СӘЛ КЕШІКСЕК, КӨШТЕН ҚАЛЫП ҚОЯР ЕДІК

СӘЛ КЕШІКСЕК, КӨШТЕН ҚАЛЫП ҚОЯР ЕДІК

СӘЛ КЕШІКСЕК, КӨШТЕН ҚАЛЫП ҚОЯР ЕДІК
ашық дереккөзі

Дамыған 50 елдің қатарына қосылудың тетіктері не?

Елбасы тағына нық отырған күні, дәлірегінде халық алдында ант беру рәсімі кезінде инаугурацияға жиналған шетелдік лидерлер көзінше Қазақстанды бәсекеге шыдамды 50 елдің қатарынан көргісі келетін арманы бар екендігін айтқан еді. Кейіннен халыққа арнаған Жолдауында бұл идеясын нақтылай түскен. Дамыған мемлекеттер қатарына қосылу үшін іске қосылатын тетіктердің бәрін айқындаған Президент Үкіметке арнайы тапсырма берген. Экономиканың дамуы шикізат факторымен ғана айқындалатын Қазақстан үшін мұндай бастама аса қажет еді.

Үкімет арнайы бағдарлама түзіп, Парламент алдында талқыға да салды. Қазақстанның «Азия жолбарыстары» секілді жоғары технологиялар орталығына айналуы осы бағдарламаға тікелей байланысты. Өйткені, елде заманауи ғылыми орталықтар халықаралық компаниялардың қатысуымен «технологиялық парктер» құрылады. Біз сөзге тартқан сарапшылар жоғары технологиялы мемлекеттер қатарына, яғни, бәсекеге шыдамды, дамыған елдер тобына қосылу үшін алдымен қандай шараларды қолға алу қажеттігін ортаға салған еді.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, сенатор:

Елбасының Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына қосуы жайлы бастамасы дәл уақытында жасалынды. Өйткені, бұл бастамаса кешігетін болса, біз бәсекелестік қабілетімізден айрылып, көштен қалып қояр едік. Қазіргі кұні біздің даму бағытымыз негізінен шикізат секторына тәуелді ғой. Мұның уақытша нәрсе екені белгілі. Қазіргі қара алтын қорымыз 40 жылға ғана жетеді. Сондықтан, қазірден жоғары технологияға, техникаға назар аударуымыз қажет. Бұған дейін осы салада ешбір жұмыс атқарылған жоқ. Оны мойындауымыз керек. Енді саясатымызды өзгертуіміз қажет. Шетелдегі инновацияны, жаңа технологияларды Қазақстанға тартып, бейімдеуіміз керек. Немесе ондағы инновациялық өндіріс көздеріне өз қаржымызбен кіруіміз керек. Сонда ғана алдыңғы қатардағы дамыған елге айналамыз. Бірақ бұл арада мына бір жайтқа назар аударуымыз керек. Мықты технологиялар еліне айналуымыз үшін білімнің рөлі зор. Бірақ бізде қазір мынадай тенденция байқалып отыр: бұрынғы Одақ кезінде алған білім мен қазіргі білімнің арасында айырмашылық өте үлкен. Бұрын жоғары білімді мамандар мол болатын, қазір олардың қарасы азайып, білім деңгейі жыл сайын төмендеп барады. Оқу орындарындағы оқу жүйесі дұрыс ұйымдастырылмаған. Түптің түбінде, бәсекеде білімнің жеңіске жететінін ескерсек, осы білім жүйесін қолымызға мықтап алуымыз керек.

Негізінен бұл бастама нағыз уақытында жасалды. Бүйтпесек, өзімізбен қатарлас елдердің даму деңгейінен де қалып қоямыз. Жоғары ғылыми технологияларды енгізуді қолға алмасақ, ертеңгі күні көрші мемлекеттерге кіріптар болып қалуымыз бек мүмкін ғой.

Михаил ТРОШИХИН, мәжіліс депутаты:

Ұрпаққа қалдыратын бір іліміміз болып, ғылым мен технологияға жетік дәрежеге жетуіміз керек. Қазіргі мұнайдан, металдан түсетін қаржыны елдің жоғары технологиялар еліне айналуы үшін жұмсауға тиіспіз. Өзге мүмкіндік бізде болмайды. Мысалы, Жапонияға қараңызшы, түгі жоқ мемлекет қалайша байып кеткен! Өз ісіңнің маманы болу деген бастаманы ең алға шығару керек.

Бексұлтан ТҰТҚЫШЕВ, сенатор:

Қандай да бір бастаманың жүзеге асуы үшін уақыт керек. Әрі бастаманың өзі кешенді түрде жүзеге асырылғаны дұрыс. Бізде бір саланың мүлт еткен жері біраз нәрсені шегеріп тастайды ғой. Мысалы, мұнай бағасы түсіп кетсе, біраз қиындық тууы мүмкін. Тетіктерді жүзеге асыратын қаржы осы саладан келеді ғой. Мұндай мысал бізде жеткілікті. Металлургиялық объектілерде бір зауыттың цехында орын алған өрттің кесірінен бүкіл өндірістің деңгейі түсіп кетті. Жаңағы айтқаным, сол секілді мысал ғой.

Мұндай ауқымды бастаманы жүзеге асыратын болған соң, «бармақ басты, көз қысты» деген секілді психологиядан арылу керек. Пара алу деген жайттардан құтылған ләзім. Ашықтық қажет.

Әзірлеген Гүлнәр МҰҚАНОВА