ТIЛ ДЕСЕ, ТIЛIҢ ҚЫШИДЫ

ТIЛ ДЕСЕ, ТIЛIҢ ҚЫШИДЫ

ТIЛ ДЕСЕ, ТIЛIҢ ҚЫШИДЫ
ашық дереккөзі
391

Айтудан алдымызға жан салмайтынымызды соңғы он шақты жылда әбден дәлелдеп шыққан сияқтымыз. Алдын-ала айтайын, бұл мақаламен бiреудiң беделiн түсiрейiн, болмаса жеп отырған нанынан айырайын деп отырған жоқпын.

Бiздiң ойымызша, айқалап жүрiп, ақжем етiп алған мәселелерiмiздiң бiрi, бiрi ғана емес бiрегейi — тiл мәселесi, өзiмiздiң еңiрегенде, етегiмiз толатын Ана тiлiмiздiң мәселесi секiлдi.

Қазақтың бөркiн аспанға атып қабылдап алған «Тiл туралы» Заң күшiне енгеннен берi де шiлде айында табаны күректей 16 жыл болады екен. Ал құжаттың Жоғарғы Кеңес тарапынан дауысқа салынып, қабылданғанына күзде 17 жыл толмақ. Өткенге салауат, ендiгi жерде не iстеймiз? Осы сауалдың күнi шынымен ендi туған секiлдi. Неге дейсiз ғой?

Өздерiңiз бiлетiндей, қазiргi қолданыстағы Ата заңымыз орыс тiлiн ресми тiл деп танып, оның мемлекеттiк және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында қазақ тiлiмен – мемлекеттiк тiлмен – тең дәрежеде қолданылуын заңдастырған. Мақұл делiк. Шындығында бүгiнгi таңдағы тiлге қатысты басты мәселе бұндай шешiмнен емес, пиғылдан туындайтын болса керек. Енжарлық пиғылынан емес, нақты сол мемлекеттiк тiлге қасақана қарсы болу пиғылынан. Дәлел керек пе?! Келтiрейiк.

Басшыларымыздың қазақ тiлiнде алдымен қазақтардың өздерi сөйлеуге дағдыланып, қалған жұртқа өнеге көрсетсiн дегенiн талай естiп жатырмыз. Дұрыс. Бiрақ ең алдымен бұндай талап басшылардың өзiне қатысты емес пе?!

Моральдiк жауапкершiлiк туралы айтпай-ақ қояйық. Тек қабылданған заң талаптарына ғана жүгiнейiк. Конституция бойынша, қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл. Демек, ол — ең алдымен мемлекеттiк қызметтiң тiлi. Мемлекеттiк қызмет дегенiмiз – негiзiнен атқарушы билiк жүйесi. Бұл жүйенiң басында – жеке-жеке министрлiктер мен басқа да мемлекеттiк ведомстволарды басқаратын министрлерден құралатын үкiмет. Яғни мемлекеттiк тiлде басқа сөйлемесе де, осылар мiндеттi түрде сөйлеуге тиiс. Егер оны бұлардың өзi мойындамаса — тiлiмiздiң орындалып отырған мемлекеттiк статусы туралы әңгiме айтудың өзi орынсыз.

Жағдай шындығында солай болып тұр. Лауазымды азаматтар бұндай әңгiменi құлағына да аспай, тiл статусының түбiрiне балта шабатын әрекеттердi күллi жұрттың көзiнше жайбарақат жүзеге асырудан танбаған соң, осының бәрiнен не қайыр?!

Украина, Өзбекстан, Әзiрбайжан, Латвия сияқты елдердiң бiрде-бiрiнде ушыққан мемлекеттiк тiл мәселесi жоқ. Тiптi олай-бұлай әңгiме де естiлмейдi. Баяғыда мемлекеттiк тәуелсiздiк алғанда, ол елдерде ендi тiл мәселесiн қалай реттеу керек екенi туралы жоспар жасалған. Сол ың-шыңсыз жүзеге асырылып жатыр. Бiздегiдей мемлекеттiк тiл iсiн әрi тартып, берi жығатындай жағдай оларда жоқ.

Мәселен, Украинаны алайық. Оның 48 млн. халқының 16 миллионы, яғни үштен бiрi немесе 33 пайызы – орыстар. Донецк, Харьков, Луганск сияқты қалалар орталығы болып табылатын бүкiл Шығыс Украина аймағында жалпы халық орыс тiлiнде сөйлейдi және негiзiнен Мәскеу теледидарларын қарайды. Дегенмен, бүгiнгi таңда сол Украинада республикалық және аймақтық теледидарлар хабарларын тек қана украин тiлiнде таратуға тиiстi. Бұндай талап 2004 жылы қабылданып, 2005 жылы заңды күшiне ендi.

Ал Қазақстанда осыдан он жылға жуық уақыт бұрын орысша және қазақша телехабарлардың уақыттық арақатынасы мемлекеттiк тiлде кемiнде 50 болсын деген талап күшiне енген. Жақсы. Одан кейiнгi уақытта осы пропорцияны қазақ тiлiндегi хабарлардың үлесiн бiрте-бiрте ұлғайта беру арқылы өзгерту қолға алынса құба-құп болған болар едi. Украина сияқты кеше ғана өзiмiз сияқты одақтас республика болған елдердiң бәрi сүйттi де. Ал Қазақстанда сол 50:50 талабының өзi осы күнге дейiн орындалмай жатыр. Осыған наразы болайын десең, еститiнiң: «Ойбай, бiзге ұлтаралық татулық керек! Бәрiн бiрден шешуге болмайды. Бiрте-бiрте iстеуге керек iстi», — дегендей сөз.

Бiрақ бәрiн бiрден шешпек болған кiм бар? Бiрте-бiрте деумен 17 жылдай уақыт өтiптi. Ендi қанша уақыт керек. Бiр қызығы: қазiр елiмiздегi қазақ ұлты өкiлдерiнiң үлесi 60 пайызға жеттi. Қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болып жарияланған кезде олардың үлесi 39,7% пайыз ғана едi. Жиырма пайызға үлесiмiз көбейiптi, Қазақстандағы жалпы санымыз 9 миллионға барып қалыпты.

Сөйте тұра күнделiктi машина-автобустағы жағы сембестен сөйлеп не ән айтып жататын радиодан еститiнiмiз — орысша әңгiме-қалжың мен әндер. Кешке жұмыстан үйге келiп бiр мезгiл теледидар қарағанда көретiнiмiз орысша хабарлар мен көркемсуреттi фильмдер. Жұмыста тапсырма алғанда, қолымызға берiлетiн бүкiл құжаттар – орысша жазылған қағаздар. Сондықтан қай жерде болса да кiлең қазақ жинала қалса да, сөйлейтiн тiлiмiз – орыс тiлi. Содан соң теледидардан орысша жаңалық оқитын хабар жүргiзушiлер қазақша аттар мен атауларды қазақша қылып айтса, мәз боламыз. Германияда жүрiп, түрiкше жазу мен сөйлеудi көрiп, риза болған түрiк эмигранттары сияқтымыз. Олардыкi дұрыс – шетте жүрген соң солай болады ғой.

Ал бiздiкi не? Шетелде емес, өз жерiмiз бен елiмiзде жүрген жоқпыз ба?! Оның үстiне бұрынғыдай азшылық емес, көпшiлiк емеспiз бе?!

Түсiнiксiз. Тiптi түсiнiксiз. Осы туралы сұрақ қойғанда, менiң бiр танысым: «Басты себеп – бiздiң, яғни қазақ халқының, жеңiлген мәдениет өкiлдерi екенiнде», — деген шешiмiн айтты. Оныкiнiң қаншалықты рас екенiн бiлмеймiн. Бiлетiнiм: «Мәдениетi жеңiлген елдiң өз мемлекетi болмайды». Әлемде мыңдаған халық бар. Оның iшiнде тек екi жүзге жуығының ғана бөлек мемлекетi бар. Осы 200-ге жуық мемлекеттiң iшiнде де кейбiр мәдениеттiң 3-4 мемлекетi бар. Мәселен, ағылшын мәдениетiнiң (өкiлдерiне ортақ айрықша белгiлерi: УАСП – уайт (ақ нәсiлдi), англо-сакс (ұлты), протестант (дiнi)) бiр емес, кем дегенде, төрт мемлекетi бар. Олар: Ұлыбритания, Канада, Австралия және Жаңа Зеландия.

Сол сияқты орыс мәдениетiнiң қазiрдiң өзiнде, кем дегенде, 2 мемлекетi – Ресейдiң өзi мен Беларусь — бар. Тағы екi мемлекеттi ол өзiнiкi қылып алуға дайын. Олардың бiрi — Украина, екiншiсi – Қазақстан. Украиндық билiктiң орыстiлдi телехабарды таратуды толығымен тоқтатуға баруының себебi осында жатыр. Әйтпесе, орыс халқы да, мәдениетi де украиндарға жат емес. Бiрақ олардың ықпалына жығыла берсе, өзiндiк мәдениетiнен бiрте-бiрте айрылатынын украин административтiк және интеллектуалдық элитасы жақсы бiледi. Сондықтан әкiмшiлiк жолымен орыс тiлiнiң қоғамдық деңгейде пайдаланылуын шектейтiн өте қатаң шараларға барып жатыр.

Қазақстандағы жағдай болса мүлдем басқа. Бiздiң элитаның өкiлдерiнiң орыс тiлiмен қатар бiрнеше шет тiлiн бiлуi мүмкiн. Өздерi тiптi сонысын мақтаныш та етедi. Бiрақ осындайлардың басым бөлiгi не қазақ тiлiн бiлмейдi (өйткенi оны бiлу қажет емес деп есептейдi), не қазақ тiлiн бiршама бiлсе де, оны күнделiктi жұмысында пайдалануға ден қоймайды (өйткенi бүйтудiң қажетi шамалы деп есептейдi).

Ал кез келген елде элита дегенiмiз — ұлттың қаймағы, бетке ұстары. Олардың iстейтiнi — қалған жұртқа өнеге. Сол сияқты қазiргi Қазақстанда элитаның қазақ тiлi мүддесiн ескермеу үрдiсi қоғамда кең қанат жайып, өзiнше көрiнiс тауып жатыр. Оны мынадай мысалдан көруге болады.

Айталық, Алматы – қазақтың ең үлкен қаласы. Қазiр бұнда 600 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Және де олардың денi – жастар мен орта жастардағы адамдар. Ал бұндағы орыс-славян қауымдастығының өкiлдерiнiң бiраз бөлiгi жасы ұлғайған жандардан тұрады. Яғни негiзiнен орыс тiлiне негiзделген қалалық мәдени iс-шаралардың басты тұтынушылары – басқалар емес, алдымен өзiмiздiң қаракөздер. Бұрын Қазақстандағы орыс мәдениетiнiң ареалы (таралу ауқымы) алдымен орыс-славян қауымдастығы мен басқа да еуропалық ұлттар өкiлдерiн қамтитын. Ал қазiр осы мәдениеттi қажет ететiндердiң, оған күнделiктi жүгiнетiндердiң басым бөлiгi қазақтан тұратын болды. Бұны жоққа шығаруға болмайды. Бұл – қазiргi өмiр шындығы.

Қазақтар өз елiндегi мәдени гегемония үшiн күресте ұтылған сияқты. Әйтпесе, орыс мәдениетi өзiнiң туған ұлдары мен қыздарының саны күрт азайса да, Қазақстандағы басымдық жағдайын сақтап қала алар ма едi?!

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары