Ресейдің жаңа ойын ережесі: АЙТҚАНЫМА КӨНЕСIҢ, АЙДАУЫМА ЖYРЕСIҢ

Ресейдің жаңа ойын ережесі: АЙТҚАНЫМА КӨНЕСIҢ, АЙДАУЫМА ЖYРЕСIҢ

Ресейдің жаңа ойын ережесі: АЙТҚАНЫМА КӨНЕСIҢ, АЙДАУЫМА ЖYРЕСIҢ
ашық дереккөзі
276

Шалт. Қытымыр. Ресей президенті Владимир Путин мыңнан астам журналисті жинап алып, жылдағы дәстүрлі баспасөз мәслихатын өткізгенде, сол журналист қауымның өзін шатастырмаса, өзі мүдірген жоқ. Тіпті, қамшы салдырмады. Алты жылдан бері басқарып келе жатқан мемлекеттегі барлық «томпақ» мәселелерді өте жақсы білетіндігін көрсету үшін бұл сұрақ-жауапқа алдын-ала тыңғылықты дайындалғанға ұқсайды. Шетелдік әріптестер тарапынан қойылған Әндіжан, Хамас, энергетика мәселелеріне қатысты қитұрқы сұрақтарға қымсынбай ашық, нақты жауап берді.

Путиннің сөздік қоры орыс филологтарының арнайы зерттеу жазуына лайықты. Мемлекетаралық мәселелерде Путин сыпайы дипломатияны пайдалана отырып та, «шұрайлы» тіркестерді шабыттана қолданып отырды. Оның қай бір жылы «біз террористердің желкесін үземіз» деген сыңайдағы сөздерін әлемдік ақпарат құралдары қайта-қайта жазып, көрсетіп, арзан сенсацияға айналдырып еді. Бұл жолы да Путин журналистердің құлағының құрышын қандыра сөйледі. Мысалы, «Біздің қастарымыз – советология мамандары», «семіз мысықтар жиыны» (Үлкен сегіздік туралы), «баға деңгейін мұрнымыздан шығарып отырған жоқпыз» деген тіркестерді тілші қауым ауыздан шыға сала қағып алып, жазып отырды.

«Russіa Today» телеарнасының журналисінің «Ресейге «Үлкен сегіздікте» орын жоқ» деп санайтын скептиктерге не деп жауап берер едіңіз?» деген сұрағына Путин «Мен «Сегіздік» басшыларының көңіл-күйін жақсы білемін. Ресейдің бұл клубқа қосылуына ешкім де қарсы емес, бәрі Ресейдің бұл клубтың белсенді мүшесі болуын қалайды. Себебі ешкім де «Сегіздіктің» «семіз мысықтар жиынына» айналуын қаламайды» деп жауап берді. Яғни, «бізге не керек екендігін өзіміз білеміз» деген сесін танытып алған Путин сөзін одан әрі түсініктеме берумен жалғады. «Үлкен сегіздік – ғаламдық мәселелер туралы ой қорытатын клуб қой. Ең әуелі оны қауіпсіздік мәселелері алаңдатады. Ал осы залда отырғандар адамдардың қайсысы ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселелерін әлемдегі ең ірі ядролық державасыз, яғни Ресей Федерациясынсыз шешілуін көзіне елестете алады? Әрине, елестете алмайды. Сондықтан біздің орнымыз анда немесе мұнда дейтіндер… Әрі қарай да айта берсін. Ит үреді, керуен көшеді» деді.

«Біздің жауларымыз – советология саласының мамандары. Совет Одағы өмір сүруін тоқтатса да, советология мамандары әлі сол кезеңде өмір сүруде. Себебі олардың басқа мамандықтары жоқ». Бұл – Путиннің Ресейді «Сегіздікке» қосқысы келмейтіндерге берген жауабының тағы бір үзігі. Өкпешіл баланың бет тырнағаны сияқты.

Ресейдің Совет Одағынан ие болып қалған мол мұрасы – оның ядролық қару қоры болатын. Қазірдің өзінде бұл қор сапа жағынан АҚШ ядролық қорынан артық болмаса да, саны жағынан басым. Путиннің біз әлемдегі «ең ірі ядролық державамыз» деп сес көрсетуінің мәні сонда. Тағы бір сөзінде ол «бізде ядролық ракеталар жеткілікті» деп қалды…

Кешегі ЕврАзЭҚ басқосуында осы ұйым аясында уранды байыту орталықтар жүйесін құру туралы бастама көтерілді. Ресей мен Иран арасында осы мәселеге орай уағдаластық бар. Путин бұл мәселеге «ядролық клубқа» мүше елдерді түсіністікпен қарауға шақырды.

Жалпы, баспасөз мәслихатының барысында байқалған жайт – Путин Грузия, Украина секілді қырғи-қабақтау көршілеріне, АҚШ сияқты бәсекелестерін сол елдердің журналистері арқылы ықтырып алуды көздегендей көрінді. Өзіне-өзі мығым отырған Путиннің пышақтың жүзіндей өткір жауаптарын тыңдап отырып, осындай ойға қалдық.

«Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің журналисі Ресейдің еуропалық мемлекет екенін тілге тиек ете отырып, «Сіздер қалайша еуропалық мәдениет пен құндылықтармен санаспайтын кейбір саяси жүйелерді қолдайсыздар? Мысалы, Әндіжан оқиғасы кезінде Ресей Өзбек басшылығының іс-әрекетін қолдайтын сыңай танытты. Осы жерде қайшылық жоқ па?» деген сұрақ қойды.

Путин мүдірген де жоқ: «Әндіжанда не болғанын біз сізден гөрі жақсы білеміз. Біз Өзбекстандағы жағдайды ушықтырған адамдарды кімдердің, қайда дайындағанын да білеміз… Ферғана даласы туралы білетін боларсыз. Ондағы халықтың хал-ахуалын, экономикалық жағдайын да білесіз. Біз Орта Азияда екінші Ауғанстанның пайда болуына жол бере алмаймыз. Біз баппен қимылдаймыз. Бізге бұл аймақта революция емес, эволюция керек».

Осы сөздерді айтқанда Путин «эволюция» сөзін әсерлеп, созып айтты. Бұл – баспасөз мәслихатында қойылған сұрақтарға берілген қысқа жауаптардың бірі. Осының өзі Путиннің бұл мәселені қазбалай бермей, қысқа қайырғысы келгендігін байқатты. Қалай болғанда да, «бұл мәселеде біз сіздерден ақыл сұрамаймыз» деген қалып танытты.

«Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі Ирактағы демократиялық сайлау нәтижесінде жеңіске жеткен «Хамас» партиясы туралы мәселені қозғады. «Бұл америкалық демократияның жеңілісі ме?» деді ол төтесінен. Путин де «Бұл оқиға – Американың Таяу Шығыста жасап жатқан іс-әрекеттеріне үлкен соққы» деді жұлып алғандай. Бұдан әрі ол «Хамасты» террорлық ұйым деп танитын Америка саясатымен келіспейтіндігін білдіріп, бұл мәселені қалай шешудің жолын көрсетуге көшті. «Хамасқа» байланысты біздің ұстанымымыз америкалық және батысеуропалық көзқарастан өзгеше. Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігі «Хамасты» еш уақытта террорлық ұйым деп таныған емес. Бірақ бұл біз «Хамастың» барлық іс-әрекеттері мен соңғы кезде жасалып жүрген мәлімдемелерін құптайды деген сөз емес. Біздіңше, бұл ұйым оппозцияда болғандағы сөз бір бөлек те, енді ол халықтың сеніміне ие болғандығы сөз бір бөлек. Енді бұл саяси күш өзіне сенім көрсеткен адамдарға дұрыс басшылық жасай білуі керек. Бұл үшін радикалды мәлімдемелерден бас тартып, Израильдің өмір сүру құқығын мойындап, халықаралық қауымдастықпен қарым-қатынасты дұрыстауы керек. Біз «Хамасты» осындай тыңғылықты істерге шақырамыз. Ал қандай жағдайда да Палестина халқына көмек көрсетуді тоқтатуды қате қадам деп есептейміз».

Жыл басынан бері Ресей мен Грузия қарым-қатынасы газ мәселесіне бола ушыға түскені белгілі. Грузия телевидениесінің журналисі бұл мәселені айналып өте алмады. Оның «Екі елдің қарым-қатынасы қыстың аязды күніндей салқындап барады. Ара-қатынасымыз қашан жылиды?» деген сұрағына Путин кінәлі болып қалған шәкіртін үйреткен мұғалімдей нығыздап: «Бұл мәселенің ушығуына ауа-райы емес, Грузияның кейбір қайраткерлерінің жағдайды дұрыс түсінбеуі себеп. Біздің мамандарымыз Грузияны энергетикамен қамтамасыз ету үшін 30 градус аязда жұмыс істеді. Оған біз Грузия басшылығы тарапынан қандай жауап естідік? Тек бетімізге түкірді».

Ресейде соңғы уақытта ұлттық нышандағы көзқарастардың ұр да жық ұйымдардың ұрандарына айналып жүргендігі жасырын емес. Бірақ Путин мұны оңайлықпен мойындамады. Осы мәселеге орай қойылған сұрақтардың бәріне ол «заң аясынан тысқары әрекеттердің бәрі де тиісінше жазаланады» деп жақаурата жауап берумен болды. Тпіті, Татарстан газеті тілшісінің татарларды «ваххабиттерге» таңған жала туралы нақты сұрағына ол «Мен бұл сөзіңізбен келіспеймін. Бұл жөнінде бірінші рет сізден естіп тұрмын. Ал «дінді бұрмалаушылықты бізде қуып жетіп, ұстап, қамайды» деп жауап берді.

Путин баспасөз мәслихатының басында сөйлеген сөзінде 2005 жылдың басты жетістіктерінің бірі ретінде «Шешенстанды Ресей Федерациясының конституциялық құрылымына қайтару» деп атады. Шешенстан туралы сұраққа Путин «Шешенстандағы террорға қарсы операциялар аяқталды, бұл елдің құқық қорғау органдары толықтай бар жауапкершілікті өз мойындарына алып отыр. Шындығында, қазір Солтүстік Кавказдың Шешенстаннан басқа елдерінде анағұрлым ушыққалы тұрған мәселелер бар» деп тұжырымдады.

Жалпы алғанда, Путиннің «сүбелі» сөздерінің сұлбасы осындай. Ал үш жарым сағаттық әңгіменің біз үшін маңызды тұсы – Ресейдің көрші елдерге энергетика саласында жүргізіп отырған саясатын бүкпесіз ашық білдіруі шығар. Осы орайда Путин «жақын көршілерімізбен рыноктық есеп айырысуға көшуіміз кешегі советтік кеңістікте біздің сыртқы саяси мақсаттарымызға жетуге көмектеседі» деді.

Бұл айдауына жүрмеген жағдайда Ресей Грузия мен Украинаға жасап отырған қысымын кез келген бұрынғы «одақтас» мемлекетке көрсетеді деген сөз бе? «Біз Украинаға ұсынған бағаны мұрыннан шығарып отырған жоқпыз» деп қойып қалды. Осы сөз келешекте Украинадан басқа да көрші елдерге қаратып айтылмаса неғылсын.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары