Миссионерлер сияқты біз де әрекет етуіміз керек

Миссионерлер сияқты біз де әрекет етуіміз керек

Миссионерлер сияқты біз де әрекет етуіміз керек
ашық дереккөзі
446

– «Алтын қалам» баспасынан діни әдебиеттердің шыққанына да біраз уақыт болды. Халықтың сұранысы қалай екен?

– Құдайға шүкір, біздің кітаптар халықтың көңілінен шығып жатыр. Мазмұны жағынан болсын, безендірілуі мен қағаздың сапасы жағынан болсын, халықтың ықыласы ерекше. Тіпті, халықтың қызу сұрауымен мұндағы кітаптар екінші рет басылып шықты. Біздің кітаптарымыздың бір ерекшелігі – олардың ҚМДБ-ның сараптау комиссиясынан толықтай өтуінде. Бұл еңбектер ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің нұсқауымен шығып жатыр.

– Ал, бізде діни кітаптар шығаратындай маман, авторлар қалыптасты дей аласыз ба?

– Толықтай қалыптасты дей алмаймын. Бұған біраз жылдар керек, себебі дін саласы – өте күрделі сала. Оның үстіне дін мамандығын игеріп жатқан азаматтар 70 пайыз мұсылмандар тұратын елімізге жеткіліксіз. Халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін бізге әлі де көптеп діни мамандар дайындау қажет. Бүгінде елімізде докторлығын қорғаған теолог мамандар онға да жетпейді. Басқа мұсылман елдерімен салыстырсақ, Қазақстандағы діни кадрлардың саны теңізге түскен тамшыдай. Өзге де елдерде бір факультеттің өзінде мыңдаған студенттер оқыса, діннің бір саласы бойынша ғана сабақ беретін мамандар жүзден асады. Жалпы, әрбір оқу орнында, мектепте дін мамандары болуы керек. Ал, бізде, тіпті Әділет министрлігінің діни ұйымдарды тіркейтін бөлімінде әрбір ағымды сараптан өткізіп отырған теолог мамандарды жеткілікті деп айту қиын. Мәселен, Ислам діні түрлі мәзһабтардан тұрады. Оның үстіне дін атын жамылған әрқилы ағымдар да жоқ емес. Діндерді тіркеу бөлімінде кері ағымдарды сараптайтын мамандар бар болса да, өте аз.

Негізі біздің баспамызға кітаптарын әкеліп жүрген азаматтар діни мамандығы мен докторлық дәрежесі бар үлкен дінтанушылар. Олар – елімізге танымал, шет елде және Қазақстанда білім алған азаматтар. Бұл жердегі басылатын кітаптар ханафи мәзхабына жатып, діни тұрақтылыққа үлесін қосатын еңбектер дер едім. Оларды Қазақстанда танылып жүрген теологтар жазып келеді. Мысалға, Мұхитдин Исаұлы Түркияда тәфсіртану бойынша алғашқы докторлығын қорғаған қазақ азаматы. Оның «Құран кімнің сөзі?» атты еңбегі жарық көрді. Алау Әділбаев, «Саңлақ сахабалар» кітабының авторы, тәфсір мамандығы бойынша Түркияда докторлығын қорғап отыр. Осы сияқты өзге де теолог азаматтар бар.

– Қазір діни кітаптар түгілі, ақын-жазушылардың кітаптарының да таралымы 2000 данадан аспайды. Ал, шет елден келіп жатқан миссионерлердің кітаптары мыңдаған таралыммен таралады…

– Жалпы, мұндағы кітаптар біздің тірнектеп жинаған қаржымызбен қатар, кейбір демеуші азаматтардың қаржысына шығып жатыр. Біз мемлекет тарапынан қаражат алып жатқан жоқпыз. Ал, енді миссионерлерге келетін болсақ, олардың кітаптары, біріншіден – шағын. Екіншіден – бұл кітаптардың артында жекелеген адамдардан гөрі жекелеген мемлекеттер тұр деп айтуға толықтай негіз бар. Тіпті, олардың өздерінің арнайы баспаханалары да бар. Кеңес Үкіметі құламас бұрын миссионерлік ұйымдар Орта Азия аумағына қандай бағдарламамен барамыз, қандай кітаптар басамыз деп арнайы дайындалған. Қазақстанға келіп, олар өз істеріне жүйелі түрде кірісті. Құдай қаласа, келешекте демеуші азаматтар табылып жатса, кейбір мекемелерге діни әдебиеттерді тегін таратар едік. Мысалға, қазірде абақтыларға, балалар үйлеріне, кейбір мектептерге діни басылымдарды таратуды көздеп отырмыз. Кейбір жерлерге тарату басталып та кетті.

– Ал, балаларға қандай кітаптар шығарасыздар?

– Балалардың ұғымы, сана-сезімі басқаша. Сондықтан біз балаларға ұнайтын, түрлі-түсті суреттермен безендірілген, әрі кейбір қиын мәселелерді сурет арқылы жеңіл тілмен берген кітаптарды шығарсақ дейміз. Дінді үйреткен кезде де жас балалардың түсінігіне сай тәсілдермен беруге тырысамыз. Қазір мұндай іс-шаралар қолға алынды, бірақ әлі жарыққа шыққан жоқ.

– Аз таралыммен шығатын кітаптар сырттан келген діни тасқынға төтеп бере ала ма?

– Біз бүгін «біссіміллә» деп бастайық. Ал, шетелдік тасқынға төтеп бере аламыз ба, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Ең бастысы – біздің ниетіміз бар. Біз ғана емес, қазір басқа да азаматтар бұл істі қолға алған секілді. Ертең елі мен дінін ойлайтын басқа да қазақ азаматтары шығатынына сеніміміз кәміл. Бәлкім, кейін мемлекеттік тапсырыс та болып қалар. Бұл бастамасы ғана. Бірде құмырсқа қажылыққа кетіп бара жатыр екен. Алдынан біреулер шығып, оның қайда бара жатқанын сұрапты. Қажылыққа бара жатқанын білгенде: «Қажылыққа жете алмайсың, ұзақ қой» – десе, «Жете алмасам да, сол жолда өлем», – деген екен. Біз де осы жолға барымызды салуға дайынбыз.

– Соңғы кездері мұсылмандардың жік-жікке бөліну мәселесі үлкен проблемаға айналды. Мұсылмандардың жік-жік болып бөлінуі не себептен деп ойлайсыз?

– Біріншіден, мұсылмандардың бөлінуі білімнің таяздығынан, ақиқатқа нақты көз жеткізбеуінен. Радикалды пікірлер біржақты ойлаудан, тар түсініктен туындайды. Жалпы, бөлінудің екі түрі бар. Бірі – кейбір мұсылмандардың Құранның негіздеріне қарама-қайшы пікірлер таратуы. Олар мұсылман атын жамылып әртүрлі бұрыс пікір таратады. Екінші бір мәселе – діннің тармақтарында, яғни негізгі емес мәселелерінде әртүрлі көзқарастардың болуында. Діндегі кішкентай өзгеше мәселелер Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейінгі сахабалардың арасында, ғұламалардың арасында болған. Сондай кішігірім көзқарастарға біз толеранттық көңіл танытуымыз керек. Яғни, менікі ғана дұрыс, сендер адасып жүрсіңдер дей алмаймыз. Өйткені әр адам өзінің пікірін Құран мен хадис арқылы дәлелдеуге тырысады. Бұл жерде айтарым, түймедей нәрсені түйедей қылмау керек. Біздің ортақ мәселелеріміз көп. Құранымыз бір, Пайғамбарымыз бір, Алламыз – Жаратушымыз бір. Қыбыламыз бір, Қағбамыз бір, дұшпанымыз бір.

– Шет елде дін мәселесі мемлекеттік саясатпен мемлекеттік идеологиямен ұштасады. Ал, бізде жағдай басқаша сияқты…

– Өздеріңіз де білесіз, Қазақстанда мемлекеттен дін бөлек. Бірақ солай бола тұра мемлекеттік саясаттан тыс емес. Мемлекет діни ахуалға көз қырын салып отыр.

– Сіздің «Ақиқат шуағы» атты кітабыңызды оқып, біраз ойларға баттым. Жалпы, «Алтын қалам» баспасынан шыққан діни тақырыптағы кітаптардың мазмұны да, сапасы да жақсы екен. Біз оқырман ретінде тәнті болдық. «Ақиқат шуағын» жазуға не итермеледі?

– «Ақиқат шуағы» – иман, сенім тұрғысынан жазылған кітап. Әр нәрсенің өзінің бір негізі болады. Діннің де негізі – сенім, иман мәселесі. Иманы, сенімі берік жан ғана өзінің істеп жүрген нәрселерін күмәнсіз атқара алады. «Ақиқат шуағында» иманның алғышарттары – Аллаға иман, Пайғамбарға иман, періштелерге иман, ақиретке иман сияқты сенімдер жүйелі түрде ғылыми негізде талқыланған. Аллаһ бар. Ол бір. Оның бар екендігі мен бір екендігін біз қалай дәлелдей аламыз? Сол сияқты өздігінен пайда болуды негізге алатын дарвинизмді діни тұрғыда қалайша фактілермен теріске шығара аламыз? Пайғамбарымыздың пайғамбарлығын фактілермен қалайша дәлелдейміз? Адамның ойын еріксіз торлайтын осы және өзге де сауалдарға біз ғылыми әрі діни тұрғыда жауап беруге тырыстық. Мұсылман баласы ақирет күні Алланың алдына баратынына кәміл сенуі керек. Иманы берік жан ғана шынайы мұсылман өкілі бола алады. Ал, иманы әлсіз, ғылыми негізге сүйенбеген еліктеуші иман көп жерлерде шатасады, көп жерлерде әлсіз болады, атқарған амалдары да әлсіз келеді.

– Қазір қандай кітап жазып жүрсіз?

– Қазір қолға алып жатқан кітабым – менің үшінші еңбегім. «Ислам Ғылымхалы» атты алғашқы еңбекті белгілі ғалым, дінтанушы Мұхитдин Исаұлымен жазғанмын. Бұл кітапта ғибадаттар мәселесі қамтылған. Өздеріңіз де білесіз, «Ақиқат шуағында» иман мәселелері қамтылған болатын. Үшінші кітапта иманды тереңдету мәселесімен қатар, адамның көкейінен күдікті ойларды шығару мәселелері қамтылмақ. Пенденің ойына түрлі күдікті ойлар кіреді. «Шайтан жаман болса, ол не үшін жаралған?», «Неге көп әйел алуға ислам рұқсат берген?», «Неге намазды біз араб тілінде емес, өз ана тілімізде оқымаймыз?», тағысын тағылары… Осы тектес күмәнді сұрақтар өте көп. Осы және өзге де сұрақтарға біз ғылыми түрде жауап беруге тырыстық. Көкейіндегі күмәнді ойларды сейілте білген адамның иманы күшті болмақ. Ал, иманы әлсіз адамның сенімі де, жасаған ғибадаттары да әлсіз болады.

Жалпы, «Алтын қалам» баспасында біз діни кітаптарды шығарумен шектелмеуге тырысамыз. Дін мәселесі – өте нәзік, күрделі мәселе. Бүгін руханият саласы асығыс қимылдауды қажет еткендіктен, біз діни кітаптарды шығаруды қолға алып отырмыз. Кейін жалпы мәдени, тарихи, этикалық-эстетикалық басылымдарды шығаруға ниетіміз бар. Мұнымен қоса, видео-аудио таспаларды шығаруға да ниеттіміз. Бәрі де ұлттың, халықтың келешегі үшін жасалып жатыр. Руханиятсыз ел мемлекет бола алмайды.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары