МАҚПАЛ САХНАҒА ҚАЙТА ОРАЛДЫ

МАҚПАЛ САХНАҒА ҚАЙТА ОРАЛДЫ

МАҚПАЛ САХНАҒА ҚАЙТА ОРАЛДЫ
ашық дереккөзі
444

Жуырда Республика сарайында белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев ағамыз өзінің шығармашылық кешін өткізбек. Кешке композитордың әндерін орындап жүрген әншілеріміздің көбі қатыспақ. Олардың арасында Кеңес ағамыздың әнін жиі орындап жүрген, танымал әнші қызымыз, Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова да бар екен деген хабарды естіген соң, Мақпал апамызға телефон шалдық.

– Біз өнер адамымыз ғой. Өнер адамы болмаған күннің өзінде, жолдасы немесе жақын туысы қайтыс болған кез келген адам жетісі өткеннен кейін-ақ жұмысқа шығады екен. Бізде «жұмыс істемей отыра берсін» деген заң жоқ екен. Барлық адам заң бойынша жұмыс істейді. Қазақконцерттің басшылары бар, өзге де жолдас-жораларымыз бар: «осылай қара жамылып отыра бересің бе? Жұмысқа шықпайсың ба?» дегендей әңгімелер айта бастады. Оның үстіне, көрінбей үйде отыра беруімнің өзі халықтың арасында түрлі әңгімелер тудыра бастады. «Өліп қалыпты», «асылып қапты» деген әңгімелерді өздеріңіз де естіп жүрген шығарсыздар. Осылай үйде отыра берсем, Зәкеңнің әруағы да риза болмайды деп ойлаймын. Өйткені, ол кісі менің сахнада жарқырап жүргенімді қалаған азамат болатын. Үйдегі бармақтай қызымның өзі: «Мама, сен неге ән айтпай жүрсің? Сен сахнаға шығып ән айтсаң, саған гүл беретін еді» деп айтады. Әдемі көйлек киіп, сахнаға шыққанымды қызым да жақсы көретін.

Кеше Зәкеңнің жүз күндігін өткізгенмін. Үйге Бауыржан атамыздың ұлы Бақытжан аға мен Зейнеп апа келген еді. Жанында жақын жолдастарымыз бар. Зейнеп апа қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін адам ғой. Маған: «Мақпал, қарағым, сенің қаралығыңды алуға келдік. Сен халықтың адамысың. Халықтың алдына шығып, өзіңді көрсетуің керек. Қара жамылып отыра беруге болмайды,–деп басыма ақ орамал жауып.– Сыртқа шық. Үйде отыра берсең, ауырып қаласың, жүйкең тозады»,–деп ақыл-кеңесін берді. Оның үстіне, Кеңес ағамыз «Қазақконцертте» жұмыс жасайды ғой. Үлкен композитор. Ол кісінің әнін он тоғыз жасымнан бастап, айтып келемін. Кеңес ағаның өзі: «Алпыс жылдығыма барлықтарың қатысыңдар. Мен күнде алпысқа келе бермеймін. Өзім жиі ауырам», — деп өтініш жасады. «Сахнаға шығуың керек, қайғырма. Сенімен біргеміз» деп тілеулестерім жиі телефон шалады. Тіпті, хат жазып жатқандар да көп. Зәкеңнің әруағы ренжімейді деп ойлаймын. Жеке концертім емес, сахнаға Кеңес ағамның екі-үш әнін орындап шықсам ба деп жатырмын Бір жағынан, елге тірі екенімді дәлелдеу болса, екінші жағынан өнер адамы үйде ұзақ отыра берсе, жүйкесі де тозады екен. Әнші болғаннан кейін сахнаға шықққаннан басқа жұмыс істей алмаймыз. Қарапайым әйелдің өзі жетісін бергеннен кейін қызметіне шықпай ма? Жұмыстағылардың көбі орыстар. Олар мұндайды түсіне бермейді. «Жұмысқа шықпасын деген заң жоқ қой» деп айтуы да мүмкін. Мен де ел қатарлы жұмысқа шығуым керек. Қорқып үйде отыра берсең, бойыңнан үрей кетпейді екен. Енді не болса да, елдің алдында болсын деп ойлайтын болдым?!

Серіктес жаңалықтары