ИРАН МАЙДАНЫ

ИРАН МАЙДАНЫ

ИРАН МАЙДАНЫ
ашық дереккөзі
232

Иранның атом жобасы — әлем назарындағы қазiргi басты проблеманың бiрi. Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк (МАГАТЭ) жүргiзген келiссөздер нәтижесiз аяқталды. 4 ақпанда Иран президентi Махмуд Ахмад Нежад МАГАТЭ сарапшыларымен санаспайтынын мәлiмдедi. Ендi Иран мәселесi БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесiнде қаралады. Ал Иран алған бетiнен қайтар емес. Бұл Каспий аймағындағы жағдайды күрделендiре түстi. Батыс елдерi Иранға соғыс ашса, Қазақстан қайтпек? Иран атомы Қазақстанға қауiптi ме? Қалай болғанда бұл сұрақ талқылауды қажет етедi.

Иранды қашан бомбалайды?

Нью-Йорктегi Еуразия тобының президентi Йан Бреммердiң пiкiрiнше, АҚШ пен Израиль Иранға 2007 жылдың басына қарай шабуыл жасайды. Және ол бұл болжамының iске асатынына 60 процент сенiмдi. Себебi, АҚШ Иран проблемасын дипломатиялық жолмен шешуге бейiм. Тiптi, толықтай экономикалық оқшаулауға әзiрге қарсы. Мәселенi келiссөздермен шеше алмаса ғана қару қолдануы мүмкiн.

Иранға тек екi-үш жылдан кейiн ғана шабуыл жасалады деген болжам—алдарқату. Халықаралық қауiпсiздiк жөнiндегi институттың сарапшысы Макс Фитцпатрик Иранның атом жобасына қатысты нысандарын бомбалайтын уақыт тiптi жақындап қалғанын айтады. Оның ойынша, Иран бес жылдан кейiн ғана ядролық қару жасай алады. Бiрақ, уранды байытудың технологиясын 6-12 айдың iшiнде игеруi мүмкiн. Израиль «Иран уранды байыту технологиясына қол жеткiзсе, оның бетiн берi қайтару мүмкiн болмай қалады» деп санайды. Оның үстiне Иранның кейбiр басшылары Израильға жаулығын ашық айтып, жер бетiнен жою туралы мәлiмдеме жасаған болатын. Сондықтан, Макс Фитцпатрик Израильдiң жақында Иранға әуеден әскери соққы беретiнiне шүбә келтiрмейдi.

Израиль мұндай әскери операцияны бiрiншi рет жасайын деп отырған жоқ. Ертеректе де Иранды бiр рет бомбалаған. Тәуекелдi бағалау институтының директоры Досым Сәтбаевтын айтуынша, Иранға жасалғалы жатқан әскери операцияның жоспары әлдеқашан дайын. Тек бұған қанша елдiң және қандай әскери базаның құрамалары қатысатыны көпшiлiкке белгiсiз. Иранның атом жобасына қатысты нысандары зымырандармен атқыланып, соңынан ұшақтардан бомбаланып, жермен-жексен етiледi. Өйткенi, Иранды экономикалық жағынан оқшаулау арқылы қорқыту бекер — онсыз да ел экономикалық эмбарго жағдайында өмiр сүрiп келедi. МАГАТЭ шеңберiнде жүргiзiлген келiссөздер нәтиже бермедi. Егер Иран мәселесi БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңсесiнде талқыланатын болса, Қытай мен Ресей қия тартатыны анық болып отыр. Бұл процедуралардың бәрi уақытты созбақтатып жiбередi. Батыс елдерiнiң барлау қызметiнiң мәлiметiнше, Иранда қазiр бiр тоннадан астам жүктi 1200 шақырымға дейiн алып ұшатын зымырандар бар. Тек жетпей тұрғаны – ядролық заряд. «Сондықтан Иранға қарсы әскери жорық осы көктемде басталады» дейдi саясаттанушы Д.Сәтбаев.

Иран жорығына Израиль мен АҚШ-тың тiкелей қатысатыны анық. Францияның президентi Жак Ширак терроршыларға көмек көрсетiп отырған елдерге тiптi ядролық қару қолдануға шейiн баратынын айтты. Сарапшылардың барлығы бұл сөздiң Иранға қаратып айтылғанына шүбә келтiрмейдi. Германия басшылығы да Иран атомына қатысты қатаң позиция ұстанып отыр. Егер Еуропаның бұл екi елi Иран жорығына аттанса, Англия мен Италия да қарап қалмайды.

Батыс елдерi Иран жорығын бастаса, оның қандай қалалары бомбаланады?

АҚШ-тың Сыртқы саясат кеңесiнiң вице-президентi осыдан бiр жыл бұрын “Руский курьер” газетiне берген сұхбатында Иранда бес ядролық орталықтың барын айтқан болатын. Олар: Фас, Караджа, Некк, Исфаһан және Арак қалалары. Жалпы Иран атом жобасына қатысты нысандардың саны 20-ға жуық. Әуе шабуылы осы қалаларға жасалуы мүмкiн.

Саясаттанушы Д.Сәтбаевтың ойынша, Иранға шабуыл жасау үшiн батыс елдерi Қазақстаннан көмек сұрамайды, көршi Ирак жерiнен, Парсы шығанағындағы әскери кемелерден, тiптi Израильдан тiкелей соққы бере алады.

Иран қаупi

«Иранға қарсы соғыс басталса, оның Каспий маңы мемлекеттерiне қаупi бар ма?» деген сұраққа сарапшылардың көбi «тiкелей әсерi болмайды» деген сыңайлы жауап бередi. Өйткенi, соғыс қимылдары Иран жерiнiң iшкерi жағында, елдiң оңтүстiгiне таман жүргiзiледi.

Осы тұста одақтастар әскерiнiң Иракқа басып кiрер алдындағы ахуалды еске түсiрейiк. Ол кезде Каспий жағалауындағы мемлекеттер бiраз қобалжыған-ды: ашынған Саддам әскерi жан-жақты бас-көз жоқ атқылауы мүмкiн немесе одақтастар әскерiнiң қаңғыған зымыраны өтiп кетуi кәдiк деп. Осыған орай әуе қорғанысы саласын бiршама күшейткенi де белгiлi. Ал Иран Ирак емес, Каспийдiң арғы бетiнде жатыр, көршi ел. АҚШ әскерилерiнiң көмегiмен соңғы жылдары Әзiрбайжан өзiнiң териториясына әуе кеңiстiгiн бақылайтын екi радар стансасын орналастырды. Оның бiрi – Дағыстанмен шекаралас жақта болса, екiншiсi – Иран жағында. Сондай-ақ осыдан екi жыл бұрын АҚШ, Қазақстан және Әзiрбайжан «Каспийдi қорғау» бағдарламасын жасаған болатын. Бұған Ресей қарсы. Осыған орай америкалық сарапшы Илан Берман былай деген едi: «Каспийдi қорғау» деген дәл мағынасындағы әскери блок емес, бастама екенiн қайталап айтам. Және ол бастама тiптi де Ресейге қарсы бағытталып отырған жоқ. Қайта оңтүстiгi мен Еуропаны Иран қаупiнен қорғау үшiн Ресей неге Каспийде бiрiккен әуе шабуылынан қорғаныс (ПРО) жүйесiн құруға атсалыспасқа?».

Осыған қарап Каспий маңында жағдайдың асқынып келе жатқанын байқауға болады. Каспий «екiншi Балқан болады» деген сәуегейлiк те бұған дейiн айтылған.

Егер батыс елдерi әскери соққы берсе, ашынған Иран қарап қалмайды. АҚШ және оның одақтастарының жақын маңдағы әскери базаларын, Парсы шығанағындағы кемелердi, Израильдi атқылауы мүмкiн. Иранда ондай зымырандар бар. Солтүстiк Кореяның технологиясы бойынша жасалған «Шахаб-3» зымыраны 1300 шақырымға дейiн ұшады. Әрине, жоғарыда аталған нысаналар қашықта, әрi әуе қорғанысы күштi, аса бiр зақым келтiре қоймайды. Мұндай жағдайда оқиға қалай өрбидi? Ашынған Иран кек қайтару үшiн Каспий теңiзiндегi және оның маңындағы мұнай өндiрушi батыс компанияларын зымырандармен атқылауы мүмкiн бе? Мен осы сұрақты өткен аптада Иран Ислам республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Рамин Мехманпараст мырзаға қойдым. Екi ел арасындағы тарихи тамырластық пен мәдени жақындық және Иранның атом жобасы бейбiт мақсаттарды көздейтiнi жөнiнде ұзақ сонар әңгiме айтқан елшi Иран елiнiң ондай шалт қимылға бармайтынына — Каспийде жұмыс iстеп жатқан мұнай компанияларын атқыламайтынына сендiрдi. «Мұнай мен газ түбi таусылады. Болашақтың энергиясы – атом. Басқа елдер атом энергиясын игерiп жатыр. Иранға неге болмайды?!» деп ренiшiн бiлдiрдi елшi.

Өз территориясында жұмыс iстеп жатқан шетел компанияларының қауiпсiздiгiне Қазақстан үкiметi жауапты. Осы мәселе бойынша Каспийдегi жетi мұнай компаниясының операторы “Аджиптiң” Атыраудағы бас кеңсесiне хабарласқанымызда, әзiр қандайда бiр қауiпсiздiк шаралары жасалып жатпағанын айтты.

Саясаттанушы Шәрiпбек Әмiрбектiң пiкiрiнше, Иран саясатының түбi белгiсiз. Каспийдегi мұнай компанияларының нысандарын атқылауға Иранның күшi жетедi және психологиялық жағынан дайын. Сондықтан, «алдын-ала сақтық шараларын жасап, қамданып отыру еш артық болмайды» дейдi Ш.Әмiрбек.

«Каспийден қан иiсi шығады»

Теңiздi жағалай отырған бес ел—Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Ресей және Иран Каспийдi қалай бөлу туралы әлi бiр тоқтамға келген жоқ. Осы мәселе бойынша Ашхабадта өткен 1-саммитiнде бес ел бес жаққа тартып, мәмiлеге келе алмады—бiрде бiр құжатқа қол қойылмады. Сол жолы Түркiменстан президентi Сапармұрат Ниязов «Каспийден қан иiсi шығады» деген едi. 2005 жылы Тегеранда жоспарланған 2-саммит әлi күнге өткен жоқ, қашан өтетiнi тағы белгiсiз. өйткенi, Каспийдiң құқықтық статусын талқылауға ешкiм ынта танытпай отыр, Ашхабад саммитiнен кейiн бәрiнiң бетi қайтып қалды. Бiрiншi саммиттен кейiн бес елдiң арнайы құрылған комиссиялары, Сыртқы iстер министрлiктерi ара-тұра кеңескен болды. Теңiздiң биоресурстарын қорғау, гидрометрология бойынша келiссөздер жасалып, бiрлi-жарым құжатқа қол қойылғаны болмаса, мардымды ештеңе өнбедi. Мамандардың айтуынша, мұның бәрiне Иран кiнәлi — «Каспийдi теңдей бөлемiз» деп қасарысып, көнбей отыр.

1940 жылғы Кеңес-Иран келiсiмi бойынша Иранға теңiздiң 13 процентi тиесiлi. Каспийдiң қалған бөлiгiн посткеңестiк төрт мемлекет өзара тең немесе жағалау сызығы бойынша бөлу керек едi. Ресей осы ұстанымның алғашқысын қолдағанмен, Иранды «өзiнiң орнына қоюға» асықпайды. Өйткенi, Ресей де Иран сықылды Каспийдiң статусын тезiрек шешуге құлықты емес. Ресейдiң Сiбiрдегi газы мен мұнайы жеткiлiктi, әзiрге соны саудалай бермек. Ал Әзiрбайжан мен Қазақстан үшiн мұнай өндiру – экономиканың стратегиялық саласы. Сондықтан, тезiрек теңiздiң құқықтық статусын анықтап, теңiз табанын игеруге мүдделi болып отыр. Ал Ресей мен Иран сөзбұйдаға салып, Каспийге қара жолатпауға бейiл. Бұл – жағдайды күн өткен сайын ушықтырып барады.

2001 жылы Әзiрбайжан үкiметiнiң рұқсатымен Каспийдiң оңтүстiгiндегi Араз-Алов-Шарг кенiшiнде мұнай барлау жұмыстарын жүргiзiп жатқан «Бритиш петролеум» компаниясын Иранның әскери-қарауыл кемесi кетуге мәжбүрледi. Иран жағы ол кенiштi өз меншiгi санайды. Көршi екi ел бiр-бiрiне наразылық нота жолдап, жанжалдың арты әупiрiммен басылды.

Иран қазiр Каспийдегi әскери флотын күшейтiп жатыр. Араз-Алов-Шарг кенiшiндегi оқиғадан кейiн Әзiрбайжан да АҚШ-пен әскери саладағы ынтымақтастықты жиiлеттi. Текетiреске жақын бұл жайттың бәрi Каспийдiң құқықтық статусының шешiлмеуiнен туындап отыр.

Каспий статусының Иран атом жобасына тiкелей қатысы болмаса да, Иранды батыс елдерi бомбалаған жағдайда бұл кикiлжiңнiң теңiз жағасындағы басқа төрт елге әсерi болады. Олар бұл қақтығыстан бейтарап қала алмайды. Саясаттанушы Әзiмбай Ғали «АҚШ бастаған елдер бiрiгiп Иранға қысым көрсете бастаса, Қазақстан АҚШ-тың бұл мүддесiн түсiнуi керек» деп санайды. Оның пiкiрiнше, орайы кеп тұрғанда Иранға ядролық қару жасатпау, қайта тұқыртып әскери және экономикалық жағынан әлсiрете түсу – Әзiрбайжан мен Түрiкменстанның болсын, Қазақстанның болсын стратегиялық мүддесiне сай.

Орталық Азияның “қара құлыбы”

Азия құрлығының бiрнеше елiнде елшi болған кәсiби дипломат Болатхан Тайжанның ойынша, Иран атомының Қазақстанға қаупi жоқ. Оның пiкiрi Иранның Қазақстандағы елшiсi Рамин Мехманпарасттың ойымен сабақтас: “Бiрiншiден, Иран атомы бейбiт мақсаттарды көздейдi, екiншiден, Иранда ядролық қару болғаны мұсылман елдерiнiң әлемдiк қауымдастық алдындағы беделiн арттыра түседi”.

Б.Тайжанның пiкiрi – қазiргi қазақ қоғамындағы ойдың жиынтығы: “Иран – мұсылман ел. Қазақстан да мұсылман ел. АҚШ Иранға бекер шүйлiгiп жүр”. Журналист Бақытжан Қосбармақов қазақ қоғамындағы Иранға қатысты пiкiрдi “ада-күде өзгерту керек” деп санайды. Иран Ресеймен бiрге Орталық Азия мен Кавказ елдерiн екi өкпесiнен қысып тұр. Бұрын да солай болған, қазiр де солай. Сонымен қатар, “Ядролық қаруға қолы жетсе, маңайындағы елдерге қысымды тiптi күшейтуi әбден мүмкiн” дейдi Б.Қосбармақов. Ол өзiнiң “Иран факторы” деген мақаласында Орталық Азия елдерiнiң, оның iшiнде Қазақстан да бар, бағын байлап отырған “қара құлып” деп атады.

«Спектр» сараптама орталығы

Серіктес жаңалықтары