СКИНХЕДТЕР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫН ӨЛТIРДI

СКИНХЕДТЕР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫН ӨЛТIРДI

СКИНХЕДТЕР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫН ӨЛТIРДI
ашық дереккөзі
720

Орыс ұлтшылдарының идеялары Қазақстанға да «экспортталып» жатыр

Санкт-Петербург қаласында ұялы телефонмен қазақша сөйлегені үшін қазақ және әзірбайжан қыздарын орыс ұлтшылдары соққыға жығып, пышақтап кеткен. Оқиға салдарынан 32 жасар Айнұр Бөлекбаева қаза тапқан, екінші жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Таяуда осы қайғылы оқиғаға байланысты Алматыдағы Ресей елшілігі алдында «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысы мен «Болашақ» жастар қозғалысы наразылық акциясын өткізіп, Ресей президенті Владимир Путинге Ашық хаттарын жолдады. Ресейде орын алып жатқан нәсілшілдік қылмыстарға алаңдап отырған ұлттық қозғалыстар қылмыскерлердің өз жазасын алуын талап етіп отыр.

Бұндай талапты қоймасқа амал бар ма? Әдетте скинхедтік ұйымдардың қылмыстары жария етілсе де, артынша жазасын алып, қамалып жатқандар жайлы ақпараттар естілмейді. Скинхед жастардың билікте өз «қамқоршылары» болуынан ба, әлде «Россия для русских!» ұраны жергілікті құқық қорғаушылардың құлағына жаға ма, әйтеуір Ресей билігі ұлтшыл қозғалыстарды ауыздықтау ісінде шарасыздық танытып отыр. «Болашақ» қозғалысы төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов: «Петербордың Калинин аудандық прокуратурасының мәлімдемесінде болған оқиғаны «Бұзақылық» бабы бойынша қарастыратыны айтылған. Бұған жанымыз шыдамады. Скинхедтер қазақтың қызын нәсіліне қарап, он жерден пышақ салып, бауыздап кетсе, қалай бұл бұзақылық болуы мүмкін? Артынша «Россия для русских» дегендей ұрандар айтылған дейді. Ресей бұған саналы түрде жауап беруі керек: қылмыскерлер өз жазаларын алуы керек», – дейді. «Болашақ» қозғалысы қандасымызбен болған қайғылы оқиғаға байланысты бірде-бір ұйымның, бірде бір лауазымды тұлғаның ауыз ашпағанына ызалы. Бірақ жастар Ресейдегі шовинистік, фашистік қоқан-лоқылар жалғаса берсе, оның Қазақстанға да қауіп төндіретінін алға тартады. Бұл пікірге «Ұлт тағдыры» қозғалысының белсенділері де бірауыздан қосылып отыр. Ұлт тағдыры қозғалысы төрағасының орынбасары Хасен Қожахмет: «Мұндай жағдайлар бізде 70-ші жылдары болған. Автобуста, коллективте: «Неге қазақша сөйлейсіңдер?» – деп, Қазақстанда талай қазақтарға қорлық көрсеткен. Ал, енді Ресей халқының санасы сол деңгейден аспағаны көрініп тұр. Үкімет қайда қарап отыр? Достық жылдары деп, екі елдің достығын насихаттап жатады. Ал, жағдай мынандай… Бізге осындай жалпақшешейлік керек пе осы?!» – деп сөзін қайырады.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының өкілдері Ресейдегі оқиғалардың өз ана тілінде сөйлемейтін қазақтарды ойландыру қажеттігін ашына жеткізіп отыр. Ал, «Ұлт тағдыры» қозғалысының басқарма мүшесі Болат Дүйсенбі қазақ азаматтарының ұлттық мәселеге келгенде жігерсіздік танытуы мен Сыртқы істер министрлігінің немқұрайды көзқарасына алаңдаушылығын білдіріп отыр. «Түптеп келгенде, Ресейдегі қанды оқиғалар Қазақстанда тұратын этностарға да ықпал жасауы мүмкін», – дейді, қозғалыс өкілі. Бұл пікірдің жаны бар. Бүгінде Қазақстанның Солтүстік аймақтарында, тіпті Алматының өзінде скинхедтік топтардың ұяшықтары бар көрінеді. Жастарға арналған «Моль» журналының хабарлауынша, Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының маңы жергілікті «тақырбастардың» жиналатын сүйікті орны екен. «Орбита» ықшам ауданында орналасқан үйлердің қабырғаларында фашистік бағыттағы суреттер де пайда болған. Бір айта кетерлігі, IWPR орталығының хабарлауынша, Алматыда жергілікті скинхедтер 18 жасар кәріс баласын ұрып-соғып кеткен. Сергей Пактың айтуынша, тақырбасты орыс балалары оны «қисық көз» деп мазақтап, ұрып тастаған. Қазірше алматылық скинхедтердің саны 50-70 адамнан аспайтын көрінеді. Бірақ олардың көбеймеуіне кім кепіл? Орыс жастарының толқуларына жергілікті орыс, славян, казак ұйымдарының «Қазақстанда орыс тілі тұншығып жатыр, біз не «екінші сорттағы» адамдармыз ба?» деген сияқты дабылдары ықпал етіп, отқа май құйып отырған жоқ па дейсіз… Ресейде де жергілікті жастарды ұлтшыл партиялар мен астамшыл лауазымды тұлғалар қолшоқпар ретінде пайдаланып отырған жоқ па?

Жалпы, Ресейде қазақ азаматтары ұлтшылдар қолынан бірінші рет жапа шегіп жатқан жоқ. 2002 жылы Волгоград қаласында жергілікті скинхед зейнеткер Омар Әбдірахмановты өлтірген. 2004 жылы 24 жасар Анатолий Груздевтің басшылығындағы ұлтшыл ұйым Қазақстан азаматын жан түршігерлік қатыгездікпен ұрып соққан. Сынған бөтелкемен бетін қан жосатып, денесін аяқпен тепкен. Жәбірленуші ауыр жарақаттардан көз жұмған. Жақында қаза тапқан Айнұр Бөлекбаева Петербор қаласының жатақханасының бірінде тұрған. РИА «Новости» басылымының хабарлауынша, қазақ қызымен бірге пышақталған Ильфуза Бабаева Петерборға жұмыс істеуге келген. Екі қыз сатушы болып жұмыс істеп, тапқан ақшаларын туыстарына салып жіберіп отырған. Қазақ қызының артында екі баласы қалған. 20 рет пышақталған Ильфуза Бабаева қазір хәл үстінде көрінеді.

Әдетте Ресейде өлтірілген қазақ азаматтары жайлы қаралы хабарлар Қазақстанға жетпей жатады. Елімізде «көпұлтты, көпдінді» саясат өршіп тұрғанда, мұндай ақпарлардың бізге жетпегені билікке керек сынды. Бүгінде Ресей – тұтанып тұрған жарылғыш бомба іспетті. Ол жарылса, «көп ұлтты» Қазақстанда да жағдай өзгеруі мүмкін. Бірақ қазірше Қазақстан билігі «ұлтаралық достық пен дінаралық үндестік» имиджінің жоғалмауы үшін бар жағдай жасап, қазақ қызының өліміне қатысты ресми түрде пікір білдіруден де қашқақтап отыр. Бірақ Кеңес заманынан қалған қорқақтық қасиеттерінен бойы таза қазақ жастары бұдан бұлай аға ұрпақ сияқты үндемей отыра алмайтынын танытты. Соған қарағанда, Қазақстанды «қазақстандық ұлтқа» айналдырмай, қазақыландыратын да осы жас ұрпақ болса керек… br>

Амангелді Айталы,

Қазақстан Республикасы

Парламентінің депутаты:

– Бұл Ресей фашизмінің орыс емес көптеген ұлттарға жасап келе жатқан зорлық-зомбылығының бір көрінісі. Фашизм деген бір ұлтты төбеге шығарып, қорғап, екінші ұлттарды, яки славян емес ұлттарды қуғын-сүргінге ұшыратып, өлтіру. Бұның астары тереңде жатыр. Біріншіден, империялық билеп-төстеуден, жоғары мәртебесінен айрылған орыс ұлты бүгін үлкен саяси және психологиялық күйзелісте. Оның үстіне бүгін орыс ұлты сан жағынан демографиялық тоқырауға да ұшырап отыр. Әр жылы орыс халқы осы демографиялық күйзелістен 800 мыңға дейін азайып келе жатыр. Сонымен бірге, орыстардың халықаралық аренадағы беделі төмендей түсті. Ресей бірнеше ғасырлардан бері тірнектеп жинаған жерінен де, отарлаған елінен де айрылды. Бүгін Ресейден Балтық жағалауындағы елдер, Украина, Грузия, Молдавия да теріс айналып жатыр. Міне, Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі осындай құбылыстарды орыстың кейбір астамшыл топтары орыс халқының бұрыңғы мәртебесін қайтару үшін фашистік идеологияны жаңғыртып жатыр. Жалпы, фашизм орыс халқының идеологиясында әуелден бар. Бұл осы жылдары пайда болған құбылыс емес. Қазақ жеріндегі ұлт-азаттық күреске қатысқандарды қырып-жою әдістерін біз еске алсақ, неше түрлі фашистік қылмыстар қазақ топырағында орыстармен жасалды. Мысалы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қазақтарды киізге орап, үстерінен керосин шашып, өртегені туралы 1917-1918 жылдары «Наша газета» деген басылым жазған. Бір кездері осыны мен оқып, орыс халқы мен фашизмнің арасында осындай байланыс бар екен деп ойлағанмын. Сондықтан оған таң қалмау керек.

– Скинхедтік қозғалыстар Қазақстанда да бар екен. Мәселен, Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының жанында орыс балалары азиаттық бет-әлпетті балаларды ұрып-соғып жүреді деген ақпар бар. Жалпы, бұл қозғалыстар Ресейдің ұлтшыл қозғалыстарымен байланыста сияқты. Бұған не дейсіз?

– Қазақстанға да олар «экспорт» жасауы мүмкін. Оған Ресейдегі БАҚ-тар, баспасөздегі ұлтшыл мақалалар, Қазақстанның ұлт саясатын бұрмалауы, т.б. олардың саналарына үлкен ықпал жасап отыр. Сондықтан жалпы террорға қарсы террор, зұлымдыққа қарсы зұлымдық жасағанмен болмайды. Орыстың ғалымдары, педагогтары бұл жөнінен тәрбие жұмыстарын өткізсе екен. Толеранттық орталықтар ашу керек. Осы бағытпен кетсе, еліміз зұлымдыққа, фашизмге бой ұрып кетуі мүмкін. «Түбінде бұл процесс орыс халқының үлкен жеңілісімен аяқталады» деген пікір бар орыс интеллигенциясының ішінде.

– Талай қазақ азаматтары Ресейде жапа шегіп жатыр. Бір емес, бірнеше қазақ азаматы Ресейде скинхедтер қолынан қаза тапқан. Неге Сыртқы істер министрлігі осындайда үнсіз қалады?

– Жалпы, Петерборда қазақ қызының ашық нәсілшілдік негізінде өлтірілгені айтылды ғой. Мүмкін, қоғамдық пікірді қоздырмайын деп, мәселені дипломатиялық жолмен шешкелі отырған шығар.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары