгресiн Қазақстанда өткiзудiң маңызы зор, мұнда орыстiлдi баспасөз өте қарқынды дамып келедi» — деп мәлiмдедi. Жалпы, аталған жиынға 60-65 елден орыстiлдi журналистер арнайы келiп, ортақ проблемаларын талқылайтын көрiнедi. Әйтеуiр, өзiнiң емес, өзгенiң бас қайғысын ойлап жүрген Қазақстанның бұл шешiмiн «алдынан жарылқасын?!» Елiмiзде ұлттық мәселелер басы ашық күйiнде болған соң, қазақ журналистикасының да шешiлмей келе жатқан проблемалары шаш-етектен. Бұл орайда Ресейдiң мiндетiн мойынға артып, күллi орыстiлдi журналистердi Қазақстанда тоғыстырып, орыстiлдi баспасөздiң проблемаларын шешуге тырысу қаншалықты орынды?! Елiмiзге ең пайдалы iс — Қазақстанда бүкiләлемдiк қазақ журналистерiнiң конгресiн өткiзу емес пе?! Түптеп келгенде, Ресейде өтуi тиiс басқосуды Қазақстанда жию «ақпараттық отаршылдық саясаттың» бiр көрiнiсi болса керек. Онсыз да Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгi ресейлiк алпауыттарға тәуелдi. Ендi елiмiзде әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде жұмыс iстейтiн орыстiлдi журналистер бас қосса, орыс тiлi Қазақстанда тамырын тереңге жая түспек. Ал, қазақ журналистикасының онсыз да мүшкiл хәлi ауырлай түспесiне кiм кепiл?! Бiрақ Қазақстан жағы бұған да көнiп, «ләппай тақсыр» деп отырғанға ұқсайды.
Жалпы, форумда Қазақстанның позициясы екi ортада абдырап қалған кiшкентай баланың кейпiндей көрiндi. Негiзiнен Еуразиялық медиа-форумда Батыс пен Шығыс, АҚШ пен Ресей, Ресей мен Батыс, Шығыс пен Ресей өзара сөз жарыстырып, өз мүдделерiн қорғап бағады. Бұл орайда елiмiздiң нақты позициясының жоқтығы айқын байқалады. Мәселен, Батыс меймандарының дiни экстремизм жайлы сөз еткенi сол-ақ екен, отандық өкiл Асқар Елемесов: «Егерде «ислам терроризмiн» сөз етсек, Қазақстан, шынымен-ақ өте қауiптi аймақта орналасқан» — дедi. «Ислам экстремизмi» деген сөз Батыстан келген өкiлдердiң аузынан да шықпады. Олар астарлы сөзбен «дiни экстремизм» деген сөздi көп қайталады. Бұл орайда Қазақстан жағының «ислам терроризмi» деп өз ата-баба дiнiне шүйлiгуi елiмiздiң осал саясатын аңғартқандай. Бұл аздай, күллi әлемдi дүрбелеңге салған Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға жасалынған карикатуралар мәселесi мен Қазақстанды Ұлыбритания телеарналарында мазақ етiп жүрген Саша Коэннiң қылықтары сөз болғанда, Рерихтiң қазақстандық мүддеден гөрi, батыстық көзқарастарға жақын екендiгi аңғарылып қалды. Тiптi, ол Саша Коэннiң «қылығына» байланысты Қазақстанның СIМ-нiң нелiктен наразылық нотасын жiберiп, онсыз да күлкiлi жайтты «күлдiре» түскенiне аң-таң сияқты. Бұл да баяғы Батыстың көзқарасы: Пайғамбарыңды он жерден мазақ етсе де, Отаныңды күллi әлем алдында келеке етсе де, «күлкiнi көтер, бұл әзiл ғой» деген ұстанымның ықпалы.
Форумда Қазақстан БАҚ-тарының жағдайы сөз етiлмесе де, өзiнен өзi сұранып тұрған мәселелер басқосу аясында өткiзiлген баспасөз мәслихаттарында қозғалды. Еуразиялық медиа-форумның иесi Дариға Назарбаева журналистердiң қоғамдық телеарна жайлы сауалына бiр-екi ауыз сөз тоқталып кеттi. Оның айтуынша, «Қазақстанда қоғамдық телеарна болуға жақын арна — «Хабар» екен. «Бiрақ кейiнгi сөз Ақпарат министрлiгiнiң құзырында» — дейдi ол.
Онсыз да қақталып тұрған Алматы көшелерiн үш күн бойы аузы-мұрнына дейiн көлiкке толтырған V Еуразиялық медиа-форум да аяқталды. Әлемдегi өзектi мәселелердi талқылаған-сымақ болып, шетелдiк саясаткерлер мен журналистер де өз елдерiне қайтуға асықты. Бiрақ осы форумсыз-ақ Батыстың да, Шығыстың да ұстанымдары күллi әлемге белгiлi едi. Бұл форумда олар өз пiкiрлерiн тек қана қайталай түстi. Тек қана Қазақстандағы қазақ журналистикасының мәселесi ешкiммен еленбей, қонақ үйдiң дәлiзiнде қалғаны өкiнiштi-ақ.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА