ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ӘЗӘЗІЛ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ӘЗӘЗІЛ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ӘЗӘЗІЛ
ашық дереккөзі
1175
Осы орайдағы ең өзекті мәселе — салауатты өмір салты мәселесі. Қазір бұл бір емес, екі бүйірден бірдей қысып тұр. Біріншіден, кешегі өткен заманда қазақ қоғамы үшін жағдайы жеткен ауқымда салауатты өмір сүру деген ешбір қиындық туғызбайтын жағдай еді. 1917 жылға дейінгі заманда өмір сүрген талай ресейлік және еуропалық авторлар қазақ тұрмысының қаншалықты салауатты екеніне бірауыздан таңданып, өз еңбектерінде осыны сүйсіне отырып айғақтаған. Мәселен, Дж.Уорделл деген ағылшын кәсіпкері XX ғасырдың басында Қазақстанда бірқатар уақыт жұмыс істеп, кейін Ұлыбританияға қайтып барған соң «Қазақ даласында» деген, ішінде біздің жақта түсірген фотосуреттері бар кітап шығарған. Онда жергілікті халықтың арақ-шарап ішу және темекі не наша шегу дегенді білмейтіні айтылған. Соған қарамастан Дж. Уорделлдың айтуына қарағанда, қазақ ойын-сауықты, әзіл-күлкіні және мейрамдауды қатты ұнататын көрінеді. Демек, ол кезде қазаққа көңілдену үшін ешқандай арақ-шараптың да, басқа да жасанды көңіл-көтергіш заттардың қажеті болмаған… Қазіргі жағдай мүлде басқаша. Осыдан тура 20 жыл бұрын М.Горбачевтің заманында арақ-шарапқа бүкіл мемлекет ауқымында тосқауыл қою турасында кезекті талпыныс болған. Сол кезде Қазақстанда қазақы ортада ішімдіксіз той өткізу дәстүрін қалыптастыруға ұмтылыс жасалған. Одан не шыққаны белгілі. 1940-шы жылдарға дейін арақ-шараптың не екенін біліп жарымаған қазақ қоғамының 1980-інші жылдары өмір сүрген ұрпағының басым бөлігі тойда ішімдіксіз көңіл көтеру дегенді түсінуден қалған болып шықты. Арақ-шарапқа бой үйрету қазақ қоғамында тарихи өлшем тұрғысынан алғанда қас-қағым сәтте жүзеге асты. Бұған, әрине, адамдардың өздері ғана кінәлі емес. Тіпті, олар «бұған мүлде кінәлі емес» деп айтуға болар еді. Бірақ ондай тұжырымнан енді не пайда?! Адамның аты адам ғой. Жақсыға үйренбесе, жаманнан жиренбесе, сосын осындай ережені ұстана алмағаны үшін өзін кінәлі сезінбесе, оның адамзат баласы аталатынан не пайда?! Осының бәрін мойындағанмен, біздің жағдайымызда «бірақ» деуге негіз жоқ емес. Ол — өткен онжылдықтар тәжірибесі талай рет дәлелдегендей моңғол тектес, бұрын көшпенді болған халықтар мен Сібір және Қиыр Шығыстың байырғы тұрғындарының арақ-шарапқа қатысты осалдығы. Және де олар осалдықты, әрине, осал болайын дегеннен емес, өз табиғаты ішімдікке қарсы тұруға бейімсіздеу болғандықты танытады. Мысал үшін бір аймақта тұратын екі түрлі халықтың ішімдікке қатысты тәжірибелерін алып қарайық. Айтқалы отырған аймағымыз – Кавказдың Каспий теңізі жағалауы. Онда оңтүстіктен солтүстікке қарай Әзербайжан, Дағыстан және Қалмақстан елдері бір-бірімен жалғаса орналасқан. Осы елдердің байырғы халықтарының ішімдікке қатысты қазіргі жай-күйі туралы Ресейдің «Правда» газетінде мынадай ащы шындық айтылды: «Для женщин иммигранты привлекательны, прежде всего, тем, что пользуются репутацией трезвенников, дающей им преимущество в стране, где водка является национальным бедствием и среди мужчин свирепствует алкоголизм. Особенно это заметно в некоторых национальных республиках, например в Калмыкии, где калмычки стремятся во что бы то ни стало выйти замуж именно за русcкого, который может позаботиться о своей семье, в отличие от большинства неуклонно деградирующих калмыков. В европейской части России и особенно в Москве наоборот, растет количество браков русских, украинок, молдаванок с азербайджанцами. С ними женщины чувствуют себя спокойно с экономической точки зрения» («Межэтнические браки: благо или опасная тенденция?» 09.10.2003 ж.). Осы үзіндіде келтірілген мәліметті қорыта айтқанда, аталғандардың ішіндегі ішімдікке ең қатты салынғандары – қалмақтар. Олар тіпті орыстардан да әлдеқайда көп ішетіндей күйге түскен екен деген тұжырым қалыптасады. Ал әзербайжандар үшін арақ-шарап тіпті мәселе емес болса керек. Бұл жерде Дағыстанның тау халықтары да сондай жағдайда деп сеніммен айтуға болады. Сол «Правда» газетінде суреттелген жайт туралы мен бір көзі ашық, оқыған қалмақ жігітімен сөйлестім. Алдымен: «Осы рас па?», — деп сұрадым. Ол: «Рас», – деп келісті. Сонан соң әңгімені былайша таратты: «Біз Солтүстік Кавказдың авар, құмық, чешен сияқты халықтарымен кем дегенде 250-300 жыл бойы қатар тұрып келе жатырмыз. Бірақ олардың арасында осы күнге дейін ішімдікке салыну атымен дерлік жоқ. Тіпті ішпейді деп айта алмаймын. Iшеді. Бірақ ішімдікке салынуға көбіне-көп ешкім де бармайды және ақыл-есінен айрылмайды. Сосын ондағылар үлкендердің көзінше арақ-шарап ішпейді. Бұрын мен осының бәрі олардың мұсылман болғандығының арқасында шығар деп ойлайтынмын. Бірақ солармен қатар өмір сүретін христиан осетиндердің арақ-шарапқа деген қатынастары да сондай. Бұны бір деңіз. Сосын біздің қалмақ жерінде өмір суріп жатқан қазақтардың және ноғайлардың ішімдікке қатысты жағдайы қалмақтың өзінікімен салыстыруға келеді. Ал сол Қалмақстанда талай жылдан бері қой бағып қарапайым-ақ өмір сүріп жатқан чешендер мен басқа тау халықтары өкілдері арақ-шарапқа онша алаңдамайды. Соған қарап, мен соңғы кезде бұл жердегі гәп олардың қалмақ пен қазақтан табиғатының мүлдем басқа болуында шығар деп ойлайтын болдым». Шындығында да, солай болса керек. Әйтпесе, қазақ арасында ішімдікке салыну неліктен осыншама аз уақытта сонша кең тарап үлгергенін түсіндіру қиын. Арақ-шарап біздің өмір салтымыздың міндетті атрибуттарының біріне айналып, ондағы өз орнын берік ұстап отыр. Бірақ, екінші жағынан алып қарағанда, дүңген сияқты қазаққа түрі де, діні де жақын халықтың арасына осындай әдет сіңбеген. Ұйғыр мен өзбек те спирттік ішімдіктермен әуестенбейді. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», — деген бұрындары аталарымыз. Осы уақытқа дейін біз ішімдіктен құрып-бітуге айналған Қиыр Солтүстік пен Сібірдің өзімізге ұқсайтын моңғол тектес аз халықтары ғана шығар дейтінбіз. Енді соңғы мәліметтерге қарағанда, бұндай қауіп бізбен көршілес, аралас-құралас тұратын қалмақтардың басына да төне бастапты. Тоқетерін айтатын болсақ, қалмақты біздің тарихи санамыз қаншалықты жау ретінде көргенмен, ол қазаққа тіпті де бөтен емес. Оны бізбен қаны ең көп араласқан халық деуге толық негіз бар. Олай болса, қалмақтың басына туған күн қазақтың да басына тумай ма деп, секемденуге негіз бар сияқты. Бірақ бар мәселе тек еркектерге ғана қатысты екен деу әбестік болар. Ана бір жолы Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері ұлттық орталығының «Әйелдер алкоголизмі: жағдай, мәселелер және шешу жолдары» деген тақырыпқа арналған дөңгелек стол өткізгені бар. Сонда жария етілген мәліметтерге қарағанда, тек кейінгі 3 жылдың ішінде ғана Алматы қаласында ішімдікке салынғандар ретінде есепке алынған әйелдердің саны 14,7 пайызға өскен екен. Елбасының халыққа жасаған өткен жылғы Жолдауында мынадай жолдар бар: «Глобализация мен әлемдік бәсекелестіктің шиеленісуі жағдайында қазақстандықтардың физикалык және интеллектуалдық мүмкіндіктері біздің жоспарларымыздың табысты болуының, ел экономикасының бәсекеге төтеп бере алуының және қазіргі қиындықтар ортасында жанын сақтап қалуының негізгі шарттары болып табылады». Біздегі халықтың негізін қазір қазақтар құрайды. 1999 жылғы санақтың нәтижелері бойынша олардың үлесі 54 пайызға жеткен. Ал 25-ке дейінгі жастар арасында олар бүкіл халықтың үштен екісін құрайды екен. Демек, Қазақстанның болашағы дегеніміз, ең алдымен, қазақтардың болашағына тікелей байланысты болса керек. Олай болса, бар мәселені көрмеген болып, көлгірсудің заманының өткенін мойындаған дұрыс болар. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері ұлттық орталығының басшысы А.Ақанов: «Елдегі «алкоголизация» мәселесін тек үкіметтің қолдауымен бүкіл қоғам болып бірлесіп шешуге болады» – деді. Демек, енді сол мәселеге барынша ден қою кажет.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары