Өскеменнiң ауасы – анау, суы – мынау…

Өскеменнiң ауасы – анау, суы – мынау…

Өскеменнiң ауасы – анау, суы – мынау…
ашық дереккөзі
483

Жалпы, бағдарлама Н.Назарбаевтың үстiмiздегi жылғы Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы негiзiнде бастау алды. Эколог-мамандардың айтуынша, аймақ техногендiк қалдықтармен ең көп ластанған деп саналатын қаланы сауықтырудың осындай кешендi бағдарламасы бұған дейiн жасалмаған. Қазақстандық бұл бағдарламаны адамның денсаулығын сақтауға арналған iрi көлемдегi шара деп айтуға болады. Алдын-ала жасалған есептеулер бойынша бағдарламаны iске асыру құны 38 млрд. 5млн. теңгеге түскелi отыр. Оның 21 млрд.700 теңгесiн республикалық бюджет көтерсе, қалғаны жергiлiктi бюджет пен кәсiпорындардың үлесiне тиедi. Сол сияқты Өскеменде мемлекет басшысының тiкелей тапсырмасымен жаңа экологиялық бағдарлама дайындалды. Бұл 9 жылға есептелген бағдарламаға халықаралық сарапшылар да қатысты. Жобаның негiзгi маңызы ауа, су ресурстары, радиациялық қауiпсiздiктi қорғауда жатыр. Бүгiнде бұл қалада 150 кәсiпорын жұмыс iстейдi. Ал, жыл сайын осы кәсiпорын қалдықтарынан ауаға 120 тонна зиянды қалдықтар тарайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл қалдықтан құтылуға болады. Басты мақсат ретiнде тұрғын үйлердi экологиясы таза ықшам аудандарға көшiру мәселесi көзделдi. Осы орайда Өскемен қаласының әкiмi Александр Быстровтың пiкiрiнше, бұрын кәсiпорындар салынғанда, жанына уақытша тұрғын үйлер салынған болатын. Осы аудандардың ауасы өте ластанған дегендi айтады. Сондай-ақ, бұл жаңа жобада медициналық қызмет көрсетудiң жаңа үлгiсi жасалды. Жоспар бойынша қалада бiрнеше Экологиялық орталық салынбақшы. Бұл денсаулығы өте нашар, экологиядан зардап шеккендерге арналады деп күтiлуде. Орталықта адамдардың қатерлi iсiк ауруының бастапқы кезеңi тексеруден өтедi. Дәрiгерлердiң айтуынша, мұнда қатерлi дерттi радио-химиялық терапиялар жасалмайды. Мемлекеттiк эпидемиялық бақылау басқармасының бастығы Валерий Якупов:«Бұл жобаның жалпы құны 40 млрд теңге. Ал Өскемен қаласының бiр жылғы бюджетi 4 млрд. теңге. Есептей берiңiз! Сондықтан да бағдарламаның қаржылануына отандық банктер де қаржылай көмектеспек»– дейдi. Аталмыш жоба дiттеген ниетiне жеткен жағдайда экологияның зардабынан бастау болған сырқаттарға тосқауыл болатыны белгiлi. Жуырда қала мектептерiнiң бiр-екi оқушысы басы айналып құлап қалған. Мұны дәрiгерлер қауымы былай түсiндiредi: «Мектеп оқушыларының бiрталайын тұрмыстық әл-ауқаты нашар отбасылардың балалары құрайды. Көбiнесе ауылдан қалаға нәпақа iздеп келген қазақ отбасының баласы» дейдi. Бұл бiр жағы ғана десек, негiзi басты фактор – аймақ экологиясында да жатыр. Осы тұрғыда 2004 жылғы қорытындыларға сүйенсек, Өскеменде мың балаға шаққандағы ауру 4,8 есе көбейген. Сол сияқты демiкпе, тыныс алу аурулары, қан тамырлары жүйесiнiң дертi ушығып барады. Дәл қазiргi сәтте қаланың «Қазмырыш» комбинаты орналасқан ауданда тұратын балалардың денсаулығын тексеру жүргiзiлуде. Өскемендегi халықтың 67 пайызы тыныс алу органдары ауруымен ауырса, бұл жыл сайын 5 пайызға өсiп отыр. Экологияның басты зардабы өмiрге денi сау сәби әкелетiн ана мен балаға әсерiн тигiзуде. Сондықтан туу көрсеткiшi де шамадан тыс азайып барады.

Сол сияқты осындай өзiндiк экологиялық проблемасымен белгiлi Семей өңiрiн де атап айтсақ артық болмас. Қазақстан ядролық физика институтының мамандарының зерттеулерi полигон жарылысы болған жердiң тұрғындарын айтпағанның өзiнде, алыс жатқан елдi мекеннiң адамдарында да радиация сәулесi – грея саны ерекше көп дегендi дәлелдеп отыр. Яғни, мұның шамадан тыс болуы жазылмас қауiптi дертке алып келерi анық. 1949–1962 жылғы атмосфералық және жер асты жарылыстарының ауаға және қоршаған ортаға тигiзген әсерi дер уақытында зерттелмегендiктен де оның зиянды қалдықтары өз ауыртпалығын әлi жойған жоқ. Бұл жергiлiктi халықтың денсаулығына, ауыл шаруашылығына және аймақтың экономикасына да айтарлықтай шығын алып келдi. Ал бүгiнде аталмыш институт мамандары 1983– 85 жылдары орын алған ядролық жарылыстың радиациялық ахуалын зерттеу үстiнде көрiнедi. Осындай полигонның зардаптарынан семейлiктердiң арасында жүрек аурулары көбейiп кеткен. Семейдiң Халықты сауықтыру орталығының жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлiмшесiне жыл сайын 600-700 адам түседi. Олардың 54 пайызы – iрi қан тамырларының дертiмен ауырса, 30-34 пайызы — созылмалы веноздық жетiспеушiлiкке шалдыққан. Ал 4 пайызында – жүректiң ишемиялық ауруы анықталған. Бөлiмше меңгерушiсi Е.Сағындықовтың айтуынша, емделiп жатқан сырқаттардың басым көпшiлiгi – темекi шегетiндер. Ал соңғы уақытта қан тамырлары ауруымен сырқаттанғандардың көбi жастар болып отыр. Егер бұрын бұл топқа жасы 40-тан асқандар кiрсе, ендi бұл дерт 30-35 жастағы ер азаматтардың арасында тiркеле бастады. Дәрiгер пiкiрiнше, жүрек ауруларына тек дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер ғана емес, сондай-ақ экология да себеп болуда. Семей ядролық полигонының жүрек ауруларына тигiзетiн әсерi әлдеқашан дәлелденген. Бұған тағы қосып айтатын нәрсе, жер астында ядролық жарылыстар жасалған бұл өңiрде су тапшылығы ең өзектi мәселе болуда. Ғалымдардың пiкiрiнше, жарылыс салдарынан топырақпен қатар жер асты сулары да ластанған. Бұл туралы «Суды биогенизациялау, су экологиясының проблемалары және адам өмiрiнiң қауiпсiздiгi» атты ғылыми семинарда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының өкiлдерi мәлiмдедi. Онда су, оның iшiнде ауыз су мәселесi кезек күттiрмейтiн мәселеге жататынын айтып, судағы бактерияларды лазер арқылы өлтiру және топыраққа сiңiп кеткен сынаптарды тазалау жоспарға енгiзiлдi.

Сондай-ақ, таяу күндерi БҰҰ Семей полигонындағы ядролық сынақ зардаптарын жоюға бағышталған шараны қолдап отыр. БҰҰ-ның бас ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен көтерiлген «Қазақстанның Семей аймағын экономикалық дамыту, халықты сауықтыру және экология мақсаттарындағы қызметтердi үйлестiру және халықаралық ынтымақтастық» бағдарламасын бiрауыздан мақұлдады. Бұл қарардың қабылдануы тұрғындардың, әсiресе, балалардың өмiрi мен денсаулығына, Семей өңiрiндегi табиғи ортаға нұқсан келтiру қаупiне алаңдаушылық негiзiнде туындады. Құжатта БҰҰ-ның бас ассамблеясы Семей өңiрi тұрғындарының денсаулығына қатысты радиологиялық, әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды азайту үшiн жаңа технологияларды пайдалану аса қажет деп танылды. Яғни, бұл осы аймақтың экономикалық өсiмi мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге жағдай жасау, арнаулы емдеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге шақырды. Сынақтардан зардап шеккен аймақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуына септiгiн тигiзу маңызды бiр құрамдас бөлiгi болып табылатын БҰҰ-ға мүше елдер қабылдаған бұл қарар Қазақстан үшiн айрықша маңызды. Ол елiмiзге бұрынғы Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптарын жеңуде халықаралық қоғамдастықпен одан әрi ықпалдастықты жалғастыруға ауқымды мүмкiндiктер бердi.

Демек, елiмiздегi экологиясы өршiген бұл аймақтардың әңгiмесi мұнымен бiтпек емес. Қандай да бiр ауқымды шараның жасалып жатқаны жергiлiктi тұрғындардың мүддесiне, денсаулық мәселелерiн оңтайландыруға бағышталмақ. Экологиясы ерекше көзге түсетiн Қазақстан қалаларының iшiндегi осы екi өңiрдiң жай-жапсары осындай. Ал осы жағдайы мәз емес экологиялық мекеннiң тағдыры тек жергiлiктi халықты ғана емес, Үкiмет пен Денсаулық сақтау министрлiгiн де ойландырса игi едi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары