«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» СОТТАСУ АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ

«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» СОТТАСУ АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ

«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» СОТТАСУ АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
239

Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесі айта-айта жауыр болған мәселелердің біріне айналды. Билік жағы тіл проблемасын шешуге асықпайды, ұлт патриоттары тіл мәселесін көтеруден шаршамайды. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 17 жылға таяп қалды. Бірақ Кеңес Одағынан бері тіл мәселесінің айтарлықтай алға жылжып, өзгерген түрі жоқ.

Қазақ тілінің проблемасын шешуде бір ғана айғай-шумен іс тынбайтынын түсінген ұлттық қозғалыстар мемлекеттік тілді мойындатудың жаңа сатысына көшкен сияқты. Бұдан былай республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы «Тілдер туралы» Заңның баптарын жүзеге асырмай отырған мекемелер және ұйымдармен соттасу акциясын бастамақ. Осыған орай республикалық қозғалыс арнайы үндеу қабылдады. Үндеуде: «Біз ана тіліміздің қоғамдық өмірдің барлық саласына енуін 17 жыл күттік. Бұл – Қазақ еліндегі қазақ тілін меңгермеген азаматтарға да, түрлі сылтаулармен мемлекеттік тілді жүзеге асыруды кешеуілдетіп отырған билік органдарына да жеткілікті уақыт. Бірақ, өкінішке қарай, олардың тарапынан біздің жағдайымызға, біздің мәселелерімізге деген түсінік пен қолдауды көре алмай отырмыз. Осыған байланысты республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы «Тілдер туралы» Заңның баптарын жүзеге асырмай отырған мекемелер және ұйымдармен соттасу акциясын бастайды. Жолаушы тасымалдау көліктеріндегі билеттерден бастап, дипломатиялық байланыс тілдеріне дейін қазақ тілінде болуын жүзеге асыру – әрбір қазақ елі азаматының басты парызы болуы керек» – делінген. Бұл орайда ұлт патриоттары әрбір азаматқа қызмет орындарында, не басқадай жерлерде тек қазақ тілін пайдаланып, іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуін талап ету қажеттігін баса айтады.

Негізінен осы уақытқа дейін сотта мемлекеттік тілдің абыройын қорғап шыққан азаматтар да жетерлік. Осы соттардан кейін кейбір саясаттанушылар созбаланған тіл проблемасынан шаршаған ұлтжанды азаматтардың бұдан былай сотқа көптеп арқа сүйетіндігін болжаған еді. Бұл болжамның расталар түрі бар.

Сонымен қатар, республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының жанынан ҚР-сы «Мемлекеттік тілі» туралы Заң жобасын дайындау жөніндегі қоғамдық комиссиясы құрылған. Қозғалыс мүшелері «қос тілділіктің» ығынан шыға алмайтын қазіргі «Тілдер туралы» Заңының қазақ тілінің қоғамдық статусын көтеріп, өшіп бара жатқан ана тілін тірілте алмайтындығын жеткізеді. «Осы тығырықтан құтылудың бірден-бір жолы – ҚР-сы «Мемлекеттік тілі туралы» Заңын қабылдау» – дейді қозғалыс мүшелері. Дайын болған Заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып, Мәжіліс депутаттары арқылы Парламентке жіберілмек. Осылайша патриот азаматтар 17 жыл бойы әдейі созбаланып келген тіл мәселесін тығырықтан шығарып, қазақ тілін өз тұғырына жеткізбек. Бос сөздер мен уәдеден шаршаған азаматтар енді мемлекеттік тілді сотта қорғамақ. Бұдан басқа амал қалмағанын халық та түсінеді.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары