ҚАННАН КЕУІП КӨРМЕГЕН НАЙЗАСЫНЫҢ САҒАСЫ

ҚАННАН КЕУІП КӨРМЕГЕН НАЙЗАСЫНЫҢ САҒАСЫ

ҚАННАН КЕУІП КӨРМЕГЕН НАЙЗАСЫНЫҢ САҒАСЫ
ашық дереккөзі
1191
(Ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы) Оңтүстік шығысы асқаралы Алтай, солтүстік шығысы Құланды даласы, күннің батысы кәрі Каспий, арқасы орыстың қалың орманына ұласатын, ұшқан құстың қанаты таларлық кең байтақ даланы бір мезет көктей өткен болсаңыз: “Құдайым-ау, осыншалық ұшан-теңіз алып өлкені тоқты тоны қаудыраған ата-баба айнала анталап отырған алты алмауыз, жеті жалмауыздың тырнағы мен тұмсықтарынан қалай ғана аман алып қалды екен”, – деп, еріксіз қайран қалған боларсыз. Ұрпақтарым кісі есігінде телмірмесін, жайыларға өрісі, көсілерге керегесі кең болсын деп, тұмақтары жалпылдап, көк найзаларын алдарына өңгеріп, алты малтаны ас қылып, күн-түн қатып өткен әруақтардан айналмасқа тағатың жетер ме. Адамзат атаулының “Бостандық” деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама бас ен далада қурап қалды десеңізші. Бұл арпалыс тағы да бір күн, бір жыл, бір мезет те емес, талай ғасырларға созылған. Осы арпалысты жай тілмен тарих дейді, анығында тарих – ата, тарих – ана деген жөн шығар. Қатағанмен айтысында дүлділ Сүйінбай ақынның былай дегені бар: “Айналасы көк теңіз, Соған барып қосылған, Еділ, Жайық екі су, Дарияның саласы. Арасында сол жердің Кіші жүздің баласы. Қаннан кеуіп көрген жоқ Найзасының сағасы! Он екі ата бай ұлы, Жеті аталы жеті ру Әлім менен шөмекей Халқының еді жағасы”. Онысы рас. Ата тарих айғақтаған шындық. Әрісі орыс, берісі қалмақ, башқұрт, мына жағы түрікмен, Хиуа, Қоқан, Бұхар боп анталаған ұлы жол, желдің өтінде отырған кіші жүз қазақтарының соғыс жөніндегі сыбағасы ішкі жұртқа қарағанда әлдеқайда басым еді. Орыстарға сенбеген орта жүздің ханы Уәли Абылай дәстүрімен Цинь империясымен де жең ұшынан жалғасып тұрған-ды. Уәлиден күмән алған орыс өкіметі 1815 жылы Барақтың тұқымы Бөкейді екінші хан тағайындады. Сол орыс өкіметіне қарсы көтерілмекші болған Уәлидің ұлы Ғұбайдулланы Сібірге – итжеккенге жер аударып жіберді. 1817 жылы Бөкей, 1819 жылы Уәли өлген соң Кенесары хан көтерілетін 1841 жылға дейін орта жүз хансыз қалды. 1845 жылы Жәңгір хан өлді. Оның орнын сұрайды-ау деген еркек кіндіктілер негізінен көрші жатжұрттықтардың араласуымен жұмбақ жағдайда бірінен соң бірі баудай түсіп жатты. 1815 жылы Жанкентте кішкене шектілер әупіріммен хан көтеріп алған Арынғазының Бұқара мен Ресейге иек артпасқа үддесі қалмады. Өйткені Хиуа оған іргесінде тұрған өз несібесін қимай бүйірінен түртті, бәлкім сүйегі түзу қытымыр ханнан күндердің күні тақ мұрагерлігіне үміткерді көрген болар, үнемі қырғи қабақ болды да отырды. Бар болғаны жеті-ақ жыл хандық құрған соң ол Петерборға шақырылды. Патша ағзам Арынғазының көзін көгертіп екі жыл бойы қабылдамады, демек хан ретінде мойындамады. Екі жылдан кейін қабылдады да отбасымен қоса Калугаға жер аудартты. Жат жерде әбден құса болған Арынғазы 1833 жылдың тамызында дүние салып, сонда жерленді. Қазақ хандарының соңғы тұяғы Кенесары болатын. Ол серпердей-ақ тұяқ серіпті, алып империямен он жыл бойы арпалысып 1847 жылы бар болғаны 45 жасында қырғыздардың қолынан қаза тапты. Бүкіл қазақ жұртын бір шаңырақ астына түгелдей жинай алмаса да, әйтеуір белгілі бір аймақта ерқара болып отырған хандарға бықпырт тиді. Сөйтіп Арынғазыны алып кеткен 1822 жылға дейін кіші жүзде хандық сақталды да, 1824 жылы Орынборда, демек кіші жүзде, хандық басқару түбегейлі жойылды. Кіші жүз үш әкімшілік тарапқа бөлініп, бұдан былай қарай Сұлтан – правитель, аға сұлтан белгіленіп, шындығында қатаң әскери басқару жүйесі енгізілді. 1831 жылы 32 басқару дистанциясына қиқаланды. Қазақ тізгінін ұстап отырған патша хандарды қапақыл етті, ойыншық құрлы көрмеді. Ашуға шын мініп көтерілсе, ханның өзін де шауып ала беретін, оның қасқыр екендігін бетіне айтатын арда, асау қазақ тұтас ұлт есебінде иесіз қалды. XYIII ғасырдың екінші жартысынан бастап осы әрекеттердің бәрін ұйымдастырып отырған Ресейдің дегені болды, қазақ темір ноқтаны мықтап киді. Қазақты пәленбай ғасыр еркін билеген ақсүйектер де бейшара халге түсті,өзінің бұрынғы боданы орыс өкіметінің қолына қарап қалды. Ақсүйектердің Сыдық төре тәрізді бір-жары ғана болмаса, қара қазақтың сөзін ұстағаны кем де кем. Басым көпшілігі Ресейдің жыртысын жыртты. Салыстырмалы правительдің жанында міндетті түрде орыс өкіметінің өкілі отырғандығынан, оларға әскери құрама бекітілгендігінен “саптаяқтан ас беріп, сабынан қарауыл қаралғанын” біле беріңіз. Қазақ қырық руға бөлінді. “Бас басына би болды өңкей қиқым”. Ең басты мақсат – біртұтас ұлттың мүддесін көтеретін, оның тағдырын мойнына алатын басқару орталығы жойылды. Мемлекет ретінде қазақтың ұлттық мүддесін жоқтайтын тетік қалмады, ұлт әлсіреді. Кәдімгі “бөліп ал да билей бер” қағидасы үстемдік құрды. Табиғатынан батыр, бұқара мүддесі амалсыз би еткен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ғұмыры қазақ халқының бас иесіз қалған, тарихтың осыбір нағыз аласапыран отарлау кезеңіне тура келді. …Бұл тым әріректе, батырдың бала кезінде болған оқиға. Дарияның теңізге құйылар сағасын жайлаған ағайын Түркістан жақтан, әрине ақсүйек тұқымы болса керек, Абдолла дегенді алдырып хан қойыпты. Сол Абдолла бір жиында балаларға ет асатып отырып Жанқожаға табақ ұстата салған көрінеді. Бала: “Хан болсаң да көргенсіз екенсің, сарқытты қатынға ұстатар болар”, – деп, сол табақпен ханның басына ұрып кеткен екен. Жұртының алдында беделі түсіп, қамыққан хан жамиғатқа: “Мен сендерге ханмын ба, әлде қаммын ба?” дейді. Сонда топ ішіндегі іші ала біреу: “Киікбайдың сегіз тентегінің көзін құртсаң, хансың, әйтпесе қамсың”, – деген көрінеді. Хан Әбілқайырдың уәзірлерінің бірі, жұртты осы қонысқа қондырғандардың басында болған Киікбай тұқымына қолы бата алмаған Абдолла ұзамай еліне қайтқан екен деген әңгіме қалған ел аузында. Қылышбай қол бастап Хиуаға аттанып, ошақ басында қала алмай солардың іздеріне ерген жасөспірім Жанқожа жұрт күтпеген жерде қарақалпақ Тықыны жекпе-жекте өлтіріп, қазақ жасауылдарының абыройын асырады. Қайтар жолда олжасын алдырып алған шаруаға араша түсіп, әділетсіз ханның өзіне балта жұмсағаны сол кездегі куәгерлердің айтулары бойынша И.В.Аничковтың қолжазбасына бұл оқиға 1790 жылы болған делініп түскен. Баланы “Қалай жазаласаң да еркің”, – деп алдына алып келгенде хан “Маған жұмсаған қаруы дұшпанға да жұмсалады”, деп босаттырып жіберген. Содан кейін-ақ балаң жігіттің батыр, әділ атағы шығып, есесі кеткен жетім-жесір соған жүгінетін, ел шетіне жау келсе, Жанқожаны іздейтін болған. Нұрмұхаммедтен Ақмырза, Жанқожа, Жауқашар, Бек, Шөже туады. Қылығына қарағанда, Ақмырза ағасы шалт мінезді, аңғал, қызба, ұрыншақтау кісі болса керек. Арасында ағайынның бас араздығы, бақай есеп те жүреді әрине. Хиуа мен орыс ықпалына екіұдай жағдайда Сыр бойы жұртының мазасы әбден кетіп, Жанқожа өзінің қайын жұрты құламан Төртқаралардың арасына қырға кетерде, бірге көшелік деген өтіліне құлақ аспай отырып қалған Ақмырза хиуалықтардың қысастығынан суға атылды. Бұл — 1836 жыл. Жанқожа жеке келіп ел шебін қорғауға Түркменнен алдырған Әйімбет батырды жекпе-жекте өлтіріп, ағасының кегін алып, дұшпанының қанын үш ұрттапты дейді. “Қан – иманның қабы деуші еді. Ағажан-ай, өмірі істемесем деген ісімді істеткіздің-ау. Бойдағы мінез жеті атама дарыр деп едім, өзіммен бірге кететін болды”,– деп қатты налып, опық жеген екен деген сөз қалған халық құлағында. Жалпақ жұртқа белгілі жайт – Жанқожа қаракесек Ақтан батырмен бірге көне Жанкенттің жанындағы Хиуа бекінісі – Жаңақаланы тас-талқан етіп, қара халыққа тізесі әбден батып отырған Хиуаның наибы Бабажанды қазыққа отырғызады. П.П.Ивановтың көрсетуі бойынша, бұл оқиға 1842 жылы болған. Жаңақаланы алардағы ұйымдастырушылығы мен жанқиярлық батырлығы үшін халық қаракесек Ақтан Ақайұлын бүгінгі күнге дейін ерекше ілтипатпен атайды. Қазақтың санаулы батырларының бірі деп біледі. Қазақтың көп бөлігі Қоқан иелігінде жатқан. И.В.Аничковтың куәландіруі бойынша, Созақ биі тама Құрман көзінің қарашығындай жалғыз баласын өлтіргені үшін өзінің шамасы келмеген соң, Қоқан бегінен кегімді алып бер деп Жанқожаға ат шаптырады. Қазақтың ұлы мүддесін былай қойғанда, тама – батырдың түп нағашысы. Түпкі дау ежелгі дерт тақ таласы екендігі екінің біріне мәлім, бұдан бұрын Қоқан ханы Кенесарының әкесі Қасым, ағалары Саржан, Есенгелді, Әлжан сұлтандарды жусатып салған-ды, сөйтіп Қоқан Кенесарының да ата жауы болып шыға келді, қанды кек шемен болып жабысты. Ол хан көтерілуі бойына-ақ қазақтың аш бүйіріне найзадай қадалып тұрған Созақты шепке алып, үш жүзге бірдей хабар салды. Содан кейін батырды Созақтан көреміз. Кезек күтіп жатқан батыр келе жатқан көмектің алдын тосып, түркіменнің Тоған палуанын тұтқындап, матап ханға әкеліп қамалды бұзып береді. Қамал он сегіз күн бойы алдырмай тұрған-ды. Сол Созақ жорығына қатысқан Төремұрат ақынның мына бір деректі жырынан үзінді жауынгер ұранындай нағыз жалындылығыменен тарихи жыр мәселесі аталған жерде ауыздан түспей жүр. “Екі жүзді семсердің Балдағы қолда қалғанша, Ат басындай сом жүрек От болып қаулап жанғанша, Мөлдіреген екі көз, Жұмылып қанға толғанша, Тыным алып ас ішпей, Ат бауырынан қан кешпей Бас кесіліп, ат босап, Ел бетін көрмес күн бүгін. … Осыдан алсақ Созақты Дұшпаның дос боп жақындар. Созақты алсақ осыдан, Қоқанның туын құлатып Сүйікті туған ерлерге Табылмас бұндай азаттық. Қазақ үшін қан төккен Өздеріңдей ерлерге Батагөй бізден тасаттық” Жорыққа қатысқан екі мыңдай сарбаздың құрамында мына батырлар болған: тілеу-қабақ Шынтемір, Сарыбопа, жақайым Пірімжар, Жылқаман, Толыбай, майдан Бажақ, Көпжасар, Жолақ, Жалмырза, Бекбауыл, Қаржаубай, Боранбай, қарасақал Дабыл, Қадір, Шағырай, Сәдір, шөмекей Тоғанас, тоқымтыққан Қыстаубай, қаракесек Ақтан, айдарбек Сатыбалды, Iзбас, құрманай Тәңірберген, әжі Мейрамәлі, төртқара Таттыбай, Мырзалы, Аққасыйн, Беласар. Қасымның ас та төк ұлан-асыр асына қатысқан Жанқожа кетіп бара жатқанда қаруластарының бірі есіне салып, Абылай шаңырағына Ақмырзаның қызы Фатиманы атайды (Батма). Бұл 1841 жыл – қазақ рухының асып-тасып ерекше асқақтаған кез еді. Батыр бастаған қазақтар 1843 жылы Хиуаның Қуаңдариядағы бекінісін бұзды, 1845 жылдың көктемінде осы бекіністі қайта көтеруге келген 2000-ға тарта сарбазы бар отрядты тағы талқандады. Түпкі мақсатын жүзеге асыру үшін Ресей жыл санап ішкері жылжи бастаған. Еділден бастап Ырғызға дейін жағалай бекіністер тұрғызды, 1847 жылы Аралға Райымға келді. 1853 жылы Райымнан да көшіп, Қазалы бекінісін салып, табиғи шекара – Сырдарияға тұмсық тіреді. Енді мал жайымен Қызылға өткен қазақ Хиуаға салық төлеп пенде болса, дарияның бергі бетіндегі қазақ Ресейге пенде болып есептелетін болды. Сырдария бойын орыс басқан соң батырдың іс-әрекеті бірсыпара дәрежеде қағазға түсе бастайды. Орыс өкіметі жергілікті жансыздары арқылы батырдың басқан әр қадамын аңдып, оның туған-туысқандарына дейін теріп, жүрген жерін, кімдермен байланыста екендігін әсіресе Хиуадан кім келіп-кеткендігін аңдып отырған. Жарты патша деуге толық татырлық Орынбор және Самара генерал-губернаторы В.А.Перовский тәуелділеріне Жанқожа Нұрмұхаммедұлына тимеңдер, ретсіз мазасын алып жүрмеңдер, түптің түбі ол бізге керек болады деп арнайы тапсырма берген. Орыстардың Сыр бойына келулеріне орай қазақтардың жағдайлары жақсара қойған жоқ, қайта одан әрі ушыға түсті. Жазықсыз халық екі оттың ортасында қалды, екі жаққа да жақпады. Тыныш отыра алмайтын, табиғатынан тым мазасыз Хиуа, іргеде отырған Қоқан шапқыншылары кәпірге берілдің деген сылтаумен түу Сағыз, Жемге дейін өрлеп, бейқам отырған қазақтарды ауық-ауық шауып, мал-мүлкін талап, әйел, бала-шағаны өңгеріп алып кететін. Қазақ арасынан бұған төтеп беретін күш таба алмаған батыр бәлкім Әбілқайыр тәрізді тегеурінді мемлекет халыққа тыныштық әкелер деген үмітпен іштей берілмесе де осы кезең орыстарды қолдауға мәжбүр болды. 1847 жылдың тамыз айында Хиуаның Сыр бойына бекіткен Жанғазы ханы мен сұлтан Елікей Қасымов бастаған шапқыншылар бейғам отырған мың үйді талқандады, 21 әйел, бала-шағаны өздерімен бірге алып кетті, 30 нәрестені суға атты, 4 барлаушыны өлтіріп, Жақай бидің баласын да тұтқынға алды. (Ермұхаммед болса – (Елікей) Әбілқайыр ханның шөбересі. Әбілқайырдан – Ералы, Ералыдан – Бөлек, Бөлектен – Қасым, Қасымнан – Ермұхаммед). Жанқожа батыр атқа қонуға мәжбүр болды. Өз сарбаздары және орыс әскерлері көмегімен Қожанияз бастаған қоқандықтарды Қуаңдарияға дейін қуып салды. Тонауға түскен кедей шаруалардың 3000 түйесін, 500 жылқысын, 2000 сиырын, 50 000 қойын иелеріне қайтарып берді. Орыстардың көмегін пайдалана жүре батыр оларға ішін бермеген. “Достыққа келіскеннен кейін болды емес пе. Қазақ жеріне қорған салудың қажеті не?” деп бекініс салуға қарсы болған. Батырдың күші мен қазақ арасындағы беделін пайдаланғысы келген орыс үкіметі оған сырттай есаул шенін беріп, жылына күміс ақшамен 200 сом жалақы белгілеген-тұғын. Орыс өкіметіне еңбегім сіңген жоқ деп, одан батыр көк тиын алмаған соң бекініс басшылары ақшаны қазынаға қайтарып, 1853 жылы есаул шенін қайтып алуға мәжбүр болды. Салыстыру үшін айтайын: 1852 жылы Райымда бір қап арпа 50 тиын тұратын, Қазалы бекінісін бекемдеуге тартылған қазақтардың әр жұмыс күніне 12 тиын төлеу белгіленген, түтін салық 1 сом 50 тиын, орта жүз ханы Уәлидің жылдық жалақысы 300 сом еді. Есет Көтібаровқа да кейін 300 сом зейнетақы белгіленді. Халық аузында мойынға тағып жүретін есауылдық белгі – сөлкебай батыр марқұм болған соң Қаныкей шешеміздің ышқырынан шығып, оны қайнылары бір отар қойға айырбастап шала байып қалған екен деген сөз бар. Тарих өз дегенін істеп, одан әрі жылжи берді. Дәуіріне сәйкес от қаруы түгел бет қаратпай тұрған орыс әскері осында келгендегі негізгі мақсат – Сыр бойын жоғары өрлеп, жаңа бекіністер салып, бар қорғандарды одан әрі бекіту әрекеттерін жүргізе берді. Батырдың жасы келген. Алланың ақ жолын берік ұстанған ол енді пенделік істен аулақтап, түгелдей саждаға бас қойған-ды. Орыс әкімшілігімен араласып жүрген, екі жаққа бірдей сөзі өтімді, пысық, бірақ аз үй алтынбайдан шыққан жас жігіт Бекмырза Әлдиевті іс басына қойды. 1856 жылдың қатты қысындағы Қазалы бекінісіндегі казак-орыстардың екі қазақты пешке жағуы басты себеп боп, алым-салық жинаған атқамінерлердің озбырлықтарынан заразап болған халық ойламаған жерден ақ қар, көк мұзда мүлде мезгілсіз аяқасты дүрк көтерілді. Орыстарға арқа сүйеген арадағы атқамінерлер шектен тыс астамшылық жасады. Олар алым-салық былай тұрсын жас қыздарға дейін қол салатын болды. Шағынарлық ешкімі жоқ зәбір-жапа шегушілер көзі тірі отырған батырдың аяғына жығылып, шағымдарын айтып зар еңіреді, бір емес бірнеше рет келді. Жазбаларда бұқара батырға екінші рет келгенде барып атқа қонуға бел буғандығы айтылады. Қарт батыр халқының көл болған көз жасын көріп тыныш отыра алмай еріксіз көтерілісшілердің алдарына түсуге мәжбүр болды. Бұлар үш орысты өлтірді. Көтерілістің шынымен басталғандығының айғағы ретінде Обертышевтің басын шөмекейдің төбет руының биі Жарылғап Манасовқа жіберді. Бірақ Ермұхаммед Қасымовтың иелігіндегі олар тырп етпеді. Қазалы мықтап қоршалды, көпестердің малдары, Қосаралдағы балық базасы таланды. Горнизонның шөмелерлері өртелді. Қаратөбеге шөпке шыққан солдаттар бір күн далада түнеп, бекініске әрең жетті. Жан-жаққа жаушылар шауып жатты. О заман да бұ заман қыстың көзі қырауда жортуылға шығып көрмеген қазақтарды не жын қақты деп орыстардың өздер аң-таң қалды. Батырдың ізіне негізінен кішкене шекті, қарасақал, аздап төртқаралар бар бес мыңға дейін адам ерді. Қырдан, негізінен төртқаралар деп ойлаймын, 500-ден астам сарбаз көтеріліс жеңіліс тапқан күні жетті. Көтерілісшілер: “Алла! Алла! Жанқожа! Жанқожа!”, – деп ұрандап қолма-қол ұрысқа түсті. Ұрыс кезінде дұшпанның өзіне аса салтанатты да айбатты көрінген, екі жағында да шашағы бар үлкен ақ туды Жанқожаның өзі ұстаған. Сарбаздар негізінен тудың маңына шоғырланған. Дұшпанға да керегі сол, ту жаққа қалың оқ жаудырып, дүркін-дүркін снаряд тасталған. Қай аты екендігін анық білмедік, ат құлап Жанқожа қолынан қатты жарақат алады. Ұрыс даласынан кетпей “Өлер жерім осы” деп, қасарысып тұрып алған батырды Құлбарақ Бекбаулов бастаған топ ат алып келіп, қаумалап әрең алып шыққан. Көтерілісшілерге Қазалы бекінісінен 3 зеңбірек, 2 ракеталық станок, 54 штуцермен мұздай қаруланған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, Арал флотилиясының командирі А.И.Бутаков бастаған және Елікей Қасымов Ақмешіт жақтан жинап әкелген 400-500-дей жазалаушы қосын, башқұрт отряды қарсы шықты. Қарулары жарытымсыз жауынгерлерге 1857 жылдың 5 қаңтарында әр түрлі зеңбіректен 103 снаряд, 9 қаңтарда 29 снаряд, осы екі күні көтерілісшілерге әр түрлі от қарудан 3148 оқ атылды. Арықбалықта қарусыз шаруалар қанға бөкті, орыс солдаттары негізінен қылыш пен найзадан жарақаттанған. Өйткені от қарулары жартымсыз көтерілісшілер қолма-қол айқасқа түсуге мәжбүр болды. Сырттан ешқандай көмек алмаған, дайындықсыз аяқ асты жасалған бас көтерушілердің мұздай қаруланған орыс әскерінен үстем түсуі мүмкін емес еді. Олар әлі бекіп болмаған дариядан апақ-сапақ өтіп кетті. Негізгі ту ұстаушылар асан Есенбай Жарылғапов пен Мұнарбай Ақботаев. Өсербай би мен Ақмырзаның немересі Дерімбай әскер жинады. Көтерілістің басы-қасында болғандар: Бекбаулов Құлбарақ, батырдың ұлы Итжемес, інілері Бек, Жолмырза, Сұлтан Ғұмар Шерғазиев, қожа-керей Аманқожа Әлменов, төртқара Үмбет Әлімов, Қабыл би, Итұғыл Құдайбергенов, асан Аймұхаммед Мұсылманбаев, Мәмбетәлі Садыров, Тумыш Шұжықов, Разы Бостанов, қарасақал Дабыл Бекшин, Дәрменқұл Әбізеков ахун, жиеней Сырлыбай Шабақов, Мәмбетәлі Серіков, Итіғұл Құдайбергеновтер. 1857 жылы қарақалпақтың 200 үйі Жанқожаның жанында. Асан Пұсырманов Аймұхаммедтің 200 шаңырақпен батыр жазым болғанға дейін қасында болғаны анық. 35 шаңырақты қарасақал Дабыл би, 30 үйлі Раба би де Қызылқұмда батырдың жанында. 1860 жылы өзінің ет жақын туыстарынан Жанқожаның маңында алты-ақ үй қалған. Қарасақал Шағырай өле-өлгенше батырмен бірге, оның атқосшысы, кейін шырақшысы болды. Көтеріліске қатысқандардың бәрі бірдей батырдың ізіне ерген жоқ, бекініске қайта келіп, орыс өкіметінің аяқтарына жығылып, кешірім сұрап, оларға адал қызмет етіп, шен алып, шекпен кигендері де бар. Көтерілісшілердің ізіне түскен жазалаушы отрядтар Жанқожаның қасында бірде 2000, енді бірде 1000 сарбаз қалды, әне жерде пәленбай адамын мына жерде түгенбай адамын өлтірдік деп есеп береді. Егде тартып отырған батырдың ата жауымен жағалас үстінде, ұрыс даласында осы жолы шейіт кетсем еді деген арманы орындалмады. Халық аузында “орыс әкімшілігі қартайған Жанқожаның өзі-ақ өледі” деген екен деген сөз бар. Бұл түбірімен қате. Сол жолы басқа қазақтар қолдап, әсіресе теңіздің арғы бетінде әлі бас имей жүрген Есетпен күш біріктіріп көтерілістің одан әрі етек алып кетуінен қауіптенген өкімет батырдың көзін дереу жоюға жедел-ақ әрекет жасады. Патша отрядтары көтерілісшілердің іздеріне түсті. Олар дарияны жағалап жүріп, қаңтардың он біріне дейін шаруалардың қысқы баспаналары, қоралары бар 212 үйді өртеді, 1239 малды айдап кетті. Қуғын көрген кедейлердің мал-мүліктері орыс қолшоқпары болып жүрген байлар мен сұлтандардың талауларына түсті, әскерге берілді. Қазынаға 29 үй әкеліп өткізілген болса, оның екеуі-ақ жарамды еді. Осы деректің өзі-ақ көтерілісшілердің тақыр кедей екендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Р.М.Фитингоф ақпанның 11-де жазалаушы отрядпен шығып, Қызылқұмға 30 шақырым ұзап енгенмен қардың қалыңдығы, күннің суықтығы оны кері қайтуға мәжбір етті. Ақпанның 26 күні Жанқожаны іздеп құрамында 200 жаяу әскер, 300 оралдық атты казачество бар, 2 зеңбірек, 2 пулемет сүйреген жазалаушы отряд тағы шықты. Бұларға жолбасшылық еткен би Камал Меңдіқұлов, сұлтан Әзірбек Рүстемов пен төртқара Сердалы Бекшорин болатын. Наурыздың 19 дейін дала кезген бұл жазалаушы отряд батырды таба алған жоқ. Оның есесіне жолда кезіккен ауылдардың бәрін талады. Бейғам отырған ауылдың үстінен шығып, көтеріліске пейіл бердің деген сылтаумен Нияз Жанкин мен Өтеулі Бекайдаровты әйел, бала-шағасының көзінше атты. Жазалаушылар осы бір жорықтың өзінде 316 жылқы, 215 түйе, 488 сиыр, 15 бұзау, 6505 қой, 24 қозы, барлығы 7563 мал тонап қайтты. Онсыз да елден безіп, азып-тозып сіңірі шығып отырған кедейлерді тонау тоқтаған жоқ. В.А.Перовскийдің жеке тапсырмасымен келген Кузьминский өзінің жауыздығын Фитингофтан да асырып жіберді, ол 164 ауылды тонады. Жауыздықтың шектен шыққандығын патша шенеуніктерінің өздері де жасыра алмады. Құжаттарда көтерілісшілердің 21400 ірі қарасы тартып алынды делініп жүрсе, осы жайттарды көзімен көрген Э.Мейердің дерегі тартып алынған мал бұдан үш есе көп дейді. 1856-1857 жылдары қазақтардан тартып алынған мал есепке алынбай жолай талан-таражға түскен, әскерге азыққа берілген малдарды былай қойғанда 79567 сом 6 тиынға сатылды. 1853 жылдың маусымында бір күнде Райымда тікелей Жанқожаның ұсынысымен губернатор, генерал-инфантерий В.Обручев Райым бекінісінің бастығы Ерофеевтің көмекшісі 150 шаңырақ алтынбайдың (шындығында асан руының – М.Қ.) басшысы, демек биі етіп Бекарыстан Алтынбаевты, 100 шаңырақ күліктің биі етіп Бекмырза Әлдиевті, 150 шаңырақ Асанның (шындығында алтынбай руының – М.Қ.) биі етіп Ұлбөбек Тайымовтарды бекіткен. 17 тармақтан тұратын нұсқаудың №14 тармағында бұлардың үшеуінің де қызмет бабында тек есаул Жанқожаға бағынатындығын, одан өзге бір де бір сұлтанның істеріне араласпайтындығы тайға таңба басқандай етіп жазылған қағазды қолдарына ұстатқан. Арнаулы мөр жасатқан, билерге күміс ақшамен 15-25 теңге аралығында сыйлық белгіленіп, тап сол күні үш би үш теңге алған. Ал сол Жанқожаның өзі қойып жүрген Ұлбөбек Тайымовыңыз генерал-майор барон Г.М.Фитингофтың батырды жазалаушы отрядында болып, патшаға адал қызмет еткені үшін 1860 жылы губернатордан масаты шапан киген. Арғын Шәудір Мырзабеков сол көтеріліс үстінде Жанқожаның ауылында екі рет болып мәлімет әкелгені үшін мақтау қағаз алып, шұға шапан киді. Алаш руының кісісі Қадырбаев Дәулетбай көтеріліс кезінде байланысшы қызметін атқарғаны үшін 100 теңге алды. Қазалы бекінісінің кеиінгі бастығы майор Михайлов жоғарыға жазылған құпия қатынасында аты аталмаған бір қазақты бес жыл бойы тыңшы (лазутчик) етіп пайдаланып келемін, сөзі сенімді, маған бір де бір рет жалған мәлімет берген емес деп жазады. Көтеріліске қатысқандар үй-жайлары, мал-мүліктерінен түгелдей айырылып, елден безіп, азып-тозып қатты ашаршылыққа ұшырады. Бұл босқынды өз көзімен көрген орыстардың өздері де кедейлердің қалай тарыққандарын жандары түршіге ашына жазған. Сол 1856 жылдың наурызында генерал-губернатор әскери министрге Перовский мен Қазалы бекіністерінің маңында шегіртке гарнизон еккен егіс түгілі балауса пішенге дейін тып-типыл етіп жеп кетті деп арнайы мәлімет түсіруге мәжбүр болған. Жұрт аштықтан қоға үпілдірігін дәнге қосып жеуге дейін барған. 1856 – жыл ұлу, 1857 жылы – жылан. Қазақтың “жыланда жыламаған бала қалмас”, деген ескі сөзі келді де тұрды. Ақ жолды бар шама-шарқы жеткенше адал ұстаған, қорғансыз қалған халқы үшін кеудесін оққа талай тосқан, еркін даланың ең соңғы да санаулы, айбатты хас батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының екі арманы болатын. Ең бастысы – елін бостан ету еді, көзі тірісінде ол арманы орындалмады. Екінші арманы – Алланың аманатын әлдекімдер тәрізді көтенін күлге көміп ошақ қасында емес, қас жауымен жағалас үстінде шейіт кету-тұғын. Бұл да орындалмады. Үш ғайыптың бірі – ажал мүлдем ойламаған жерден іргеден өз ағайынынан келді. Бұқара аймағында Боқан таулары маңында жат жерде үш жыл жүргеннен кейін иектеп келген кәрілікті кіндік қаны тамған жерде қарсы алғалы, ең бастысы, сенім жүктеп ізіне ерген ағайындарын жат жерде қалдырмай көзі тірісінде ата жұртына жеткізгісі келіп елге бет түзеген. Босқынға ұшыраған ел аңысын аңдып үздік-создық көшіп келе жатқан-ды. Батырдың жалғыз қараша үйі көштің орта шенінде ерулеп отырған. Таң намазына ұйыған кезде шу шықты, бірінен кейін бірі екі түрлі ұран есітілді. Сонда “Балалардың бір кате жұмыстары бар еді, соның іздеушілері болды ғой” – депті Жанқожа. Сөйткенше болмай қараша үй қоршалып, жабықтан найза сұғылды. Батыр намазын оқып болуға мұрсат сұрап, болған соң сауыт-сайманын киінді. Ашуға булыққан адамның тамағы ісініп, жағасының түймесі ілінбей қалған еді дейді бұл жайтты бізге жеткізушілер. Анталай қоршаған қарақшыларға әрі-бері алдырмаған батырды Байқадамның ұлы Ақсақал орыс оғымен сол өндіршектен атып түсірді. Бұл — 1860 жылдың ерте көктемі. Батырды өлтіретін бұл қарақшы топтың басшысы Елікей Қасымов, құрамында табындардан зауряд-хорунжий шеніндегі сұлтан Сейіл Байқадамов, Керімбай Бекбосынов, Қайып Барлыбаев, Ақсақал Байқадамов, сұлтан Дәулет Бошаев, шөмекейдің бозғұл аталығынан Тоғанас Байтақов, Жәмет Бақбергенов, Мәкен Басықариндер бар. Зауряд-хорунжий Байқадамов Сейіл генерал-губернаторға Жанқожаның дулығасы мен сауытын әкеліп тапсырғаны үшін күміс балдақты қылыш пен күміс шекілген шақша алды, бір шапан киді. Ақсақал Байқадамов та генерал-губернатордан шақша алды. Жанқожаның көзін құрту шаруасы ақи-тақи біткен соң осыны ұйымдастырған сұлтандар мен кейбір қара қазақтар 1860 жылы Петерборға патшаның қабылдауына шақырылып, сарқыт ішті, шен иемденді. Жанқожа ажалынан шамамен 2-3 жылдай артық өмір сүрді. Оның себебі мынау: жергілікті әскердің көтерілістің ізін суытпай-ақ дереу жасаған әрекеттері бас батыр – орысқа қарсы көтерілуге батылы барған – Жанқожаның көзін құрта алмаған соң 1857 жылдың 28 сәуірінде генерал-губернатор Қазалы бекінісінің жаңа әскер басшысы майор Михайловқа өте құпия хат жолдап, онда жаз шығу бойына-ақ Есет Көтібаров пен Жанқожа Нұрмұхаммедовтың көздерін құрту үшін тағы да әрқайсысы 300 атты казактан тұратын екі отряд жасақтап жіберемін деп жазды. Сол жылдың 27 ақпанында соғыс министріне арнайы хат жазып, осы шараны жүзеге асыру үшін 70000 теңге күміс ақша сұраған болатын. Бұл екі отряд Қазалы мен Ақмешіт бекіністеріндегі әскерлермен қосылмақшы еді. Алайда генерал-губернатор В.А.Перовскийдің 1839 жылдың қысында Хиуаға жасаған сәтсіз жорығынан қалған көкжөтел дендеп, қызметтен кетуге мәжбүр боп, Орынбор өлкесін 16 жыл билеген ол 1857 жылдың жазында Қырымда Алуптада қайтыс болды. Оның орнына келген генерал-адъютант А.А.Катенин қазақтар үшін анағұрлым икемді әдіс ұстануға мәжбүр еді. Біріншіден, қазақтарда енді бас көтерер хал жоқ тақырланып кедейленіп қалған, екіншіден, бұратаналарды бұдан да әрі ашындыра беруге болмайтын. Оның үстіне жаңа әкімшілік жұртқа бұрынғы әкімдерден гөрі жағымдырақ көрінуі де керек. Алайда Ресейдің негізгі саясаты қазақтардың сағын сындырып, бас көтертпеу үшін “шайкалардың” басшыларының көзін жою күн тәртібінен түскен жоқ. Енді бір-жар сөз батырдың мінез-құлқы, кескін-келбеті жайлы. Бұдан 111 жыл бұрын И.В.Аничков батыр пір тұтып, қасына алып жүретін Сәйекеге байланысты қариялардан есіткен мынадай жайтты қағазға түсірген. Екеуі жол жүріп келе жатса, алдарын орыс арбасының ізі кеседі. Пір жолымды кәпір кескенін көрмейін деп көзін байлаттырып өтеді. Батырлығына, одан бірнеше мүшел үлкендігіне қарамастан жолы ұлық пірдің бетін қақпайды, батырлық мінезге салмайды. Жауқашарлардың Бұқарбайға аттанып бара жатқандықтарын біліп қалып, оларды шақырып алып, батыр теріс батасын береді. Оқиға батыр болжағандай болып, барымташылар өлікті атқа өңгеріп алып келеді. Жанқожаның тас-талқан тал берені шығып, ағайын арасына от тастаған кәпір өліміндегі харам өлікті көмдірмей, ешкімге де көнбей қасарысып отырып алған. Жұрт әрі-бері билерге шауып, батыр оларға да құлақ аспай ақыры бір тоқтаса осыған тоқтар деп ат шаптырып алыстағы Сәйекені алдырады. Сәйеке қиялап қиюын тауып құран жолымен дәлелдеп батырдың бетін қайтарғандай болады. “Өз мойныңа аласың ба?” “Аламын”. Сонда Жанқожа бір қолымен өлікке сойылғалы тұрған ақ түйенің құлағын, екінші қолымен Сәйекенің құлағын ұстап тұрып: “Уа, кұдіреті күшті Алла! Мынадай кәпір ісінің басы-қасында Жанқожа деген пендең жоқ. Екі дүниеде сұрауы Сәйекеден! Сұрауы Сәйекеден! Сұрауы Сәйекеден!” деп үш айқайлап намазға қатыспай кетіп қалған.
Жалғасы бар
Молдахмет ҚАНАЗ

Серіктес жаңалықтары