Қадыр МЫРЗА ӘЛI: АДАМ ӘР МИНУТТЫҢ ҚАДIРIН БIЛУ КЕРЕК

Қадыр МЫРЗА ӘЛI: АДАМ ӘР МИНУТТЫҢ ҚАДIРIН БIЛУ КЕРЕК

Қадыр МЫРЗА ӘЛI: АДАМ ӘР МИНУТТЫҢ ҚАДIРIН БIЛУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
1032

Қадыр ағамен жолығудың сәті ауруханада түсті. «Ауа-райының салдары ма, қан қысымымның кішкене көтеріліп тұрғаны» деп дәрі қабылдап отыр екен. «Былтырғы жыл маған қатты әсер етті. Жиі ауырдым» деп қояды. Ауруханада жатқанына қарамастан, қолында қағазы мен қаламы. «Жазып, оқып қалған адам болған соң, тыныш жата алмайды екенсің» дейді. Жаны жабырқап отырған соң, жалғыз өзі елегізитін болуы керек. Әңгімелесуге келгенімді естіп, қуанып қалды. Қадыр аға әдебиет, мәдениет, қоғам жайлы, Мемлекеттік тіл төңірегінде шешіле әңгіме қозғады.

– Қадыр аға, Оралдан неге оралдыңыз?

– Оралдан оралған жоқпын. Мен өзі екі жақта бірдей жүрген адаммын. Қырымбек Көшербаев Оралға әкім болып барған кезінде, телефон шалып: «Аға, елге келмейсіз бе?» деп өтініш жасады. Обалы не керек, шақырды. Бардым. Үйімді, жеке көлігімді берді. Оралдың өзі кішкентай ғана облыс қой. Бұрын Атырау, Маңғыстау үшеуі бір болатын. Кейін жеке-жеке бөліп жіберді. Орал – ауасы өте таза, жанға жайлы, жақсы қала. Бір өзінде екі бірдей өзен бар. Мұндағыдай машина да көп емес. Тек бір жаманы – елде тыныштық бермейді. Олар қонаққа шақырып тыным бермей қойған сәттерде, осында кетіп қалам. Мұнда бір-екі ай жүрем де, мұндағылар іздей бастағанда, Оралға кетіп қалам. Сөйтіп екі ортада жүрмін.

– Үйреніп қалған жеріңіз болған соң, Алматы бәрібір сізге ыстық шығар.

– Шынымды айтайын, шығармашылық адамдарына Алматыдан жақсы қала жоқ. Осында келгеніме 54 жыл болыпты. Туған жерімде көп болса, бір жиырма жыл тұрған шығармын, қалған уақытымның көбі осында өтіп жатыр. Оның үстіне, барлық творчестволық күш осында. Орта дейміз ғой, сол ортаңыз да – осында.

– Әдеби ортаны айтып отырсыз ба?

– Жазушылардың тоқсан пайызы осында тұрады. Оған қарап айтып отырған жоқпын. Орта деген одан гөрі кеңірек ұғым. Жеті жүз жазушының жетеуімен аралассаң, сол да орта болып есептеледі. Баяғыда Парижде салон дейтін болған екен. Париж дегеніңіздің өзі мәдениеттің орталығы болып есептелген ғой. Қыздардың бояуына шейін сол жерден шығады. Сол салон бойынша, аптадағы бір күн бір адамның күні болып есептелген. Мәселен, әр аптаның сәрсенбісі Бальзактың күні болып саналады. Ол күнге ешкім таласа да алмайды. Сол сәрсенбі күні жолдастары Бальзактың үйіне жиналады екен. Әңгімелеседі, сырласады, кішкене шарап ішеді. Әрқайсысы өзінің оқыған кітаптарымен бөліседі. Бірінің оқығанын бірі оқымайды ғой. Сөйтіп, пікірталас жүргізеді. Ол жерде жалғыз әдебиетші ғана болмайды. Суретшіңіз де, сазгеріңіз де бар. Сонда бір адам жеті кісінің білімін алып шығады. Ал, қазақтың өзінің қазақы бояуы болады ғой. Қонаққа шақырады. Екі-үш үйде болған соң, өзің де қысыла бастайсың. Қонаққа барған үйлеріңе біртүрлі қарыз сияқты сезінесің. Сосын, оларды үйіңе шақырасың. Сөйтіп, үй-үйдің арасында қонаққа барып, қонаққа шақырып, кездесіп отырасың. Таза әдеби орта мұнда бар. Әркім өз ортасын өзі таңдайды.

– Сіздің кездесетін ортаңыз нені әңгіме қылады?

– Әлі де әдебиет қой.

– Бүгінгі әдебиетте айтатын нәрсе бар ма?

– Неге болмасын?! Біреу жазып жүргенін, не жаза алмай жүрген дүниесін айтады. Әдебиеттің бір жақсылығы–интернационалды нәрсе. Дүниежүзінде не болып жатқанын біліп отырасың? Мен өзі әдебиетті кішкентай кезімнен бастап оқыған адаммын. Студент кезімде аптасына қырық-елу кітап алатынмын. Қай дүкеннің қай күні жаңа кітап алатынын білем. Дәл сол күні қылқиып, әлгі дүкеннің алында тұрам.

Қазір Мәскеу бізге қарағанда көп алға шығып кетті. Мәскеу Одақ кезіндегіден де көп кітап шығаруда. Олар Совет үкіметінің жетпіс жылда шығара алмаған, шығарғысы келмеген кітаптарын шығарып жатыр. Қандай ғажап? Бұрын идеологияға байланысты дос, қас болып бөлінетін едік қой. Достарды шығаратын, қастарды жауып тастайтын. Бір кездері Кеңестер Одағының жауы боп саналған Муссолиниді, Франконың кітаптарын басып жатыр. Муссолиниді білесіз. Суретші, роман жазған, өте қызық кісі болған. Мафиямен күрескен. Мафиямен күресу деген оңай шаруа емес. 30-шы жылдардың аяғында елдің алдына шығып: «Мені сайласаңыздар, мафиямен күресер едім. Мафияның түбіне жетемін» деп сөз сөйлеген екен. Оның ол сөзіне күлген адамдар да көп болған. Мафия дегеніңіз – мәңгілік емес пе? Оны қалай құртпақ дегендей сынай қарағандар да болыпты. Сайланған. Сол Муссолини өлгенше бір мафия қалмапты. Бізде күреспейді ғой. Олардың да жанды жері бар. Олар бірін-бірі оңайлықпен сатпайды, тек жанына батқан кезде ғана шындықты айтады.Гитлер Еуропаны жаулай бастаған кезде, оның ісіне Франко араласпаған. Өзімен-өзі өмір сүрген. Өте интеллектуалды кісі болған. Испанияға барғанымда, Мадридте Франконың ескерткішін көрдім. Аттың үстінде тұрған ескерткіш екен. «Әрине, ол біздің идеологиялық жауымыз. Бірақ, ол көп жұмыс істеді. Сосын бұл Франконың өзі емес, ескерткіші ғана. Ол – өнер. Біз неге өнерді құртуымыз керек» дейді. Көрдіңіз бе, дүниеге, өмірге кең ұғыммен қарайды.

– Бізде ше, жабық дүниелер жазыла бастады ма?

– Бізде керісінше кітаптың саны емес, жазушылардың саны көбейді. Бұрын «Жазушы» баспасында өте көп адам қызмет атқаратын. Қазір алты-жеті адам. Бұрын баспа күніне бір кітаптан шығаратын. Содан жылына миллиондаған табыс тапты. Қазір жылына қырық-елу кітап шығаратын болар. Оның біразы автордың өз ақшасына шығады. Қазір нарықтың заманы – ақша беріп, кітап жаздыртып, ақша беріп, кітап шығара беретін болдық. Содан барып, Жазушылар одағына өтеді. Кітаптың сапасы осылай түсті.

Оқымаған қазақтың сөзіне Ленин қатты разы болыпты

– Кезінде сіздер қабылдаған дүниенің көбіне қазір басқаша көзқарас пайда болды. Бір кездері дұрыс деп есептеген нәрсені бүгін теріске шығарып жатырмыз дегендей…

– Кеңестер үкіметіне менің әлі жаным ашиды. Шыным. Кеңестер үкіметінің жасаған жақсылығын еш үкімет жасаған жоқ. Мәселен, біз жеті атамыздан бастап кедей адамдармыз. Кеңес үкіметі мені тегін оқытты. Ауруханада тегін емдеді. Жазушылар одағына мүше болғаннан кейін, шыққан кітабымыздан екі процент әдеби қорға ұстап отыратын. Сол әдеби қордың арқасында жылына екі рет тегін курортқа баратынбыз. Қырым жағалауларына, Балтық елдеріне, Мәскеудің өзіне, әйтеуір жан-жаққа демалуға жіберетін. Олардың біреуін де жоққа шығармаймын. Қай жағынан келсек те, ол үкімет халыққа көп жақсылық жасады. Енді қазір оның бірі де жоқ.

– Бұл жақсы тұсы, ал ол үкіметтің кемшілігі де болған жоқ па?

– Ол үкіметтен менің жек көретін бір-ақ нәрсем бар. Ол – цензура. Айтам дегеніңді айтқызбады. Соған қарамастан, менің атымды халыққа танытқан нәрсе, өңін айналдырып болса да, шындықты өлеңдерім арқылы жеткізуге тырыстым. «Домбыра» деген кітабымның алғысөзінде «Тиек» деп аталатын өлеңім бар. Сол өлеңде:

«Шындық та жөтел сияқты,

Жыбырлап тұрар тамақта» деген тіркес бар. Кітап екінші рет басылған кезде, ол тіркесті алып тастады. Жалпы, цензураның мәдениетінде екінші рет шыққан дүниеде алып тастауға құқы жоқ. Өйткені, оған бір рет сол цензураның өзі қол қойған. «Қызыл кітап» деген өлеңім болды. Мен оны «Жұлдызға» апарып бердім. Онда «Жұлдыз» – жалғыз әдеби журналымыз. Тілегенов деген жігіт жұмыс істейтін еді. Ол кісі түсінді, бірақ басуға қорықты. Мәскеуде «Қазақ әдебиеті» күндері өтетін болған соң, әлгі өлеңнің орысша аудармасын «Ленинград» журналына апарып бердім. Журналда басылып шықты. Кейінірек, әлгі жігіт телефон шалып: «Қадыр, мен сенен кешірім сұрайын деп едім. Ана өлеңді өзіміз-ақ басуымыз керек еді, менің оған тәуекелім бармады. Енді іштей қуанып отырмын» деді.

Кеңес үкіметінің қолдан жасаған дүниелері де өте көп. Ұлттар достығы дегенді қолдан жасадық. Интернационал деген мәселені көтерді, бірақ, ұлттық мақтанышымызды жойды. Ол ана Мәскеуге керек болды. Орыс тілінде мақтануға болады, бірақ қазақ тілінде мақтана алмайсың. Біздер деп сөйлеуге болады, бірақ, мен деп айта алмайсың. Орыстың Виктор Быков деген ақыны бар. Өзі түрмеге отырып қайтқан адам. Жақсы ақын. Соның бір өлеңі бар. Қара сөзбен айтып берейін. «Жерді көтеріп тұрған өгіз» деген аңыз бар,– дейді. – Ол дұрыс емес, жерді көтеріп тұрған өгіз емес, орыстар» дейді. Көрдіңіз бе? Қандай саясат?! Менің «Қазақтарды шет елге таныстыру» деген өлеңім бар. Домбырамен де айтады. «Гүлдер» ансамблі құрылған жылы, ұсыныспен жазған едім. Сол өлеңіме қарап, қазақтарды ұлтшыл деп есептейді. Бірақ, менің қазақтарды шетелдік қонақтармен таныстыруға қақым бар ғой. Ең алғаш рет Өзбекстанда өткен декада да Самарқандтың сахнасында оқыдым. Имашев ағамыз идеология жөніндегі хатшы. Сол кісі менің әлгі өлеңімді жылы қабылдап, кеш біткен соң, мені кеудесіне қысып, маңдайымнан сүйді. Ол да қазақ, жаны – қазақ, отырған орны – орыс. Кеңестер үкіметінің социализм идеясы деген сұмдық қой. Ол өзінің табысымен дүниежүзін басқарғысы келді. Біле білсеңіз, Кеңес үкіметінің тапқан табысының сексен-тоқсан пайызы сыртқа кетті. Дүниежүзінде ең мықты жазушыларға, ең мықты суретшілерге, ғалымдарға Халықаралық Лениндік сыйлық дайындады. Сол арқылы коммунистердің беделін көтерді. Тіпті, қыз балаларға «қайтсең де сол адамға тұрмысқа шық» дегендей, арнайы тапсырмалар да берілді. Испанияның Сальвадор Дали деген керемет дарынды суретшісін білмейтін адам некен саяқ. Талантына ешкім шәк келтірген емес. Соның әйелі орыс. «Гала» дейді. Мықтысы мықты, бірақ, оның бір альбомын шығармай келді. Троцкийді де өлтірді ғой. Ол да Мәскеудің тапсырмасы. Өйткені, Троцкий Сталиннің ата жауы. Оны өлтіргендердің бірі кейіннен Лениндік сыйлық алды.

– Лениндік сыйлық дегеннен шығады, Ленин туралы өлең жазбаған, шығарма жазбаған адам кемде-кем. Сіз де Ленин тақырыбынан айналып өтпеген шығарсыз…

– Мен сол кезде жазылған өлеңдерімнің ешқайсысынан бас тартпаймын. Ленин туралы поэманы университеттің соңғы курсында оқып жүргенімде жаздым. Ешқандай тапсырыс болған жоқ. Ол өлеңдерімнен бас тартпағаныммен, өзімнің көп томдығыма кіргізген жоқпын.

– Неге?

– Өйткені, оның көркемдік деңгейі ойымдағыдай шықпады деп есептеймін. Мен Ленинді өте жақсы көрем. Лениннің жүз жылдығында «Ленин» туралы естеліктердің бес томдығы шықты. Сол томдықтардың үш томы елу-алпыс жыл бойы шықпай, архивте жатқан дүниелер. Оқып отырсаң, ғаламат. Қазақстанда Ермак деген қала болған. Ермак деген қазақты жаулап алған адамдардың біреуі. Шынын айтқанда ата жауы. Сол Ертістің арғы бетінде «Кулундинский степь» деген жер бар. Қазақша айтқанда, «Құлынды даласы» ғой. Соның бәрі революциядан кейін Ресейге қараған. Ол жерлердің бәрі Сібір республикасы аталған. Оны қазір ешкім білмейді. «Ленин» туралы томдықтардың бірінде Серебряков дегеннің естелігі бар. Қазақтар «жерімізді қайтарып беріңдер» деп арыз береді. Қазақ интеллигенциясы мықты болған. Содан комиссия құрылады. Ол комиссияны Каратеев деген адам басқарады. Комиссияның құрамында Дзержинсикй, Куйбышев, Фрунзе, Голощекинге шейін болған. Арыз бергендердің ішінде екі қазақтың адамы бар. Біреуі Ермеков болуы керек. Екіншісі оқымаған жергілікті қазақ. Қазақтың делегациясы кешігіп келіпті. Лениннің өзі төрағалық етеді. Сонда Каратеев деген комиссияның төрағасы қазақтарға «жердің бәрін қайтарып беру керек» деген ұсыныс айтады. Ленин: «Ол жердегі орыстарды қайда қоямыз»,–деп сасып қалады. Каратеев болса: «Алтайда бос жатқан жерлер көп. Орыстардың бәрін сонда көшірейік» деген ұсыныс тастайды. Оқымаған қазақ: «Сіз оларды көшіріп не істейсіз? Ол жерлерді бізге орыстарыңызбен қоса беріңіз», – деген өзінің ұсынысын айтады. Ленин қазақтың сөзіне қатты разы болады. Сөйтеді де аналарға: «Сендердің оқығандарыңның, білім алғандарыңның, саясаткерліктеріңнің түрі осы ма? Оқымаған қазақтың ақылына жетпейді» деген екен. Сөйтіп, сол жерлердің бәрін Ленин бізге қалдырған. Кейінірек, бізден орыстар Орынборды алды ғой. Орынбормен бірге үш-төрт аудан кетті. Назарбаев қазақта шекара болмаған деп айтып қалды ғой. Қазақта қағазға түскен шекараның болмағаны рас. Жердің атауы қазақ, қазақтар қоныстанған, бірақ, қағазға түсіп-сызылған ешнәрсе жоқ. Қытайларыңыздың өзі «Ресей мен Қазақстан біздің жеріміз» деп айтып жүр ғой. Оларға не айтасың? Қағазға түспеген соң, үндемейсің.

– Қытайлардың қорғаны ше? Ол шекара боп саналмай ма?

– Қытай қорғанын кім салғызғанын білесің бе?

– ???

– Әрине, қытайлар. Ал салдырған біздің бабаларымыз.

Тіл болмаған жерде әдебиетіңіз де, мәдениетіңіз де тоқтайды

– «Ұлттық идеологияны түбінде зиялы қауым жасап береді» деген екенсіз. Жасап береді деп жүргенімізде кешігіп қалмаймыз ба?

– Біз неден кешікпедік? Біз бәрінен кешігіп қалғанбыз. Басшылармен бір кездескенімде халықтың тұрмыс-тіршілігі, жағдайы, мәдениетінің төмендеп кеткенін айтып едім. «Біз қазір экономикамызды көтеріп алайық. Оған қайта ораламыз» деді. Оған қарсы біз экономиканы күтіп жүргенімізде біздің мәдениетіміз қанша ғасыр кейін шегініп кетеді. Филармония, опера және балет театры, денешынықтыру институты, ұлттық кітапхана, осының барлығы соғыстың қайнап тұрған уақытында жасалғанын айттым.

– Ұлттық идеологияның қалыптасуына сырт мемлекеттің қатысы қандай?

– Тұп-тура қатысы бар деп айта алмаймын. Бірақ алаңдау бар. Саясат деген ең жаман нәрсе. Напалеонның ең дөрекі сөзі бар: «Что такая политика. Нету ее? Есть только проституция» деген. Одан артық не айтуға болады? Ұлттық идеологияның болмағанының салдарынан емес пе, тіліміздің тәлтіректеп тұрғаны…

– Мемлекеттік тіл өз үстемдігін құру үшін әлі де ұзақ күтеміз бе?

– Жоқ, күтпейміз. Отбасымда жеңгең екеуміз кейде айтысып қаламыз. Ол маған «қазақтың тілі бітті, құрыды» деп айтады. «Біткен жоқ» деп мен дауласам. Бітпегенінің себебін былай түсіндірер едім. 60-жылдардың аяқ кезінде менің үлкен балам мектепке баратын болды. «Қай мектепке барасың?» деп баламның өзінен сұрадым. «Қазақ мектебіне» деді. Балабақшаға бармаған. Онда жалғыз ғана қазақ балабақшасы болған. Оның өзін аштырған Сәбит Мұқанов. Содан Мағзұм Сүндетов деген жазушы ағаларың екеуміз аяғымыздан сарсылып жүріп, қазақша төрт класс аштырдық. Соны аштыру үшін бармаған жеріміз жоқ. Оқу ағарту бөлімінде Бимендин деген қазақ жұмыс істейді екен. Ол кісі: «Қазақ мектебіне сен бересің, жарайды. Қалған баланы қайдан жинаймыз?» деп біздің өзімізді кінәлады. Бірінші қыркүйек күні сегіз бала ғана болған соң, үй-үйге барып, бала жинадық. Бірінші тоқсанның аяғында сегізден басталған бала, қырыққа жетті. Сөйтіп, жиырма-жиырмадан екі класқа бөлінді. Сол балалар оныншы класты төрт класс болып бітірді. Сол қазақша білім алған балалардың көбі өз баласын қазақ мектебіне береді. Қазақша білетіндердің саны солай көбейе бермей ме? Ал ол кезде N12 мектебіңіз жабылғанмен бірдей болатын.

– Бүкіл Алматыда одан басқа қазақ мектебі болмаған ба?

– Төрт мектеп–интернат болды. Онда тек Алматы облысының, сосын шопандардың балалары ғана оқи алады. Сол жылдары бір Ташкенттің өзінде жиырма қазақ мектебі болыпты. Неге? Олар бізден гөрі мемлекет болып қалыптасып қалған. Әріден ойлайды. Қазақ мектебін жапса, қазақтың барлығы балаларын орыс мектебіне апарып береді. Орыс мектебінің саны көбейеді деп қорыққан ғой. Егемендік алғаннан кейін, өзбектер орыс мектептерінің бәрін жауып, енді қазақ мектептерінің де санын азайтып жатыр. Сосын амалсыз өзбек мектебіне бармағанда не істейді?!

Ал біздер асықпаймыз. Асығуымыз керек. Тыныштық болғанға тәубе етіп отырмыз ғой. Тіл болмаған жерде әдебиетіңіз де, мәдениетіңіз де, музыкаңыз да тоқтайды. Музыка о бастан интернационалды. Суретті аудармайсың, полотноға саласың да апарып, іле саласың.

– Түркістан Республикасын құрған зиялыларымыз да Конституция жобасын жасаған кезде Мемлекеттік тілден сүрінген көрінеді.

– Бұл менің Түркістан легионында қызмет істеген, бір адамның аузынан естіген әңгімем еді. Ол кісінің қазір көзі жоқ, қайтыс боп кетті. Ол азаматтар эмиграцияда жүріп, Түркістан республикасын құрған. Мемлекеттік республика болып құрылғаннан кейін, оның міндетті түрде конституциясы болмай ма? Конституция жобасын қарау үшін комиссия құрып, мәслихат өткізеді. Бір ғаламаты, бізде Мемлекеттік тіл қалай дау болса, солардың парламентінде де осындай дау болған. Оларда дау болған себебі, Түркістан деген кең ұғым. Ол жалғыз қазақтың, не өзбектің ғана республикасы емес. Онда көптеген түркі тектес халықтар бар. Сол халықтардың өкілінің барлығы дерлік, мәслихатқа жиналған ғой. Олардың барлығының өз ана тілі бар. Өз ана тілінің Мемлекеттік тіл болғанын кім қаламасын. Бір жағынан өзбектер, бір жағынан татарлар шыққан. Ресейде түркі халықтарының ішіндегі сан жағынан ең көбі татарлар болған екен. Мұстафа Шоқай – интеллигенттердің ішіндегі ең данышпаны. Мұстафаны, Ахмет Байтұрсыновты, Құдайберген Жұбановтарды керемет ұлы адамдар деп ойлаймын. Олар әбден қиналып, әлгі бөлімді «әзірше қалдыра тұрайық. Соңынан қайта айналып соғармыз» деп, өзге бөлімдерді талқылауға кірісіп кеткен. Соңында әлгі бөлімге қайта айналып соққанда, әр ұлттың серкелерімен бірге отырып, көп ойланған. Мұстафа: «Ағайын, біздің бөлетін түгіміз жоқ. Мен қазақпын, менің де тілім осал тіл емес. Өзбектің, татардың да айтуы дұрыс. Сонда аз ғана ұлттар, ноғайды, құмықты, қарақалпақты не істейміз? Онда біздің демократиялығымыз қайсы? Жанашырлығымыз ше? Одан да сол аз халықтың бірінің тілін алайық» деп айтыпты. «Қайсысын?» дегенде, «Қарақалпақтың тілін алайық» деп ұсыныс тастапты. Қарақалпақтың тілін алу деген сөз, қазақтың тілін өткізу деген сөз.

Біздің кезімізде де Колбин комиссия құрды. Мен сол комиссияның бір мүшесі болдым. Төрағасы – Бельгер. Арамызда екі академик бар. Салық Зиманов пен Әбдуәли Хайдар. Колбиннің мақсаты екі тілде бірдей ұстану. Екі академикке разы болғаным, «Мемлекеттік тіл қазақ тілі болу керек» деп қасарып отырып алды. Бұл мәселені Парламенттің мәжілісінде дауысқа салды. Ең бірінші болып Заманбек сөйледі. Жанашырлықпен, батыр сөйледі. Өзі де батыр жігіт еді ғой. Ол жиынның тағы бір қызығы, әуелі қазақ сөйлей ме, артынан әйтеуір өзге ұлттың өкілін сөйлетеді. Яғни, бір орысты сөйлетеді. Орыс сөйлегенде, «екі тіл қатар болсын» десе, қазақ «қазақ тілі» дейді. Түстен кейін, жиналыс қайта жалғасты. Әуелгі сөзді М. Есенәлиев алды. Қазақ Республикасының Сыртқы істер министрі боп қызмет істейтін. Нағыз патриот азамат, өте білімді жігіт екен. Содан кейін маған сөз берілді. Сөйлемес бұрын, көп материалдар жинап, алдын-ала ұзақ дайындалдым. Орыс әйелінің «Украина комсомолы» деген газетке жазған материалын тауып алдым. Украина үлкен мемлекеттің бірі ғой. Сол мақалада: «Менің балам орыс мектебінде оқиды. Бірақ, Украинаның заңы бойынша, ол мектепте украин тілі жүреді. Менің баламның ол пәннен бағасы төрт. Ал қалған сабақтарының бәрі бес. Украин тіліне бола, менің балам медаль ала алмай отыр. Кому нужен этот никому не нужный украинский язык?» деп жазыпты. Соны жазып қойдым. Ол жерде украиндар де отыр. Тағы бір документ тауып алдым. Ол да газетке шыққан. Американың Украиндегі атташесі украин тілін екі жылда үйреніп, таза біліп шыққан. Соны айттым да, «кому-то нужен этот никому не нужный украинский язык» дедім. Сөзімнің соңында: «Орыс деген жанашыр халық. Пушкин, Белинский, Чернышевскийлер қайда кеткен? Солардың бәрі халықтың жанашыры болған жоқ па? Біздің тілдің жағдайы өте қиын. Сендердің өздерің көмектесетін уақыт емес пе?» дедім. Сөйтіп, Канаданың Томсон деген жазушысының бір шығармасынан мысал келтірдім. Бір аңшы иттерін ертіп, аң аулауға шығады. Әлгі иттерден қорқып қашқан, кішкентай елік аңшының бұтына келіп, паналайды. Еліктің жалбарынған мүсәпір халін көрген аңшы оны аяп, иттерінен ажыратып алады. Әлгі аңшының гуманизміндей, гуманизм жоқ па бізде?! «Қазақ тілі де қашып келіп, сіздердің бауырларыңызға келіп тығылып отыр» дедім. Дауысқа салу басталған кезде, менің сөзімнің қорытындысы деп ойламаймын, бірақ сегіз-ақ адам қос тілді қалап, дауыс берді. Қалған өзге ұлттардың көбі дауыс берместен, шығып кетті.

Ол мемуарлардың көбі «Иірім» сияқты оқылмады

– Сіздің шығармаларыңыз қанша тілге аударылды?

– Біраз тілге аударылды ғой. Менің өзім сәл-пәл кешігіп қалдым. Аударма қазір тоқырап тұр. Бұрын Мәскеуде жоспарға кіргізетінбіз. Бір қызығы, сол жылдары Мәскеу интернационал деген ұранмен, Одақтас республикалардан бір-екі адамды таңдап алып, солардың кітаптарын аямай шығарды. Ұлттық саясат осылай болады деп ойлады. Ал кейінірек олардың ұйымдастырған адамы емес, орысша өз бетімен жазатындар көбейді. Бір ғана Литвадан екі мықты ақын шықты. Құттай қана қалмақтан Давид Кугильтинов шықты, башқұрттардан Мұстай Кәрім шықты, құйтақандай болғар халқынан Қайсын Кулиев шықты. Шыңғыс сияқты, Олжас сияқты азаматтар шықты. Сөйтіп, орыс тілінде ұлттық әдебиетті қалыптастырды. Аудармамен қазір ешкім шұғылданбайды. Шұғылдану үшін ақша керек. Аудармаға бермек түгілі, түпнұсқаға ақшаң жетпей отыр.

– Цензура туралы айтып жатырмыз ғой. Iшкі цензураңыз әлі де сізді аяқтан шалып келе ме?

– Сенесің бе, мен қазір содан құтылдым. Ең кемінде әуелі өзімнің вариантымды жасап алам. Совет Одағы құлардың алдында екі том кітабым дайын жатқан. Совет Одағы құлаған бойда, сол екі кітабым жарық көрді. Біреуі– «Жалын», біреуі – «Жазушы» баспасында. Бірі– «Қылыш пен қанжар», екіншісі – «Мәңгілік майдан» деп аталды. Екі кітаптағы өлеңдердің барлығы Совет үкіметі баспайтын өлеңдер.

– Саясатпен араласып көрдіңіз бе?

– Араласқанда Парламентте тоғыз жыл отырдым ғой. Маған әлі де тоғыз жыл отыруға болар еді. Ештеңе істей алмайтынымды білдім, түсіндім. Сосын кеттім.

– Жалпы, сол тоғыз жылда бірнәрсе бітірдім деп ойлайсыз ба?

– Шығармашылықта ұсақ-ұсақ бірнәрселер жасалды. Сол жылдары қазақ тілінің проблемасы көтерілгенде, тілдің жоғын жоқтап, қорғап, сөз сөйлеген адаммын.

– «Иірім» қандай шығарма? Естелік пе, күнделік пе?

– Күнделік емес. Өйткені, «Иірімнің» бірде-бір дүниесі қағазға түспеген. Өмір-бақи менің басымда жүрді.

– Ешқандай қағазға түсірілмеген дүниелерді жазғанда қателесіп кетемін деп қорыққан жоқсыз ба?

– Жоқ. Қиналған кездерім болды. Кейбір күмәнданған жерлерімді замандастарымнан, жазушылардан қайта сұрап алдым.

– Бірақ, сол шығармаға ренжігендер көп болды ғой.

– Ренжігендер де көп болды. Оның бәрі бекер. Оның ішінде біреуі де өтірік емес. Оны мен Мағауинге, Қабдешке, Ғаббасқа жазған хаттарымда да айттым. Өзім көрсем, өзім куә болсам, өз құлағыммен естісем, ол неге өтірік болады?! Ол жігіттер шындықты көтере алмады. Өйткені, бұлардың бәрі де кезінде мемуар жазған адамдар. Олар «Иірім» сияқты оқыла қоймады. Ал «Иірімді» оқу үшін кезекке тұрған адамдар бар. Тіпті, маған телефон шалып, бірден: «Оқып жатырмыз» дейді. Нені оқып жатқанын бірден түсінесің.

– «Иірімді» жазу идеясы қалай келді?

– «Жазмышты» да, «Иірімді» де жазамын деп ойлаған жоқпын. «Жазмышты» жазған себебім, мен кітапты көп оқитын адаммын. Кітапты оқып отырып, өзіме ұнаған кейбір тұстарды сызып отырам. Сол сөздер есіме түскенде, әлгі кітапты аша салам да, сызған жерлерімді қайта қараймын. Сөйтіп, сызған жерлерімді қайта оқып отырсам… сұмдық материалдар! Әуелі әлгі сызған дүниелерімнің бәрін блакнотқа жазып, картотека жасадым. Картотека бойынша, он екі-он үш тақырыпшаларға бөліп шықтым. Қарасам, дайын кітап. Отыз-қырық жыл оқыған кітаптарымнан үш айда бір кітап жазып шықтым. Ойланбаған кітап. Тіпті кішкентай энциклопедия десек те болады. Сол кітапты оқыған соң, оқырмандар өтініш жасай бастады. «Мынаның бәрі шетелдік материалдар. Неге қазақтарды жазбайсыз?» деген соң, ойлана бастадым. Ең алдымен Сәбит Мұқановтың «Есею жылдарынан» Иса Байзақов туралы жазғанын алдым. Бізде күнделік жазылмаған. Мұқағалидың кішкентай ғана күнделігі бар. 60 жылдығында шықты. Содан пайдаландым. Қазақ неге күнделік жазбаған, білесің бе? Жазғысы келген. Күнделік жазатын жылдар біздің Қазақстанда өте қиын кезең болды. Өйткені, «Көпен келіп кетті» деп жазсам, мені соттайды да, Көпенді шақырып алып: «Екеуің не әңгіме айттыңдар?» деп тергеуге алады. Сәбит Мұқанов та, Ғабит Мүсірепов те, Мұхтар Әуезов те күнделік жазбаған.

– Ол кісілердің заманы солай болды, ал сіздердің уақыттарыңыз басқаша емес пе?

– Біздің заманымыз да соған тура келді. Тек біздікі кішкене қулау кезең болды. Студент кезімізде әр жатақханада бір бала КГБ-де қызмет ететін. Соларға тапсырма беріліп, кәдімгідей қаржы төленетін. Байқамайсың, ренжіп бірнәрсені айта саласың. Ананы дұрыс емес дейсің, мынаны дұрыс емес дейсің. Совет үкіметіне қарсы емессің ғой. Жалпы, қарсылықтың не екенін білмейсің ғой, ол кезде. Әйтеуір, барлық ақпарат ана жаққа жетіп жататын. 50 – жылдарда ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) деген партия болды. Бүркіт Ысқақов деген ақын сол үшін сотталып кетті.

Иса Байзақовтың ауылынан келген бір кісі: «Аруақты қозғап, Иса ағаны неге жазасыз?» деп ренжіді. Оны мен өзім жазғаным жоқ. Сәбит Мұқановтан мысал алғаным үшін ғана. Осылай бастап көріп едім, артынан «Иірім» туды. «Иірімде» кемшілік айтқан жерлерім бар, ұлтшылдық туралы әңгіме қозғағам жоқ. Ең алғаш оқуға келіп түскен күнімнен бастадым.

– «Иірімді» жазғанда нені мақсат тұттыңыз?

– Біз жазушы қауымның фотография сияқты бір жағын ғана көріп жүрдік. Оның басқа қырларын білмейсің. Біреудің кемшілігін жазғанда да обьективті жазу керек. «Иірім» жақсы жазылғанын, оның оқылуынан-ақ байқауға болады.

– Қазір кітап көп таралмайды. «Иірімді» оқығаннан кейін, ақын-жазушының бір шығармасын оқымаған адам сол арқылы пікір қалыптастырып қалмай ма?

– Шындығын айту керек, біздің еліміз басылымның шығуы да, таралуы да қатты дамыған республика болған. «Қазақстан әйелдері» журналының өзі 500 мыңға дейін жеткен. Ол кезде Мәскеудегі ең мықты басылым 40-50 мыңның төңірегінде шықты. Сондықтан, олар қазақтарға қызғана қарайтын болды. Бұрын бір үйде бес адам жұмыс істейтін. Бес бірдей жалақы келген соң, кітаптар да алынып жататын, басылымдарға да жақсы жазылатын.

Нарық заманына тап келген кезде әлгі бір үйден жұмыс істейтін бес адам жұмыссыз қалды. Сол кезде кітап алмақ түгілі нанын тауып жей алмай қалды. Депутат болып жүрген кезімде, жылдың бюджетін дайындаймыз. Сонда пәленбай миллиард ақша бөлетін. Ағарту саласына, ауыл шаруашылығына ақша бөлінеді. Ақша жетпей қалады да, қайтадан қысқарту жасаймыз. Сонда неден қысқартатынын білесіз бе? Мәдениеттен қысқарады. Мал бағылу керек, ауыл шаруашылығы дамуы керек, бала оқытылу керек. Содан кейін, газет-журналдарға жазылу қалды. Кітап алмайсың, газет оқымайсың. Он жылдың ішінде халық та кітап алмауға әбден үйренді. Бұрынғы бес баланың бесеуі де жұмыс істей бастады. Бірақ, кітап оқуды қалыптастыра алмадық. Кітапқа деген құмарлық, қызығу жоқ. Оны құтқарып отырған мерзімдік басылым ғана.

– Сайлау алдында сізді партиялардың бірі өзіне шақырмады ма?

– Партиялардың көбі шақырды. Өздеріне мүшелікке алғысы келгендер де болды. Менің өзім партияға қызмет етсем, онда халықтан бөлінгенім емес пе? Жақсымын ба, жаманмын ба, өзімді халықтың баласымын деп есептеймін. «Егемен Қазақстан» газетіне Президент туралы мақала жаздым. Сол мақаламда оппозицияны қорғап жаздым. Мемлекет болған кезде оппозиция да керек. Ол да біздің перзенттеріміз. Бірақ, оппозицияға қойылатын жауаптың жүгі үлкен. Олар өздері күресіп отырған билікке адамгершілік тұрғысы жағынан келуі керек. Соғыс кезінде «Военный госпиталь» деген болған. Қан сасып жататын. Сол сияқты, біздің бүгінгі оппозициялық газеттеріміз қан сасиды. Адамның намысына тиетін сөздерді жазады. «Мақтамен бауыздау» деген сөз бар емес пе? Кімді бауыздаса да, мақтамен бауыздасын?!

– Ал, біздің халық айғайлап айтқанды ұнатады ғой.

– Халыққа кінә таға аласың ба? Халықты бір күнде тәрбиелей аласың ба? Айтысып жатқан халықтың өзі емес пе? Солардың ұлы мен қызы емес пе? Қандай адамның мықты екенін білесің бе? Өзіне өзі қожа болған адам мықты.

– Сіз өзіңізді жеңе алдыңыз ба?

– Жеңілген де кезім болды, жеңген де сәттерім бар. Атымның шыққанының өзі өзімді-өзім жеңгенімнің арқасы емес пе? Ұйықтайтын кезде ұйықтамадым. Талай рет барғым келіп тұрған жерлерге бармадым. Тіпті, шет елдердің өзіне. Онда кетсем, жұмысым қалатын болды. Жұмыс істедім. Жақын жолдастарымның тойларына да өтірік айтып бармай қалған кездерім болды.

– Сол барлығын тәрк етіп істеген жұмысыңыздың қызығын көрдіңіз бе?

– Дүниенің қызығы емес, маған жазуым қызық қой. Процесс қызық. Сол жасаған әрекеттеріме қазір адам ретінде разымын. Адам әр минуттың қадірін білуі керек.

– «Өмір бойы жеке үйді аңсап келем» деген екенсіз. Сол жеке үйге қол жеткіздіңіз бе?

– Иә. Не нәрсені де әдебиетпен байланыстырғанды жақсы көрем. «Жазмышта» осы үйге байланысты жазғанмын. Жазушылардың көбі жеке үйді, оңашалықты армандаған. Ақшам көп болған кезде, жеке үйді ала алмадым. Iздедім де. Бүкіл Алматының айналасын шолып шықтым. Тіпті, таптым да. Біреулері өтіп кетіп, өкінген кезім де болды. Сол үйді алайын десем, «пәтері жоқ» деген қағаз әкелуің керек. Ал менің пәтерім бар. Төрт бөлмелі. Басқа біреудің атын пайдаланып алуыма да болатын еді. Бірақ, оған менің арым жібермеді. Кейінірек, жеке үйді алуға болатын уақыт жеткен кезде, менің ақшамның бәрін Үкімет жеп қойды.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары