ЖОЛДАУ – АЛДАҒЫ ЖОЛЫМЫЗДЫ САРАЛАУ БОЛҒАНДА...

ЖОЛДАУ – АЛДАҒЫ ЖОЛЫМЫЗДЫ САРАЛАУ БОЛҒАНДА...

ЖОЛДАУ – АЛДАҒЫ ЖОЛЫМЫЗДЫ САРАЛАУ БОЛҒАНДА...
ашық дереккөзі
344

Ғылым мен мәдениетті дамытпай, алдыңғы қатарлы ел боламыз деу – орынсыз

Президенттің Жолдауы туралы сөз болғанда, әуелі бюджет қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақы мен жәрдемақыны көбейту сияқты мәселелерді ауызға алатынымыз рас. Бүгінгі жейтін нанның дәмі қаншалықты тәтті болса да, ертеңгі күннің жайын ойлаған да абзал-ау.

Шын мәнінде, Президенттің Жолдауы – елдің экономикалық-саяси даму жолын саралайтын маңызды бейресми құжат. Бұл – Үкімет үшін дайын жұмыс бағдарламасы іспеттес.

Жолдауда айрықша мән берілген екі-үш мәселе бар. Оларға бұған дейін мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келгені жасырын емес. Оның бірі – ғылым, ғылымға мемлекеттік қамқорлық көрсету мәселесі. Тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала жүргізілген жекешелендірудің салдарынан көптеген ғылыми орталықтар өз күндерін өздері көруге мәжбүр болып, Үкімет қамқорлығынан тыс қалған болатын. Тіпті, ғылыми орталықтарға тиесілі жер учаскелерін кейбір коммерциялық ұжымдар басып алып, ғылымның орнын сауда-саттық басқан да уақыт туды. Енді осы мәселені реттейтін кез келген сияқты. Жолдауда бұл мәселе анық айтылған. «Ғылыми орталықтарды дамыту үшін жер телімдерін тегін беру, бастапқы капитал бөлу, қажетті негіздік инфрақұрылымды жасақтау және басқа да бірсыпыра шараларды ұйымдастыру мәселелерін шешу керек». Осы орайда, Президент Үндістан елінің тәжірибесін алға тартады. Енді халықаралық ұйымдардың қатысуымен қазіргі заманғы ғылыми орталықтар мен «технологиялық парктер» құру ұсынылып отыр.

Әлемнің озық елдерінде ғылымға деген көзқарас ең әуелі материалдық-қаржылық қамқорлық деңгейімен білінеді. Мысалы, АҚШ ғылымға ІЖӨ-нің 4 пайызын, ал Ресей 2 пайызын бөледі екен. Ал бізде … бар-жоғы 0,2 пайыз ғана.

Осы орайда, ғылыми қызметкерлердің еңбегі қажетті деңгейде бағаланып, олардың күнкөріс жалақысының көбейтілгені де жөн болар еді. Қазіргі ғылыми-зерттеу институттары көбіне-көп шетелдік зерттеу институттарының гранттарына жан бағып отыр. Яғни, біздің озық ғылыми жетістіктерміз, азын-аулақ жаңалықтарымыз белгілі бір сомаға шет ел асып кетіп жатыр деген сөз. Сонда алдыңғы қатарлы озық ой өзімізге керек емес пе? Ал шетелге сатылмаған ғылыми жаңалықтардың 90 пайызы жетімдік көріп, тартпаларда сарылып жатыр.

Отыз шақты республикалық ғылыми-зерттеу институты Ұлттық аграрлық зерттеу орталығы жабылғаннан кейін тоғыз орталыққа айналдырылды. Қазір бәрі Ауылшаруашылық министрлігіне қарайды. Бұл ғылыми мекемелердің бәрі қазір министрлік тарапынан берілетін мемлекеттік тапсырыс арқылы күн көріп отыр. Желтоқсан айында жарияланған тендердің қорытындысы шығып болғанша, екі-үш ай өтіп кеткен. Міне, осы үш айдан бері ғылыми қызметкерлер айлық алмай, көбісі ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болған. Бүгінгі ғылымның халі осындай. Екі-үш жылдан бері осы. Естуімізше, Білім және ғылым министрлігіне қарайтын институттардың жағдайы осыған ұқсас көрінеді.

Президенттің былтырғы Жолдауына сай бюджет қызметкерінің айлығы 2005 жылдың шілде айында 30 пайызға көтерілуі тиіс болатын. Бірақ ғылыми қызметкерлердің айтуына қарағанда, олар жалақысына қосылған үстемені көре алмаған. Себебі түсініксіз.

Елбасының «ғылыми әлеуетті дамыту қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске мейлінше жақындатуға бағытталуы тиіс» деп атап көрсетуінде мән бар.

Өндірістің дамуы ғылымның дамуымен егіз. Жоғары технологияларды дамыту арқылы халықаралық аренаға шығу мәселесімен енді Инновациялық қор тікелей айналысатын болады. Қазақстанның халықаралық рыноктағы бастамашылық мәселесін пысықтау жөнінде Үкіметке тапсырма да берілді.

Қажетті сөз айтылды. Бағыт нұсқалды. Ендігі мәселе – істе.

Ғылымы мен мәдениетіне көңіл бөлмеген елдің бәсекеге қуатты 50 елдің қатарына қосылуы екіталай. Себебі халықаралық абырой-бедел тек ІЖӨ-нің деңгейімен ғана емес, ұлттың ішкі мән-мазмұнымен өлшенеді.

Президенттің биылғы Жолдауы туралы ғалымдар, экономистер, саясаттанушылар, әр түрлі сала мамандары өз пікірлерін айтып, талдау жасап жатыр. Біз де осы орайда өз ой-байламдарымен бөлісуді жөн көрген зиялы қауымның пікірлерін бергенді жөн көріп отырмыз.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, ҰҒА академигі,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:

ОРЫСША АЙТЫЛҒАН ОЙДЫҢ ҚАЗАҚЫ ТАҒЫЛЫМЫ

– Халықпен кеңесіп, елге ой тастау Елбасының жыл сайынғы дағдысына айналды. Мұны жұртшылық та елеңдеп күтіп отырады. Жаңалық, жақсылық күтеді. Жақсы хабарға жаны жадырайды. «Ой, әттеген-ай» дейтін тұстары болса, оны да жасырмай, жалпақ елге жайып салып жатады. Ел мен Елбасының арасында толассыз өрбіп жататын мұндай ерсілі-қарсылы пікір алмасулар тәуелсіз Қазақстанның іргесін бекітіп, керегесін кеңейтер игіліктер қатарында саналуға тиіс. Әрбір Жолдаудың басты ерекшелігі қарапайым халықты бей-жай қалдырмайтындығында.

Мына Жолдаудың да басты мәні –халықтың қамын жеп, оның еңсесін, әлеуетін көтеремін деген қамқор да кемел басшының терең ойлар мен нақты іс-әрекеттердің көзін аша білуінде. Ел қамын жеген басшы егемендік тірегі. Мемлекет, халық алдында тұрған алапат амал-әрекеттерді Президент тағы да толғап-толғап ортаға тастады. Негізгі міндет күнделікті майда тірлік қана емес, алдағы уақытта өмірдің барлық саласы бойынша кез келген дамыған елдермен бәсекелесе алатын іргелі 50 елдің қатарына қосылу дегенді көздеп отыр. Бұл әшейін алыпқашты сөз емес, арғы-бергі жағдайдың бәрі есепке алынып, жұмыла кіріскен жағдайда жете алатын меже екені сараланып көрсетілді.

Осындай ұлы мақсатқа жетудің жолдары да айқындалғандай. Ел өмірінің өзекті салаларын қамтитын бұл жеті түрлі басым бағыттың жөні бөлек. Әрбір бағыттың өз жүгі бар. Атап айтқанда:

Біріншіден, Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі.

Екіншіден, еліміздің тұрлаулы экономкасын өркендету.

Үшіншіден, осы заманға лайықты әлеуметтік саясатты қалыптастыру.

Төртіншіден, осы заманғы білімді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыра беру және Қазақстан халқының мәдениетін одан әрі гүлдендіре түсу.

Бесіншіден, демократияны ілгері дамытып, саяси жүйені жаңарту.

Алтыншыдан, осы заманғы ұлттық қауіпісіздік стратегиясын іске асыру, ел іргесін нығайта беру.

Жетіншіден, Қазақстанның мүддесін, өңірлік және дүниежүзілік дамудың серпінін ескеретін, үйлестірілген және сыртқы саяси бағытты барған сайын нығыздай түсу.

Елбасы көрсеткендей, Қазақстанды 50 ел қатарына жеткізудің алғышарттары мен жолдары осындай. Ішкі, сыртқы мүмкіндіктерімізбен қазіргі қажыр-қайратымызды жан-жақты есепке ала отырып, міндет-мақсаттарымызды талдап берген Н.Ә.Назарбаевтың зердесі мен алыс болашаққа жетелер қарымды қайратына тәнті бола отырып, осы ұлы ойларды «қай тілде кімге арнап отырмын» дегенді «қалайша ойланбады екен» деп күйзелгенімді де жасырып, жаба алмадым.

Жалпы, осындай бүкіл халыққа арналған Жолдаулар, тарихи баяндама, құжаттардың қандайы болса да, мемлекеттік тілде жасалуы керектігі Елбасының өзі қол қойып, қуаттаған. Тіл туралы заңымызда анық та ашық айтылған. Сондықтан бас бастаманы елдің Елбасыдан күтетіні анық. Мұның үстіне Елбасының ешбір жанға ұқсамайтын шешен тілін ел жалықпай тыңдағысы келеді. Кешегі Жолдауды ел қуана да қызыға тыңдай отырып, «шіркін, осының бәрін Елбасы өзі үнемі қуаттап келе жатқан мемлекеттік тілде неге айтпады екен?» деген ой көкейде тұрды да қойды.

Елбасы әрбір сөзін орысша өрбіткен сайын қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде әлеуеттене түсуіне қарсы болып жүргендер алақайлай қуанады. Ал ел билігіне ие болып отырған өз қандастарымыздың біразы Нұрекеңнің үлкен жиындарда орыс тілінде айтылған ойларын ұлтқа тиімді ыңғайда пайдаланудың орнына «бәрімізге осылайша ресми тілде көсіле беруге болады екен» деп мемлекеттік тілдің адымын тежей түсетін қылық.

Әрине, Президентіміздің әрбір сөзі, баяндамасы, басқа да тарихи құжаттары қазақ тіліне қолма-қол аударылып, елге таралып жатады. Ал негізінде олардың әуелі мемлекеттік тілде баяндалып, сосын барып, ресми тілге аударылғаны керек қой. Осыны қалыпқа салған күннен бастап, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінің де көсегесі көгереді. Әйтпесе, қазақ тілінің еңсесін көтеру қиын.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

КЕЛЕСІ ЖОЛДАУДЫ ҚАЗАҚША ТЫҢДАҒЫМ КЕЛЕДІ

– Биылғы Президент Жолдауы – өзінің жыл сайынғы дәстүрімен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тағы да елдің көңілінен шыққан Жолдау болды. Қалың халық бұқарасына не керек? Өзі қиын-қыстау кезеңде көп жұртты толғандыратын мәселелерге Президент Жолдауы жауап бергендей болды. Айтылған мәселелердің ішінде, әсіресе, үш-төрт мәселе ерекше есте қалды: салықтарды азайту, бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру. Ең бастысы Елбасы Жолдаудың беташарында қазақ тілі туралы, қазақ мәдениеті туралы пікірлер айтты. Бұл да болса дәтке қуат.

Қазақ халқы қазақ тілінің жағдайына тым кірпияз қарап отырған тұста, Жолдаудың тоқсан пайызы орыс тілінде айтылғаны – оның жалғыз «әттеген-айы» болды. Біздің Конституциямызда негізгі мемлекеттік шаралардың мемлекеттік тілде өтетіндігі жазылған ғой. Жолдау да – үлкен мемлекеттік шара. Біз осы жолы мемлекеттік шара мемлекеттік тілде өтіп, қалған ағайындар іліспе аударма арқылы не айтылғанын ұғып алатын шығар деп күткен едік. Іліспе аударма – бүкіл әлемде қолданылатын тәжірибе. Жолдаудың тоқсан пайызы қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде айтылған күннің өзінде, «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз неге бүйттіңіз?» дейтін адам табылмаған болар еді ғой? Керісінше, «қазақ тілінің күні не болады?» деп күпті көңіл болып отырған қазақ халқы, үш жүз жыл отар болған қазақ ұлты бір серпіліп, еңсесі көтеріліп қалған болар еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттың рухани көрсеткіші тіл болып табылады.

Ал енді қазақтың еңсесі көтерілмей, Қазақстанның еңсесі ешқашан көтерілмейді. Қазақ тілінің мәселесі, мемлекеттік тілдің мәселесі, шынын айтқанда, Қазақ мемлекетінің, Қазақстанның мәселесі. Ассамблеяда болсын, басқа жерде болсын, орыс ұлттық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп жүрміз. Олардың ешқайсысы да мемлекеттік тілдің мемлекеттік дәрежеде тұруына қарсы емес. Олар айтады: «Неге жоғарыда сөйлемейді, неге төменде сөйлемейді? Сонда ғана бұл мемлекеттік тіл болар еді ғой» дейді.

Мен келесі Жолдауды қазақша тыңдағым келеді. Мен ғана емес, ендігі жерде бүкіл қазақ Жолдауды қазақша тыңдағысы келеді. Бұл үлкен мәселе. Тұрақтылық туралы Елбасы да, қалғандарымыз да көп айтамыз. Тұрақтылығымыз баянды болсын десек, көңілі жарты болып отырған Қазақстанның негізгі халқының проблемасы – қазақ тілінің проблемасын шешуге батыл қадамдар жасалуы керек. Батыл қадам жасау дегеніміз өзі – ел алдына шыққанда Елбасы ғана емес, Үкімет басшысы, Парламент спикерлері мемлекеттік тілде сөйлеуі – ендігі жерде уақыт, тарих тудырып отырған қажеттілік. Олай жасамау деген сөз – он бес жыл бұрын жарияланған тәуелсіздікті тәрк ету деген сөз.

Ал Жолдаудың басқаша міні жоқ. Әсіресе, экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан алғанда, Қазақстан өзінің жыл сайын өсумен келе жатқан қарқынынан таймауға бет алғаны осы Жолдаудан да көрінеді. Лайым солай болсын деген тілек білдіреміз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары