КӨКТЕГI ЖҰЛДЫЗДАРДЫ ЖЕРДЕН КӨРГЕНДЕ...

КӨКТЕГI ЖҰЛДЫЗДАРДЫ ЖЕРДЕН КӨРГЕНДЕ...

КӨКТЕГI ЖҰЛДЫЗДАРДЫ ЖЕРДЕН КӨРГЕНДЕ...
ашық дереккөзі
398

Бұрын маған жұлдыз атаулы көкте ғана тұратындай әсер ететін. Кешкілік есік алдындағы кішкентай керуетте жантайып алып, сіңлім екеуміз аспандағы жыпырлаған сан мың жұлдыздарды санайтынмыз. Сонау көкте жарқыраған жұлдыздардың арасынан өз жұлдызымызды іздеуші едік. Кейде: «Әне, жарқыраған жұлдызды көріп тұрсың ба? Ол – менікі» деймін сіңліме, көкке қарай қолымды шошайтып, ол болса: «Қайсысы, анау маған қарап тұрғанын айтасың ба, ол менікі» дейтін дес бермей. Екеуміз осылай салғыласып жатқанымызда, әжем: «Тәйт, көкке қарап қол шошайтқаны несі, жаман ырымды бастап, тұр, үйге кіріңдер» дейтін де: «О, Тәңірім Алла, кішкентай күндерімнің жұлдызын жарық ете гөр!» деп күбірлей үйге енетін. Әжемнің күбірінен әр адамның өз жұлдызы бар екеніне, әрі ол жұлдыздың тек қана биікте, көкте ғана болатынына имандай сенуші едім.

Сөйтсем, балалық көңіл ме, әлде жадымызға сол бір ұғымның қатты сіңгенінен бе, күні бүгінге дейін қателесіп жүріппін… Жұлдыз атаулы көкте ғана емес, жерде де тіршілік кешеді екен. Оны да білмес пе едік, Ит жылының қарсаңында, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Жердегі жұлдыздар» деген арнайы бағдарлама ұйымдастырмаса… Сценариін кім жазғанын білмеймін, әйтеуір, қазақ эстрадасының көкжиегінде жарқырап жүрген жұлдыздарымыз жерге түсіп, қарапайым болмысқа еніп, ет сатып, қайыр тілеп, шопыр болып күнелтіп жүр.

Басынан бастайықшы, ет сататын үлкен базар. Ет сатушының қатарында да емес, еттің алдында сыңғырлап күліп, Шәкизада тұр. Киім киісіне, жүріс-тұрысына қарағанда, шаштараздан жаңа ғана шыққан сәнқойдың болмысынан бір аумайды. Анда-санда «Ет алыңыздар« деп айғайлап қойғаны болмаса, ет сатуға емес, шоу бағдарлама көрсетуге келгенін бірден байқайсың. Көзі қарақты көрерменді алдау қиын шығар, ет сатушы емес, әнші Шәкизада екенін жұрт бірден аңғарды. «Жо-жоқ, қайдағы Шәкизада, мен ол емеспін» дегенімен, сөзі сенімсіз шыққандықтан ба, онша көңілімізге қона қоймады. Оның орнына ет сатушының қатарына тұрып алып, «жұлдыз» емес, қарапайым сатушының кейпіне енгенінде, мүмкін басқаша әсер қалдырар ма еді. Сыңғырлаған күлкісінде: «Иә, мен Шәкизадамын ғой. Не танымай қалдың ба?» дегендей кейіп бар.

Жанатбек Бәйтеков пен Сәбит Әбдіхалықовтың тірлігіне мүлдем қарнымыз ашты. «Бізді танымайсыңдар ма?» дегендей шырттай киініп алып, қайыр сұрап тұр. Шынайылық деген қайда? Әншінің жолы бөлек. Ал, олар әртіс емес пе? Эстрада әртісі бола тұрып, өз кейіпкерінің болмысына ену қажеттігін сезінбеді ме екен. Әлде жердегі жұлдыздардың көктегіден айырмасы жоқ дегенді танытқысы келіп тұр ма? Шын күлкі тудырғысы келсе, қайыршының болмысына еніп-ақ, қайыр сұрауға болар еді ғой. Онда бүгінгі қоғамның дертіне айналған қайыршының қарапайым тірлігін ащы мысқылмен болса да, көрерменіне танытар еді, көрсетер еді. Екеуінің жүріс-тұрысына, киім-киісіне қарап, нені көрсеткісі келгенін түсінбедік. Мүмкін, сценарийді әзірлеген автор мен режиссер нені тұспалдағанын өздері түсінбеген шығар?!

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев көшеде МАИ қызметкерінің кейпіне еніпті. Қолындағы таяғын ары-бері шошаңдатып, «Ән мен әншінің» жүргізушісі Сержан Молдасан тұр. Жоғары жақтарына МАИ қызметкерлерінің киімін кигенімен, азаматтық киімде екенін жүргізушілердің біразы байқап қойып жатыр. Жеңілкөлік жүргізушілерінің жанын алқымға алып, қысқанда әзіл емес, шын МАИ қызметкері ме деп қаласың. Жүргізуші куәлігінен айырыла қою оңай ма, қалтасындағы бар ақшасын ұсынып жатқан қарапайым халық. Қиналған шақта, оның Халық әртісі ме, Еңбек сіңірген әртіс пе, оған қажеті шамалы, тек куәлігін алмаса болғаны…

Екі-үш күн бойы «Жердегі жұлдыздарды» тамашалап отырғанда, аталмыш хабардың нені мақсат тұтқанын түсінбедік?! «Көктегі жұлдыздарды» жердегі қарапайым халық таныр ма екен, танымас па екен деген ниет пе, әлде, «Достық әзіл» дейін десек, оған ұқсамайды. «Жердегі жұлдыздардың» қарапайым тірлігін көрсетуді мақсат тұтқан шығар десек, оған тағы келмейді. Арзан күлкі, қарабайыр қалжыңнан аса алмапты. «Жаңа жылдық әзіл» десек те, көңілге қонарлықтай сценарий жазылғанда, бағдарлама бұдан өзгеше болып, түрленіп салар ма еді. Тек, көңіл жұбатарлығы, ұлттық арнаның қазақ тіліндегі бағдарламаны көбірек көрсеткені болды. Соған тәубе дедік!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары