ЖАПОНИЯ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ: РЕСЕЙДІҢ ЕКІЖАҚТЫ «ОЙЫНЫ»

ЖАПОНИЯ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ: РЕСЕЙДІҢ ЕКІЖАҚТЫ «ОЙЫНЫ»

ЖАПОНИЯ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ: РЕСЕЙДІҢ ЕКІЖАҚТЫ «ОЙЫНЫ»
ашық дереккөзі
423

Жапондар жарты ғасырдан астам уақыттан бері «қырғи қабақ соғыс» кезінде орыстардың қанжығасында кеткен аралдарын қайтара алмай әлек. Өткен аптада бірқатар жапондық шенеунікпен кездескен Путин бұл проблеманы талқыға салудан бас тартатындығын ашық мәлімдеді. Халықаралық сарапшылар қауымы жапон дипломаттарының жер дауына қатысты мәселеде (Курильдегі 4 арал) солқылдақтық танытуы мен Ресейдің аса бай энергетикалық қоры Путиннің өктем әрі батыл болуына мүмкіндік беретінін айтады.

Көмекейге «құм құйған» – мұнай құбыры…

РФ президенті Путиннің Жапонияға жасаған іссапарын ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары үлкен жетістік ретінде бағалады. Бірақ, есесі кеткен жапондық БАҚ, керісінше, ресми кездесулерде талқыланған мәселелерге теріс пікір білдіруде. Себебі, «екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастар жақсарғанымен, арадағы 60 жылға созылған жер дауы кез келген достық қатынасқа сызат түсірері анық». Курильдегі 4 аралға қатысты жер дауы ресми кездесу барысында талқыланған жоқ. Аталған проблеманы екі тарап та шешуге мүдделі секілді көрінгенмен, кездесу барысында бейбіт келісімге қол қойылмады. Есесіне, Ресей мен Жапония Сібір мен тынықмұхиттық жағалауды жалғастыратын ұзындығы 4100 шақырымдық мұнай құбырының құрылысына қатысты келісімге қол қойды. Путин күніне 1,5 млн. баррель мұнай өндіруге қабілетті бұл құбырдан Жапонияға келер пайданың мол екендігін мәлімдеді. Жалпы көлемі 16 миллиард долларға бағаланып отырған мұнай құбырының құрылысы 2006 жылдың соңына қарай қолға алынбақ. Аталған соманың жартысын жапондар қазір-ақ қалтасынан суырып салуға дайын отыр. Ресми Токионың көкейін тескен мәселе – орыс мұнайының көмегімен таяушығыстық энергоқорларға деген тәуелділікті 15 пайызға дейін төмендету. Бірақ Ресей мұнайы – жапондар үшін «айдалада жатқан батпан құйрық» емес. Ол үшін орыстардың мұнай шикізатына біраздан бері көзін сүзіп отырған «аспан астындағы аждаһамен» текетіресте жапондар жағы жеңіске жетуі керек. Тағы бір қауіп: Кремль Ресей үшін аса маңызды әрі тиімді саналатын мұнай құбыры жобасын (Сковородинодан Қытайға дейін) тез арада жүзеге асыруға құлшынып отыр.

«Даудың басы…»

Сарапшылар пікірінше, Путиннің Жапонияға сапары ресейлік-жапондық қарым-қатынастың жаңа кезеңінің басталуына ықпал етті. Ұзақ уақыт бойы тоқтап қалған саяси қатынастардың кесірінен екіжақты экономикалық байланыстар да зиян шеккен еді. Екі ел арасындағы жер дауына келгенде, Путин жер табандап жатып алды: «Курильдік аралдарға Ресейдің қожалық етуі халықаралық құқықтық стандарттарға сәйкес келеді». Негізі ресми Мәскеу 1956 жылы алғаш рет 2 аралды ғана қайтарып беруге ұсыныс жасаған. Арада 49 жыл өткеннен кейін Кремль сол ұсынысты тағы да қайталады: «4 аралды емес, екеуін ғана қайтарып беруге келісеміз». Ресейдегі қоғамдық пікірге қарсы шықпайтынын ашық мәлімдеген Владимир Владимирұлы кезінде күшпен басып алған жерін қайтарып беруді талап еткен жапондарға Ресейдің ұлан-ғайыр жерінен ұлтарақтай да топырақ бұйыртпауға нық бекінген сыңайлы. Сарапшылар пікірінше, ВВП егер жапондармен келісімге келсем, олардың талабын қанағаттандырсам, арадағы жер дауын одан сайын ушықтыра түсемін деп қорқады. 1945 жылы тамызда Жапониямен соғысқан КСРО Оңтүстік Курильдегі 4 аралға қожалық ететінін мәлімдеді. 1945 жылы ақпанда Рузвельтпен болған кездесуде Сталиннің 1855 жылы Ресей патшалығы Жапонияның қанжығасына байлап жіберген аймақтарды қайтарып алуға байланысты келісімге келгенін көлденең тартқан Кремль осы себептен Куриль аралдарына қатысты дауда өліспей, беріспеске бекініп отыр. Сарапшылар жапондардың қорқасоқтауы мен орыстардың аса бай мұнай қоры Путиннің кез келген мәселеде үстемдік етуіне және қатаң талап қоюына мүмкіндік беретінін айтады. Шынында да, кейінгі жылдары жапондық өндірісшілер Ресеймен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделілік таныта бастады. Мысалы, бір ғана жапондық компания – «Тойота» жыл сайын орыстарды 50 мың машинамен қамтамасыз етеді. Екіжақты сауда айналымы үстіміздегі жылы 10 млрд. долларға жетеді деп күтілуде. Алайда кейбір сарапшылар пікірінше, жер дауын түбегейлі шешіп алмайынша, Жапония Ресеймен арадағы экономикалық қатынасты қарқынды дамыта алмайды.

Қытаймен текетірес

Кездесу барысында Пекинге мұнай мен қару сатып отырған Путин жапондарға да бүйрегі бұратындығын жасырып қала алмады. Қытайлық-ресейлік екіжақты сауда айналымының көлемі жылына 15 миллиард фунт стерлингті құрайды. «Қырғи қабақ соғыс» кезінен қалған жер дауын әлдеқашан шешіп алған Пекин мен Кремль Біріккен Ұлттар Ұйымында Иран мен Судан мәселесіне келгенде жиі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып жүр. Бірақ аспан асты елінің ескі жауы саналатын әрі аймақтық бәсекелесі болып табылатын жапондармен Путиннің ауыз жаласуы, атап айтқанда, сібірлік мұнайды Жапонияға дейін жеткізетін мұнай құбырын салуға қатысты мәселеде келісімге келуі қытайларға жаға қоймағаны анық. Ал жер дауын шешіп алуда солқылдақтық танытқан жапондық шенеуніктер Ресейдің Пекинді қарумен қамтамасыз етуіне келгенде, батыл талап қойды: «Қытайға қару-жарақ тасымалдау мәселесінде аса сақтық таныту керек» (Жапонияның премьер-министрі Дзюнъитиро Коидзуми). Бірақ сыртқа оңайлықпен сыр алдыра қоймайтын ВВП сабазың бұл мәселеде де міз баққан жоқ. Премьердің талабын түсін бермей отырып, үнсіз тыңдады. Путиннің жапондар мен қытайларға қатысты бастаған екіжақты «ойынын» сарапшылар сан-саққа жүгіртуде. Мысалы, Ұлыбританиядағы Уорик университетінің сарапшысы Кристофер Хьюз: «Қырғи-қабақ соғыстың» соңына қарай Ресей құрдымға қарай құлдыраса, керісінше, Жапонияның «тасы өрге домалаған» еді. Ал қазіргі жағдай бұған мүлде кереғар. Баяғы беделінен айырылып қалған Жапония аймақтық дипломатия мен мұнай шикізатын пайдалануда басымдыққа ие әрі оған аса ірі экономикалық бәсекелес болып табылатын Қытайдың тегеурініне төтеп беруі керек» дейді. Хьюздің пікірінше, Жапонияның Қытаймен күш теңестіруі үшін АҚШ-тан басқа тағы бір алпауыт мемлекет керек. «Токионың жер дауына себепкер болған аралдарға қатысты мәселені төтесінен қоя алмауы осы себептен».

«Қайда барсаң, Қорқыттың көрі»…

Негізі сарапшылар жапондармен кездесу барысында сырттай момақан қалып танытқан Путиннің көкейінде үлкен есеп жатқанын да жоққа шығармайды. Мысалы, ВВП кездесу барысында Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуын Жапония құптатты. Бірақ Токио ішкі саясаттағы «көпжақты» ойында жеңіске жету жолдарын алдын ала қарастыруды және қытайлық нарыққа тәуелділік пен аспан асты елінің стратегиялық жоспарының құрбанына айналу қаупі сияқты ұзақмерзімдік проблемаларды шешіп алу керектігін көлденең тартты. Жалпы қауіп негізсіз емес. «Ресейдің әскери тұрғыда әлсіз Қиыр шығыс бөлігі – Кремльдің осал тұсы» деген кейбір сарапшылар шикізат қоры мол бола тұра, халық аз қоныстанған Сібірдің белгілі бір уақыттан кейін Қытайдың «қанжығасында» кетуі мүмкін екендігін айтады. Бұл саяси, экономикалық және демографиялық тұрғыда жылдам дамып келе жатқан аспан асты елінің тез күшеюіне жағдай жасайтыны анық. Аймақтық беделін әлсіретіп алған Жапонияның АҚШ-пен бір пікірде болуы да осыған байланысты. Өткен аптада Жапонияда ресми іссапарда болған АҚШ президенті Джордж Буштың аталған қауіп туралы сөз қозғауы тегін емес. Қытайдың барлық салада күш алып келе жатуына, оның Тайвань мен Солтүстік Кореяға доқ көрсетуіне алаңдаған Вашингтон бірінші кезекте Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Вьетнам мен Монғолия сияқты Азия елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Әрине, кезінде азиялық аймаққа үстемдігін жүргізген Жапония АҚШ үшін стратегиялық серіктес болып табылады. Сондықтан 2005 жылдың қазан айында өткен кездесуде Жапония территориясына америкалық әуе күштері мен жаяу әскерін орналастыру туралы келісімге қол қойылды. Өйткені, «тынықмұхиттық батыс аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету АҚШ-тың әскери күштерінің жан-жақты дайындықта болуын талап етеді» (америкалық адмирал Джеймс Келли). Оның үстіне, Американың Ресеймен жақын болуға тырысқан талпынысынан Жапония «қайда барсаң, Қорқыттың көрінің» күйін кешіп отыр. «Қытай тегеурініне төтеп беру үшін Америкамен бір болу бізге ауадай қажет. Қолымыздан келер басқа шара жоқ» деп мәлімдеген аты-жөнін айтудан бас тартқан жапондық шенеунік дәл қазіргі саяси ахуалды ашып көрсетті. Ақ Үйдің Жапонияны Ирак пен Ауғанстандағы «лаңкестікпен күресінде» белсенділік танытуға мәжбүрлеуі де сондықтан. «Жығылған үстіне жұдырық», америкалық әскери базаның ел территориясына орналастыруын қоғамдық пікір құптамай отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары