ҰЛТҚА КIМ ЖАҚЫН?

ҰЛТҚА КIМ ЖАҚЫН?

ҰЛТҚА КIМ ЖАҚЫН?
ашық дереккөзі
491

Өткен аптадағы телесайысқа президенттікке үміткер қазіргі президент қатыспады. Ал, қалған төртеуі көпшіліктің алдында шешендік өнерлерін танытуға барын салып бақты. Осы орайда көпшіліктің, әсіресе, қазақтілді аудиторияның назарын аударған мәселе — ұлт мәселесі болған еді. Әрине, әсіреұлтшылдық орға жығады дегенді жиі естиміз. Ал, қазақтың ұлтшылдығы қандай болуы керек? Ең алдымен қазақта шовинистік пиғыл жоқ, болған емес, болмайды да? Өйткені, біз жылдар бойы езгіде болған елміз. Біз ғасырлар бойы азаттығымызды аңсадық. Азаттық алғаннан кейін де, Ресейдің көңіліне жалтақтаумен келеміз. Сол жалтақтығымыздың салдарынан тіліміз босағадан оза алмай отыр. Ал, елдегі ұлт-патриоттары жақ-жақ боп өзара айтысудан аса алмауда.

Саяси технологтардың қай-қайсысы да алдағы сайлауда ұлттық фактордан гөрі әлеуметтік фактор басты рөл ойнайтындығын айтқан. Билік те әлеуметтік фактордың алдын-алуды ескеріп, түрлі жәрдемақылар мен еңбекақы және зейнетақыны өсірді. Сөйтіп болуы мүмкін революцияның алдын алуды мақсат етті. Еңбекақы өскенмен, елді қымбатшылық жайлап еді, Үкімет оның да амалын тапты. Бір-екі аптаның ішінде шарықтап кеткен жанар-жағармайды да ауыздықтап, күздегі баға деңгейіне түсіре қойды. Сөйтіп, елде әлеуметтік фактордың алдын алу үшін бар жағдай жасалынды.

Ал, ұлттық фактор ше? Бұл жайды ешкім ескермеді, ескергісі келмеді де. Ол, ол ма, "Алматы қаласында 2006 жылдың қаңтарынан бастап, ісқағаздары мемлекеттік тілге көшеді" деген ақпаратты да үрке қабылдағандар бар. Бұған билікті жақтаушы "Халықтық коалицияның" белсенді мүшелерінің бірі, Президентті қолдау штабының төрайымы Дариға Назарбаеваның өзі "Қазақстан қазақ тіліне көшуі мүмкін емес" деп дабыл қақты. Демек, қазіргі билік те елдегі ұлттық мәселелерді түбегейлі шешеді деу қиын. Ендеше, телесайыста белсенген 4 үміткердің қайсысы ұлтқа жақын? Меніңше, Әлихан Байменов. Әрине, кейбір түйткілді мәселелерге келгенде, Әлихан Байменовтің де жалтақ саясат ұстанатыны бар. Дегенмен, Әлихан Байменовтің қазақша тәрбие алғаны, қазақтың жанына жақын поэзиясымен сусындап өскені бар, қалайда рухани мәселелерді ұлықтауда өзгелерінен ерек көрінгені рас. Телесайыста "Халықтық коммунистік" партияның атынан үміткерлікке тіркелген Ерасыл Әбілқасымов "Егер, алда-жалда президент бола қалсам, елде ұлттық мемлекет орнатамын" дегенді ашық айтты. Алайда, қалай екенін қайдам, Ерасыл Әбілқасымовтың бейнесі былайғы жұртқа үнемі күлкі тудырады да жүреді. Бұл белгілі саяси технологтардың Қазақстандағы басты күш ұлт патриоттарының басты назарға шықпауына жасаған бір әдісі. Сөйтіп, ұлтшылдардың бейнесін қаймана қазаққа күлкілі көрсетеміз. Неге ұлт-патриоттарының арасында салиқалы саясаткер жоқ? Неге ұлттық мәселе "Ақ жол" немесе "Отан" партиясының деңгейінде көтерілмейді? Өйткені, оны билік қаламайды.

Сарапшылар басты тартыс — Назарбаев пен Тұяқбайдың арасында өтеді дегенді жиі айтады. Ал, үшінші біреулері екінші орынды сөзсіз Байменов иеленеді деседі. Бұл неге сүйеніп айтылуда? Әрине, Жармаханды халық батыры ретінде көрсеткенде не ұтамыз? Ол оппозицияның атынан түсіп жатқан жалғыз үміткер болғандықтан да, демократтардың сойылын соғушы ретінде қылаң береді. Алайда, ұлттық мәселелерге келгенде Жармахан Тұяқбай шенеунік болған күндерінің өзінде ұлттың намысын қорғауға басын тіккен жоқ. Айталық, Жер туралы заң қабылданып жатқан кезде Мәжіліс спикері болған Жармахан Тұяқбайдың үні шыққан жоқ. Депутаттық мандатқа ие болған жылдарында Жармаханның ұлтқа қатысты өзекті мәселелерге орай сауал тастағаны да есімізде жоқ. Тек Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекарада күнде атылған оққа орай оның алғашқы депутаттық сауал жолдағаны әлі есімізде. Бірақ, Жармахан Тұяқбайдың депутаттық сауалына Сыртқы істер министрі жауап қатқан жоқ. Жармахан Тұяқбай елде шекара дауы өршіп тұрған тұста да депутат ретінде белсеніп белді бекем бумады. Депутаттар мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күніне қырық айқайласқанда да Жармахан оған еш қатысы жоқ сыңай танытты. Бүгінде Жармахан Тұяқбайдың командасында жүрген Болатхан Тайжан "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының ұлттық мәселелерге келгенде үмітін ақтамағандығын айтады. Демек, қозғалыс басында отырған Жармахан Тұяқбай ұлттың дауысы үшін емес, елдегі өзге ұлт өкілдерінің дауысы үшін жан алып, жан берісіп жатқанға ұқсайды.

Міне, осы тұрғыдан келгенде, Байменовтің ұлтқа жақын көрінетіні рас. Ол біріншіден, қайда жүрсе де сөзі қазақша бастайды. Мемлекеттік тілде пікірсайыс ұйымдастыруға ат салып жатқан да сол. Жер-жердегі кездесулерінің бәрін тек мемлекеттік тілде өткізеді. Демек, ұлттық фактор басты сипатқа ие болатын болса, ұлттық идеяға сусындаған халық болса, дәл бүгін Байменовтің артынан ерер еді.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары