ТАМЫРСЫЗДАНУ ҚАУПIНIҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
ТАМЫРСЫЗДАНУ ҚАУПIНIҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Жаһандану рухсыздығы өз жеңісін тойлауда.
Содан қазір қаншама адам бейім былай ойлауға:
«Мен қай тілде еркін сөйлеп, оқи алам, жаза алам,
Білім, жұмыс, нан таба алам, сол тіл — менің өз анам».
Бірақ қарсы тұжырым бар осы адасқан байламға:
Біз жалқыны мойындамай, ұға алмаймыз жалпыны.
Тіршілікте бір адамды шексіз сүю арқылы
Адамзатты тану әрі сүюге жол табасың.
Және әркім шын қадірлеу арқылы өз анасын,
Ұғар оның сатылмайтын сезімінің бағасын.
Өз ұлтыңның тілін, салтын, парқын сүю арқылы
Күллі әлемдік биікке өрлеп, ардақтайсың жалпыны.
Сан түрлі тіл меңгереміз айдындап ой қарқыны.
Ал ғаламдық ортақ тілсіз –
Бірлік — гүлсіз, сенім — нұрсыз,
Бірақ ана тіліңе оның түспеу керек салқыны.
Бұл табиғи жолдан айну қырсық қаупін өсірер.
ТАРИХЫҢ ТҰР САНАҢА ӨТКЕЛ ТАСТАП,
ӨЗ ТIЛIҢДЕ ОЙЛАУ, СӨЙЛЕУ ТОҚТАЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП,
БҮКIЛ БАБА РУХЫМЕН БАЙЛАНЫСЫҢ КЕСIЛЕР.
ТАҒДЫРЫҢНАН АТА МҰРА ШАМЫН СОЛАЙ ӨШIРЕР.
ҚАТЕҢДI ӘБЖIЛ ТҮЗЕТПЕСЕҢ, ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖОҚ ТIРЛIК.
БIЗ БАБАЛАР СҮЙЕГIНЕ, СЕНIМIНЕ БАҚ ҚҰРДЫҚ,
БАҚ ҚҰРДЫҚ ТА ҰЛТСЫЗДЫҚ КЕҢIСТIККЕ АТ БҰРДЫҚ.
ӨЗ ТIЛIҢДI ЖЕРСIНБЕУДIҢ,
ӨЗ АНАҢДЫ МЕНСIНБЕУДIҢ
АРСЫЗДЫҒЫ ҚАЙ ДӘУIРДЕ БОЛЫП ЕДI ТАПҚЫРЛЫҚ?
ОЛ – РУХИ МҮГЕДЕКТIК ӘРI ҰЛТТЫҚ САТҚЫНДЫҚ!
Ғасырымыз – іздеу, өрлеу, қиратулар алаңы.
Адамзатты қарын мүдде қайда бұрып барады?
Көлшіктер бар сыртқа ақпайтын, суын шетке қимайтын,
Не бір өзен, не бір бұлақ сырттан келіп құймайтын.
Соған ұқсас жеке адамдар, тіпті ұлттар болады.
Ол тәуелсіз менмендіктің болашағы жаралы.
Экономикалық алыс-беріс – нарық ғасыр талабы.
Тек аз ұлттар ділін, «менін» қалай сақтап қалады?
Ана тілін қорғамаған,
Қорғағанды қолдамаған,
Өз еліне шыншыл қызмет ете алмайды саналы!
Бәрін таптай бермек пе әлде рухсыздық табаны?
Бұл сұраққа өркениет қашан жауап табады?
Әлде адам болашағын тамырсыздық жеңе ме?
Бұған қайсар табиғаттың тағы өзі өнеге:
Жантақ деген өсімдік бар түйе қорек ететін,
Тамыры жиырма, отыз құлаш тереңдікке кететін.
Қызылқұмда бет қаратпас долы дауыл ескенде,
Құм теңіздей толқынданып, оңға, солға көшкенде,
Бар қимылы сыртқы күштің ыңғайына құрылып,
Қаңбақ сорлы тамырынан лезде оңай жұлынып,
Жел қайда үрсе солай қарай домалап,
Ық пен сайды, бұта түбін паналап,
Жиі-жиі мекен-жайын жаңалап,
Дүниені өз мұң-зары деңгейінде бағалап,
Тамырлыға қызғанышпен қарап әрі табалап,
Тұрақсыз күй кешетіні обал-ақ.
Даңққа бөлеп өзі ғұмыр сүріп жатқан кезеңді,
Жантақ әркез орынында қалып қояр ежелгі.
Шыншыл рух дарынынан құлқын озған заманда
Тамырсыздық үлкен қауіп тудырады қоғамға…