Еуропа мен Азия: ГЕОСАЯСАТҚА ҚАУIП ТӨНДIРГЕН «ОРЫС ҚҰБЫРЫ»...

Еуропа мен Азия: ГЕОСАЯСАТҚА ҚАУIП ТӨНДIРГЕН «ОРЫС ҚҰБЫРЫ»...

Еуропа мен Азия: ГЕОСАЯСАТҚА ҚАУIП ТӨНДIРГЕН «ОРЫС ҚҰБЫРЫ»...
ашық дереккөзі
372

ХХI ғасыр сахнасындағы «үлкен ойын» көрiгiн мүдделi де алпауыт елдер қыздыра түстi. Ең бастысы, ХIХ ғасырда дүние жүзiне үстемдiгiн жүргiзген Ресей мен Британия империяларының саяси амбициясын он орап алуға қауқарлы бұл «үлкен ойын» әлемдiк геосаясатқа ықпал ете бастады. Ал халықаралық сарапшылар табиғи ресурстарын пайдалана отырып, әлемдi бiр шыбықпен айдауды мақсат еткен Кремльдi әлемдiк БАҚ арқылы қыжыртуда: «Газ құбыры» деген терминдi «орыс құбыры» деген ұғыммен алмастыратын кез келдi».

Путиннiң «мұрагерi»…

Венесуэла мен Чили сияқты оңтүстiкамерикалық елдердiң мұнай, газ және мыс нарығын жаулап алу арқылы әлемдiк геосаясатқа ықпал етуге жанталасуда. Алайда халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, әлемдiк энергетикалық ұлы төңкерiс ресейлiк билеушi Путиннiң арқасында басталды. Қолда барды қадiрлей бiлмеген Ельцин мен Горбачев кезеңiнен кейiн әлемдiк геостратегиялық кеңiстiкке жұлқына шыққан жас жолбарыс уысындағы аса бай энергетикалық қордың көмегiмен кәрi құрлықтың өзiн мүләйiм қалыпқа түсiрiп отыр. Әсiресе, Кремль қожайынының үлесiндегi Еуразиядағы 4 газ құбыры жобасының (Германия, Түркия, Жапония және Қытаймен бiрлескен жоба) ауқымының кеңдiгi соншалық, бүкiләлемдiк геосаясатты түбiрiмен өзгертуге қауқарлы. Iштей ширыққанмен, қолдан келер қайраны жоқ батыстық саясаттанушылар: «Газ құбыры» деген терминдi «орыс құбыры» деп өзгерту керек» деп қыжыртуда. Ал «Peak Oil» ұйымы «Ресей мұнайы мен газының арқасында жайлап бүкiл әлемге билiгiн жүргiзiп келедi» дейдi. «Әлемнiң жетекшi газ концернi саналатын «Газпромды» Кремльдiң «шекпенiне орап берген» «энергетикалық патша» – ВВП алпауыт компанияның басшылығына мемлекеттiк қызмет ұсынуға дейiн барды. Мысалы, «Газпромның» Директорлар кеңесiнiң төрағасы Дмитрий Медведьевтi вице-премьер етiп тағайындады» (Питер Лавелль, UPI). Саясаттанушылардың көпшiлiгi Медведьевтi Владимир Владимирұлынан кейiн таққа отыратын мұрагер ретiнде қабылдауда. Ал Путиннiң жуырдағы Германия, Түркия мен Оңтүстiк Кореяға жасаған iссапары «Газпром» мен «Роснефть» Ұлттық компаниясының халықаралық бағдарламалары аясында жүргiзiп отырған энергетикалық стратегиясын бiлдiредi. Халықаралық сарапшылардың «Орыстық-немiстiк газ құбырының құрылысы еуропалық геосаясатты түбегейлi өзгертiп жiбередi» деп аттанға басуы да осы себептен. «Геосаясат» демекшi, бiр кездерi айбынымен дұшпанын алыстан-ақ ықтырған «екi басты самұрықтың» бүгiнде сағы сынып қалған. Сондықтан Кремль Ресейдi ұлы державалар қатарына қосқанша, тыным таппақ емес. Тiптi, өткен аптаның соңында жер шарына Ресейден ағылшын тiлiнде хабар тарататын «News today» телеарнасын да ашты. Телеарнада жұмыс iстейтiн 300-ге жуық тiлшiнiң басты мақсаты – кезiнде «қасықтап жинаған абыройын шөмiштеп шашып алған» орыс елiнiң әлемдiк деңгейдегi беделiн «қайта қалпына» келтiруге қызмет ету. Алайда халықаралық саясаткерлердiң көпшiлiгi, әсiресе, америкалық сенатор Джон Маккейн адам құқығының сақталмайтынын айтып, Ресейге жиi қысым жасауын доғарар емес. Ал әлемдiк саяси аренада «сақал сұраймын деп жүрiп, мүйiзiнен айырыла жаздаған» Вашингтон «адам құқығының сақталуы» мәселесiне келгенде сәл жiбiген сыңайлы. Әрине, Вашингтонның да, Брюссельдiң де сыны мен мiнiне Кремльдiң пысқырмасы анық. Сондықтан Ақ Үй заңды өрескел бұзған жағдайлардың өзiнде Кремльдiң атына сыпайы ескерту айтудан әрiге бармай жүр. Есесiне, Жер шарындағы барлық мемлекеттердегi саяси және жеке тұлға бостандығының сақталуына баға беретiн халықаралық «Freedom House» құқық қорғау ұйымы 2004 жылы КСРО ыдырағалы берi алғаш рет Ресейдi «азаматтардың бостандығы жоқ ел» деген ең төменгi сатыға қойды. Салыстырмалы түрде алсақ, 1990 жылы қылышынан қан тамған Кеңестер одағының өзi «кейбiр жағдайларда бостандық берiлетiн ел» деген бағаға ие болған едi.

Түрiктердiң ұпайы түгел

НАТО құрамындағы жалғыз ислам елi – Түркиядағы ресми сапарының барысында Владимир Владимирұлы «Көгiлдiр отын» газ құбыры жобасының ашылу салтанатына қатысқан болатын. Жалпы құны 3,4 миллиард долларға бағаланған бұл құбырдың сыйымдылық мөлшерi 16 миллиард текшеметр. Жобаға әлемдiк алпауыттардың бiрi – итальяндық «ENI» концернi мен ресейлiк «Газпром» қатысты. АҚШ-ты ашық қолпаштайтын екi мемлекеттiң көңiлiн таба бiлген Кремль орыстық-түрiктiк-итальяндық газ құбырының маңызын Қап тауының етегiндегi америкалық-британдық мұнай құбыры – Баку-Джейхан-Тбилисидiң маңызынан да арттырып жiбердi. Ешқандай дабырасыз, ың-шыңсыз… Сарапшылар қауымы путиндiк құбырдың келешекте израильдiк «Ашкелон» портына дейiн жетiп жығылуы әбден мүмкiн екендiгiн айтады. Негiзi РФ президентiнiң Ресейдi еуразиялық кеңiстiктегi жетекшi елге айналдыруға талпынған әрекетi тегiн емес. Бейресми деректерге сүйенсек, Путин Оңтүстiк Кореяда «Жапония мен Қытайдың энергоқорларға деген сұранысының бiр бөлiгiн қанағаттандыруға қабiлеттi» «шығыстық құбыр» туралы ойын талқыға салыпты. Тынықмұхиттық аймаққа қарай бағытталатын ұзындығы 2 мың шақырымдық бұл құбырдан Қытай алғашқы кезеңде төрттен үш бөлiгiн, ал Жапония бiр күнде өндiрiлетiн газдың жалпы көлемiнiң (600 миллиард баррель) ширек бөлiгiн иеленетiн болады. Шикiзат өндiру қарқыны 2010 жылға қарай 3 есеге дейiн өседi деп жоспарлануда. Бұл жобаға Жапония 18 млрд. доллар, сондай-ақ, «Сахалин-1», «Сахалин-2» газ кен орнын игеру мақсатында 8 млрд. доллар көлемiнде қаржы бөлуге дайын отыр. Әлемдiк саяси сахнада жетекшi және үстемдiк етушi мемлекет ретiнде әрекет етуге тырысатын Ресей Қытай мен Жапония арасындағы жер дауына араласуға мүдделi еместiгiн ашық мәлiмдей отырып, газ құбыры арқылы екi елдi де айтқанына көндiрiп, айдағанына жүргiзбек. Геосаясат жөнiндегi халықаралық сарапшы Федерико Бордонаро «Көгiлдiр отын» газ құбыры қолындағы шикiзат көздерiн саяси ықпалды арттырудағы басты құрал ретiнде қарастырып отырған ресми Мәскеуге Ресей, Еуропалық Одақ, АҚШ пен Түркияның Оңтүстiк Балқан, Қара теңiз бен Каспий теңiздерi аймағындағы геоэкономикалық бәсекелестiкте көптеген мүмкiндiктер беретiнiн айтады. Мұнай мен газдан құралақан қалған Түркия ресейлiк-итальяндық «Көгiлдiр отын» мен америкалық-британдық Баку-Джейхан-Тбилиси жобаларының арқасында мұнай мен газ тасымалдайтын энергетикалық көпiрге айналды. Бұл орайда ресми Анкара ғана емес, Кремльдiң арқа-басты кеңге салатын жөнi бар: энергетикалық картаның бар «көзiрiн» қолына жинаған Ресей Оңтүстiк Еуропадағы ықпалын ендiгi күшейтiп алды. Осының нәтижесiнде кейiнгi кездерi экономикалық және әлеуметтiк ахуалы сын көтермей жүрген Ресейдiң қаржылық және саяси қуатын арттыруға мүмкiндiк туды.

«Маңғыт, аузыңа саңғыт»…

Қазiргi таңда «Газпром» Мурманск арқылы АҚШ-ты табиғи газбен қамтамасыз ететiн газ құбыры жобасын қарастыруда. Таяушығыстық мұнай шикiзатына деген тәуелдiлiктi азайтуға мүдделi Вашингтон Кремльдiң бұл ұсынысына қуанбаса, қабақ шытпасы анық. Сарапшылардың «3,2 миллиард текше метр газ қоры бар әрi орналасқан жерi де тасымалға өте қолайлы Штокман кен орны алдағы 50 жыл iшiнде АҚШ-ты табиғи газбен қамтамасыз ете алады» деген болжам соңы «Мурманскiден бастау алған газ құбыры Канада мен АҚШ-қа дейiн жеткенде, әлемдiк геосаясат түбегейлi өзгерiске ұшырайды. Геостратегиялық «көзiрдiң» барлығын қолына жинап алған Кремль дүние жүзiн «ашса-алақанында, жұмса-жұдырығында» ұстауға талпынатыны айқын. Оның үстiне, Мурманск газының құны қанша тұратыны да әзiр белгiсiз» деген күдiкке ұласып кетедi. Кейбiр мамандардың айтуына қарағанда, «Көгiлдiр отыннан» басқа жобалардың барлығы да Ресейдi қайтадан әлемдiк деңгейдегi жетекшi рөл атқаратын мемлекетке айналдыруға бағытталған путиндiк стратегияны бiлдiредi. Осыдан екi аптадай уақыт бұрын әлемге танымал сарапшы Питер Лавелль бастаған сегiз маман «Ресей – энергетикалық алпауыт» тақырыбына сараптамалық баяндама дайындады. Баяндамада Лавелль: «Путин мемлекеттiк энергоқорларды iшкi саясаттағы басты құралына айналдырды. Ол энергетика көмегiне сүйене отырып, Ресейдi әлемге ықпал ететiн державаға айналдыруды көздеуi мүмкiн» деп жазды. Ал КСРО құрамында болған елдер мен Ресей жөнiндегi сарапшы, академик Гордон Хан: «Ресейдiң ядролық арсеналы мен геостратегиялық ахуалы оның энергетикалық ресурстарының арқасында аймақтық (орталықазиялық аймақтық – Н.Ж.) держава мен әлемдiк аренадағы жетекшi ойыншыға айналуын айқындайды» дейдi. Мәскеудегi «Sovlink Securities» компаниясының сарапшысы Эрик Краус: «Америкалықтардың Михаил Ходорковскийге қолдау көрсетуiне орыс олигархының «ЮКОС»-тың 50 пайыз акциясын «ExxonMobil» корпорациясына сату арқылы америкалықтарға Ресейдiң мұнай кен орындарын беруге уәде етуi себеп болған» дейдi. Ходорковскийдiң қазiр қайда жүргенiне қарап ой қорытсақ, «маңғыт, аузыңа саңғыт»…

60 жылдық жер дауы

Америкалық журналист Рон Синовиц «Asia Times» басылымындағы мақаласында «Путин Жапониямен мұнай құбырының «ойынын» ойнап отыр және оны (Жапонияны – Н.Ж) Қытайға қарай айдап салуға ұмтылады» деп жазады. Әрине, екi ел де ресейлiк мұнай мен газға «тек өзi қожалық ету» қағидасын ұстанса, Путин керiсiнше, азиаттық және тынықмұхиттық кеңiстiкке үстемдiк жүргiзудi армандайды – «Ресей жапондық фирмалардың Сiбiрдiң мұнайлық инфрақұрылымына, қайта өңдеу индустриясына және жоғары технология саласына көптеп инвестиция құюына ықпал етуге тырысуда» (Рон Синовиц). Тарихқа көз жүгiртсек, 1945 жылы жапондармен соғысқан КСРО Жапонияның Курил аймағындағы 4 аралын қанжығасына байлаған болатын. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы орыстардан жерлерiн қайтарып ала алмай жүрген жапондар Кремльдiң 2 аралды ғана қайтарып беруге байланысты жасаған ұсынысын қабыл алудан бас тартты. «India Daily» басылымының тiлшiсi Судхир Чадда Ресей мен Жапония арасында стратегиялық сауда аляьнсының құрылайын деп жатқанын, бiрақ мұндай аса кең ауқымдағы үлкен қадамға екi ел арасындағы жер дауы кедергi келтiретiнiн айтады. Чадданың пiкiрiн Ұлыбританиядағы Уоррик университетiнiң сарапшысы Кристофер Хьюз де растайды: «Қырғи-қабақ соғыстың» соңына қарай Ресей құрдымға қарай құлдыраса, керiсiнше, Жапонияның «тасы өрге домалаған» едi. Ал қазiргi жағдай бұған мүлде кереғар. Баяғы беделiнен айырылып қалған Жапония аймақтық дипломатия мен мұнай шикiзатын пайдалануда басымдыққа ие әрi оған аса iрi экономикалық бәсекелес болып табылатын Қытайдың тегеурiнiне төтеп беруi тиiс. Сондықтан да Курил аралдарына қатысты жер дауын төтесiнен қоюға батпайды».

«Кремль доллардың «жаназасын» шығармақшы ма?»

Жапония мен Ресей арасындағы жер дауына қатысты бiлдiрген Чадда мен Хьюз пiкiрiне қарсы уәж айтқандар да жеткiлiктi. Солардың бiрi, мұнай саласына қатысты ақпараттар тарататын «Platt’s» жаңалықтар қызметiнiң азиялық нұсқасының бас редакторы Дэйв Эрнсбергер, керiсiнше, «Ресейге Жапонияның iшкi саясаты емес, өзiнiң әлемдiк ықпалы әлдеқайда маңызды болғандықтан, Кремль энергетикалық қорын пайдалана отырып, Қытай мен Жапонияны мұнай мен газ құбырына қатысты ортақ мүддеге тоғыстыруға күш салады. Өйткенi, мұнай шикiзатын пайдалану көлемi жағынан алғанда, Жапония – АҚШ пен Қытайдан кейiнгi үшiншi орынды алатын мемлекет» дейдi. Жуырда ресми Мәскеу Токиомен бiрге Сiбiр мен тынықмұхиттық жағалауды жалғастыратын ұзындығы 4100 шақырымдық мұнай құбырының құрылысына қатысты келiсiмге қол қойды. Путин күнiне 1,5 млн. баррель мұнай тасымалдауға қабiлеттi бұл құбырдан Жапонияның шаш-етектен пайда табатынын мәлiмдедi. Жалпы құны 16 миллиард долларға бағаланып отырған мұнай құбырының құрылысы 2006 жылдың соңына қарай қолға алынбақ. Аталған соманың жартысын жапондар қазiр-ақ қалтасынан суырып салуға дайын отыр. Ресми Токионың көкейiн тескен мәселе – орыс мұнайының көмегiмен таяушығыстық энергоқорларға қатысты тәуелдiлiктi 15 пайызға дейiн төмендету. Әрине, геостратегиялық ойындар тек энергоқорларға байланысты емес. Азия елдерiне жасаған сәттi сапарынан кейiн ресейлiк алтын өндiру саласының орталығы саналатын Магаданда мәлiмдеме жасаған ВВП көпшiлiктiң төбесiнен жай түсiргендей болды: «Ресей алтын-валюта қорындағы алтынның үлесiн ұлғайтуға мүдделi». Кремль қожайынының қалжыңы мен шынының ара-жiгiн жиi ажырата алмай қалатын Вашингтон: «Ресей энергетикалық шикiзаты мен алтынын пайдалана отырып, доллардың төбесiне қара бұлт үйiргелi отырған жоқ па?» деген сауалмен бас қатырып әлек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары