КІНӘЛІ – КРЕМЛЬ МЕ, ЛАҢКЕСТЕР МЕ?
КІНӘЛІ – КРЕМЛЬ МЕ, ЛАҢКЕСТЕР МЕ?
Қап тауындағы газ құбырында болған 4 жарылыс грузиндерді қыстың көзі қырауда жылусыз қалдырса, орыс газына тәуелді өзге орталықазиялық мемлекеттердің бейғам көңіліне күдік келтірді. Энергоқорын әлемдік деңгейде қысым жасау құралына айналдырған Кремльге, тіпті, кәрі құрлықтың өзі күмәнмен қарай бастады. Ал Еуропарламенттің депутаттары Еуроодақтан Батысқа газ тасымалдаудың Ресейден басқа балама жолдарын қарастыруды талап етуде.
Ресейдің оңтүстік бөлігінде болған газ құбырындағы жарылыстан қыстың көзі қырауда грузиндер жылусыз және электр жарығынсыз қалды. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, құбырды жөндеу жұмыстары да бірнеше күнге созылып кетті. Ресейлік электроэнергетикалық монополиялық кәсіпорынның жетекшісі (РАО «ЕЭС Росии») Анатолий Чубайс газ құбырының желісі 10 күннен кейін қалпына келтірілетінін жеткізді: «Бұзылған тетіктерді жөндеу мүмкін емес. Оны қайта ауыстыру керек». Жарылыстың кесірінен компрессорлық стансада техникалық ақаулар орын алып, Грузияға Ресейден табиғи газ тасымалдайтын балама құбыр істен шықты. «Кезінде КСРО-ның құрамында болған, бірақ 2003 жылдан бері батыстық бағытты ұстанатын Грузия экономикасына нұқсан келтіру үшін жарылысты әдейі ұйымдастырды» деген айыппен ресми Тбилиси Кремль мен «Газпромға» шүйлікті. Жарылыстан кейін баспасөз мәслихатын ұйымдастырған грузиндік үкіметтің өкілі: «Билік «Газпром» мен Ресей мемлекетінің ресми өкілдерінен Грузияға жылу беруді ескертусіз және тұтастай тоқтатып тастау себебін түсіндіріп беруді талап еткенмен, Мәскеу әзір үнсіз отыр» деді. Ал Кремль болса, Ресейдің оңтүстік аймағында болған жарылысты саяси тұрақсыздық белең алған Чешенстандағы не көршілес аймақтардағы лаңкестік топтардың әрекеті ретінде бағалады. Ресейлік биліктің айтуына қарағанда, бұл – лаңкестердің ресейлік газ құбырының жобасын жүзеге асыруға кедергі жасауы әрі қарсылық танытуы. Алайда РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Яковенконың «Чешенстанда кейінгі кездері жұмыссыздық жойылып, әлеуметтік ахуал жақсара бастады. Саяси тұрақтылық орнап келеді. Президент пен парламент мүшелері сайланып, Конституция қабылданды. Чешенстан экономикасына инвестиция құюға көңіл бөлінген оң өзгерістер бар» деп әлем жұртшылығының алдында мәлімдеме жасауы барлық кінә мен жауапкершілікті лаңкестер мойнына арта салуға талпынған Кремльдің әрекетін жоққа шығарғандай.
Ресми Тбилиси Кремль тарапынан жасалған түсініктемеге қанағаттанбайтындығын жеткізді. «Бұл оқиғаны біз кездейсоқтық деп есептемейміз. Оқиға орын алған жер, қазіргі ахуал мен тарихи кезеңді ескерер болсақ, астарында саяси сарын бар» деп күдіктенген Михаил Саакашвили: «Солтүстік Осетия арқылы Грузияға жеткізілетін газ құбырына шабуыл Маздокта ұйымдастырылды. Ал Маздокта ресейлік әскердің Солтүстік Кавказдағы штабы орналасқан. Мен Ресей үкіметі берген деректер мен дәлелдерге емес, өз көзіме сенемін» деп ашуланды. Саакашвилидің айыптауына төзбеген кремльдік өкіл Дмитрий Песков та қарап қалмады: «Егер ол (Саакашвили – Н.Ж.) жарылыстарды ұйымдастырған «Газпром» мен Мәскеу деген сенімде болса, қарсы уәж айтудың қажеті шамалы. Кез келген қадамның астарынан саяси сарын іздеудің керегі жоқ. Жарылыс – саяси құбылыс емес, жай ғана төтенше оқиға». Грузиндік биліктің наразылығын қатаң сынға алған РФ Сыртқы істер министрлігі «Грузия Ресейден іргесін аулақ салып, ат құйрығын біржолата үзуді көздеп отыр» деп байбаламға басты. Бұған дейін аймақтық лаңкестік топтардың ешқайсысының Грузияға қауіп төндірмегенін көлденең тартқан Саакашвили Мәскеудің Қап тауының етегіндегі газ тасымалдау жүйесін сатып алу мақсатында келіссөздер жүргізуге мүдделілік танытқанын, тіпті, Тбилисиге түрлі деңгейдегі ресейлік шенеуніктер тарапынан қысым жасалғанын, ең маңыздысы, газдың осы шиеленіс орын алған кезеңде тоқтап қалғанын айтты: «Кремльдің бұл әрекеті өркениеттілікке жатпайды!».
Еуропалық жетекші елдер көсемдерінің көңілдерінде: «Бірде – бие, бірде – түйе» Ресей кез келген сәтте жылуды тоқтатып тастауы бек мүмкін. Украиндар мен грузиндердің кебін киіп қалуымыз ғажап емес…» деген үрей бар. Мәскеу қыстың алғашқы айында алдымен энергоқор бағасының тым арзандығын сылтауратып, Украинаға тасымалданатын табиғи газды тоқтатып тастағанда, кәрі құрлық та жылусыз едәуір қиналып қалған еді. Еуропалық мемлекеттердің көсемдерімен сәлемі түзу ВВП-ның тұрақтылық кепілі еместігін жете түсінген батыстықтар тығырықтан шығудың төте жолдарын табуға мүдделі. Оны Еуропалық парламенттің депутаты, КСРО құрсауынан босап шыққаннан кейін алғаш рет тәуелсіз Литва президенттігіне сайланған Витаутас Ландсбергис әріптестерінің алдында жасаған баяндамасында ашық айтты: «Еуропаның негізгі күші оның Ресей алдындағы қарызында емес, кәрі құрлықтың тамырын тереңге тартқан рухани құндылықтары мен келешегіне күмән келтірілмейтін саяси және экономикалық біртұтастығында. Шын мәнісінде Еуропалық Одақ осындай негізгі қағидаларға сүйене отырып әрекет ете ме? Әлде тұтынушылықтан тұратын идеология мен ресейлік жанар-жағар май тасымалына деген жалған сенімділіктің кесірінен жүрісінен жаңылды ма деген сауалдарға қазір жауап табуымыз керек. Өйткені, газдың жиі-жиі тоқтатылып тастауы Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер, Италияның премьер-министрі Сильвио Берлускони, британдық премьер Тони Блэр қалыптастырған Ресей мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастың тиімсіздігі мен солқылдақтығын анықтап берді». Экс-президенттің пікірінше, энергетикалық салада еуропалық біртұтас саясатты қалыптастыру қажет. Польша, Латвия, Литва мен Эстонияның басшылары: «Белгілі бір уақыт өткеннен кейін біз Еуропаны электроэнергияны үнемдеп пайдалануға және кәрі құрлыққа энергоқорды тасымалдаудың балама жолдарын қарастыруға мәжбүрлегені үшін Путинге рахмет айтатын боламыз» деп мәлімдеген. Бір жағынан еуропалықтардың жылусыз қалуы олардың есіне демократиялық құндылықтарды қайта салғандай. Өткен аптада Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясында (ЕКПА) Чешенстандағы геноцидке қанша жыл өтсе де, тосқауыл қойылмауы, адамдарды ұрлап әкету әрекеттерінің әлі де кездесетіндігі, Ресейдегі асыра сілтеушілікке жиі бой ұратын ұлтшылдық пен адам құқығының аяққа жиі тапталатындығы туралы баяндама жасалды. ЕКПА Чешенстанға қатысты Кремль тарапынан жүргізіліп отырған солақай саясатқа Еуропалық Кеңеске мүше мемлекеттердің көзжұмбайлықпен қарайтынын да қатаң сынға алды. Бұған дейін Еуропалық Одаққа төрағалық етуші мемлекет – Австрияның канцлері Вольфганг Шюссель Еуропалық парламентте жасаған мәлімдемесінде «Алда энергетикалық қорларға бай елдер тарапынан тұрақсыздық күтіп тұр. Сондықтан біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек» деп ескерткен. Жылусыз қалу қаупін Батыс ендігі сезініп үлгерді. Осыдан бір апта бұрын итальяндық энергетика саласының өкілдері Италияға Ресейден тасымалданатын табиғи газдың көлемі 8 пайызға төмендегенін және Қап тауындағы жарылыстың бұған қатысы жоқтығын мәлімдеді. Сильвио Берлускони жетекшілік ететін үкімет аталған проблеманы шұғыл шешудің оңтайлы жолдарын іздестіріп әлек. Қазір Италияда суға жиі түсуді жақсы көретіндерге ваннаға түспей-ақ (ыстық суды көп қажет ететіндіктен), жеңіл душ қабылдаумен шектелуге, сондай-ақ, ас әзірлеу барысында электроэнергияны үнемдеу үшін қазандарының қақпақтарын жабық ұстауға кеңес берілуде…
Грузияның Энергетика министрінің орынбасары Алеко Хетагури жарылыстың кесірінен елге тасымалданатын газ толық тоқтатылып, электроэнергиямен қамтамасыз ету қысқартылғанын жеткізді. Бірақ энергоқорды Әзірбайжан, Армения мен Ираннан тасымалдау жолдары қарастырылып жатқандығын және электроэнергияны үнемдеу керектігін ескерткен Грузия президенті Саакашвили жоғары оқу орындарын уақытша жабуға жарлық берді. Сол күні ауруханаларға пропан мен мазут тасу жұмысы шұғыл қолға алынды. Газ құбырының жарылысынан кейін-ақ, «Бұдан Еуропа түгел сабақ алып, энергоқорды тасымалдаудың балама жолдарын табуы тиіс. Өйткені, бір ғана мемлекетке, әсіресе, Ресей сияқты елге тәуелді болуға болмайды» деп мәлімдеген Грузия президенті әкімшілігінің жетекшісі Георг Арвеладзенің пікірін америкалық миллиардер Дж.Сорос та қостайды: «Ресейдің табиғи газын саяси мақсаттарға пайдалануы Еуропаға ой салуы тиіс». Айтпақшы, ТМД құрамынан шығуды Парламенттің басым бөлігі талап етсе де, грузиндік билік кесімді шешім қабылдаған жоқ. Кейбір халықаралық сарапшылар пікірінше, «үлкен сегіздікке» төрағалық ету мәртебесіне күні кеше ғана ие болған Мәскеу үшін газ құбырында орын алған жарылыстың пайдасынан гөрі зияны басым. «Жығылған үстіне жұдырық», «сегіздіктің» күн тәртібіне қойған басты мәселелерінің бірі – энергетикалық қауіпсіздік… Демек, газ тасымалдау ісінде қауіпсіздік шараларының өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын және еуропалықтардың энергетикалық сұранысын қанағаттандыруға қабілетті екендігін мәлімдеуден еш жалықпайтын «Газпромның» әлем алдында абыройы айрандай төгілді. Айтпақшы, ресми деректерге сүйенсек, орталықазиялық аймақтың энергоқорына ауыз салған монополист кәсіпорын – «Газпром» 2020 жылы әлемдік нарықтағы өз үлесін 38 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ