«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» ҚОЗҒАЛЫСЫ ТАҒЫ ДА ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ
«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» ҚОЗҒАЛЫСЫ ТАҒЫ ДА ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ
Бұл жолғы үндеу жолаушы тасымалдайтын көлiктерге арналып отыр. Бiр Алматының өзiнде 16 автопарк трамвай, троллейбустарды қоспағанда 173 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетiп жатыр. Оларда 2700-ге жуық автобустар бар. Осы автобустардың барлығында дерлiк жол жүру билетi әлi күнге қазақшаланбай тұр. Жүргiзушiлер де, билет тексерушiлер де аялдамаларды ескi атауымен және орыс тiлiнде хабарлағанды ұнатады. Қоғамдық көлiктер бiр жылдың өзiнде қалада 300 миллион адамға қызмет көрсететiнiн ескерсек, ондағы мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейтудiң маңызы өте зор. Сондықтан «Ұлт тағдыры» қозғалысы студенттермен қосылып Алматыда үлкен акцияны бастағалы отыр. Бұл шара Алматыда ғана емес, елiмiздiң барлық аймағында жалғастыруды көздеп отыр. Ал, Алматыдан бастауының себебiн, республиканың мәдени және рухани орталығы болып саналатындығымен түсiндiредi.
Қазақстанда қазақ тiлiне мемлекеттiк мәртебе берiлгенiне 16 жылдан асты. Соған қарамастан, тiлiмiз әлi күнге өз деңгейiне көтерiле алмай отыр. Пұшайман күй кешкен қазақ тiлi жолаушы тасымалы көлiктерiнiң де есiгiнен сығалай алмай жүргенiне де сонша уақыт.
Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қоймасында радиациялық қалдықтардың сексен пайызы жабылмай, ашық жатыр. Мұнда қырық жылдан берi 100 миллион тоннадан астам радиациялық қалдық жиналған екен. Бұл бұрынғы химия-металлургия және күкiрт-қышқылы зауыттары, сондай-ақ, уран өндiрiсiнен шыққан радиациялық мөлшерi қалыпты жағдайдан он бес есе артық улы заттардан тұрады. Ал мұның салдары өте көп. Қоршаған ортаға орасан залал келтiрiп, жергiлiктi халықтың ағзасын улауға да өз септiгiн тигiзедi. Ол қойманың Каспий маңына жақын орналасуы да қатердi ұлғайтып отыр. Ал сол аймаққа барып, Маңғыстау өңiрiнiң ахуалын өз көздерiмен көрiп қайтқан депутаттар жергiлiктi халыққа бұл мәселенi жауапсыз қалдырмайтындығын айтып, уәдесiн берiп қайтты.
Өткен аптаның аяғында халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетi мен «Мөлдiр бұлақ» журналының ұжымы мен оқырмандары Пәкiстанда болған жер сiлкiнiсiнен зардап шеккендерге арнап 10 мың доллар көлемiнде заттай көмек көрсеттi. Пәкiстан халқының басына туған бұл үлкен қайғыға ортақ көңiлдерiн бiлдiрiп, шын ықыластарын жеткiзу үшiн осы басылымдардың директоры Ахмет Аляз мырза мен газеттiң бас редакторы Ертай Айғалиұлы Қазақстандағы Пәкiстанның елшiсi Ирфан-ур-Рехман Раджамен арнайы кездестi.
Пәкiстанда болған жер сiлкiнiсiнен 73 мыңнан астам адам қайтыс болып, 130 мыңдай адам ауыр жарақаттанған. Ал екi жарым миллиондай пәкiстандықтар үйсiз-күйсiз қалған екен. Қираған қалаларды қалпына келтiру үшiн, кем дегенде екi-үш жылдай уақыт керек көрiнедi. Ал жер сiлкiнiсiнен кейiн елдi-мекендердi қайта тұрғызу үшiн шамамен 5 млрд. доллардай қаражат қажет екен.
Осы аптада дәл осындай көмектi ҚазҰУ-лықтар да жасады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң ұжымы Пәкiстан халқына көмек ретiнде бiр күндiк еңбекақыларын аударды. Бұл ұсыныс университеттiң Ғылыми кеңесiнiң мәжiлiсiнде бiрауыздан мақұлданып, шешiм қабылдаған.
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетiнде жыл сайын исламтанушылардың басқосуы дәстүрге айналды. Ал осы жолғысының бұрынғылармен салыстырғанда мән-маңызы ерекше. Бұл жиынға исламтанушы ғалым-зерттеушiлермен бiрге облыс пен өңiрлердегi Бас имамдар да анағұрлым қызығушылық танытып, көбiрек қатысты. Елiмiздегi бiрден-бiр ресми дiни жоғары оқу орны исламтанушылардың да орталығы екендiгiн аңғартты. Осыған орай, «Исламтану және араб филологиясы мәселелерi» атты үшiншi халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз мәртебесiне лайық деңгейде өттi.
Бұл келелi басқосудағы Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi мен Египет Араб республикасының Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Әбу әл-Мәужид Хабашидiң сөйлеген сөздерi исламтанушылар пiкiр алысуының мән-маңызын аша түстi. Бiр күнге созылған жиында Ислам өркениетi, араб тiлiн оқыту, зерттеуге байланысты көптеген баяндама жасалды. Әсiресе, университеттiң доктор, профессорлары Әли Әли Шағбан, Шәмшаддин Керiм, Махмуд Фуат, Мухаммед Махфуз, Ата Әбд-әл – Ата Мұхаммед, Алау Әдiлбаев пен Мұхиддин Пәттенiң баяндамалары мазмұнды шықты.
Қазақстанның ежелгi өнер туындыларына арналған көрме 2006 жылдан бастап, АҚШ-тың бiрнеше штаттарын аралап қайтпақ. Осы көрме арқылы американдықтарды еуразиялық құрлықты мекен ететiн халықтың тұрмыс-тiршiлiгiмен, тарихымен таныстырмақ.
«Алтыннан және шөптен жасалған бұйымдар: Қазақстан көшпендiлерi» деп аталатын бұл көрме АҚШ-қа сапарын әуелi Калифорния штатының Сан–Диего қаласындағы Әлем халықтарының өнер туындылары халықаралық мұражайынан бастамақ. Көрменiң негiзгi жәдiгерi – «Сақ жауынгерiнiң» көшiрмесi болып табылады. Алматы маңындағы Есiк қорғанынан 1969 жылы табылған «Алтын адам» қазақстандық археологияның жауһары болып табылады. Сақ жауынгерiнiң киiмi 4 мыңнан аса айшықты асыл тастармен және алтынмен зерленiп, әрқайсысы шеберлiкпен әдiптелген. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 3-2 ғасырлардың мұрасы болып табылатын «Алтын адам» американдықтарды тәнтi етедi деген үмiтiмiз де бар.
Ауғанстанда отыз жылда алғаш рет сайланған Ұлттық ассамблеяның мәжiлiсi ашылды. Мәжiлiске жиналған 350-ге жуық халық қалаулылары ел президентi Хамид Карзайдың алдында ант берiптi. Ұлттық әнұран ойналған мәжiлiске АҚШ вице-президентi Дик Чейни мен шет елдерден келген басқа да лауазымды қонақтар қатысты. Ауғанстан басшылығы бостандықта жүрген тәлiптер сессияның өтуiне кедергiлерiн тигiзер деген себеппен қауiпсiздiк шараларын ұйымдастырып, қорғанысты күшейткен екен. Парламентiнiң үштен екi бөлiгiн әйелдер құрайтын халық қалаулыларының мәжiлiстi өткiзудегi басты мақсаты – соғыстан көз ашпаған елде қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қалпына келтiру жолдарын талқыға салмақ.
Өзбекстан бас прокуратурасы кәсiпкер әйел Надира Хидоятованың үстiнен қылмыстық iс қозғады. «Күн сәулелi Өзбекстан« оппозициялық қозғалысына жетекшiлiк ететiн Надира ханымды Өзбекстан мұнайын шетелдiк компаниялар арқылы экспорттап, одан қыруар қаржы тауып, мемлекетке салық төлеуден бас тартып отыр деген айып тағылуда. Өзбек қауiпсiздiк қызметкерлерi Хидоятова ханымды Ташкент аэропортында қолға түсiрiп, тұтқынға алыпты. Өзбекстан астанасына Надира ханым Ресейден келiп, ел президентi Ислам Кәрiмовке қарсы үгiт-насихат кампаниясын жүргiзген. Ал «Күн сәулелi Өзбекстан» қозғалысының мүшесi боп саналатын сiңлiсi Хидоятова Нигораның айтуынша, Надираның тұтқындалуының себебi, оның саяси iс-әркеттерiне тiкелей байланысты көрiнедi.
Тәуелсiздiк тойы Оңтүстiк Астанада 16 желтоқсан күнi Республика алаңында сағат 10-да басталды. Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң қатысуымен Республика алаңындағы тәуелсiздiк монументiне гүл шоқтарын қою рәсiмiмен басталды. Дәл сол күнi әкiм 2005 жылдың 9 желтоқсанында Екатерина, Эвелина және Ирина есiмдi үшеуi дүниеге келген Никитиндер отбасына үш бөлмелi пәтердiң кiлтiн табыстады. Жиналған қауымға Желтоқсан көтерiлiсiнiң деректi кадрлары көрсетiлiп, Роза Рымбаеваның, Ескендiр Хасанғалиевтiң, Сұлтан Байсұлтановтың, Лаки Кесоглудың, Мәдина Сәдуақасованың және басқа да өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт берiлдi.
Ал 17 желтоқсан күнi Республика алаңында қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң, аудан әкiмдерiнiң және «Желтоқсан« қозғалысы мүшелерiнiң қатысуымен Тәуелсiздiк монументiне гүл шоқтарын қою рәсiмi өттi. Сол күнi қала әкiмдiгiнiң ғимаратында Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушылардың бiр тобына пәтер кiлттерi тапсырылды.
Чешенстанның емханаларына бiр тәулiк iшiнде уланған 13 бала келiп түсiптi. Оның төртеуiнiң жағдайы мүлдем мүшкiл көрiнедi. Барлығының да науқасы бiрдей көрiнедi. Бастары ауырады екен, әлсiздiк басым. Емханаға түскендердiң жартысынан көбi қыз балалар көрiнедi.
Олардың неден уланғанын әзiрге дәрiгерлер анықтай алмай отырғанға ұқсайды. Мұндай дертке ұшыраушылар саны Чешенстанда соңғы кездерi көбейiп тұр екен. Осыған орай, чешендер қылмыстық iс қозғап, аурудың шығу себептерiн iздестiрiп жатыр. Бұл жағдай тағы да қайталана беретiн болса, онда арнайы комиссия шығарып, уланудың себебiн анықтамақ болып отыр.
Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ