ӘБIҚАЕВ ДАЙЫНДАЛА БАСТАДЫ...
ӘБIҚАЕВ ДАЙЫНДАЛА БАСТАДЫ...
Қазақстан әлемдік және дәстүрлік діндердің II құрылтайын өткізуге дайындықты бастап жіберді. Осы шараны өткізу үшін құрылған Мемлекеттік комиссияның төрағасы Нұртай Әбіқаев комиссия мүшелерін жинап алып, болатын құрылтайдың жайынан біраз хабар берді. Мемлекеттік комиссияны сенат төрағасы Әбіқаев, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тәжин және Сыртқы Iстер министрі Тоқаев басқарады.
Құрылтайдың ұйымдастырушылық жұмысын нақтылау мақсатында өткізілген жиынға Үкімет мүшелерінің үштен бірі жиналды. Сенат төрағасының айтуына қарағанда, алты айдан кейін өтетін шараның ауқымы кеңейе түспек. Әбіқаевтың сөзінен ұққанымыз, ұйымдастыру ісінде біраз шалалықтар бар секілді. Мәселен, алғашқы құрылтайда әр діннен алты өкіл келген болса, бұл жолы қанша адам келетіні әлі айқын емес. Өйткені, бас мүфти Дербісәлінің өкілдер санын білгісі келген сауалына Әбіқаев: «Қанша адам келетінін бөлінетін қаржының көлемі анықтайды» деп жауап беріпті.
Осыдан екі-үш жыл бұрын құрылысы бекітілген пирамида тектес «Бейбітшілік пен Келісім» Сарайының да пайдалануға беру мерзімі кешігіп жатыр екен. Бірақ, «Күзге дейін бітуі тиіс» дейді Сенат төрағасы. Сонымен, екінші құрылтай сол сарайда өткізілмек.
Мүфтиді қонақтар тізімі елеңдетсе, православ тармағының өкілі Мефодийді дін басшылардың қосшылары үшін бөлінетін қаржы, көрсетілетін қызмет түрі қызықтыратынға ұқсайды.
Бұдан екі жарым жыл бұрын өткен басқосуда Қазақстанның аста-төк қонақжайлылығы ұнап қалған ба, жоқ әлде, басқа мырзалығы ма – әйтеуір қонақтар діни құрылтайдың өзге елде емес, дәл Қазақстанда өтуін қызу қолдапты. «Біз АҚШ, Канада немесе Австралияда өткізуді ұсынып едік, бірақ, бәрі де бірауыздан Қазақстанда өткізген дұрыс деді» дейді Әбіқаев.
Құрылтайда талқыланатын мәселелер тізімі сәуір айының соңғы шенінде өтетін секретариат жиылысында белгілі болмақ.
Гүлнәр Мұқанова