ЕНДI ОЛ «ХАЛЫҚ ДАБЫЛЫ» БОЛМАҚ
ЕНДI ОЛ «ХАЛЫҚ ДАБЫЛЫ» БОЛМАҚ
Сол себептен де «Ұлт тағдыры — ел тағдыры» қозғалысы «Халық дабылы» деп өзгертілмек. Қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі Сабыржан Махмет Әділет министрлігінің бұл ұйымды тіркемеуінде ешқандай саяси астар жоқ екендігін айтады.
— Енді осы мәлімдемеден кейін Әділет министрлігіне тағы да құжаттар жіберіледі. Егер, бұл жолы тіркеуден бас тартса, онда біз де аянып қалмаймыз. Басқаша әрекеттерге көшеміз, — дейді Сабыржан мырза.
Қозғалысты ұйымдастырушылар бұның алда тұрған президент сайлауымен ешқандай байланысы жоқтығын айтады. Қазақстанда ұлт мәселесі бар. Ол — қазақ мәселесі. Тәуелсіздікке қол жеткізген он бес жылда әлі күнге дейін тіл, ұлттық мемлекет мәселелері шешілген жоқ.
— Міне, Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХI сессиясы өтіп жатыр. Ал, бұл дұрыс емес, бізде тек бір ғана халық өмір сүреді. АЛ, қалғандары ұлт өкілдері, диаспора ғана. Демек, Қазақстан көп ұлтты мемлекет емес, унитарлы, моноұлтты мемлекетпіз, — дейді төралқа мүшесі Кенесары Қаптағаев.
«Халық дабылы» қозғалысы «Қазақ мәселесінің» 5 құрамдас бөлігі бар екендігін айта отырып, мыналарға тоқталды:
— Бірінші — жер мәселесі;
— Екінші — ұлт мәселесі;
— үшінші — тіл мәселесі
— төртінші — дін мәселесі,
— бесінші — тарих мәселесі.
Әрине, бесеуі де өзекті. Бірақ бұл мәселелерді шешудің жолы қалай? Біздегі ұлт-патриоттары қозғалысының барлығының көздегені осы. Алайда, күресу жолдары әртүрлі.
Біреу заңды орындамаған ақпарат құралдарын сотқа беріп, заңның тармақтарын орындауға мәжбүрлеуге көшсе, екіншілері қоғамдық пікір тудыру арқылы шешілмей жатқан мәселеге жұрттың назарын аударуға тырысуда. Бірақ, бұның бәрі қордаланған ең өзекті ұлт мәселесін шеше қояды деуге сену қиын. Өйткені, ұлт мәселесі мемлекеттен кешенді бағдарламаны талап етеді. Оған тек мемлекеттік қамқорлық қажет. Ал, біздің мемлекетіміз ұлттық мемлекет құру жолында бағыт алып бара жатқан жоқ. Өзі де, өзге де білмейтін белгісіз жолды таңдап алды. Бұл жолда Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың мәселесі алдыңғы планға шыққан да, негізгі ұлт қазақтың мәселесі кейінге ысырылған. Бүгінде ұлтаралық қарым-қатынас тілінің де, мемлекеттің ресми тілінің де рөлін орыс тілі атқарады. Ал қазақ тілі тасада қалды. Сол себепті де ұлттық қозғалыстардың қайта бас көтеруі заңды құбылыс. Яғни, сең қозғалды. Оның үстіне ұлт-патриоттары қозғалыстары бұл жолда бірігуге дайын екендіктерін де айтып отыр.
— Барлықтарыңыздың илегендеріңіз бір терінің пұшпағы, ойларыңыз біреу. Неге бірлесіп қимылдамасқа? — деген біздің сауалымызға қозғалыс төралқасының мүшелері бұның мүмкін екендігін, дәл осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтады.
Ал, баспасөз-мәслихатына арнайы келген «Ұлт тағдыры» қозғалысының төралқа мүшесінің бірі Хасен Қожахмет өз идеяластарын қолдайтындығын әрі бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді. Ұлт мәселесіне келгенде, өзара қарама-қайшы әңгіменің бәрін жиып қойып, бірлесе қимылдауға шақырды. Бұның өзін біз жақсылықтың нышанына бағаладық. Егер, елді бастар серке болса, ұлттық идеяға сусаған халық артынан еруге дайын отыр. Тек бізге керегі тұлға.
Есенгүл Кәпқызы