ДІНИ МЕЙРАМДАР РЕСМИ МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛМАҚ
ДІНИ МЕЙРАМДАР РЕСМИ МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛМАҚ
Күрсініс шақырар көріністен соң сессия қонақтары көтеріңкі көңіл-күйде сөз сөйлеп, салтанатты жалғастырды. Кәріс ұлттық-мәдени орталығының өкілі Марина Цой: «70 жыл бұрын кәрістер екінші Отанын тапты, қазақтар оларды қабақ шытпай қарсы алып, бүтін нанды бөліп жесті» деп, қазақ халқына алғысын білдірді. Республикада кәріс ұлттық театры, төл газеті болып, жас ұрпақтың туған тілі мен мәдениетін жырақта жүріп үйренуіне мүмкіндік жасағаны үшін Президентке де рахметін жаудырып жатты.
Татар ұлтының өкілі Ришад Хайруллин қазақ халқына деген алғысын қазақ тілін қолдау арқылы білдірді. «Қазақ тілі – Қазақстан халықтарын біріктіретін факторға айналуы керек. Ал барлық ұлттық-мәдени орталықтар қазақ тілінің мәртебесі үшін жұмыс істегені ләзім болар еді» деді ол.
Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та өз баяндамасында қазақ тілінің мәртебесін айрықша атап өтті. «Егер Ассамблея қазақ тілі қазығының мықты қағылуына ықпал етер болса, бұл Қазақстанның барлық халықтарының жұмылған жұдырықтай бірігуіне әсер еткен болар еді» деді Президент. Әрине, орыс тілі ресми қарым-қатынас тілі ретінде қала бермек, Елбасы, тіпті, заман ағымына сәйкес ағылшын тілін меңгерудің қажет екенін де ескертіп өтті. Десе де, Қазақстандағы тіл саясаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде құрметтеліп, күнделікті қолданысқа енуін қамтамасыз ету екендігі осы жиынға қатысқан азаматтардың назарына іліксе дейміз.
Қазақстанда қазір жалпы саны 471 ұлттық-мәдени орталық бар екен. Олардың ешқайсысы мемлекеттік қамқорлықтан кенде емес. Мысалы, республикалық және жергілікті деңгейдегі 19 газет, радио және телебағдарламалар, 6 ұлттық театр мемлекет есебінен қаржыландырылады екен. Ендеше, осындай қамқорлықтың қайтарымы – мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін жұмыс істеу болса, орынсыз емес.
Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жиын қонақтарына арнайы «сый» әзірлепті: ол мұсылмандардың Құрбан айт және христиандардың Рождество мейрамдарын ресми мереке етіп жариялау туралы ұсыныс жасады. Шын мәнінде, өткен сессияның Амангелді Айталы бастаған депутаттары кезінде осы мазмұндағы ұсыныс жасаған еді. Бірақ әріптестері тарапынан қолдау таппаған бастама аяқсыз қалған болатын. Енді, міне, Президенттің аузымен айтылған ұсыныс Үкімет арқылы заң жобасы болып Парламентке қайта түспек. Бұл жолы халық қалаулыларының діни мерамдарды ресми мерекеге айналдыруды қолдауы сөзсіз.
Қазақстан халықтары Ассамблеясының XI сессиясы өзінің қорытынды құжатын қабылдаумен аяқталды. Қазақстан халқына Ассамблея атынан жарияланған Үндеуде былай делінген: «Біз Қазақстан халқын Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдауға шақырамыз…».
Айтпақшы, сессия қонақтарының бірі «бізге көрсеткен көмек-қолдауы үшін қазақ халқына барлық ұлттық-мәдени орталықтар есебінен осы Еуразия кіндігінде үлкен ескерткіш тұрғызсақ қайтеді?» деген ұсыныс тастаған. Нұрсұлтан Назарбаев «Біз ескерткішті Қазақстан халықтарының достығына орнатуымыз керек» деді.
Сосын бұл жобаны келесі жылдан қалдырмай қолға алу керектігін ескертті.
Оқырманға ойтамызық
Демограф-ғалым Мақаш ТӘТIМОВ:
– Қазақстан халықтарының Ассамблеясы ерекше саяси ұйым. Елде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды болдырмаудың жолы.
Қазіргі кезде демографиялық ахуал барлық халықтардың арасында жақсарып келе жатыр. Әсіресе, түркі тілдес, мұсылман діндес халықтардың арасында өсім көтеріліп келе жатқандығы байқалады.
Мені қуантатын нәрсе – қазақ халқының саны өсіп, пайыздық көрсеткішінің артып келе жатқандығы. Газеттеріңізге бір қуанышты хабар айтайын, осы жылдың соңына қарай, әрі кетсе келесі жылдың басында ресми дерек бойынша қазақтардың саны 9 миллионға толады. Ал пайыздық үлес салмағы 60 пайыздан аспақ. Бұл – үлкен қуаныш. Себебі, өзіңіз білесіз, тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары қазақ халқының саны 27-28 пайыздан да төмен түсіп кеткен болатын. Міне, содан бері біз екі есе артық өсіп отырмыз. Бұл – демографиялық саясаттың нәтижесі және шетелден оралып жатқан қандастарымыздың арқасы. Биылдың өзінде Қазақстандағы қазақтардың табиғи өсімі – 130 мың болса, оралмандар –110 мың (квотамен келгені 75 мың, квотасыз келгені 35 мың) «өсім» беріп отыр. Ал әлем бойынша қазақтардың саны 13 миллионға жетті.
– Демография тек санмен ғана емес, сапамен де айналысса керек-ті. Қазақтардың саны өскені жақсы-ау, ал сапалық құрам туралы не айтасыз? «Қазақстанда қазақтардың саны 70-80 пайызға жетпей, қазақ тілі тұғырға қонбайды» деп пікір айтып жүрген ағаларымыз бар…
– Оны айтып жүрген мен ғой! Қазақ өз жерінде 70 пайызға жетпей, унитарлы мемлекетті ұстап тұра алмайды! Қазақ өз жерінде саны басым болып, бас құрап, өзге халықтар оның айналасына жиналатын болса, сонда мемлекетіміз күшті болады. Сапаны сұрайсыз, дұрыс, сапа да керек. Сан бар жерде сапа да өседі. Сапа дегеніміз не? Ол –халықтың білім дәрежесі, денсаулығы, мамандығымыз…
– Ұлттық сана-сезім…
– Сана-сезім де бар оның ішінде. Ұлттық сана, патриотизм – осының бәрін сапа туғызады. Диалектиканың заңы бар, сан өспей, сапа шықпайды. Кейбіреулер сан не керек, сапа өссе болды ғой дейді. Қазіргі кезде екеуі де қатар жүруі керек.
Гүлбиғаш Омарова