«БОЛАШАҚТЫҢ» ҚЫЗЫFЫН БАТЫС КӨРІП ОТЫР
«БОЛАШАҚТЫҢ» ҚЫЗЫFЫН БАТЫС КӨРІП ОТЫР
Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3000 стипендия бөлінгені белгілі. Президент өзінің халыққа былтырғы жолдауында жыл сайын шет елде білім алатын жастардың саны осы деңгейде болады деп уәде берді. Сол уақыттан бері «3000» талай әңгіменің, күбір-сыбырдың түрткісіне айналып үлгерді. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2004-2005 оқу жылында осы бағдарлама аясында бар-жоғы 60 стипендия бөлінсе, оған дейінгі жылдары бұл көрсеткіш 50-ден аспаған. Бірақ республикалық комиссияға аяқ астынан саны күрт өскен стипендияларды тарату биыл оңайға түспеген сияқты. Білім және ғылым министрлігі: «Биыл 6698 адам «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға құжат тапсырды» деп хабарласа, ақпан айының басындағы мәлімет бойынша оның тек 1756-ы ғана аталмыш жолдамаға ие болған. Сонда әлі 1244 стипендия бос деген сөз. 1756 стипендиаттың 36 пайызы – АҚШ (632), 29 пайызы – Ұлыбритания (509) университеттерін таңдаған. Бұлардан бөлек, Ресейге (238), Қытайға (76), Германияға (66), Канадаға (54), Чехияға (50), Францияға (37), Польшаға (18), Нидерландыға (11), Жаңа Зеландияға (11), тіпті, Австралияға барып оқуға тілек білдіргендер де бар екен.
Тамыз айында Халықаралық бағдарламалар орталығы құжаттарды сараптау ісін тәмамдады. Оның нәтижесі бойынша барлық талапкерлердің (жалпы саны 5959 адам) 2066-ы – АҚШ, 1704-і – Ұлыбритания, 1184-і – Ресей, 271-і – Германия, 228-і – Канада, 128-і – Қытай, 122-і – Франция, ал қалған 256-ы – басқа 13 мемлекетті таңдағаны анықталған. Байқасаңыз, Қазақстан жастары үшін Америка және Ұлыбритания оқу орындарының беделі күшті сияқты. Мүмкін, мұнда ақпарат кеңістігімізді “жаулап алған” голливудтық фильмдердің ықпалы бар шығар.
Қазақстан жастарының шет елдерде білімін толықтыру, тәжірибеден өтуге құштарлығы мемлекет қамқорлығынсыз-ақ артып келеді. Мұның бір дәлелі, жыл сайын әр түрлі бағдарламалар бойынша 20 000 қазақстандық жас шет елге барады екен. Мысалы, 2005 жылы Ұлыбританияға 7 мың қазақстандық аттанған. Бұл – «Болашақ» бағдарламасынан тыс білім алатындар.
Құжат тапсырған 6716 адамның 337-і шетелдік ЖОО-на өз күшімен түскендер.
Сонымен, 2005 жылы стипендияға ие болған 494 жас білімін толықтыру үшін шет елдерге аттанып та кетті. Ал 1262 жас оқуын 2006 жылы бастайды. Бұларға қоса, алдыңғы жылдары стипендияға ие болған 65 адам биыл тағы оқуларын жалғастыру үстінде.
Республикалық комиссия биылғы жылы 1179 адамның құжатын іріктеуден өткізуі керек. Яғни, байқау әлі жалғасып жатыр деген сөз.
Күбір-сыбырдың бір парасы: биыл 3000 стипендия бөлінуінің бір себебі – 1000 жолдама алдын-ала бөлініп қойған-мыс. Олардың дені қазір АҚШ-та оқып жатқан «Бәке, Сәкелердің» балаларына берілген-мыс.
«Солай екен-ау» деп бас шұлғып отырғанымыз жоқ, бұл бар болғаны бізге жеткен «-мыстардың» бірі ғана. Бірақ… былтыр бөлінген жолдамалардың ең көбі Америка жоғарғы оқу орындарының еншісінде екені рас…
«Болашақ» бағдарламасы Президенттің жарлығымен 1993 жылы бекітілді. Ресми дерек бойынша, он екі жыл ішінде 800 адам шет елде білім алуға жіберілген. Оның 100-і әр түрлі себептермен білімін толықтыруды жалғастыра алмады.
1997 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға адам қабылдау үстінде емтихан нәтижелерін бұрмалағаны үшін екі министр, бір елші, бірнеше ректор жұмыстан шығарылды. Бірақ мемлекеттік деңгейдегі ең жоғарғы стипендияға өз біліміңмен қол жеткізуге болады дегенге әлі де көп адам сеніңкіремейді. Бұл пікір, тіпті, осы стипендияға ие болу үшін байқауға құжат тапсырғандардың арасында да кең тараған.
Күбір-сыбырдың екінші бір парасы: мемлекет қаржысына шет елге баратын жастарға бөтен дінге иліктіру әрекеті жасалып жатқан көрінеді. Мысалы, христиан дініндегі елде білім алатын жасты жергілікті отбастарында тұрғызып, үй қожайындарының айтуымен шіркеуге баруға үгіттеу деген секілді…
Мұның бар болғаны біз естіген «-мыстардың» бірі екенін еске саламыз. Және осы «-мыс» күйінде қалатын шығар деген үміттеміз. Себебі «болашақтықтардың» баратын елдегі жатын орнының ақысы мемлекет есебінен қамтамасыз етілуі керек, ал мемлекет отбасыларға бөлу арқылы қаржы үнемдеуден аулақ болатын шығар деген ойдамыз.
Мемлекет «Болашақ» стипендиясы бойынша шет елге білім алуға жіберілген адамның оқуы мен жатын орнының ақысын, интернет, кітапхана қызметін пайдалану мүмкіндігін, медициналық сақтандыру, сондай-ақ жылына бір рет елге келу шығынын толықтай өтеуді мойнына алады. Тіпті, стипендиаттың жеке басының қажеттілігі үшін азын-аулақ қаржы да бөлінуі мүмкін…
Мысалы, кейбір мәліметтерге қарағанда, АҚШ-та оқу ақысы 30 000 доллар, Ұлыбританияда 35-40 мың доллар, ал Ресейде 8,5-10 мың доллар екен.
Бұл қамқорлықтың «қайтарымы» – «Болашақтың» түлегі елге оралып, бес жыл бойы мемлекетке жұмыс істеуі керек. Ал «елге оралмай қалу» оқиғалары енді қайталанбайтын шығар, себебі мемлекет бұдан былай стипендияға ие болғандармен стипендия көлемін жабатын жылжымайтын мүлікті (үй, пәтер, жер, қымбат көлік немесе банк салымы) жеті жылға (екі жыл – оқу мерзімі, бес жыл – қызмет) кепілге алу арқылы өз құқығын қорғауға көшті.
Мұның да бір кілтипаны бар – былтыр кепілге қоятын мүлкі жоқ 5-6 талапкер шет елге барып оқудан бас тартуға мәжбүр болған.
«Болашақ» бағдарламасы жайлы сөз болғанда, ойға оралатын заңды сұрақ: Қазақстан шет елдерде кадр дайындауға жыл сайын жұмсалатын қыруар қаржының «жемісін» қашан көрмек?
Президенттің бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев 2004 жылы (26 қазан) «Жеті күн» хабарына берген сұхбатында он жыл ішінде шет елде 570 адам білім алып келді деген болатын. Саясаткердің айтуынша, премьер-министр Ахметовтің «Болашақ» бойынша білім алған көмекшілері бар көрінеді.
Қазақстан өзінің жастарын батыс елдерінде оқытып алуға ұмтылып жатқанда, сол АҚШ-тың өзінде кадрлардың дені шетелдіктерден құралады. Мысалы, Штаттардағы программистердің 90 пайызы – Үндістан және Пәкістан елінің түлектері. Ал математиктерінің 70 пайызы – ТМД елдерінен шыққан мамандар.
Сонда қай елдің саясаты дұрыс?
Жастарының бойына шетелдік білім беру стандарттарын сіңіруге тырысқан Қазақстан ба, жоқ өзге елдерді «алтын бастарын» сүзіп алып, өзіне жұмыс істеткізіп отырған Американікі ме?
Қалай болғанда да, Қазақстан әлі «болашақтықтардың» игілігін көре алған жоқ, ендеше «Болашақ» бағдарламасы өзін он екі жылда да ақтай алмады.
Гүлбиғаш Омарова