НАУРЫЗҒА – ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ!

НАУРЫЗҒА – ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ!

НАУРЫЗҒА – ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ!
ашық дереккөзі
448

Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні. Нағыз Жаңа жыл. Мұны ғалымдар да растайды: күн мен түннің теңесуі тура 21 наурызға тура келеді екен. Сондықтан Наурызды тек қана шығыстық мейрам емес, күллі адамзаттық мереке деуге толықтай негіз бар. Бірақ қазіргі күннің шындығы сол, күллі әлем жаңа жылды 1 қаңтардан бастайды. Ал әлемнің 50-ден астам түркі және парсы тектес халықтары Наурыздың Жаңа жыл екенін мойындайды.

БІЗ НАУРЫЗДЫ БІР КҮН КЕШ ТОЙЛАЙМЫЗ БА?

Ресейлік басылымдардан «қазақтың жаңа жылы – Наурыз келді» дегендей мақалаларды жиі кездестіруге болады. Бұның да жөні бар. Орталық Азия елдері ішінде Наурызды алғашқылардың бірі болып қайта жаңғыртқан – қазақ. Дәлірек айтсақ, бұл бастаманы тұңғыш көтерген қазақтың белгілі ақыны, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Шаханов еді. 1926 жылдан бастап 1988 жылға дейін тойлау түгілі ауызға алуға тыйым салынған Наурыз мерекесінің қазақ халқы үшін орны бөлек. Наурыз – жалпыхалықтық ұлттық мереке. Бұл мерекеде шын мәнінде қазақтың исі бар. Бұл орайда бір айта кетерлігі, Наурыз – күллі әлемді шарпып жатқан жаһандану заманында әрбір ұлттың өз ерекшелігін паш ететін қасиетті мереке.

Кеңес Одағының әмірімен 62 жыл бойы тыйым салынып келген Наурыз мерекесімен халқымыздың қайта қауышқанына да көп бола қойған жоқ. Бәлкім, осының салдарынан әлі күнге дейін Қазақстанда «Наурызды қай күні тойлау керек?» деген сауалға мардымды жауап жоқ. Баспасөзде осы мәселені жиі көтеріп жүрген ҚР-сы дипломатиялық қызметтің еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Батыршаұлының айтуынша, Наурызды тойлауды 21-інен бастау дұрыс көрінеді. Ол қазақтың Наурызды кешігіп тойлауын кезінде үкіметке дұрыс ақпар бермеген адамдармен байланыстырады. Негізінен өзбек, қырғыз, түркімен, әзірбайжан, тәжік, т.б. сияқты бауырлас халықтар Наурызды 21-інде тойлайды екен. Сайлау Батыршаұлының тағы бір дәйегі – күн мен түннің теңесуі тура 21 наурызға тұспа-тұс келетінінде. Бұл орайда ол: «Орта Азия халықтары Наурызды мыңдаған жылдар бойы Жаңа жыл ретінде тойлап келді. Кейіннен Ислам діні халықтардың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын сыйлап, Наурызды мейрам ретінде қабылдады, – дей келе: «Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінің Жыл басын 21 март деп белгілегені дұрыс. Мәселен, көрші Өзбекстанда, Қырғызстанда 21 наурыз халық мерекесі деп жарияланған. Түркіменстан президенті С.Түркіменбашының 2002 жылғы Жарлығына сәйкес Наурыз 21-інде басталып, мереке үш күнге созылса, Тәжікстанның президенті Э.Рахмонов Наурыз мерекесін екі күн деп белгілеген, яғни ол 21-22 наурыз аралығы» – дейді. Бірақ елімізде Наурыздың 22-сі күні тойлануын қалайтындар да жоқ емес. Ең алдымен, Қазақстанда Наурыздың 22-сінде тойлануы қалыптасып қалды. Мерекенің халықтық деңгейде тойланып келе жатқанына да аттай 18 жыл ғой. Бірақ атам заманнан бері Наурыз бір-ақ күн емес, бір ай бойы тойланған. Көршілес елдер экономикалық жағдайларға байланысты халықтың бір ай тойлауына мұрсат бере алмаса да, Наурыздың екі-үш күн тойлануына рұқсат берген. Ал Қазақстанда жанымызға жақын ұлттық мерекеміз бір-ақ күн аталып өтіледі. Тек қана 2001 жылы Наурыз «мемлекеттік мереке» деген статусқа ие болды. 22 наурыз – демалыс күні.

БҰЛ МЕРЕКЕНІ ДЕ САЯСАТТАНДЫРМАСАҚ

Қазақстанда аталып өтілмейтін мереке жоқ. 1 қаңтардан бері Хеллуин, Қасиетті әулие Валентин күні сияқты батыстық мерекелермен қатар, 23 ақпан – Қызыл армия күнін де бейресми түрде атап өттік. Оларды атап өтпеске амал бар ма? Орыстілді ақпарат құралдары бұл мерекелер басталмай жатып-ақ, қазақ халқын «мерекесімен» құттықтай бастайды. Оның үстіне еліміздегі күллі дүкендер мен базарлар әрбір мерекеге байланысты сый-сыяпаттарды паш етіп, насихаттап, сатуға кіріседі. Бір қызығы, әдетте Валентин күні қарсаңында дүкен сөрелерінен бастап кірер есікке дейін түрлі «жүрек» суреттермен безендіретін дүкен иелері Наурыз мерекесінде соншалықты белсенділік танытпайтын сияқты. Содан болар, Наурызда қала көшелерін ұлттық нақышқа сай безендіретін — бір ғана қалалық әкімшілік. Базар-дүкендер де әдетте сататын қытайлық сый-сияпаттарды ұсынумен шектеледі. Ұлттық нақыштағы заттарды, ұлттық ойыншықтар мен киім-кешектерді бірен-саран жерде ғана кездестіруге болады. Валентин күні десе ішкен асын жерге қоятын саудагерлер Наурыздың мән-маңызын мойындамайтын сыңайлы. Бірақ бұған саудагерлерді кінәлауға болмас. Мұның себебі тереңде жатыр. Мұның себебі – биліктің ұлттық мәселеге келгенде солқылдақ саясат ұстануында жатыр.

Қазақстанда Кеңес Одағынан бері дәріптеліп келе жатқан «көпұлттылық» саясатқа сай өзге діндер мен өзге халықтардың мерекелері ресми түрде бекітілгені аз еді, енді тіпті, ұлттық мерекелеріміз де осы саясаттың салдарынан түпкі мағынасынан айрылып келеді. Бүгінде билік Наурыз мерекесін «татулық пен достық мерекесі» деп атап жүр. Осы арқылы Наурыз ұлттық сипатынан біртіндеп айрылып жатыр ма деп қорқамыз. Осылай жалғаса берсе, күндердің бір күні Наурыз қазақтың ұлттық мерекесінен бұрын не бары «қазақстандықтардың достық күні» болып кете ме деген де ой жоқ емес. Шынтуайтына келсек, бұл күні Қазақстандағы негізгі халық – қазақтың ұлттық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне басымдық берілуі керек. Бізде онсыз да әрбір мерекеде диаспоралардың билері мен әндері дүрілдейді. Кейде тіпті, қазақ билері шеттетіліп қалады. Қазақтың жүздің бірі емес, Қазақстандағы негізгі де байырғы ұлт екенін сездіретін бір ғана мерекесі бар. Ол – Наурыз. Сондықтан Наурызға да «ұлтаралық достық пен дінаралық үндестік» шекпенін кигізудің қажеті жоқ. Ол – біздің ұлттық мерекеміз. Қазақтың исі бар мереке бұл. Сондықтан Наурыз көпұлттылық саясаттың құрбанына айналмауы тиіс. Наурыз – «қазақстандық ұлттың» емес, қазақ ұлтының мерекесі. Осыны мойындау қажет.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары