ҚАЗАҚ ЕЛІ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
ҚАЗАҚ ЕЛІ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Нұрсұлтан Назарбаев 7 жылдық мерзімге қайта сайланды. Сан сайлауда сан соғып қалып жүрген оппозиция бұл жолы неден мүлт кетті? Саяси додаға түспей жатып-ақ жеңілетіндерін «мойындап үлгерген» екі үміткердің көздеген мақсаты не еді? «Ескі» әрі «су жаңа» Президенттен өзгелер неге ойсырай жеңілді? Назарбаевтың бұл жеңісі нені білдіреді? Саяси белсенділік деңгейі аса жоғары болған қазақстандық сайлаушылар өз таңдауын бүкпесіз және ашық жасай алды ма? Сайлауға бірауыздан өте жоғары баға берген халықаралық бақылаушылар мен ел ішіне іріткі салып, қоғамда тұрақсыздық орнатуға тырысқан арандатушылық әрекеттерге бой ұрған мүдделі топтың діттегені не? Бұлардың барлығы да кез келген сайлаудан кейін туатын заңды сұрақтар…
Өткен жексенбіде Қазақстан халқы өз таңдауын жасады: саяси сайысқа түскен 5 үміткердің ішінен ҚР президенттігіне лайық тұлғаны сайлады. Дауыс беру процесіне сайлау тізіміне енген 8 миллион 880 мың сайлаушының 6 млн 850 мыңы қатысқан. Бұл ҚР халқының 77 пайызын құрайды. Сайлауда саяси белсенділік танытқан – ауыл тұрғындары. Сол күні бүкіл республика бойынша, 9542 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Оның 1447-сіне электрондық дауыс беру жүйесі енгізілген болатын. Алматы қаласындағы біз аралаған сайлау учаскелерінің барлығында дерлік сайлаушылар жаңа заман техникасына емес, қағаз бюллетень көмегіне сүйеніпті. 4 желтоқсан күні кешкілік, сайлау бітпей жатып-ақ халықаралық бақылаушылардың басым бөлігі «сайлау заңды өтіп жатыр» деп баспасөз мәслихатын өткізген. Солардың бірі Түркия Мәжілісінің депутаты Өмір Білгін: «33 сайлау учаскесінде болдым. Дауыс беру процесі тыныш, бірқалыпты, заңды және халықаралық стандарттарға сай өтіп жатыр» деді. Біздің: «Оппозиция өкілдері сайлау басталмай жатып-ақ билік тарапынан жіберіліп жатқан заң бұзушылықтарға алаңдаушылық білдіріп, дабыл қағуда. Сіздіңше, бұл сайлау қорытындысына кері әсер етуі мүмкін бе?» деген сауалымызға ешқандай әсері болмайтынын, оған негіз жоқтығын айтты. Сол күні Алматы қаласында дауыс берген оппозициялық блоктың ортақ үміткері Жармахан Тұяқбай көңіл күйінің көтеріңкі екендігін, жеңіске деген сенімінің молдығын айта келе, Қазақстан халқының алдында 2 жол тұрғанын көлденең тартқан: «бірі – Жармаханның әділдікке бастар тура жолы, екіншісі – Назарбаевтың авторитарлық жолы. Қайсысын таңдаймын десе, сайлаушылардың өз еркі». Қазақстандық сайлаушылар өз таңдауын жасады – Назарбаевқа 91,01 пайыз, ал Тұяқбайға 6,64 пайыз дауыс… Мұны сайлау өткен күні ертесіне (5 желтоқсанда) дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялаған ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков мәлімдеді: «Н.Назарбаевқа 6 млн 100 мың 694 (91,01 %); Ж.Тұяқбайға 445 мың 47 (6,64 %); Ә.Байменовке 110 мың, 462 (1,65 %); М. Елеусізовке 221 мың 674 (0,32 %), Е.Әбілқасымовқа 25 мың 330 адам (0,38 %) дауыс берді».
Осыдан 2 айдай уақыт бұрын отандық саясаттанушы Берік Әбдіғалиев биліктің президенттік сайлауда Назарбаевқа 90 пайыздың ар жақ, бер жағында дауыс жинап беретінін және қалған үміткерлер екінші орынға таласатындығын айтқан. Саясаттанушының болжамы айна-қатесіз келді. Сарапшылар пікірінше, сайлаушылардың Қазақстанды тәуелсіздік алғалы басқарып келе жатқан Назарбаевты таңдауының бірнеше себебі бар көрінеді. Қырғызстан, Украина, Грузиядағы жағдайлар мен оппозициялық күштердің ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жүргізе алмауы да Назарбаевтың басымдықпен жеңуіне әсер еткен. Қазақстандық оппозицияның Батыстағы бюросының жетекшісі Лира Байсейітова отандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Мойындау өте ауыр, алайда біздің ойсырай жеңілуімізге билік емес, өзіміз (қазақстандық оппозиция – Н.Ж.) кінәліміз. Біз қаласақ та, қаламасақ та, сайыста Назарбаев жеңіп шықты. Сайлау басталмай тұрып-ақ мен Назарбаевқа төтеп бере алатын, оған балама үміткер бола алатын адамды көре алмағанмын. Енді бұдан былай жіберген кемшіліктеріміз бен қателіктерімізден сабақ ала отырып, жақтастарымызбен және қарсыластарымызбен дұрыс жұмыс істеуді үйренуіміз керек» деді. Оппозиция өкілі айтқан бұл ұсыныстан Президент Назарбаев та шет қалмаған. ҚР Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы жарияланғаннан кейін өз жақтастарына ризашылығын білдірген ол ел мүддесі үшін оппозиция өкілдерімен де тізе қоса жұмыс істеуге қарсы еместігін жеткізген. Ал Жармахан Тұяқбай болса, сол күні журналистерді жиып алып баспасөз мәслихатын өткізді. Мәслихатта Тұяқбай мырза ҚР ОСК жариялаған сайлау қорытындысымен келіспейтіндігін және сотқа шағымданатындығын мәлімдеді. 5 күні Тұяқбай мен оның жақтастары аттанға басып жатқанда, эмоциясын сыртқа көп шығара бермейтін Байменов күні кеше «Мен ОСК мәлімдеген сайлаудың алдын ала нәтижелері азаматтардың шынайы даустарының бөлінуіне сай келмейді деп есептеймін» деп мәлімдеді. Ал Мэлс Елеусізов пен Ерасыл Әбілқасымов өздерінің жеңілгендерін мойындап, Назарбаевты жеңісімен құттықтады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «ағынан жарылған» екі үміткер қазіргі Президенттен жеңілетіндіктерін о баста-ақ сезіпті-міс…
Орталықазиялық аймақта саяси тұрақсыздық орнатуға тырысқан арандатушылық әрекеттер мен қанатын кеңге жая бастаған «түрлі-түсті төңкерістер» әлегі қазақ қоғамын да біраз әбігерге салған. Сайлауға дейін де, кейін де «атып кетіпті дейді», «өлтіріп кетіпті дейді», «өртеп жіберіпті дейді», «алаңға жинап жатыр дейді» секілді «дейді»-лер көңілі онсыз да күпті көпшіліктің бойына үрей ұялатқан болатын. Тіпті, дауыс беру процесіне халықаралық бақылаушы ретінде қатысуға келген шетелдіктердің кейбірі: «Ұшақтан түскен бетте қызыл-ала қанға бөккен адамдарды, көшелерде кезген танктер мен қарулы әскерилерді көретінімізге сенімді едік. Бірақ мұнда бәрі тыныш екен» деп ішектерін тарта таңғалысып жатты. «Тоңып» емес, «тойып» секіретін кейбіреу: «Украинадағы сияқты сайлау қызық өтіп жатқан жоқ. Алаң боп-бос» деп қатты «ренжіді»… Ал тыныштық пен бейбіт өмірді бәрінен жоғары қоятын қазақ қоғамы саяси сауатының жоғарылығын, көзі ашық, көкірегі ояулығын айқын көрсетті. Мұны сырттан келген сыншылар мен «дайын асқа тік қасықтардың» өзі теріске шығара алмады. Бақылаушылардың барлығы дерлік сайлаудағы ұйымдастыру жұмыстарының аса жоғары деңгейде болғанын айтады. Тағы бір маңызды жайт, сайлаудан сәл-ақ бұрын ҚР Iшкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов 20 мыңға жуық полиция қызметкерінің қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дауыс беру процесі аяқталғанға дейін күні-түні жұмыс істейтіндігін мәлімдеген.
Апта басында сайлаудан 3 ай бұрын құрылған құрамында «Отан», «Асар», Аграрлық сияқты 6 партия мен 2 миллионнан астам мүшесі бар Халықтық коалиция саяси сайыс біткенен кейін де біріге жұмыс істейтіндігін мәлімдеді. Назарбаевтың сайлауда жеңіске жетуіне ықпал еткен негізгі күш осы Коалиция болатын. Айтпақшы, Коалиция мүшелерінің кейбірі кезінде мемлекеттік қызметте болған, қазір оппозицияның серкелеріне айналған кейбір белсендіге билік тарапынан мемлекеттік қызмет ұсынылуы да ғажап еместігін айтады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды»…
P.S. Қазақ қоғамы үшін аса маңызды саяси оқиға болған президенттік сайлаудың «парадоксы» – Назарбаев пен Тұяқбайдан басқа үміткерлерге берілген сайлаушылар дауысы олардың сайлауалды кампания басталмай тұрып жинаған қолдарының ширегіне де жетпей қалды…
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ