ӘЙТIМОВА ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIНЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ
ӘЙТIМОВА ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIНЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ
Отарсыздандырудың ең басты алғышартының бірі — білім саласында түбегейлі реформа жасап, келесі тәрбиеленетін буынды ұлт патриоты етіп шығару. Өкінішке қарай, біздің білім-ғылым саласы бұл тұрғыдан алғанда, ілгері басқанның орнына кері кетіп барады.
Бізден өзге посткеңестік мемлекеттердің білім беру саласындағы реформаларына көз жүгіртсеңіз, бұл реформалар отарсыздандыру саясатының негізінде жасалып отыр. Ал, біздегі реформалар керісінше, біресе Батысқа, біресе орысқа еліктеуден ұзай алмады. Қазақстан жеке тәуелсіздігін алғаннан бері ғылым және білім саласында 9 министр тақ ауыстырды. Әр министр өзінің реформасын тықпалай келді. Бірақ, реформа жемісін көре алмай басқа салаға ауысып кетіп жатты. Алайда, бұл министрлердің бірде-біреуі ұлттық білім беру үлгісін жасаған жоқ. Қазіргі Қыздар педагогика институтының ректоры Шәмша Беркімбаева ғылым және білім министрі болған жылдары ауыл мектептеріне көбірек көңіл қойса, Бірғаным Әйтімованың алдында министр болған Жақсыбек Құлекеев те білімді ұлттандыруға басты ден қойғандардың бірі болып еді. Дәл осы Жақсыбек Құлекеев мемлекеттік білім грантының үлес салмағын 60/40 етуге жол салып, басқа тілді мектептерде мемлекеттік тілдегі сабақтардың санын көбейтуге шешім де шығарып қойған болатын. Алайда, Құлекеев бұл істі аяқтай алған жоқ. Ал, оның орнына келген Бірғаным Әйтімова алдыңғы әріптестеріне қарағанда, реформаторлығымен де, тындырымпаздығымен де ерекшеленбеді. Жақсыбек Құлекеевтің кезінде қабылданған 2005-2015 жылдарға арналған білім тұжырымдамасының жалғастырушысы ғана.
Депутаттар Амангелді Айталы мен Мұхтар Шаханов "ҰБТ-да мемлекеттік тілден бүкіл мектеп түлектері емтихан тапсырсын" деген заң жобасын дайындап үкіметке ұсынса да, Бірғаным Әйтімовадан бұған жағымды жауап ести алмады. Сондай-ақ, өзге тілді мектептердегі мемлекеттік тілдің үлес салмағын көбейту ісін де қолға алмай отыр.
Ал, Мәжіліс депутаты Мұхтар Шахановтың ЖОО-дарындағы мемлекеттік тілдің оқытылу аясының тарлығын айтып, дабыл қаққан кезекті сауалынан кейін, Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова Мұхтар Шахановты қабылдауына шақырып, 2005 жылдың 20-қарашасында арнайы пікіралысу өткізген болатын. "Ана тілі" газетінің №1-2 (12-қаңтар, 2006 жыл) санында "Қазақ тілін дамыту мәселелері Білім және ғылым министрлігінің назарында" атты аталған кездесудің хаттамасы жарық көріпті. Қарап отырсаңыз, Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік тілді білім саласына ендіру бағытында істеп жатқан істері қарын аштырарлық.
Айталық, Білім және ғылым министрінің 2002 жылғы 24-қыркүйектегі №693 бұйрығы бойынша, басқа тілді мектептердегі мемлекеттік тілдің сағаты 4-9 кластарға аптасына үш сағат, 10-11 кластарға 2-ақ сағат. Бұдан оқушы не үйреніп шығуы мүмкін. Білім және ғылым министрлігі қазақ тілінің сағатын көбейтуге 2008 жылға дейін мүмкіндігі жоқтығын айтады. Өйткені министр өзінің жарлығын өзі өзгертуге дәрменсіз екен. Өзге тілді мектептерде мемлекеттік тілдің сағатын көбейту ісі тек биыл жасалып, 2008 жылы жүзеге асатын 12 жылдық оқу жүйесінде қарастырылады делінген.
Сондай-ақ, мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуде мемлекеттік тілден емтихан тапсыру мәселесін де министрлік назардан тыс қалдырмапты. Алайда, өкініштісі сол, қазақ мектебінің түлектері мемлекеттік тілде міндетті түрде емтихан тапсырады делінген аталмыш хаттаманың 3-тармағында. Ал, бұған не дейсіз? Министрлік бұл тірлігімен кімді мазақ еткісі келеді?
Біз бұған дейін білім саласын реформалауда Ресейден ат-тонын бірден ала қашқан, бүгінде Еуроодақ мүшесі болып үлгерген Балтық жағалауы елдерінің тамаша үлгісін көлденең тартумен келеміз. Мәселен, бұл мемлекеттер 2007 жылғы оқу жылынан бастап, орыс мектептеріндегі орыстілді пәндерді қысқартпақ. Бұл мектептерде мемлекеттік тілдегі пәндердің үлес салмағы 60%-ға жетеді. Керісінше, орыс тіліндегі пәндердің саны 40%-ға дейін азаятын көрінеді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Эстонияда орыс тілінде білім беретін мектептердің саны жыл өткен сайын қысқарып келеді. "Ээсти Пяэвалехт" газетінің мәліметтері бойынша, ата-аналардың көбі балаларын эстон мектептеріне беруді жөн санайды. Өйткені, бұл елдің болашағы эстон тілінде екенін жалпы тұрғындар түйсініп үлгерген. Осы себепті де орыстілді мектептердің саны күн өткен сайын азая түсуде. Айталық, Вильянди қаласының орыс мектебінің гимназия кластарына балаларды қабылдау тоқтатылған. Қазір ол мектепте небәрі 48 оқушы оқиды екен. Хаапсалудағы орыс мектебінде соңғы 13 жылда оқушылардың саны 1000-нан 228-ге дейін қысқарған. Мектеп директоры Юри Нылваканың айтуынша, мектептің болашағы ата-аналарға тікелей қатысты. Эстония Білім министрінің тіл бөлімінің басшысы Яак Виллер "Ата-аналар орыс мектептерінің болашағы қалмағандығын жақсы түсініп отыр" дегенді айтады.
Ал, Қазақстанда 2008 жылдан бастап, 12 жылдық білім жүйесіне көшу жоспарланған. Сонымен қатар, Қазақстан мектептеріндегі білім үш тілділікке бағытталмақ. Үш тілділік жүйесін ең алдымен аузына алған тағы да Жақсыбек Құлекеев болатын. Экс-министр жаратылыстану сабақтарын ағылшын тілінде, қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихын қазақ тілінде, қалған пәндерді орыс тілінде жүргізуді ұсынғанда, бүкіл Қазақстан халқы өре түрегеліп қарсы болған еді. Әсіресе, экс-министрдің қарапайым ұстаздардан өзге тілде дәріс беруін талап етуі талайдың үрейін ұшырған. Соған қарамастан, бүгінгі білім жүйесі үш тілділікке біртіндеп дайындалып келеді. Қазір Қазақстанның 790 мектебінде мультимедиялық лингафон кабинеттері жасақталған. Бұл жүйе Сингапур әдісімен жүзеге аспақ. Азияның осы бір кішкентай елінде 4 мемлекеттік тіл бар көрінеді. Қазақстандық шенеуніктер байырғы ұлты барына қарамастан, елімізді келімсектер отанына айналдыруды басты мақсат етіп отыр. Осы мақсатқа 10 миллиард теңге бөлініпті, оның 4,3 миллиарды өткен жылы игерілген. Әрине, сарапшылар бұл жобаның ғұмыры ұзаққа баратындығына сенімсіз. Көптеген мамандар бұл Қазақстан мектептерін компьютерлендірудің аяғын құшпаса неғылсын деген баға беруде. Бүгінде Қазақстандағы 8 мыңнан астам мектептің тек үштен бірі ғана Интернет жүйесіне қосылған. 54 балаға бір компьютерден келеді.
Үкімет өткен жылдың соңында "Қазақстан Республикасы азаматтарына патриоттық тәрбие беру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны" талқылауға тиіс болатын. Бұл бағдарлама — 2006-2008 жылдарды қамтыған. Оны жүзеге асыру үшін 8 миллион доллар жұмсау аз қаражат емес.
Ал, бұл бағдарламада не қамтылғанына назар аударсаңыз, әрине, тағы да алданғаныңызды білесіз. Оның жүзеге асырылуының алғашқы сатысы — мектеп бағдарламасына "Азаматтану" пәнін енгізуден басталмақ. Одан кейін әскери-патриоттық тәрбие, оқушыларды әскери машықтарға үйрету, үшіншіден, телеэфирлерден мектеп оқушыларын патриоттыққа тәрбиелейтін бағдарламалар жүргізу. Бұның бәрі салауатты өмір салты, көп ұлтты, көп дінді секілді жалған түсініктер аясында жүргізілмек. Ал, Эстонияда ұлттық рухты көтеріп, ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру мақсатында миллиондаған крон бөлініп отыр. Таяуда Эстония үкіметі Ғылым және білім министрлігі ұсынған "Эстон қауымдастығының құндылықтарын 2007-2011 жылдары аралығында дамыту" бағдарламасын талқыламақ. Тұрғындар ісі жөніндегі министр Пауль-Ээрик Руммо ұлттық рухтың тәрбиеленуіне қаржы жетпей жатқандығын айтады. Бұл жоба бойынша жұмсалатын қаржы жылына 2-3 млн. крон болуы тиіс көрінеді. Демек, екі елде де мұндай жоба қолға алынып отыр. Айырмашылығы сол, Қазақстан мектеп оқушыларын жаһандастыру үрдісіндегі патриоттыққа тәрбиелесе, Эстония ұлттық құндылықтарды әспеттеп, ұлттық рухты сергіту мақсатында миллиондаған қаржы бөлуді мақсат тұтуда.
Есенгүл Кәпқызы