ҚАП ТАУЫНДАҒЫ КЕЗЕКТI ҚАҚТЫҒЫС

ҚАП ТАУЫНДАҒЫ КЕЗЕКТI ҚАҚТЫҒЫС

ҚАП ТАУЫНДАҒЫ КЕЗЕКТI ҚАҚТЫҒЫС
ашық дереккөзі
280

Энергетикалық дағдарыс қаупi әбiгерге салған АҚШ пен Батыс саяси ойын ережелерiн өзгертуге мәжбүр. Ал түрiктер арқылы Таяу Шығысқа құлаш ұрған орыстар "Газпромның" қуатын арттыруға мүдделi.

КСРО-ның кешегi "дәуренiн" аңсаған Кремль мен "әлемдiк полицейлiкке" ұмтылған Вашингтон өзара дүрдараз. Иранға қатысты мәселеде ойлары орыстармен бiр жерден шыққанына қуанған Батыс екi тарапты татуластыруға тырысуда. Алайда табиғи ресурстарға аса бай, кезiнде кеңестiк империяның құрсауында болған орталықазиялық аймаққа үстемдiк жүргiзудi өзара бәсекелестiкке айналдырған АҚШ пен Ресей көп жағдайда келiсуден гөрi керiсуге бейiм. Ал энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелдi болып отырған кәрi құрлық қораздарша қоқилана беретiн екi елдi сабасына түсiре алмай әлек. Оның үстiне, бұған дейiн "сен тимесең, мен тимен бадырақ көздiкке" көбiрек салынатын посткеңестiк елдердiң кейбiрi Ресейге шүйлiгетiндi шығарды…

"Тұрақсыздықты қалыптастыратын — Мәскеу"

Грузиндiк парламенттiң спикерi Нино Бурджанадзе: "Тәрбиеге көнбеген" көршiлерiн тезге салуда энергоқормен шектелiп қалмай, әскери күштi қолдануға көштi" деп Мәскеуге айып тақты. РФ жаңа Ұлттық қауiпсiздiк доктринасында Ресейдiң қауiпсiздiк мәселесiндегi ең басты нәрсе Тәуелсiз мемлекеттер достастығы шеңберiндегi "iшкi ахуал" болғандықтан, "қажет болған жағдайда" әскери күш қолдану мүмкiн екендiгi айтылған. "Әскери күш ресейлiк қауiпсiздiкке немесе Ресейдiң орталықазиялық аймақтағы стратегиялық, геосаяси мүдделерiне тiкелей қатер төндiрген процестерге пайдаланылатын болады" деп ақталған РФ Сыртқы iстер министрi Сергей Иванов Кремль ұстанған саясатты айқындап бердi. Өйткенi, "геосаяси мүдделердiң" астарында РФ-мен шекаралас жатқан көршi мемлекеттердiң де ұлттық мүдделерi жатыр. Эстония, Латвия мен Литва НАТО-ға мүшелiкке өтерде сыныққа сылтау iздеп, байбаламға басқан Кремль КСРО-ны қайта қалпына келтiрудi аңсаған арманын көпшiлiктен жасырып қала алмаған. Оның үстiне, өз шекарасындағы ахуалды "тұрақсыз" деп бағалайтын Мәскеу қоғамдағы саяси және әскери қауiпсiздiк жауапкершiлiгiн көршiлес елдердiң мойнына арта салғысы келедi. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, көптеген посткеңестiк елдер орасан зор зиян шегiп отырған саяси тұрақсыздық, қылмыстық топтардың өршуi мен заңсыз сепаратизм проблемалары Мәскеуден бастау алады. Мысалы, Грузия мен Арменияны жылусыз және жарықсыз қалдырған ресейлiк газ құбырындағы жарылыс Ресей территориясында тұрақсыздықтың дендегенiн дәлелдедi. Бұдан, әрине, орыстармен қоңсы қонған елдер айтарлықтай зиян шектi. Оның үстiне, өткен аптадағы Грузия мен Оңтүстiк Осетия шекарасындағы қақтығыс та тегiн емес. Алатаңнан аттанға басқан Оңтүстiк Осетияның (заңды түрде мойындалмаған мемлекет) президентi Эдуард Кокойты Грузияны "ресейлiк бiтiмгерлермен арада қарулы қақтығысты ұйымдастыруға тырысты" деп айыптады. Оқиғаның мән-жайы: Цхинвалиге барар жолдағы Твиави ауылында ресейлiк бiтiмгерлерге тиесiлi "Урал" көлiгi ауыл тұрғынының "Жигулиiмен" соғысып қалады. Ешкiм зардап шекпесе де, жергiлiктi полиция бiтiмгерлердiң көлiгiн Гори қаласына жеткiзуге бұйрық бередi. Ресейлiктер бас тартқанда грузиндер күш көрсетуге талпынады. Автоматтан аспанға оқ атқаннан кейiн орыстар сабасына түсiп, грузиндердiң соңынан Гориге қарай бет алады. Алайда оқиға бейбiт бiтпейдi. Жетi сағаттың iшiнде жүздеген әскери жиналып, екi жақтан да әскери техника ұрысқа әзiр тұрады. Абырой болғанда, бiрнеше сағатқа созылған керiлдесудiң соңы келiссөзге ұласып, оқиға қантөгiссiз аяқталады. Алайда, грузиндiк шенеунiктер ресейлiктердiң көлiгiн көпшiлiк алдында грузиндерден кешiрiм сұралып, "Жигулидiң" иесiне материалдық тұрғыда шығын өтелгеннен кейiн қайтарылатынын мәлiмдедi. Осетиндер мен орыстар болса, "бәрiне кiнәлi — грузиндер" дейдi. Негiзi Ресей (оның iшiнде Абхазия мен Оңтүстiк Осетия да бар) мен Грузия бiрiн-бiрi кiнәлап, күйе жағу әрекетiн күшейтпесе, бәсеңсiтер емес. Германияның "Sueddeutsche Zeitung" басылымына сұхбат берген Грузия президентi Михаил Саакашвили Ресейдiң сенiмдi серiктес еместiгiн айтты: "Энергоқорын ықпал ету қаруына айналдырған Мәскеу Еуропаға қысым жасауды көздейдi. Ресейлiк үкiметтiң iсiне қарның ашады: балалары мен әйелдерi, қарттары суықта бүрсең қаққан бiздiң ел неге жарықсыз және жылусыз қалды? Бұл туралы не "Газпромнан", не ресейлiк үкiметтен әлi күнге нақты жауап алған жоқпыз. Тiптi, болған iске өкiнгендердi де кездестiре алмадық. Бiрақ қоқан-лоққы жасау, доқ көрсету көп кездестi. Ресей — өте сенiмсiз газ тасымалдаушы мемлекет". "Қырғи-қабақ соғыстың" кезiнде де энергияның саяси ойынның басты құралы ретiнде пайдаланылмағанын айтқан Саакашвили энергоқорды тасымалдаудың балама жолын табатынына сенiмдi. Ол үшiн Каспий теңiзiнен Еуропаға дейiн созылатын тағы бiр құбыр қажет. Есесiне, кәрi құрлық үнсiз. Тек қаңтар айының соңына қарай Еуропарламент депутаттары Чешенстандағы геноцид, Кремльдiң адам құқығын аяққа таптап, халықаралық құқық нормаларына қайшы әрекет етiп отырғанын айтып, дабыл қаққан. Батыстықтардың аяқ астынан шала бүлiнгенiне мұртынан күлген Мәскеу жайбарақаттығынан танбады: "қолда барда қонышынан басты" деген осы…

Жарылысты кiм ұйымдастырды?

Қыстың көзi қырауда қарапайым халықты әбiгерге салған газ құбырының жарылысын әркiм әртүрлi бағалауда. Мысалы, Саакашвилидiң әрекетiн қызбалық ретiнде қабылдаған кейбiр сарапшылар: "Грузиндiк президент құбыр жарылысын пайдалана отырып, өзiне саяси тұрғыда ұпай жинап алуды көздедi" дейдi. Кремльдiк бағытты ұстанатындар: "Грузияның Iшкi iстер министрi Вано Мерабишвили жарылыстың қалай болғанын өте жақсы хабардар. Бұл грузиндiк министрдiң кәсiби деңгейiнiң жоғарылығын немесе басқа дерек көздерiнен дәл әрi нақты ақпарат алғанын бiлдiредi" деп, "жарылысты Тбилисидiң өзi ұйымдастыруы мүмкiн" деген күдiктi қоюлата түстi. Ресейдiң орталықазиялық энергоқорды уысында ұстап отырғанын ескерсек, қанасына сыймаған грузиндердiң Кремльге шүйлiгуiнiң астарына не жатқаны жұмбақ. Оның үстiне, егер Мәскеу тыйым салса, қазақтар да, әзiрбайжандар мен армяндар да, тiптi, ирандықтар да грузиндерге "көгiлдiр отыннан" тамшы татырмасы белгiлi. Өйткенi, орталықазиялық энергоқор — "Газпромның" уысында, грузиндерге Әзiрбайжан арқылы келген газ — "Газпромдiкi". Ал кеше суықта бүрсеңдеген грузиндерге энергоқор Әзiрбайжан арқылы жеткiзiлген… Бiр қызығы, Саакашвили Кремльдi кiнәлап, байбаламға басып жатқанда, тiптi оппозицияның өзi жұмған аузын ашқан жоқ. Тек баяғы "ағалық" ескi әдетпен жұдырығын ала жүгiретiн Мәскеу ғана өзiн "жарылысты әдейi ұйымдастырды" деп айыптаған грузиндердi жерден алып, жерге салды. "Шешiнген судан тайынбас" демекшi, одыраңдаған орыстардан грузиндер де қайтпады: "Бiтiмгершiлiк" пен "арағайындықты" бетперде етiп ұстанған Ресей Қап тауы аймағын түгел қол астына алуға ұмтылуда. Азаматтарға ресейлiк төлқұжат беру, ресейлiк банктер мен компаниялардың заңсыз ұялы байланыс қызметi, Абхазия мен Оңтүстiк Осетиядағы заңды түрде мойындалмаған "үкiметтегi" басшылық қызметке ресейлiк әскерилердi тағайындау сияқты әрекеттер халықаралық құқықтық нормаларға қайшы әрi грузиндiк тәуелсiздiкке қатер төндiредi". Айтпақшы, Оңтүстiк Осетияның Кремль тарапынан тағайындалған Қорғаныс министрi, ресейлiк әскердiң полковнигi Баранкевия жуырда оңтүстiкосетиялық территория арқылы өтетiн кез келген ұшатын құралды атып түсiре алатындығын айтып мақтанған… Ал Тбилиси болса, грузиялық әуе кеңiстiгiн азаматтық авиацияның халықаралық рейстер үшiн жиi пайдаланатынын айтып алаңдайды. Грузиндердiң былайша қауiптенуi тегiн емес. Өйткенi, Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы миссиясының бақылаушылары Оңтүстiк Осетиядан ресейлiк ЗУ-23 зениттiк құрылымын тапқан.

Вашингтон мен Кремль: кiм күштi?

Орталықазиялық аймақтағы көршiлер осылайша қырық пышақ боп қырқысып жатқанда, өзiн әлемге қожайын сезiнетiн АҚШ та қарап жатпады. Ресейге қатысты қатаң талаптар қоюға көшкен Вашингтон Ресей төрағалық ететiн "Үлкен сегiздiктiң" саммитiн өткiзбеудiң жолдарын қарастыруда. Мюнхендегi қауiпсiздiк жөнiндегi Халықаралық конференцияда АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Роберт Зеллик ХIХ ғасырдағы күштi мемлекеттердiң әлсiз көршiлерiне үстемдiк жүргiзетiн көзқарасты ұстанып отыр деп орыстарды сынаса, америкалық сенатор Джон Маккейн: "Санкт-Петербургте өткiзiлетiн "Үлкен сегiздiктiң" кезектi саммитiне байкот жариялау керек" дейдi. Себебi, "Путин басқарып отырған қазiргi Ресей — демократиялық қоғам емес және экономикалық тұрғыда дамыған елге жатпайды" (Джон Маккейн). Ал РФ Сыртқы iстер министрi Сергей Иванов болса, АҚШ пен Батысқа наразы: "Ирактағы коалициялық әскерлерге жасалған шабуылды лаңкестiк ретiнде бағалайтындар Ресейдегi дәл осындай шабуылды чешен халқының бостандық жолындағы күресi деп бiледi". МАГАТЭ-нiң Иранға қатысты қабылдаған қарарын қолдауы мұң екен, иығынан ауыр жүк түскендей жеңiлдеп сала берген ЕО Ақ Үй мен Кремль арасындағы даудың тiгiсiн жатқызуға тырысты. Сыртқы iстер министрi Франк-Вальтер Штайнмайер екi тарапты да Шығыс пен Батыс текетiресте болған кезеңдi еске түсiруге, анығында, Ресей мен АҚШ-ты сабаға түсуге шақырды. Германияның Iшкi саяси ведомвство жөнiндегi мемлекеттiк министрi Гернот Эрлер Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа байланысты "Екi тарап та iштен iруге жол бермеуi керек" дедi. Америкалық шенеунiктер айтқан қатаң сын қазiргi кезде АҚШ ұстанып отырған саясатты аңғартса керек. Себебi, Вашингтон әлемдiк деңгейде емес, тiптi, орталықазиялық аймақта Ресей ықпалының артқанын қаламайды. Америкаға жақпайды екен деп "қол қусырып қарап отыратын" Кремль емес. Өткен аптада түркиялық билiкпен келiссөз жүргiзген "Газпром" өз өнiмiн Ливан, Греция, Италия, Израиль мен Таяу Шығыстың басқа да елдерiне тасымалдайтын жобаны жүзеге асыратын болды. Компания жетекшiсi А.Миллер Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрi Мехмет Хилми Гүлермен кездеспес бұрын грециялық билiкпен Бұрғас-Александруполис мұнай құбыры құрылысына қатысты жобаға қатысу мәселесiн келiскен болатын. Түркия шекарасына жақын орналастырылатын бұл құбырдың ұзындығы 285 шақырымға созылмақ. Оппозиция мен БАҚ: "Еуропалық елдерге қарағанда, түрiктер орыс газын қымбатқа (бiр мың текше метрiне — 243 АҚШ доллары) сатып алып отыр" деп дабыл қаққанмен, ресми Анкара орыс газының әр мың текшеметрi қаншаға түсетiнiн айтпайды. Яғни, түркиялық-ресейлiк үкiметаралық келiсiмде көрсетiлгендей, газ бағасы аса құпия жағдайда сақталады. Өткен айдың соңында Ираннан тасымалданатын табиғи газ үлесi күрт төмендеуiнiң (80 пайызға дейiн) салдарынан энергетикалық дағдарысқа ұшыраған түрiктер энергоқорды үнемдеп пайдалануға мәжбүр болды. Сол кезде Түркияның өндiрiстiк орталығы — Мәрмәр теңiзiнiң аумағында орналасқан 50-ден астам iрi кәсiпорынға жарық беру тоқтатылды. Негiзi түрiктер жыл сайын 30 миллиард текшеметр табиғи газды сырттан тасымалдайды. Оның 65 пайызы Балқандық транзиттiк желi мен "Көгiлдiр ағын" арқылы Ресейден жеткiзiледi. Анкараның өтiнiшi бойынша, өткен аптада "Көгiлдiр ағын" арқылы тасымалданатын газдың көлемi көбейтiлдi. Түркияның Энергетика министрiнiң орынбасары Салих Пашаоғлұның айтуынша, елде белең алған энергетикалық дағдарыс газ сақтайтын жерасты қоймаларын салу қажеттiлiгiн тудырған. Мәрмәр теңiзiнiң жағасындағы Силивриде 1,6 миллард текшеметр; ал Түзгелү өзенiнiң бойындағы 5 миллард текшеметр газ сиятын жерасты газ қоймасының құрылысы биыл басталмақ. Әрине, бүгiнгi таңда энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн күн тәртiбiне қойған Еуропа сияқты, Ресей мен Иранның энергоқорына тәуелдi болмас үшiн ресми Анкара табиғи газды жеткiзетiн балама жолдар қарастыруға мүдделi. Түрiктердiң түркiмен газын сатып алуға байланысты Ашхабадта келiссөздер өткiзуi де сол себептен. Уақыт өткен сайын энергетикалық қажеттiлiк деңгейi артып келе жатқан түрiктер (2004 жылмен салыстырғанда, 2005 жылы энергияны тұтыну 8 пайызға өскен) алдағы 10 жылдықта халықты 40 мың мегаватт энергиямен қамтамасыз етудi жоспарлап отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары