МАМАЙДЫ ҚАЙТА ӨЛТІРУ НЕМЕСЕ “ЕУРАЗИЯ ЕРКЕКТЕРІ” ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

МАМАЙДЫ ҚАЙТА ӨЛТІРУ НЕМЕСЕ “ЕУРАЗИЯ ЕРКЕКТЕРІ” ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

МАМАЙДЫ ҚАЙТА ӨЛТІРУ НЕМЕСЕ “ЕУРАЗИЯ ЕРКЕКТЕРІ” ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
ашық дереккөзі
266

Алаш жұрты арыстарының бойындағы етекке жабысқан шоңайна сияқты ежелден қыр соңынан қалмай қойған салғырттық пен енжарлық, “Бұл болмаса, күл болсын” дейтін керенаулық әрі бойкүйездік жаңа – ХХl ғасырда да буып тұр-ау. Бір кездері ұлы Абай қазақ халқын Батыстың өнер-білімінен үйренуге шақырып, “ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың”, – деп қынжылса, енді алаш балаларының қазіргі қоғамдық, әлеуметтік ахуалын көріп мүлдем түңілер ме еді?! Үйрен дегенде осылайша ес-түссіз тым батысшыл болып кеткеніне қамығар да. Ең әуелі бүгінгі қазақтардың “біз кімбіз, келешек ұрпақтар қандай жақсы салт-дәстүр, қайталанбас қасиеттерімізді үлгі етеді?” деген соқталы сұрақ, өмірлік мәселелерге жауап іздемейтін самарқаулығынан түңілер. Тұяқ серіппейтін тым жуастығы, “көп айтса – көнді” күй кешетініне нәлет айтар.

Үстірт қарағанға ұсақ-түйек болып көрінер, әйтсе де келе-келе таудан құлаған қар көшкіні сияқты бой бермейтін келеңсіз жайттар өмірде жетіп артылады. Осыдан жарты айдай уақыт бұрын Қазақстанда ғашықтар күні — Валентин әулиенің күні ресми емес түрде кең аталып өтілді. Көптеген БАҚ-тардағы лепірген, қуанышты сөздер мен салтанатқа толы хабарлар, түрлі жарияланымдар тасқыны осыны аңғартқан. Ол ол ма, Алматыдағы бірқатар қазақ мектептері, жоғары оқу орындары осы күнге сәйкестендіріп оқушылар дискотекалары мен жастар арасында түрлі шаралар ұйымдастырып жатты. Бұндай жағдайлар еліміздегі басқа қалаларда да орын алғаны күмәнсіз. Жарайды, ақыл-ес тоқтатпаған, санасы әлі толық қалыптаспаған жастар мен оқушыларға өкпе артып, кінә тағу орынсыз болар, бірақ ұстаздар қауымы мен мектеп басшылары осынау ойсыз қадамдары арқылы әлі толық қалыптаспаған жеткіншектердің санасын улап жатқанын аңғармағаны ма? Әлде, жоғары орындардан осындай шаралар ұйымдастыруға, кең атап өтуге құпия жарлықтар болды ма екен. Рим шіркеуі бір кездері әлгі алаяқ әулие Валентинді лағынаттап, шіркеуден аластағанын, ең бастысы: христиан дініндегі көптеген елдерде оның әулиелігіне күмән келітірілетінін мұғалімдер білмеуі мүмкін емес қой. Тыйым салынбағанның бәрін тойлай, Батыстың қит еткеніне керемет жаңалық деп бас шұлғи беру бойымызға әбден сіңіп алған көркеуделік шығар. Олай болса… осы қыста ағылшынның әйгілі әншісі, сэр Элтон Джон күйеуге шықты. Еркек пен еркек! Әлгі Элтон Джон әйел болып күйеуге тиді. Тағы біраз шетелдік әншілер осылайша күйеуге тиіп алды. Хош, Қазақстанда да осындай жиренішті нәрселерге жол берілуі қажет пе?! Ол да түбі шығады бізден. Бәлкім, “Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” дегендік болар, іле-шала Қазақстанда 23 ақпан күні – Ресейдің “Отанды қорғаушылар күні” де ресми емес түрде кең аталып өтілді. Iстің бәрі “Хабар” телеарнасының “Бинго” телелотореясынан басталған сияқтанды. 19 ақпан күні өткізілген кезекті ұтыс тиражында 23 ақпан “ең батыл еркектер”, “отан қорғаушылар” күні ретінде ашық түрде насихатталып, бұл күнде қуанбаған еркектер қызтекелер қатарына жатқызыла жаздасын. “Бингоның” жүргізушісі Сергей Погосян жақ жаппай сайрап, тілдің майын тамызды-ай. Сабаздың сөздік қоры да ұшан-теңіз сияқты көрінген, тіпті, оның қасындағы қарындасымыз жылан арбаған көжектей қарсы келмей, әлгінің жетегінде желіп-ақ отырды. Орыс тілінің, салт-дәстүрінің шын білгірлері осылар боп көрінгені де рас. Олай дейін десең, Ресейдегі орыстардың, орыс тілінің білікті мамандарының ұлттық республикалардағы тележурналистер, әншілер, қоғам қайраткерлері, шенеуніктер, қысқасы, кім көрінген ұлы тілімізді әбден ластап, мүлдем іске алғысыз етіп бітті деп неліктен күңіренетініне таң қалуға тура келеді. Әлгі өкпеге қарағанда, Қазақстандағы орыс тілін білеміз дейтін біраз адамдар елді құр алдап жүр, не болмаса әлгіндей орыс ғалымдары мен мамандары қатты қателесуде. Екі тараптыкі де дұрыс болуы мүмкін емес. Ұлттық телеарнаның хабары қамшы болды ма, еліміздің бірқатар БАҚ-тары күмәнді думанды дуылдатып ала жөнелсін.

Ең сорақысы сол, егер Ресей империясы бір кездері қазақ елін шын мәнінде отарлаушы мемлекет болса, басқа қылмыстарды былай қойғанда, 1931-33 жылдардағы нәубеттен 2.5-3 млн. қазақтардың аштан қырылғаны ақиқат екеніне ешкім дау келтірмесе, онда бұндай күндер Қазақстан үшін мереке-мейрам емес, қайта қызыл, коммунистік империяға қарғыс күні болуға тиіс-ті. Өйткені, Ресей халықтарының, қоғамының айтарлықтай бөлігі бұл күнді сатқындық күні деп санадан сызып тастауға ұмтылады ғой. Өйткені, тарихи шындық сондай қорытынды жасауларына мәжбүрлейді.

Қазан төңкерісі күндерінде Петроград большевиктерін қолдау үшін Неваның арнасына атақты “Аврора” крейсерімен бірге “Забияка”, “Самсон”,“Амур”, “Хопер”, “Ястреб”, “Верный” әскери кемелері енді. Оларды қолдау үшін теңізден “Заря Свободы” линкорының зор зеңбіректерінің ұңғылары үңірейіп тұрды. Осының бәрін ұйымдастырған атақты П.Дыбенко болатын.

Ал сол П.Дыбенко 1918 жылы Брест-Литовскіде германдықтармен ауыр келіссөз жүргізіліп жатқан кезде, 23 ақпанда уақытша бейбітшілікті бұзып, мас матростар отрядын бастап Нарва түбінде немістерге шабуыл жасаған. Немістер мастардың отрядын тас-талқан етіп, П.Дыбенко өз басын әрең аман сақтап қалады. lзінше қызыл гвардияшылар Нарваны да, Псковты да тастап шығып, большевиктер басына қиын-қыстау күн туған. Бірақ, биліктен айрылғысы келмеген большевиктер Брест бітіміне қол қойған соң, немістер шабуылын тоқтатты. Мұндай масқара, сұмдық ауыр бітім еш елдің тарихында бұрын-соңды болмаған. Орыс тарихшыларының мұндай масқаралық бітім әйгілі моңғол-татар езгісі кезінде де болмаған деуінің де жаны бар. Ал коммунистер өздерінің опасыздық күнін қаһармандық күні ретінде атап, бүкіл халықтық мерекеге айналдырды. “Өлдің, Мамай, қор болдың” деген осы да. Қисынсыздық, көлгірсу, жалғандық жайлаған қоғамның соры сол шығар.

Көлгірсу біздің қоғамымызды да іштей ірітіп-шірітіп бара жатқаны соңғы жылдары жиі аңғарылады. Қалың көпшіліктің іштей наразылығын тудырып жүрген “қазақстандық қоғам”, “қазақстандық ұлт” деген жалған, жасанды ұғымдардың тереңдей, кең жайыла түскендігі соншалық, қисынсыздық, жалғандық символына айналды. Әнебір жылы “Секс-символ” жүлдесіне ие болған скрипкашы қыз – Лана, “Начнем с понедельника” газетінің журналисі Розалия Азимовамен сұхбатында: “Менталитет казахстанского мужчины несколько суровый, очень сдержанный, ему не хватает эмоций”, – деп еліміздегі еркектердің екі аяғын бір етікке тығыпты. Одан әрі итальяндарды үлгі ретінде ұсынады, батыс халықтарының көбі жақтырмайтын жұрттың жігіттерін жер-көкке сыйғызбай мақтайды-ой. Мақұл, әлемді шарлап жүрген өнерпаз қыз “қазақстандық еркектердің” менталитетін жақсы білетініне шәк келтіру жөнсіздік шығар. Осындай сөз басқалардың аузынан да жиі естіліп қалады ғой. Ал, осы “қазақстандық еркек” деген қандай пәлекет, қандай жануар?! Қазақ па, орыс па, ұйғыр ма, өзбек пе? Әлде бойында әр ұлттан титімдей-титімдей нышан бар болар. Ортақ белгілері қандай, жынысы ше? Элтон Джон сияқты болашақта байға тиетін байғұс па? Мұсылман ба, христиан ба? Бала күнінде мұсылмандық әдет-ғұрып, шариғатқа сай Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті етілген бе, әлде мүлдем дінсіз шығар. Қысқасы, қарапайым адам түсінбей, миы шаршайтын белгісіздіктер “қазақстандық еркектердің” бойында әзірге көп-ақ.

Есесіне, “Еуразия әйелдері” қалыптасып үлгерді. Бұған Астанада өткен әйелдердің l Еуразиялық саммиті куә. Жаңа, бұрын болмаған, Азиядан аулақтаған, Еуропалық та емес екі кеменің құйрығын ұстаған, Қазақстан өкілдерінің мәлімдеуінше, “деловые”, “красивые” – ең бастысы, “ужасно умные” әйелзаты. Ендігі күрделі проблема –тез арада “еуразиялық еркектерді” өсіру, күтіп-баптау мәселесі. Қазақстандық ноу-хау осы болғалы тұр. Бірақ, біздер басқа ұлт пен ұлыстарға мейлінше жағымпазданып, “қазақстандық қыз-келіншектер”, “еуразиялық еркектер” деп табиғатта жоқ нәрсені тауып жүргенде, Ресейде қаракөз қарындастарымызды қазақша сөйлегені үшін ғана пышақпен бауыздап өлтіруде.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары