ҚАШАН ДА КӨРШІ АҚЫСЫ ҚЫМБАТ

ҚАШАН ДА КӨРШІ АҚЫСЫ ҚЫМБАТ

ҚАШАН ДА КӨРШІ АҚЫСЫ ҚЫМБАТ
ашық дереккөзі
242

Тағы да ақпан айы келіп қалды. Сырдарияның суы жыл сайын осы кезде арнасынан аса тасып Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы өзен бойында тұратын халықты дүрліктіріп, қыруар шығын әкелуді әдетке айналдырып жүр. Бір қарағанда, осының бәріне кінәлі Қырғызстан сияқты. Мәселен, өткен жылы қыста осындай ауыр жағдайдың қалыптасуына шұғыл түрде Бішкекке келіссөздер жүргізуге барған ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник Қырғызстан үкіметінен Тоқтағұл су қоймасынан шығарылатын судың көлемін секундына 600 текшеметрден аспайтындай деңгейге дейін қысқартуды өтінді.

Осы жерде «Неліктен Қырғызстан бізде осындай жағдайдың қалыптасуына жол береді?» деген сұрақтың тууы орынды. Оған қырғыздардың өз жауабы бар. Басқаша айтқанда, олардың сол Сырдария суын пайдаланатын Қазақстан мен Өзбекстанға қояр өз талаптары бар. Бұлар аяғына дейін орындалмағасын, қырғыздар өз дегенін істейді. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарындағы өзеннің бойында тұратын қарапайым халық жыл сайын жапа шегеді. Бір сөзбен айтқанда, жыл сайын қайталана беретін келеңсіз жағдайдың астарында жатқан себеп – Орталық Азиядағы су ресурстарын мемлекетаралық негізде пайдалануды реттеу ісінің жан-жақты және толық мағыналы нормативтік-құқықтық базасының болмауы. Бұл – баяғыдан сөз болып келе жатқан мәселе. Оған аймақтағы мемлекеттердің үкіметтері тиісті мөлшерде назар аударған жоқ деу артық болар. Назар да аударылды, келіссөздер де жүргізілді. Бірақ мәселе осы уақытқа дейін түбегейлі түрде шешілмей отыр.

Негізінен алғанда, ол Нарын суэлектрстансалары тізбегіне байланысты. Оңтүстік Қазақстанға Сырдария өзенінің арнасымен қыста тым көп суды шығарып жіберіп қоятын – солар. 1996-1997 ж.ж. барысында Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтік делегациялары Нарын – Сырдария су қоймалары тізбегінің гидро-энергетикалық ресурстарын пайдалану мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде нақты келісімшарттар дайындалып, оларға қол қойылды.

Осы құжаттар бойынша Қырғызстан вегетациялық кезеңде (сәуірден бастап қыркүйектің аяғына дейін) Тоқтағұл суқоймасынан ай сайын 6,5 текшекилометр су шығарып жіберіп тұруға міндеттеме алды. Осының нәтижесінде аталған мерзім ішінде сондағы суэлектрстансалар 2 млрд.кВт/сағат көлемінде (Қырғызстанның өз қажетінен артық) электр энергиясын өндіруге тиіс болды. Осы артық энергияны Өзбекстан мен Қазақстан өздеріне жыл сайын қабылдап алуға келісті. Өзбекстанның бұл энергия үшін есеп айырысу мәселесі бөлек әңгіме, ал Қазақстан 1,1 млрд. кВт/сағат энергияның қайтарымы ретінде жыл сайын 600 мың тонна көмір беруге және автомобиль тасымалына қатысты 4 млн. доллар көлеміндегі Қырғызстан төлемін осы елдің өзінде қалдыру жөнінде уәде берді.

Осымен Сырдарияға қатысты барлық түйткілдер шешілген сияқты болған. Бірақ уақыт өткен сайын жаңа кілтипандар пайда бола бастады. Қырғызстанда өз астанасына қажетті газ жетіспейді. Мәселен, 2004 жылдың сәуірінен 2005 жылдың басына дейін республика өз жерінің үстімен өтетін газ құбырынан 13,7 млн. доллар көлеміндегі отындық шикізатты рұқсатсыз алып қойған екен. Өйткені ресми Ташкент 2004 жылдың көктемінен бастап Қырғызстанға газ беруді тоқтатқан.

Әрине, бұндай шешімнің де өз себебі бар. Бірақ, одан Бішкектің мәселесі шешілмек емес. Газ жетіспеген соң, оның орнына электр энергиясын пайдаланғаннан басқа жол жоқ. Ал бұны өндіру үшін Тоқтоғұл гидроқоймасынан қосымша су шығара бастау қажет. Нәтижесінде осы артық су Оңтүстік Қазақстанға келіп жетіп, Сырдарияны қыста арнасынан шығарады. Бішкектегілердің есебі бойынша, Қырғызстан қыста электр энергиясын шектеулі мөлшерде өндіруге тиіс болғаны себебінен жылына 62 млн. доллар табыстан қағылады екен. Бұл — Қырғызстан үшін көп ақша.

Сондықтан қалай болғанда да, Қазақстан үшін Сырдария өзенінің мәселесі Қырғызстанда дұрыс шешілмейді.

Бұндай жағдайдан шығудың жолы қайсы? Ең дұрысы, Қырғызстанды газбен Өзбекстан емес, Қазақстан тарапы қамтамасыз ете бастауы. «Газ өзімізге жетіспей жатқанда, оны қырғыздарға қайдан тауып береміз?» деген сұрақтың тууы мүмкін.

Бұл да орынды. Өйткені қазір Қазақстан Қырғызстанды газбен қамтамасыз етпек түгілі, өзі оңтүстік облыстары үшін Өзбекстаннан сатып алып отыр. Басқаша айтқанда, өзбек газына Қырғызстан қаншалықты тәуелді болса, Оңтүстік Қазақстан аймағы да соншалықты тәуелді. Оның үстіне 2006 жылдан бастап осы отынның әрбір мың текшеметрінің бағасы 55 долларға дейін өсті.

Екінші жағынан, «қырғыздарға газды қайдан тауып береміз?» деу орынсыз сияқты. Егер бүгінгі күні Өзбекстаннан 55 долларға газ алсақ та, ал өзіміздің газымызды жер түбіндегі Украинаға 50 долларға беруге келіссек, осындай мүмкіндіктің бар болғаны емес пе? Иә, Қазақстанда артық газ бар. Бұл кім үшін де құпия емес. 2004 жылдың өзінде еліміз 20 млрд. текшеметр газ өндірді. Ал Қазақстанның ішкі нарығы үшін осыдан пайдаланылатыны – 6,5 – 7 млрд. текшеметр ғана. ¬Өткен жылғы өнім көлемі, болжамды есепке қарағанда, 27 млрд. текшеметрге дейін өсті. Бұл — Қазақстанның қажетінен төрт есеге жуық артық. Артық (яғни ішкі рынокта пайдаланылатыннан қалған) көлем – 20 млрд. текшеметр. Бұны Қазақстан үкіметі біздің еліміздегі жағдайға тікелей әсер ете алатын көрші және туысқан елдерге емес, бізбен ешқандай ортақ шекарасы жоқ қияндағы Украина, Грузия және Әзербайжан сияқты елдерге арзанға сату туралы уәде беріп қойған. Бұның неткен жалпақшешейлік екенін түсіну қиын.

Өйткені алыстағы елдер біз үшін — Қырғызстан немесе өзбекстан емес. Олар Қазақстан экономикасына да, қауіпсіздік жағдайына да ешбір әсер ете алмайды. Ал Қырғызстан болса, ертең-ақ бүкіл Оңтүстік Қазақстан үшін өте қиын жағдай қалыптасуы әбден мүмкін. Және қыста ғана емес, жазда да. Ол Нарын суэлектрстансалары тізбегі арқылы біздің жаққа тым көп су жіберіп, тасқындарды тудыра алады. Ал жаз кезінде суды аз жіберіп, сол аймақта қуаңшылық жағдайын қалыптастыра алады. Оның үстіне Қырғызстан жақтан келетін су – Қазақстанның Сырдария алқабында және соған қаптарлас аудандарда тұратын 3 млн. халықтың тұрмысы үшін бірінші кезекте қажет нәрсе. Ал бұл дегеніңіз – еліміздегі бүкіл адам санының бестен бірі немесе 20 пайызы. Ресми Астана үшін осыншама отандастарымыздың жайын ойлау Украина, Грузия және Әзірбайжан халықтарының жайын ойлаудан гөрі азырақ маңызды болғаны ма?!

Айналып келгенде, сол Сырдария суын пайдаланатын үш ел – Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан – қазір бір мемлекетаралық экономикалық құрылымға кіреді. Айтқалы отырғанымыз – Евразиялық экономикалық достастық немесе ЕврАзЭС. Ал Украина, Грузия және Әзірбайжан үшеуі басқа сондай мемлекетаралық бірлестіктің – ГУАМ-ның (Грузия, Украина, Әзербайжан және Молдова аттарының бас әріптерінен құралған атау) — мүшелері болып табылады. Бұл екі ұйым – бүгінгі таңда өзара бәсекелес. Сондықтан, Қазақстан үшін өз экономикалық одақтастарының мүддесін алдымен ойлағаны, қажетті газды Қырғызстанға бірінші бергені ақылға да қонымдырақ. Ал егер қырғыз елін газбен төмен бағаға қамтамасыз етуді Қазақстан мен Өзбекстан күш біріктіре отырып шеше алса, нұр үстіне нұр болған болар еді. Өйткені, қазақ атам айтқандай: «Алыстағы туысқаннан жақындағы көрші артық»…

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары