Қаламы ән салып тұратын қаламгер

Қаламы ән салып тұратын қаламгер

Қаламы ән салып тұратын қаламгер
ашық дереккөзі

 

(Тылсымды түстер әлемінің саяхатшысы)

 

Ерсілі-қарсылы формациялар алмасымының нәтижесінде тұтастай қоғам ғана емес, оның түрлі салалары да өзгеріске түсті, реформацияланды. Жаңа журналистика қалыптасты. «Мен жаңа журналистиканың өкілімін!» деген кеудемсоқтықтың да пайда болғаны өтірік емес. Алайда біз түп негізді ұмытуға тиісті емеспіз. Ұлттық журналистика биігінен алып қарасақ, алпысыншы жылдардың екінші жартысы мен жетпісінші жылдардың басындағы қазақ журналистикасында сол кездегі «Лениншіл жас» газеті флагмандық мәртебеге ие. Сейдахмет Бердіқұлов заманындағы «Лениншіл жасты» Бразилия футбол құрамасымен ғана салыстыруға болатын шығар, сірәда?!. Оның да өз «Пелесі», өз «Эйсебиосы», «Жайрзиниосы» бар еді. Өндірдей жас Оралхан Бөкей, Мағира Қожахметова, Қадірбек Сегізбаев, Ақселеу Сейдімбеков сынды қауқарлы қалам иелері қалыптасты. Ол кездегі журналистиканың басым бағыты – лиризм-тұғын. Ол кездегі журналистика ән салып тұратын. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда О.Бөкеев пен М.Қожахметова өзгелерден оқ бойы алға суырылып шықты. Республикадағы жалғыз журналистика факультетінің студенттері осы екі журналистке ұқсауға жанын салды.

Марқұм, профессор Тауман Амандосовтың Мағира журналистикасын арнайы талдап, сабақ есебінде өткізгені де есімізде. Сол кездегі «Лениншіл жастың» ескі тігінділерін ақтарыстырып, қарастырамыз кейде. Сол тігінділерге ондағы жарияланған материалда бүгінгі ұлт патриоттарының жоғалтып алған құндылықтар есебінде зар жылап, іздеп жүрген бағалы қасиеттерінің ізі сайрап жатыр. Осы жерде сөз ретіне қарай мына бір жайды да айта кетуге мәжбүрміз. Демек, біз қазір өзімізде жоққа ұмтылған ел емес екенбіз. Біз өзімізде бұрын болған, ұмытылған құндылықтарды оралта, жаңғырта алмай жүрген шерменделеу ел екенбіз! Күні кеше ғана Мағира Қожахметова «ЛЖ»-да жүргізген «Тамаша өмір, тамаша!», «Бауырдың аты бауыр ғой» атты айдармен жарияланған материалдар шоғырын қарап шықтық. Журналистеріміздің күні бүгін «тың жаңалық» есебінде ұсынып жүрген кереметтерінің денін осы материалдардан кездестіріп, таң қалғанымыз да өтірік емес. Бүгінгі жаңалық деп айдар тағып жүргеніміздің біразын Бөкеев пен Қожахметова сол кезде-ақ жазып тастаған екен! Жалпы «тарихтың қайталану циклы» деген қағида бары да белгілі. Демек, бүгінгі жасалып жатқан игіліктеріміздің дені сол кездегі жасалған игіліктердің немесе жаңғырығы ғана! Бұл ұлттық журналистикаға қарата айтылған сөз. Демек, журналист Мағира Қожахметованы кәсіби ұстаз есебінде бағалап жүргендердің байламдары да қисынды деген сөз. Ал ондайлар қазіргі журналистикада баршылық.

Заман өзгереді. Заманмен бірге адам да, оның амалы да өзгеріске түспек. Алайда, әр құбылыстың өз бастауы, қайнары болмақ. Мағира журналистика тұрғысында сол бастаулардың басында тұрған, өзінше жазу стилін қалыптастырған көрнекті қаламгер. Оның өз көзқарасы, өзіндік ореолы, әлемі бар. Бір қынжылатынымыз сол әлемнің бар екенін іштей біле тұра мойындамайтынымыз ғана…

 

* * *

 

Мағира әлемі…

Бүгінгі әдебиет, өнер, жалпы танымдық білік тұрғысынан алып қарағанда «Мағира Қожахметова әлемі» атты материя, ұғым қалыптастыратын кез келді деп ойлаймыз. Аргумент жеткілікті. Қазақстан мектептерінде қазір «Өзіңді өзің таны» танымдық-әфсанасы оқытылып та жүр. Ал оның о бастағы басиесі – басқа ешкім емес, осы Мағира болатын. Дәлел іздеген күмән иесі болса, ертеректегі «Ақ желкен», «Ай» журналдарының тігіндісін қарасын! Алдымен Мағира тылсымды мұнар арасынан «өзін-өзі таныған», «Адам – құпия» мен «Түс саяхаттарды» жазған. Ұлттық әдебиет пен танымдық білікке тың үрдіс енгізген. Ал ол «Мағира әлемінің» туған топырағына тартқан перзенттік сыйы еді. Тылсымды әлемдердің баршасының өз мәртебесі, қалыптасу үрдісі, тәртібі һәм жолы бар. Тек сол әлемді көре білер көз керек. Мағира Қожахметова әлемі жобалап алғанда жыпырлаған сансыз жұлдыздардың ар жағындағы тылсымды кеңістік болса керек. Біз осылай топшылап отырмыз. Танымдық құлықты оятуға, ғасырлар бойы қалғыған ұлттық сананың ерекшелігін сілкінтуге соңғы кезеңде дәл Мағираша үлес қосып, еңбек сіңіріп жүрген қаламгер некен-саяқ. Оны Мағираның досы түгілі дұшпаны да әлдеқашан мойындап қойған.

«Түс саяхаттардың» көзге көрінбес аспани кемесіне мініп, көз көріп, құлақ естімеген ғаламдарға сапарлайтын құдіреттің екінің біріне бұйырмағаны да белгілі жайт. Демек, Мағира әлемі адам қиялын (бәлкім жалпы адамзат қиялын) тылсымды дүниеге сапарлататын аэродром сияқты ғаламат болуға тиіс. Әйтпесе, көзге көрінбес, арғы тылсымды дүниенің ишаралы әрекеттері «бергі жаққа» сол «аэродром» арқылы жетіп жатқанға ұқсайтындай ма-ау?.. Әйтеуір осы бір әлемде өзгеде жоқ құдіреттің бары ақиқат.

 

* * *

 

Түс саяхаттар…

Әлбетте, түс көрмейтін адам жоқ. Алайда, сол тылсымды құбылыс қарапайым өзекті пенде үшін «түлкінің қиы ғана». Ал, Мағира Қожахметованың пайымында «түс – адамзатқа жаратушыдан жеткен жедел хат» түріндегі ишаралы сәлем. Тек оны сезініп, ұғыну үшін оған танымдық позициядан, Мағираның өз көзімен қарау қажет.

Жалпы, Мағира шығармашылығында түс, аян сынды құбылыстар орталық позициядан көрініс табады. Бұл да Мағира ұғымының, көзқарасының бергі пендауи дүниені тарсынатынының, оған сия алмайтынының бір айғағы. Жазушының Ая деген мылқау кейіпкері бар. Тілі жоқ, бірақ санасы салғырттықтан ада. Жоғарыда айтылған керемет дүниелер ауқымында сапарлап жүрген құдірет иесі де осы бір мылқау қыз. 80-ші жылдары әдебиетімізге келген осынау бір персонаждың ерекшелігін, тосындығын әдебиет сыны да,пәлсапалық ағымдар да назардан тыс қалдырды, ұғына алмады. Тіпті ол арзанқол пьесаларға ден қойған, алайда шындаса ғаламат туындылар тудыруға қабілетті ұлттық драматургияның тарапынан да елеусіз қалды. Бәрінен де бұрын Ая қыз – іздесе таптырмайтын кино кейіпкер еді-ау, шіркін! Әрине, режиссерінің сәті түссе ғана…

Мағира Қожахметова талантының қолтумасы – мылқау Ая жалпы жазушы шығармашылығының орталық кейіпкері, ағымдағы тіршіліктің күнделікті күйбеңінің арасында елене бермейтін шешуші тұлға, соны образ. Бүгінгі қоғамның мұңына айналған ұлттық құндылықтардан жеріну, психологиялық тұрақтаудың, экология һәм басқа да олқылықтардың ортақ құрбандығы да осы Ая. Ая – жазушы қиялының жемісі. Ол кезде, хикаят жазылып жатқан кезде бесіктегі сәби еді. Қоғам мен ел жаңарған қос ғасырдың өліарасында бой жетіп, күні бүгін Қазақстанның «қара базарларында» арзанқол қытай тауарын сатып жүр ол. Ендігі бір Ая қызды Саин көшесінің тылсымды түкпірінен көріп қалуымыз да ықтимал. Хикаяттың өткен ғасырдың 80-інші жылдарында жазылғанын еске алсақ, тылсымды құбылыс – Мағира Қожахметованың көп нәрсені алдын ала болжағанына таң қаламыз.

Кезінде бағзы бір сыншының Аяның өмірдегі прототипін автордың өз басынан іздеуге талаптанғаны да бар… Ол әрекеттің қаншалықты қисыны барын тап басып айту да қиын. Алайда Ая – сөйлейтін мылқау. Әлбетте ол тілсіз сөйлейді, жүрекпен ұғындырады. Әрине, онысын жүрегі барлар ғана сезінеді, түсінеді. Жан дүниесіндегі драматизмге, қам-қарекетіне қарап, Аяны жердің перзенті деу де қиын. Онда өзекті пендеге тән емес көптеген трагедия, драма бар. Соған қарағанда ешкімге ұқсамайтын жұмбақты Аяны біздің дүниемізде жүрген «жатпланеталық келімсек» деп пайымдаса да болғандай. Ал, ол планетаның аты, қайталап айтамыз – «аса қарымды қалам иесі Мағира Қожахметованың ықтимал оқиғаларды 20-30 жыл бұрын болжаған тылсымды әлемі». Ая образы – ХХ ғасырда жасалған ХХI ғасырдың адамы! Оның кереметі де сонда.

Қисынға сай есімізге ұлы Борхес қаламының құдіреті түседі. Борхес те түс көретін. Түстерінде көргенін әдеби туындыға айналдырып, асыл прозаның шоғырына қосатын. Мәселен, Борхес түсінде жолбарыс көреді. Көреді де сонысын «Түсіңе кірген жолбарыстар» деген шығармаға айналдырады. Демек, Борхестің түсіне кіретіні – жолбарыс. Ал, тауықтың түсіне кіретіні – тары. Әр құбылыстың (бұл жерде жазушы деп пайымдау керек) өз өлшемі бар. Әр сол өлшем табиғи дарынмен, сондай-ақ танымдық білікпен бағамдалса керек. Біз мысалға Мағира шығырмашылығынан Аяның образын алдық. Демек, ағымдағы тіршіліктен сирек кездесетін, кездескен күнде де екінің біріне сырын ашу бұйырмаған, күрделі Ая образы да Мағираның тылсымға самғаған «түс саяхаттарының жемісі деген сөз».

Жалпы, сюрреалистер тарапынан нанымнан ада құбылысы нақты өмірге жетектеп енгізу талабы ықылым заманнан бері жасалып та жүр. Осы бір талайдан бері жасалынып жүрген ғажайыптар әлемін бар-жоғы әдеби тәсіл ғана деп пайымдаушылар да баршылық. Кубаның Карпентьер деген жазушысы: «ондай туындылар материалдарын көрген түстерінен алатын, алайда жұртты мезі еткен жалаң мадақтың ізін жасыру үшін қисынын логика заңдарына сай ұйымдастыратын әдеби мектептің кейбір шығармаларындай қызықсыз да болмақ» деп жазады. Өзі де ешкімнен кем жазушы болмаса да абстракциялық ұғымдарға бейім тұратын құдіретті қалам иелеріне осындай сөз бағыштаған Карпентьердің де ізін қуушылар жетіп артылады. Нақты оқиғаларға құрылған прозаның мұндай жоқшылары бізде де жеткілікті. Арасында небір таланттылары да бар. Алайда, адам санасы о бастан тылсымды дүниенің құпияларына жерік. Сондықтан да таным мен талант болған жерде асбтракциялық әдеби материал нағыз шығармашылық үрдісті танытса керек. Біз Мағира Қожахметованың прозасынан, танымдық публицистикасынан осы бір артықшылықтарды аңғарамыз. Өкінішке орай осы бір игі талпыныс, әдеби процестегі тың қадам әлі күнге тиісті бағасын ала алмай жүр.

Өмірзақ МҰҚАЙ