«ӘЛЕМ АРУЫ» АТАНҒАН ИСЛАНДИЯЛЫҚ БОЙЖЕТКЕН

«ӘЛЕМ АРУЫ» АТАНҒАН ИСЛАНДИЯЛЫҚ БОЙЖЕТКЕН

«ӘЛЕМ АРУЫ» АТАНҒАН ИСЛАНДИЯЛЫҚ БОЙЖЕТКЕН
ашық дереккөзі
368

«Әлем аруы – 2005» биыл 55-шi өткiзiлiп отыр. Қытайда өткiзiлген бұл байқау жылдағыдан ерекше өтiптi. Оның ерекшелiгi байқауға қатысушылар Азиялық Тынық мұхитынан, Еуропаның солтүстiгiнен, Кари аймағынан, Солтүстiк және Оңтүстiк Америка, Африка болып бөлiнiп, 115 елден келген 115 сұлу әлем аруы атағы үшiн бақ сынасқан.

115 қыздың iшiнен оқ бойы озып, алға шыққан исландиялық Уннур Бирна Вилхджалмсоттир атты бойжеткен «Әлем аруы-2005» атағын жеңiп алды. Ал екiншi және үшiншi орындарды Мексикадан және Пуэрто-Рикоден келген арулар жеңiп алыпты.

Жыл сайын өткiзiлетiн бұл байқауға бүгiнде дүниежүзi үшiн айтулы меркеге айналған. Дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен келiп, бағын сынайтын арулардың қатарында қазақ аруының да маңдайы жарқырар күн туар ма екен, шiркiн?!

АСТАНАДА ҚАЗАҚ ЦИРКI АШЫЛДЫ

Қазақ мәдениетi цирк өнерiнiң де қосатын үлесi мол. Қазақ циркiнiң қара шаңырағы саналатын Алматы циркiнiң қатары көбейiп, Астанада тағы бiр цирк тұсауын кестi. Жуырда ғана құрылысы аяқталған цирк ғимаратының көлемi 26 мың 658 шаршыметрдi құрайды. Ғимарат 2000 көрерменге есептелiп жасалған. Тiптi, адам өмiрiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн барлық шаралар да қарастырылған көрiнедi.

Қазақ циркiнiң атқарушы директоры Балтабек Балтабаев: «Бiз труппаны жасақтағанда оған цирк өнерiнiң негiзгiсi болып табылатын аккробатика, гимнастика, дрессура сияқты қойылымдарды көрсете алатын өнер иелерiн қамтуға тырыстық. Сондай-ақ, алғаш рет қазақ циркiнде жыртқыш аңдар аттракционын ұйымдастыратын боламыз»,–дейдi. Сондай-ақ, қазiргi уақытта циркте жолбарыс, маймыл, аю сияқты аңдар да бар көрiнедi. Сонымен қатар, цирк ұжымының 80 пайызын қазақтар құрайды екен.

ПӘКIСТАНДА ЖАРЫЛЫСТАН 12 АДАМ ҚАЗА БОЛДЫ

Бүгiнде анда жарылыс болыпты, мында жарылыс болыпты дегенге еш таңданбайтын болдық. «Апат айтып келмейдi« десек те, қаптаған апаттардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Ал бұл жолғы апат табиғаттың заңдылығынан емес, адамның қолымен келiп отыр. Пәкiстанның Жандола кентiндегi дүкенде жарылыс болып, соның салдарынан 12 адам қазаға ұшырап, 35-i жараланыпты. Барлау қызметiнiң өкiлдерi қару сатылатын жақын маңдағы сауда дүңгiршектерiнiң де өртке оранғанын мәлiмдейдi. Өрттiң салдарынан қонақ үйде зиян шеккенге ұқсайды. Шабуыл елдiң Ауғанстан шекарасына таяу маңдағы Уәзiрстан аймағында болыпты.

МАҢҒЫСТАУДАН ТАБЫЛҒАН ЖӘДIГЕРЛЕР

Маңғыстауда археолог ғалымдар сол маңнан табылған тарихи-жәдiгерлердiң көрмесiн ұйымдастырып жатыр. Соңғы үш жылда табылған бiр iрi қала мен 4 шағын мекенде жүргiзiлген қазба жұмыстарының нәтижесiн қалың жұртшылыққа ұсынып жатқан ғалымдардың айтуынша, әлi де зерттелiнбей жатқан дүниелер баршылық көрiнедi.

Аталмыш көрмеге 100 ден аса жәдiгерлер қойылыпты. Археологтар аталған мерзiм iшiнде қызыл түстi тастардан ғана қаланған көне «Қызыл қала» орнын зерттеген. Ал «Қызыл қала» Атыраудағы «Сарайшық« шаһарынан да ерте пайда болған дейдi мамандар.

Кейiнгi қазба жұмыстары «Қосқұдық» пен «Үлкенқұдық» мекендерiнде жалғасын тауыпты. Ол жерлерден табылған зираттар жұмыртқа тәрiздес, ал мүрделер ана құрсағындағы бала iспеттес жатқызылыпты. Осыған қарағанда, байырғы көшпендiлер адам жұмыртқадан пайда болды деген тұжырымды ұстаған сияқты дейдi зерттеушi ғалымдар.

Жергiлiктi археологтар келер жылдан бастап, Ұлы Керуен жүрiп өткен жолдар Үстiрт пен Орал–Каспий аймағын зерттеудi жоспарлап отыр екен. Тек бар мәселе қаржыға тiрелiп отырғанға ұқсайды.

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ БАС ШЫРША АЛАУЫН ЖАҚТЫ

Өткен аптаның сенбiсiнде Алматыдағы Республика алаңында оқуда озат әрi қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан оқушылар қала әкiмшiлiгiнiң шешiмiмен Жаңа жылдық бас шыршаның мерекелiк алауын жақты. Бүгiнге дейiн оңтүстiк астананың бас шыршасын елiмiзге белгiлi азаматтар жағып келген болатын. Театрландырылған қойылымдар мен эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуi – алаңға жиналған 800-ге жуық балаға Жаңа жылдық дем бердi.

Аталмыш шараға қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов те қатысып, бүлдiршгiндерге мерекелiк тiлегiн бiлдiрдi.

Биiктiгi 20 метрдi құрайтын қалалық бас шыршаға мыңдаған әйнек шарлар мен ондаған мың шырақтар iлiнiптi. Бұл салтанатты шара қаладағы Жаңа жылдық мерекелердiң басталғанын айғақтайды.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС СКРИПКАШЫЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢIМПАЗЫ АТАНҒАН ОҚУШЫ

Астанада жас скрипкашылардың байқауы өттi. Аталмыш байқауды «Дарын« республикалық тәжiрибелiк орталығы мен Қазақ ұлттық музыка академиясы ұйымдастырыпты. Байқауға арнайы музыка мектептерiнен келген төменгi топтағы 10-12 жас аралығы мен жоғары топқа жататын 13-16 жас аралығындағы оқушылар қатысқан. Қазақ ұлттық музыка академиясының жанындағы музыкалық мектеп оқушысы Ләйла Ахметова бас жүлдеге ие болды. Ал төменгi топ бойынша бас жүлденi Қырғызстаннан келген кiшкентай оқушы Айзада Болатбекқызы иемденiптi.

Байқауға қатысушыларды қабылдаған ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Майра Айсина: «Шетелдерде осындай сайыстар бұрыннан өткiзiлiп жүр. Ал Елордада тұңғыш өткiзiлген бұл байқаудың да көрсеткiшi жаман емес. Бұл байқауды болашақта бұдан да жоғары деңгейде ұйымдастыруды қолға алуымыз қажет» дегендi алға тартты.

ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГЕН ЖАҢА КУӘЛIК

Осы аптада республика аумағында көлiк жүргiзушi куәлiгiнiң жаңа үлгiсi қолданысқа ене бастады. Әзiрге құжаттардың берiлуi Астана мен Алматы қалаларында ғана жүзеге асуда. Ал үстiмiздегi 2006 жылдың қаңтарынан бастап, жаңа куәлiк облыс және аудан орталықтарында да берiле бастайды. Сондай-ақ, жаңа құжатты жүргiзушiлердiң барлығының алуы мiндет емес. Оны әзiрге емтихан тапсырып, тұңғыш рет жүргiзушi куәлiгiн алатындар мен мерзiмi 10 жылдан асып кеткен жол құжаттары барлар ғана ала алады.

Пластикалық карта үлгiсiмен жасалынған жаңа құжаттың iшiнде микрочип те бар екен. Онда құжат иесi мен оның автокөлiгi туралы барлық ақпарат та бiрге жазылып тұрады. Азаматтың аты-жөнi, тұрғылықты мекен-жайы, көлiктiң техникалық байқаудан өткен-өтпегендiгi, жол ережесiн бұзған-бұзбағаны, сол үшiн тағылған айыпты өтеуi, сақтандыруы бар ма, жоқ па деген сияқты ақпараттың бәрi қамтылады.

Сондай-ақ, жаңа құжат халықаралық талаптарға сай әзiрленiп отыр. Женева конвенциясы қол қойған құжатпен осы халықаралық құжатты бекiткен 181 мемлекеттердiң жолымен де жүруге болады екен. Ал құжатты тексеру үшiн қажеттi құрал-жабдықтар келер жылдың алғашқы айларының бiрiнде Жол полициясы қызметкерлерiнiң қолына тимек.

ҚАЖЫҒҰМАРДЫҢ ЖАҢА КIТАБЫ

Өткен жылы Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы Қытайдағы жазба әдебиеттiң негiзiн қалаушылардың бiрi, белгiлi қаламгер Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романын жарыққа шығарған едi. Қазақстанда жарық көрген аталмыш туындыны оқырман қауым да жақсы қабылдаған.

Ал биылғы жылы Қажығұмар Шабданұлының 80 жасқа толуына орай Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспасынан шыққан «Қылмыс» романының бiрiншi кiтабының тұсаукесер рәсiмiне арналған салтанатты кеш өтпек.

Қажырлы жазушының шығармаларының шыңы iспеттес 6 томдық «Қылмыс» кiтабының жарық көруi сексеннiң сеңгiрiне келiп отырған қаламгерге тарту ретiнде ұсынылып отыр.

СИДНЕЙДЕ ТУЫНДАҒАН ТОЛҚУЛАР

Сиднейде туындаған толқулардың себебi нәсiлшiлiктен туып отырғанға ұқсайды. Қала жастары машиналар мен дүкендердi көптеп қиратуда. Куәгерлердiң айтуынша, қала маңындағы Кроннула – Бич деген ауданның тас-талқаны шығыпты. Ұлтаралық қақтығысты тудырып отырған жастар араб және жерортатеңiздiк қауымдастықтардың өкiлдерiне жиi шабуылдар жасап, оқиғаның салдарынан 30-дан астам жарақаттаныпты. Ал ол бейберекет әрекеттердi тудырушы топтарға қатысы бар деген 28 адам тұтқынға алыныпты. Ұлтаралық қақтығыстың шығуына өткен аптаның iшiнде таяушығыстық екi азаматтың Сиднейдiң Кроннула жағалауында екi құтқарушыны соққыға жыққаны себепкер болып отырған сияқты. Әзiр толқуды тоқтату мүмкiн емес сияқты. Оның үстiне, жергiлiктi тұрғындар жағалауға келiп демалатын араб өкiлдiктерiнiң тұрғылықты халыққа күн көрсетпейтiнiн айтып, шағымданып келген екен.

АҚШ ПЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ ӘСКЕРIН ӘКЕТПЕК

Құрама Штаттар мен Ұлыбритания Ирактағы өз әскерлерiн үстiмiздегi 2006 жылдың наурыз айынан бастап шығара бастауы мүмкiн дейдi британ басылымдары. Бұл мәлiмдеменi британдық Times газетi батыстың диломаттық топтарына сiлтеме жасай отырып хабарлайды. Басылымның хабарламасына қарағанда, сайлаудан кейiн Ирактың жаңа үкiметiмен талқылайтын алғашқы мәселелердiң бiрi – қауiпсiздiктi қамтамасыз ету өкiлеттiктерiн бiртiндеп беру мәселесi болмақ. Бұл жыл бойына жүзеге аспақ екен. Ал қазақ ақпарат агенттiгiнiң мәлiмдеуiнше, қарашаның 30-да Аннополистегi АҚШ-тың Әскери-теңiз академиясында сөз сөйлеген Дж Буш Ирак толық жеңiске жеткенше, Құрама Штаттар өз әскерiн Иракта қалдыра тұратынын мәлiм еткен.

Ал аталмыш басылым болса, жақында Ирактың Ұлттық Ассамблеясында өткелi отырған сайлауды әскердi ел аумағынан шығаруға берiлетiн белгi ретiнде қарастырып отыр дегендi жазады. Бұл оқиғаның қаншалықты шындыққа жанасатындығын, келешек уақыт өзi-ақ дәлелдейтiн болады.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары