ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗЫ ӨСIП БАРАДЫ БҰҒАН БАС ҚАТЫРЫП ОТЫРҒАН БАНКТЕР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗЫ ӨСIП БАРАДЫ БҰҒАН БАС ҚАТЫРЫП ОТЫРҒАН БАНКТЕР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗЫ ӨСIП БАРАДЫ БҰҒАН БАС ҚАТЫРЫП ОТЫРҒАН БАНКТЕР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ
ашық дереккөзі
235

Бiзде негiзiнен, мойындау керек, әрбiр мәселеге екi түрлi көзқарас ұстану әдетке айналғандай. Кезiнде бiздiң банктер таяу шет елдерде кiшiгiрiм банктердi сатып алып, өз бөлiмдерiн ашқан кезде немесе әлемнiң қаржы институттары бiздiң елдiң банктерiне ұзақ мерзiмге арналған несиелер бере бастағанда, бұл Қазақстанның қаржы жүйесiнiң дамығандығын бiлдiретiн жайт болып суреттелген. Сондай-ақ, Дүниежүзiлiк қаржы орталықтарының Қазақстанның екiншi дәрежелi банктерiне үлкен ауқымды несиелер беруi елдiң абыройын көтеретiн жайт ретiнде айтылатын. Бұған және елдегi iрi банктердiң Standard and Poors, Fitch Rating секiлдi агенттiктерден жыл сайын алып жатқан деңгей көрсеткiштерiн қосыңыз….

Ал ендi банктердiң сырттан қаржы тартуы тиiмсiз болып суреттеле бастады. Екiншi дәрежелi банктердiң қаржылай несие алуы қазiр ел экономикасын әлсiрететiн, дәлiрегiнде экономиканы «қыздыратын» әрi қарай инфляцияны ауыздықтай алмайтын жағдайға душар еткiзетiн фактор ретiнде қарастырылып жатыр. Алдымен Президентiмiз: «Қаржы саласын қадағалайтын агенттiк тиiмдi жұмыс iстеген жоқ. Күннен-күнге артып бара жатқан елдiң сыртқы қарызы мен инфляция мәселелерiн шешу керек, елдiң жоғары рейтингiн пайдаланып, банктер сырттан қарыз алады. Ал ол соңынан елдiң жалпы қарызы болып есептелiнедi. Iрi банктердiң арасында жасырын келiсiм бар, рефинансированиенiң дәрежесiн түсiргiлерi келмейдi. Банк жүйесiн либерализациялау процесi мүлде жүрiп жатқан жоқ. Соны анықтау керек. Әрi инфляцияны елге кiм әкеледi? Банктер, бюджет, шикiзат ресурстары ма? Бүкiл бағыттар бойынша нақтылап жұмыс iстеу керек!» – деген.

Негiзiнде, дәл осы факторлардың әсерiнен ел экономикасының «қызатыны», қаржының құнсызданатыны бұрыннан белгiлi жайт. Президенттiң бұл мәселеге ендi назар аударғаны әркiмдi әртүрлi ойға салады.

Ал оның нұсқаулы сөздерiнен кейiн премьер Ахметов банктерге шүйлiктi.

Сонымен инфляцияны елге кiм әкеледi?

Инфляцияны бiзге қазiргi күнi шындығында да банктер, бюджет, шикiзат ресурстары әкелiп жүр. Негiзi, экономикалық теория бойынша, инфляцияның түрлерiн бiрнеше топқа бөлiп қарастырады. Бюджет дефицитi және мемлекет қарызы көбейген кезде болатын түрi, банктердiң несиелiк экспансиясы кезiнде, яғни несиелiк операциялардың және өзге де несиелiк мекемелердiң көбеюi тауарлар мен қызмет көрсету түрлерiне қосымша талапты қажет ететiн кезiнде болатын түрi және шетел валютасының елге көптеп келiп, оны ұлттық валютаға ауыстырғанда қаржы массасының ауқымын арттыратын кезiнде пайда болатын инфляция деп бөлiнедi. Бiрақ, бiздегi жағдай сәл басқаша. Бiзде дәл қазiргi күнi бюджеттiң дефицитi есебiнен болатын инфляция қаупi жоқ. Қайта керiсiнше, бюджеттiң молшылығы есебiнен болатын инфляциямен кездесiп жүрмiз. Мемлекеттiң қарызы да анау айтқандай артып кетпеген. Ал банктердiң несиелiк экспансиясының инфляцияны түзудегi рөлi кәдiмгiдей жоғарылап бара жатқанын мойындау керек. Яғни, халықтың күнделiктi ақшасының банктердiң қарыз беруi салдарынан болатын инфляцияның жемтiгiне айналатынына куәмiз.

(Мәселен, тұрғын үй нарығында несие беру тенденциясы жанданғаннан кейiн, бұл рыноктегi баға шарықтап кеттi емес пе?)

Алайда, бiзге қазiргi күнi бюджет пен шикiзат ресурстарының кесiрiнен болатын инфляция, тiптi, жақындау.

Қазақстанның бюджетi қабылданған сайын қаржының көп мөлшерде бөлiнуiмен ерекшеленiп жүр. Биылғы мөлшерi триллионмен саналған бюджет инфляцияның «мәртебесiн» көтере түспесе, түсiре қоймас.

Ал ең негiзгiсi бiздiң елдiң әлемдiк конъюнктурадағы шикiзат бағасына тәуелдiлiгiмiз осы инфляцияны ырықтай алмайтын негiзгi жанды жерiмiз. Тiптi, бiздiң қаржы-несие саясатымыздың өзi осы әлемдiк нарықтағы шикiзат бағасына сай түзiледi. Мысалы, бiздiң Ұлттық Банктiң 2005-2007 жылдарға арналған қаржы- несие саясаты үш сценарий бойынша қарастырылған:

1)Мұнай құнының бiрқалыпты кезеңi;

2)Мұнай құнының қымбат кезеңi;

3)Мұнай құнының арзандап кеткен кезеңi;

Базалық вариант ретiнде мұнай құнының бiрқалыпты кезеңi таңдалып алынған. Сценарийден байқағандарыңыздай, бiз қандай қимыл жасасақ та, осы мұнай бағасына тәуелдiмiз. Бiздiң билiк халыққа «мұнайы жоқ елдiң тұрғындарындай өмiр сүрiп үйрене берiңдер!» дегенiмен, бiз бәрiбiр қалтамыздағы ақшаның айдан-айға, күннен-күнге қар секiлдi ерiп жатқанын сезiнгенiмiзде, әлi де болса, мұнайлы елдiң тұрғындары екенiмiздi еске түсiремiз. Ең қызығы сол, мұнайсыз елдердiң тұрғындарымен салыстырғандағы артықшылығымызды басқа кезде емес, қаржымыз құнсызданып бара жатқанда сезiнемiз. Ұлттық банк жыл сайын инфляцияның жылдық деңгейiн болжайды. Бiрақ инфляция банктi, оның төрағасы Сәйденовтi менсiнiп тұрған жоқ. Жыл сайын, инфляцияның бiздiң бас банкирлерiмiз болжаған деңгейден артып кететiн әдетi бар. Яки жыл сайын инфляция болжамы иә жарты, иә болмаса, бiр пайызға артығымен орындалады (Шын мәнiндегi сандар бұдан артық болса да таңданбаймыз). Бiздiң бас банкирлерiмiз болса, болжамдарының нақтыланбағандығына ыңғайсызданбайды да. Бүкiл мәселенi Қазақстанның жыл сайын өсiп бара жатқан Жалпы Iшкi Өнiмiнiң көрсеткiштерiне жауып жiбередi. Ал қарапайым халық қолындағы қаржысының құнын азайтуға «кесiр болып жабысқан» Жалпы Iшкi Өнiмге ренжiп отыра бередi де, басқа қолдан келер не бар? Айтпақшы, бiз бәсекеге шыдамды 50 елдiң қатарына осы Жалпы Iшкi Өнiм көрсеткiштерi арқылы енуге құлшынып отырмыз. (Былтыр ЖIӨ-нiң кiсi басына шаққандағы көлемi 3000 АҚШ долларын құраған болуы керек. Өйткенi, солай болады деген «жоспар» болған. 2010 жылы 5800 АҚШ долларына, ал 2015 жылы — 9000 АҚШ долларына жеткiзу жоспарлары әлдақашан құрылып қойған. – Г.М)

Ол кезде қаржының құнсызданып бара жатқанын сезiнiп те үлгермейтiн шығармыз… Айтпақшы, қазiр белгiлi экономистер елдiң экономикасының өсiмiн тек ғана ЖIӨ-ге тiреп қоюдың соңы құрдымға апаратынын айтып, дабыл қағып бастады.

Сәйденов ендi не дер екен?

Елдiң сыртқы қарызының жылдан-жылға артып келе жатқаны, бiрақ Ұлттық банктiң оны қаперге iлмей отырғаны осы «Түркiстан» газетiнде жазылған (13 қазан, 2005 жылғы санында). Ұлттық банктiң ұйымдастырған баспасөз-мәслихатында елдiң сыртқы қарызының өсуiнiң соңы қалай болатынын, жалпы, экономика аяққа тұрған кезде сырттан қарыз алудың қажетi қанша деп сұрағанымызда, Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов қарыздың негiзiнен екiншi дәрежелi банктер мен фирмалардың үлесiне келетiнiн, ал мемлекет мойнындағы қарыздың өте аз мөлшерде екендiгiн айтып, «Бәрi де бақылауымызда. Сыртқы қарыздың өсiмi анау айтқандай жоғары емес» деп, оған бола қауiптенудiң қажетi жоқтығын байқатқан. Бiрақ, сыртқы қарыздың қазiргi күнi 34 млрд. АҚШ долларын құрайтынын, оның 17, 5 пайызының фирмалар үлесiнде, ал 8 пайызының банктер мойнында екендiгiн еске саламыз. Мұның бәрi жиылып, елдiң жалпы сыртқы қарызын құрайтыны белгiлi.

Ал жақында Президенттiң шүйлiккенiнен кейiн премьер-министр Ахметов те банктер жаққа мойын созып қарады. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанның екiншi дәрежелi банктерi 2000 жылы 269 млн.АҚШ доллары көлемiндегi қаржыны ғана сырттан қарыз ретiнде алса, 2005 жылғы 30 қыркүйектегi мәлiметте олардың алған қаржысының көлемi 9 млрд. 425 млн. АҚШ долларына жеткен. Сонда қарыз алу мөлшерi 35 есеге (!) артқан.

«Екiншi дәрежелi банктердiң несие алу саясатын мемлекет қадағалай алмай отыр. Шеттен ақша әкелу арқылы олар доллардың теңгеге шаққандағы курсының қымбаттауын қолдан жасауда. Бұл әрi-берiден кейiн несие беру жүйесiнiң сапасын кемiтiп, қаржы секторын тәуекелге бел буатын жағдайға қалдырады. Бұл саладағы монополизмдi жоюымыз керек. Ең негiзгi деген үш банктiң көрсететiн қызметiнiң сапасы нашар бола тұра, құны қымбатқа түсiп отыр. Банк секторы ашық болуы керек. Олардың бiр-бiрiмен қоян-қолтық араласуы қаржы жүйесiн тиiмсiз етедi дейдi премьер министр. Ахметовтың сөзi өте орынды. Тек шын ниетiмен айтылса, болғаны…

Қазiргi күнi банк қызметi сапасының сын көтермейтiнi шындық. Ал көрсететiн қызметiнiң құны да өте жоғары. Олардың пайыздық көрсеткiштерi бойынша қоятын ставкалары мейлi ол депозитте болсын, мейлi беретiн несиелерiнде болсын, бiрдей- ау бiрдей, егiз қозы сияқты. Анда-санда aз-маз ерекшелiктер кездесiп қалады. Бiрақ, пайыздық мөлшерiн жалпы шағып қарағанда, бiр-бiрiмен ұйқаса кетедi.

«Банк жүйесiнiң ашықтығы елдiң бәсекеге шыдамдылығын айқындайтын жайт. Бұл жұмысты жүргiзер кезде монополистердiң үлкен кедергiлерiне кездесулерiңiз бек мүмкiн. Олардың аты-жөндерiн бiлесiздер ғой деп ойлаймын» деп ескерттi Даниал Ахметов өз командасынан банктердi реттеумен айналысуға жiберетiн өкiлiн.

Ал Сәйденов қарыз жайлы сұрағанымызда «Бәрi де қадағалауымызда» деген едi. Ендi, қалай деп сайрайды екен?

Айтпақшы, банктерге бiздiң билiк бұдан бiр жарым жылдай бұрын бiр шүйлiккен едi, бұл екiншi рет шүйлiгуi…

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары