«БАСЫНАН ШІРІГЕН» «ШОРТАНДАР»

«БАСЫНАН ШІРІГЕН» «ШОРТАНДАР»

«БАСЫНАН ШІРІГЕН» «ШОРТАНДАР»
ашық дереккөзі

Нарық заманының «ебін тауып, екі асау» «талабы» қазақстандық кеденді де айналып өтпепті: «Қорғас» кедені мен «Қорғас» — Алматы» автожолы бойында қызмет ететін 30 кеденші көлеңкелі бизнестің «қызығын» көріп жүр екен. Бұл туралы апта басында баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қозыкөрпеш Кәрбозов мәлімдеді.

ҰҚК өкілінің айтуына қарағанда, жемқорларды құрықтауға ҚР Президентінің 2005 жылдың сәуір айындағы «Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметінде тәртіп пен реттілікті нығайтуға қатысты шаралар туралы» Жарлығы мұрындық болған көрінеді. Былтырдан бастап жүзеге асырған шұғыл шара нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы кеден өткелдерінде ұзақ уақыттан бері бопсалаушылықпен айналысқан топтың барлығы айқындалады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қылмыстық топты ұйымдастырушы әрі басшылық етуші – «Қорғас» кеденінің бастығы Б.Жұмабеков. Ол заңсыз ақша алуда және бөліске салуда делдалдық қызметті атқарған және «кассирлер» мен «қолдаушылар» көмегіне сүйене отырып, бопсалау жұмыстарын жүргізген. Яғни, екі ел арасындағы кедендік рәсімдеуден кедергісіз өту үшін әрбір жүк көлігінен 4000 доллар көлемінде пара алып отырған. Қазақстандық құқық қорғау органдарының жекелеген лауазымды тұлғалары, қылмыс әлемінде аттары шыққан «Атабалықтар» мен «Төрт ағайынды» топтарының мүшелері қатысқан «бопсалау операциясының» арқасында «Қорғас» кеденінің көлеңкелі қаржы айналымы айына 3-4 миллион АҚШ долларын құрапты… Түскен заңсыз пайданы қылмыстық топтың әрбір мүшесі «лауазымы» мен беделіне қарай «пышақ үстінен» бөлісіп отырған. Аталған кірістің бір бөлігінен қылмыстық әрекетті іске асыруға «септігін тигізген» құқық қорғау органдарының қызметкерлері де құр қалмаған. Бүгінгі таңда қылмыстық топтың 16 мүшесі қамауға алынған. Олардың арасында «Қорғас» кеденінің бастығы Б.Жұмабеков, Алматы ішкі істер департаменті жедел іздестіру басқармасы бастығының орынбасары С.Бұлғақбаев, Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің бас маманы Е.Аманқұлов, «Төрт ағайынды» қылмыстық тобының мүшесі Қ.Iзбасаров т.б. бар. Ал «Атабалықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы Т.Атабаев қылмыскерлерді қолға түсіру барысында қаза тапқан (сот-медициналық сараптаудың қорытындысы бойынша қойылған диагноз: инсульт). Қайтыс болуына байланысты Атабаевтың үстінен қозғалған іс тоқтатылды.

«Кәсіби шеберлік» шыңына шыққан жемқорлардан 1 апталық «кірісі» ретінде ірі көлемдегі зергерлік заттар, 9 шетелдік көлік, 4 миллион 200 мың теңге, 552 мың АҚШ доллары тәркіленген. Олардың үстінен бопсалау (181-баптың 3-тармағы), пара алу және беру (311 баптың 2-тармағы) фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар қылмыстық топ әрекетіне қатысы бар өзге де тұлғаларды жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.

Кәрбозовтың мәлімдеуінше, аталған қылмыстық топты қолға түсіру шараларын ұйымдастыру барысында ҰҚК қызметкерлерінің араласуымен Алматы қаласы Медеу аудандық сотында «Қорғас-Алматы» көлік жолында кәсіпкерлерді бопсалау арқылы ақша жинаумен айналысқан қылмыстық топтың ҰҚК қызметкерлері тарапынан қамауға алынған 14 мүшесіне қатысты сот процесі басталған көрінеді. Қолға түскендер арасында Кедендік бақылаудың Алматы облыстық департаменті бастығының орынбасары С.Рамазанов, Алматы қалалық прокуратурасы жалпы қадағалау басқармасының бастығы А.Жұмағұлов, Алматы облыстың ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма бастығы Е.Мамажанов пен оның қарамағындағы қызметкерлер Е.Сүлейменов, Қ.Молсабанов, Ғ.Жанпейісов, С.Бабенколар бар. Журналистердің «Құқық қорғау органдары мен кеден басшылары қарамағындағылардың қылмыстық әрекетінен қалайша бейхабар қалған?» деген сауалға Кәрбозов: «Бұл сұрақты сол сала басшыларына қойыңыздар. Бірақ осыншама кең ауқымда әрекет еткен қылмыстық топтың заңсыздығына көзжұмбайлықпен қараған басшылар, әрине, кінәлі» деп жауап берді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ