Парламент мәжілісінің депутаты Михаил ТРОШИХИН: ӨЗIН ҚАЗАҚПЫН ДЕЙТIН АДАМ ОНЫҢ ТIЛIН БIЛУI КЕРЕК

Парламент мәжілісінің депутаты Михаил ТРОШИХИН: ӨЗIН ҚАЗАҚПЫН ДЕЙТIН АДАМ ОНЫҢ ТIЛIН БIЛУI КЕРЕК

Парламент мәжілісінің депутаты Михаил ТРОШИХИН: ӨЗIН ҚАЗАҚПЫН ДЕЙТIН АДАМ ОНЫҢ ТIЛIН БIЛУI КЕРЕК
ашық дереккөзі
282

Атышулы «АИСТ» блогының мүшесі, аграрлық партия өкілі Михаил Трошихиннің Парламенттегі өз партияластарынан біраз ерекшеленетіндігін байқадық. Партияның немесе «АИСТ» блогының мүддесін қорғап оның жан алып, жан бергенін әлі аңдай қойғанымыз жоқ. Десек те, әлеуметтік мәселелер, оралмандар проблемасынан бастап, жалпыұлттық проблемаларға да кірісіп кететінін көріп жүрміз. Бірақ кейбір депутаттар үн шығармағанды қош көретін кезде, бұл кісінің пікір айтатыны бар. «Біз, қазақтар» деп сөйлейтініне ішіміз жылып қалды. Мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін көрсетіп, ауызекі қазақ тілінде де сөйлеп қояды.

Қоғамдағы кейбір мәселелер жөнінде Михаил Трошихин «Түркістан» газетімен пікір бөліскен еді.

«МОРАТОРИЙ ЖАРИЯЛАНСА ДА, СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ ҚАНЫН МОЙНЫНА ЖҮКТЕГЕНДЕРДI ӨЛIМ ЖАЗАСЫНА КЕСУ КЕРЕК»

– Михаил Василийұлы! Күні кеше ғана қоғамды дүр сілкіндірген оқиға, белгілі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қазасына қатысты Парламент депутаттары пікір білдіруге жүрексінген. Ал сіз бұл қылмыстық іске қатысты пікірмен бөліскен санаулы депутаттың бірісіз. Қылмыстық оқиға ашылмаса, оның елге сын болатындығын айттыңыз. Ал Парламенттегі сіз мүшесі болып табылатын аграрлық комитет пен аграрлық партияның төрағасы Ромин Мадинов «бұл отбасының драмасы» деді. Бұл оқиғаны бір ғана отбасының драмасы деу оның ауқымын өте тарылтып жібермей ме?

– Жоқ, бұл әрине, бір отбасының драмасы емес. Бұл арада азаматтың құқығын аяққа басу орын алды ғой. Мұны елдегі тыныштықты бұзатындай драма деп айтуға болады. Кім екенін қайдам, бірақ әлдебіреулер елдегі ахуалды ушықтырғысы келіп отыр. Үш адамның өлімі қоғамды өте қиын жағдайға қалдырды. Сәрсенбайұлы мемлекет, қоғам үшін көп еңбек сіңірген жан еді ғой. Сондықтан, мұны тек оған қарсы жасалынған қылмыс ретінде емес, Қазақстанның бүкіл халқына қарсы жасалынған қылмыс ретінде қарастыру керек. Бұл қанды оқиға қоғамның саясиланған бөлігін секем алуға итермелесе, саясиланбаған тобы үшін жүрекке қорқыныш ұялататын, сенімсіздік тудыратын ахуал туғызды. Меніңше, бұл қылмысты ұйымдастырғандар, қоғамда жағымсыз жағдай орнатуды көздеген. Енді, қылмыс тезірек ашылып, ұйымдастырған қаныпезерлер тезірек қолға түссе болар еді деп отырмыз. Бізде қазір өлім жазасына мораторий жарияланғанымен, Сәрсенбайұлының өлімінің артында тұрғандардың өлім жазасына кесілуі үшін қос қолдап дауыс берер едім. Ондай жендеттерге өлім жазасы лайықты. Осы қылмысы арқылы олар бүкіл мемлекетке, халыққа күйе жақты. Елдің мәртебесін түсіріп жіберді. Енді, Федералды барлау жүйесінен мамандар келсе, бұл қылмыстық іс толық ашылады деп үміттенемін (Ақпанның 20-да Iшкі Iстер министрі Бауыржан Мұхамеджанов қылмыскерлердің қолға түскенінен хабардар етті – Г.М.).

– Сіз осы қайғылы оқиғаның саяси астары жөнінде пікір білдіруге қиналған едіңіз. Негізі қалай ойлайсыз, адамды жолдан алып тастау арқылы мәселені шешуге бола ма?

– Жоқ, сізбен қосылмаймын. Бұл қанды оқиғаны ұйымдастырғандар тек қоғамда дүрбелең туғызуды көздеген. Меніңше, олар осы оқиғаның саяси реңк алып кетуіне сай етіп жоспар түзген. Оның саяси реңкі бар ма, жоқ әлде, басқаша ма, оны тергеу жұмыстары көрсетеді. Бірақ қоғамда саяси резонанс туғызғанын жасырудың қажеті жоқ. Бұл өте тәптіштеліп дайындалған арандатушылық. Қоғамды жаруға арналған сценарий.

– Сонда, жау сырттан келді демексіз бе?

– Бізге, әрине, шетелден ешкім келген жоқ. Бұл іштегі қаныпезерлердің ісі. Бірақ мұндайға барғандар мемлекетке, халыққа дос емес, дұшпан. Кім болса да, артындағы материалдық жағдайы мықты, тіреп тұрған адам жасады мұндай қанды оқиғаны. Өйткені, мұндай ықпалды азаматтарды жәйдан-жәй ешкім айдалаға алып кетіп, өмірімен қош айтыстырмайды ғой. Біз мұны ұйымдастырған адамдардың нақты кім екенін білмесек те, топшылай аламыз. Бірақ қай топ екенін анық білмейміз. Болжам айтатындар, тіпті, мұны оппозицияның өзінен келген іс деп ақымақшылыққа салынып отыр ғой.

– Бұл мүмкін емес дейді жұрттың көбі…

– Әрине, мұндай қанды оқиғаның оппозицияға да, билікке де еш қажеті жоқ. Қайта, билік пен оппозицияны сүзістіріп қойғысы келгендердің әрекеті. Ал соның кесірінен біздің қазақ халқы зардап шегеді, мен бұл арада қазақ деп, қазағын да, орысын да бәрін қосып айтып отырмын.

– Ал біздің ішкі істер органдары бұл қылмыстың ізін үш сценарий бойынша түзіп отыр ғой, отбасылық жағдай, бизнеске қатысты және саяси экстремизмге қатысы болуы мүмкін дейді. Бұл арада отбасылық жағдай деп тон пішудің не қажеті бар? Нұрқаділовтің қазасында да осындай байлам жасалған еді. Мұндай сценарийлер арқылы ішкі істер органдары өз абыройларын өздері төгіп отырған жоқ па?

– Әрине, қоғамда үш бірдей адамды өлтіріп кететіндей жайтты аша алмаса, ол ішкі істер органдарының абыройын төгеді. Бұл ардың ісі. Бұған қоса қоғамдық зерттеушілер тобы де құрылды. Оған біздің әріптесіміз Тоқтар Әубәкіров мүше болып кірді. Елдің әлем алдындағы абыройын сақтағысы келетін кез келген жан, патриотпын деп санайтын адам өзі білетін шындықты айту керек. Біздегі бизнес-элита өткенде мәлімдеме жасады ғой. Сол кезде мына бір жайтты ескеру керек еді. Олар қандай да бір ақпаратты білетін адамға сыйақы тағайындауы қажет еді. Өйткені, бұл қылмыс тапсырыспен жасалған. Қылмысқа барған жандарға үлкен көлемде қаржы төленгені белгілі. Әрі қылмысқа идеялық сенімі үшін емес, біреудің төлеген қаржысы үшін барған. Міне, біреуден ақша алған адам, екінші біреудің ақшасы үшін де ақпаратпен бөлісе алады. Банкирлеріміз соны ескеруі керек еді. Бірақ, ерте ме, кеш пе, бәрібір бұл қылмыстың ізі ашылады.

«САЙЛАУДА ӘКIМШIЛIК РЕСУРСТАРДЫҢ ЖАҒЫМСЫЗ ТҰСЫН ҒАНА КӨРДIМ»

– Сіздің Мәжілістегі тәжірибеңіз мол. Парламентте 1995 жылдан бері депутат болып келесіз. Соңғы сайлауда 64,3 пайыз дауыс алдыңыз. Әрине, бұл округтарынан 75-80 пайыз дауыс алған депутаттардың «нәтижесімен» салыстырғанда орташа көрсеткіш. Дегенмен, сіздің он жыл бойы депутат болуыңызға негізінен қандай фактор әсер етті? Себебі, көп жағдайда депутат болып сайлану үшін иә қаржы факторы, иә болмаса, «биліктің батасы» секілді факторлар ойнайды ғой. Сіз үшін қайсысының маңызы жоғарырақ болды…

– Ең алдымен, депутат болу үшін және сол мандатты сақтап қалу үшін халықпен, сайлаушылармен жұмыс істеу қажет. Олардан қашпау керек. Мысалы, біздің оппозиция сайлауда жеңу үшін, сайлау алды насихатына арналған уақыт жеткілікті деп есептеді де, межеден өте алмай қалды. Сізге сеніп, дауыс беруі үшін халық сіздің еңбегіңізді білуі керек қой. Ал үгіт-насихат жүргізу үшін заңмен бекітілген мерзім аралығында ғана жұмыс істеп, сайлаудан жеңу деген «керемет құбылыс» табиғатта болмайды. Мен өзім халықпен көп араластым. Аудандарда қызмет еттім, әкім болдым. Сайлаудан өту қиынға түсті. Негізінен, сайлауда өзің үшін жұмыс істейтін командаң мықты болуы керек. Менің мыңға тарта сенімді өкілім болды.

– Сайлаудан өту жөніндегі «рецептерді» сұрап отырғаным, кезінде Зағипа Балиева осы Орталық Сайлау комиссиясы төрайымы қызметімен қоштасқан кезде, Сіз сол кісіге рахмет айтып, атына біраз мақтау сөздер арнаған едіңіз…

– Мен ол кісіні маман ретінде, заңгер ретінде сыйлаймын. Сайлау деген заңдық тұрғыдан өтетін процесс қой. Оның үстіне, біз екінші шақырылым кезінде «Сайлау туралы» заң жобасын жетілдіру үшін бірге жұмыс жасадық. Бұл өте қиын процесс болды. Өткен сайлауларды сынайтындарға келсек, негізі жеңіліс тапқан адам қашанда сынауға бейім келеді. Олар үшін заң да кінәлі, Балиева да кінәлі. Бұл қалыпты процесс. Мысалы, сайлаудан өте алмай қалсам, мен де сынар едім, сіз де сөйтер едіңіз. Өз жеңілісін мойындайтын адам өте сирек кездеседі. Мысалы, Тұяқбай: «Иә, мен жеңілдім деп мәлімдеме жасап, өз жеңілісін жұрт көзінше мойындаса, халық оны сыйлай түсер еді, ол келесі сайлауға дейін өзіне сөйтіп, база жасап алар еді.

Парламентте қалып, депутат бола отырып, президенттік сайлауға дайындалса, біраз жетістікке жетер еді. Ал ол өйтпеді. Аз ғана уақыт аралығында, сайлау алдындағы мерзім ішінде өзіне жарнама жасағысы келді. Сөйтіп, соңында, жеңіліп қалды. Әлихан Бәйменов те солайша, Парламентте отырып, бір жыл бойы сайлаушылары үшін жұмыс істегенде, алатын дауысы бірнеше есе артар еді.

– Бұл арада, Президент пен Тұяқбайдың мүмкіндіктерін салыстыру қиын шығар…

– Президенттің бір-ақ рет өз жақтастарымен кездecкен кезін ғана PR-кампанияға жатқызуға болады. Президент, тіпті, дебаттарға да қатыспады емес пе? Ол мәлімдемелер жасаған жоқ. Менде мынадай «Президенттің бір жылы» деген кітаптар бар. Соңғы жеті жыл ішінде атқарған істері. Мынаған қараңызшы, алдыңғы жылғы шыққан кітабымен салыстырғанда, былтырғы жылғы жасаған шаруалары жөнінде жинақтаған кітаптың қалыңдығы көлемділеу ғой? Мен оппозиция лидерлері туралы жағымсыз пікір айтқым келіп отырған жоқ. Бірақ, халық үшін жұмыс істеу керек қой. Ел үшін ешбір кандидат Елбасыдай еңбек еткен жоқ. Ол президент ретінде өз жұмысын жақсы атқарып шықты. Егер, Ақаев немесе Шеварднадзе секілді әлсіз президент болса, әңгіме басқаша болар еді. Назарбаевты таңдаған халықты ақымақ деп есептейсіз бе? Қазақтар өте ақылды халық. Ал Елбасыны осы уақытқа дейін қаралап жазған дүниелердің бәрін жинасақ, оған тіпті батып кетуге болады. Елбасы болса, соның ешқайсысына ренжімей біз мінген кемені бастап алып келеді. Ол өте мықты президент. Мен оның саясатын қолдаймын. Бізге Назарбаев секілді мықты лидер керек. Егер Горбачев секілді адам келгенде, елді таратып жіберер еді. Гамсахурдиа, Шеварднадзе, Елшібей секілді президенттері болған елдер не жақсылық көрді? Тәжікстанда болған жағдай да белгілі. Украинаға қараңызшы!

– Жақсы, осы жерден тоқтайық та, әңгімемізді бағанағы сайлау процесіндегі жайттарға қайтып әкелейік! Сіз сайлауда әкімшілік ресурстардың рөл ойнағанына куә болдыңыз ба?

– Әрине, мен сол сайлаудан келгеннен кейін Тұяқбайға шағымданғанмын. Оның спикер болғандығы үшін ғана емес, «Отан» партиясы төрағасының орынбасары болғаны үшін де наз айтқаным бар. «Отан» партиясының кандидаттарына бүкіл жағдай жасалып, ал маған «Аграрлық партияның» өкіліне дұрыс мүмкіндік берілмеді.

– Бұл биліктің істегені шығар?

– Жоқ, биліктің емес, биліктегі адамдардың жасағаны!

– «Биліктегі адамдардың?» Айырмашылығы қайсы?

– Дәлірегінде, жергілікті жерлердегі атқарушылардың жасағаны. Кішкентай адамдардың тірлігі.

– Сіз сонда, өзіңіз қатысқан сайлауда әкімшілік ресурстардың сізге бағытталған тек жағымсыз жағын көріпсіз де, жағымды жағын аңдамаған болдыңыз ғой!

– Енді, бәрі «Отан» партиясының өкілдері болды, қазіргі басшылықта отырғандардың барлығы да сол партияның өкілдері ғой!

«ЕШКIМНIҢ ДЕ ЛОББИСI ЕМЕСПIН»

– Сіз АИСТ-тың (Аграрлық және индустриалдық еңбекшілердің Одағы) мүшесісіз ғой! Қоғамда осы АИСТ-ты ірі-ірі топтармен, мықты тіреумен байланыстырады…Лобби жасау тірлігімен байланыстырады….

– Қандай тіреу екенін білмеймін де, бірақ, мен сізге басқа сандарды айтайын. Бұған дейінгі шақырылымда аграрлық партияның да, азаматтық партияның да өз фракциясы болды. Ал бұл шақырылымда біз бөлек-бөлек фракция жасай алған жоқпыз. Тек күш біріктіріп қана фракция құру мүмкіндігіне ие болдық.

– Осы аграрлық сала мен индустриалды сала өкілдерінің бірігуі өзі бір қызықты. Сіздердің Парламенттегі бірігу схемасы қолдан жасалған секілді болып көрінеді де тұрады…

– Жоқ, бұл ерікті түрде біріккен одақ. Біздің тірегіміз зауыттар, өндіріс, өнеркәсіп жұмысшылары мен ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлер. Біздің өз электоратымыз бар.

– Қазіргі күні бар зауыттар негізінен шетелдіктер қолында…

– Жоқ, олай емес, бәрі бірдей шетелдіктер қолында деп айта алмаймын. Ал аграрлық салада мүлде шетелдіктер жоқ.

– Жоқ, аграрлық салада шетелдіктер бар деген жоқпын.

– Ал ол туралы айта алмаймын, мен зауыттардың мүддесін қорғайтын тараптан емеспін, аграрлық партия өкілімін.

– Сіздердің фракцияларыңызда қазір бары он бестей адам. Ал «Отан» партиясының өкілі көп. Мәселен, фракция бір заң жобасын өткізгісі келгенімен, адам саны аз болғандықтан, ықпал ете алмай қалатын қиындықтар кездеспей ме?

– Біздің Конституция бойынша, фракция бойынша дауыс беру процесі қарастырылмаған. Ал Ресейде сондай. Фракцияның лидері не айтса, сол болады. Сондықтан, бізде фракция мүшелерінің әрқайсысының өз таңдауы бар.

– «Үкіметтік емес ұйымдар жайлы» заң жобасын қараған кезде, Сіз олардың «биографиясын» сұрап, ұйымдардың түп-тұқиянын зерттеу жөнінде айтқан едіңіз. Бұған бірқатар сарапшылар демократиялық қағидаларға жат деген баға берген.

– Жоқ, олай емес. Бұл заң жобасын талқылаған кезде шудың шығу себебі мынада: қазіргі кейбір үкіметтік емес ұйымдардың қаржыландыру механизмі ашық емес. Олар кейде грант деген атпен бүркемелеп, ақшаны қолма-қол етіп те бере береді. Еш есебі жоқ. Тіпті, мемлекетке қарсы жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар шоғырланған деген ақпараттар да бар. Біздегі бес мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдардың бірнешеуі Қазақстанға дұшпандық ниет ұстануы да мүмкін. Біз неге оларды төбемізге шығарып қоюымыз керек?

– Бірақ, ол заңға Конституциялық кеңес «конституциялық емес» деп қорытынды жасады емес пе?

– Ресей Федерациясында да дәл сондай заң қабылданды. Ресейде ондай заң жобасы бізде талқыланғаннан кейін біраз уақыттан соң қабылдады. Ресейдегілер ақымақ емес шығар.

– Бәрі талапқа сай болса, біздің Конституциялық Кеңес қарсы болмаушы еді ғой!

– Бізде соған қатысты шу қатты көтерілді. Үкіметтік емес ұйымдарға тиым салынатын болды дегенге дейін барды. Ешкімге де тиым салынбайтын еді, тек қаржылық жағын тіркеуден өткізіп тұру керек ғана болған.

«ҚАЗАҚША АУЫЗЕКI СӨЙЛЕЙ АЛАМЫН»

– Былтыр депутаттар өздерінің жұмысына енді кірісіп жатқан кезде депутат Жалыбин өзінің, Дьяченконың және Сіздің қазақша үйреніп жатқанын айтқан еді. Қазақшаға тіліңіз сынып қалды ма?

Сіздің «біз қазақтар» деп жаңа сұхбатымыздың басында айтқаныңыз да ұнап қалды…

– Енді солай ғой. Ресейде бәрін орыстар десе, мұнда қазақтар дейді.

– Алайда, бізде бәрін қазақтардың емес, қазақстандықтардың шапанының астына кіргізгісі келген әрекеттер болды ғой!

– Бұл енді, әркімнің өзі таңдауына байланысты шығар, қазақпын дегісі келетіндер бар, қазақстандықпыз дейтіндер бар. Негізі, кез-келген адам өзін қазақпын деп есептеу үшін оның тілін білу керек! Бізде өкінішке орай, мемлекеттік тілді толық меңгермегендер көп. Ресейге барсам, «Ой, Қазақстаннан келдің ғой, қазақша бірдеме айтшы» деп сұрап жатады, білмеймін десең, «Сонша жыл сол елде тұрып қалай білмейсің» дейді. Мен мүмкіндігімше, тілді үйренуге талаптанып жүрмін. Алайда, жасымның келіп қалғанына байланысты, тілді бірден үйрену қиынға түседі екен. (Жасы елу алтыда. – Г.М). Бірақ, үйреніп жүрмін. Ауызекі сөйлеймін, сөйлем құрауды білемін, тілді түсінемін. Кітаптарым бар, компьютеріме қазақ тілін үйренетін бағдарлама орнатып қойғанмын.

– Халық қалаулысы ретінде, Қазақстанның «Ұлттық идеясы» қалай түзілуі керек деп ойлайсыз?

– Әр елдің өз ұлттық идеясы ауызбіршілікті сақтап, бірін-бірі қолдаудан тұрады ғой. Ал біз мына тәуелсіздік секілді Құдай берген сыйды ұстап, сақтап қалуымыз керек. Біз Қазақстанның халқы, ұлтына дініне, біліміне қарамастан өз еліміздің патриоты болуымыз қажет. Ұрпаққа қалдыратын бір іліміміз болып, ғылым мен технологияға жетік дәрежеге жетуіміз керек. Қазіргі мұнайдан, металдан түсетін қаржыны елдің жоғарғы технологиялар еліне айналуы үшін жұмсауға тиіспіз. Өзге мүмкіндік бізде болмайды. Мысалы, Жапонияға қараңызшы, түгі жоқ мемлекет қалайша байып кеткен! Қысқаша айтқанда, бізде ел патриоты болып, Отанды сүю, өз ісіңнің маманы болу дегендерді ең алға шығару керек. Басқа ұлттық идеяны мен көріп отырғаным жоқ. Бұдан өзге қандай идея болуы мүмкін? Ұлттарға, жүзге бөліну бізді құрдымға апаратын жол. Бөтен бір елдің шапанына тығылудың да қажеті жоқ, өйтетін болсақ, біз не үшін тәуелсіздік алдық?

– Ресей жақтан «Ресей-Қазақстан одағы» деген ақпараттардың ауық-ауық есіп тұратынын білесіз…

– Ой, ол анау Жириновский деген секілділердің айтатыны ғой! Өзін Ресейдің патриоты деп суреттегенімен, сол Жириновский Ресейдің нағыз жауы. Ресейді серіктестерімен қырқыстырудан өзге берері жоқ. Ондай одақ Ресейге керегі жоқ, ал бізге тіпті де қажеті жоқ. Өздігінше өмір сүре алмайтындар ғана бірігеді. Ал біз өздігімізше ел болып өмір сүре аламыз. Мен тіпті, ертеңгі күні Қырғызстан бізден қамқорлық сұрай ма деп те ойлап қоямын.

«АУЫЛ ҮШIН ҚАТТЫ АЛАҢДАЙМЫН»

– Сіз аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесісіз. Қазақстанның ауылдарындағы ахуалға көңіліңіз тола ма? Үкімет «Ауыл жылдарын» өз есебінде жағымды етіп аяқтады. Ал негізінен олай емес қой!

– Ауылдың артта қалып бара жатқаны рас. Ауыл шаруашылығын экономикалық реформалауды ауылда жүргізудің қиын болғаны да рас. Бірігіп жұмыс істеп үйреніп қалған жандар үшін, өз бетімен өмір сүру қиынға түсті. Кезінде жұртты соқыр дисциплинаға үйреткенінің кесірінен адамдарда өзіндік қозғалу деген болмады. Ал қазір әр адам өз жолын өзі ашу керек. Бұрын Кеңестер Одағы кезінде 2 мың-ақ совхоз-колхоз бар еді.

Қазір болса, ауылда 180 мың шаруа қожалығы бар. «Ауылдық территориялардың дамуы бағдарламасы» бар, сонда келешегі жақсы ауылдар және үміт күтуге болмайтын ауылдар деп бөлінген. Былтыр сол бағдарламаға сәйкес, жүздеген село тарап кетті. Бірақ, бұл арада сол ауылдардың 280 мыңдай тұрғынының қалалық жерге көшіп келгеніне мән беру керек. Мысалы, Астанадағы урбанизация процесі қандай! Бізде халықтың 44 пайыздайы ауылдарда өмір сүреді. Көптеген елдерде ауыл халқы мұндай көп үлеске ие емес. Ресей деревняларында халықтың 1/4- ғана тұрады. Ауылды көтеру үшін Үкімет халыққа «балық емес, оны аулайтын қармақ беру керек». Жұмыс көздерін ашуы қажет.

– Біз дамыған елу елдің қатарына қосылмақ болып отырмыз, ДСҰ (Дүниежүзілік Сауда Ұйымының) құрамына кірмекпіз. Дамымай қалған ауылдармен ондай дәрежеге жете алар ма екенбіз?

– Бұл өте ауыр мәселе. Менің өзімді де осы мәселе қатты алаңдатады. Қазіргі күні ДСҰ құрамына мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын қолдауында біраз айырмашылық бар. Еуропада бүкіл шығындардың 50-пайызын субсидия ретінде беруге мүмкіндігі бар, АҚШ-та 30-пайызын қолдау мүмкіндігіне ие. Ал орташа бағам 14 пайыз. Бізге 5 пайыздық субсидия беруге жағдай жасамақ. Ал біз қазір бар-жоғы 2 пайыз көлемінде ғана субсидия беріп отырмыз. Сонда қазіргі бөлетін 90 миллиард теңгені екі жарым есеге көбейту керек. Ауылды, ауыл шаруашылығын қолдау үшін өзге де механизмдерді іске қосу керек. Ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты, инфрақұрылымды дамыту, жол құрылысына көңіл бөлу, газбен қамтамасыз ету, су құбырлары, электр желілері секілді мәселелерді шешу керек.

– Жақында ғана Үкіметтің елді бәсекеге бейім, дамыған елу елдің қатарына кіргізуге бағытталған баспалдақ іспетті бағдарлама жасағаны белгілі. Сіздің көңіліңізден шықты ма?

– Оның тіпті көңілден шығатындай да жері жоқ-ау деймін. Тек әдемі сөздерден, мәлімдемелерден тұрады ғой.

– Бағдарлама қуатты емес, әлсіздеу дейсіз бе?

– Идеологиялық жағынан жаман емес. Бірақ, нақты емес. Бағдарлама нақтылауды қажет етіп тұр. Әр саланы тарау-тараумен, жүзеге асып бітетін жылымен өлшеп, пісіру керек. Құрғақ етіп, қағазда қалдырмай, дұрыстап бекіткен жөн. Инфляцияны тез арада ауыздықтау қажет. Болмаса, жұрттың тапқан қаржысы жұғын болмай барады. Бәрінен бұрын зардап шегетіні, зейнеткерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері. Жұрт билікке, Үкіметке сенеді ғой. Сол сенімді ақтау керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА

Серіктес жаңалықтары