ОРАЛМАН КІМ?

ОРАЛМАН КІМ?

ОРАЛМАН КІМ?
ашық дереккөзі
922

Алайда, Құрылтайдан кейiн айтылған әңгiменi сарапқа салып отырсаңыз, бұл әлем қазағының алдында емес, Қазақстандағы өзге ұлт өкiлдерi алдында жинаған ұпай сияқты. Өйткенi, биiк мiнбер шетте жүрген 5 миллион қазағының келуiне аса мүдделi емес сияқты. Атажұртқа ағылған көштi ендi тыю оңай болмас. Бiрақ, қолдан кедергiлер жасалуы бек мүмкiн.

Өзге емес осы уақытқа дейiн оралманның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келген кейбiр қазақтiлдi басылымдардың бұған дейiнгi айтып келген ойларына мүлде қарама-қайшы ой айта бастауы да, осы Құрылтайдағы салқынқабақтың кесiрi. Демек, басқарылатын тетiкпен жұмыс iстейтiн кейбiр әрiптестерiмiз жоғарыдан берiлген «ымды» түсiндi, түсiндi де сол «ым» бойынша қалам тербей бастады. Бұл ұлт мүддесiне қайшы ма, жоқ па, оны ескерiп отырған жоқ.

Оралман кiм? Оның Қазақстан саясаты мен экономикасына, әлеуметтiк ахуалына берерi не? Дәл осы сауалды «Түркiстан» беттерiнде бiз жиi көтерiп келемiз. Әрi жауап та таппай жатқан жоқпыз.

Бiздегi шала сауатты журналистердiң көбi шеттегi қазақтар жайлы ой қозғағанда, «оларды ел басына күн туған заманда елiн артқа тастап, босып кеткендер» деп есептейдi. Ал, саналы адам «елiнiң жартысына жуығы неге босып кеттi?» дегенге көңiл аударар едi.Бұл мүмкiн бе? Оның үстiне атажұртын ештеңеге айырбастамас, қасықтай қаны қалғанша «ата баба жерi үшiн, ұрпағы мен елi үшiн күрескен» ата-бабаларымыздың қанында елiн тастап үдере көшу жоқ қой. Ендеше 5 миллион қазақ қалай шетте жүр. Өзге емес, мұны журналистер бiлуi керек едi. «Алтын Орда» газетiнiң №41 санында Бақытгүл Бабаштың «Қияндағы қандастардың оралуы люмпенизацияға әкеле ме?» деген мақаласында «Әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан мемлекеттiң көмегiне арқа сүйеп және соны мiндетсiнiп отырғандарға деген халықтың көңiл-күйiн түсiнгiң де келедi: басына әлдеқандай күн туа қалғанда атамекенiн алмастырып кеткендер ендi келiп несiне мiндетсiнедi дейтiн шығар» деген сөйлемдi оқығанда өз көзiме өзiм сенбедiм. Егер, тарихтан хабары бар журналист болса, бұл жолдарды жазбақ түгiлi, есiне де алмас едi. Егер, Бақытгүл Бабаш ханым өзге тарихты емес, Қабдеш Жұмадiловтiң «Тағдыр» романын оқыған болса, қазақ диаспорасы жөнiнде басқаша ой түйер ме едi, кiм бiлсiн? Қытайда ресми емес дерек көздерi — 2 миллион, ресми дерек көздерi -1,5 миллион қазақ бар деседi. Осы қазақтың бәрi ел басына күн туғанда ауып кеттi десеңiз қателесесiз. Олар қазақтың байырғы мекенi — Қытайға қолды болған Алтай, Тарбағатай, Іле аймағының байырғы тұрғындары. Тек екi империя қазақтың жерiн бөлiске салғанда тағдыр тәлкегiмен Қытай өлкесiнде қалған. Тарих парағын ақтарып қараңыз, Қазақ жерiн Қытай мен Ресейдiң бөлiсуi 1860 жылы Шәуешек келiсiмiмен басталып, 1881 жылы Петербург келiсiмiмен аяқталған. Алайда, Қытай мен Ресей келiсе алмаған таласты территорияға қазiргi Қазақстан мен Қытай нүкте қойды. Сөйтiп, қазақтың Шағанова, Кергентас деген ең шұрайлы екi жайлауы Қытайға өтiп кеттi.

Бүкiл қазақтың шетке кету тарихы осыдан басталады.

Қытайдан кейiнгi ауқымды диаспора өзбекстанда отыр. Кеңес Одағының алғашқы жылдарында Ташкент қазақ зиялыларының орталығы болғаны есiңiзде болар. Төле мен Әйтеке билердiң бейiтi Ташкент маңында болуы да тегiннен-тегiн емес шығар. Егер, тарихты сөйлетсек, өзбектерге тиесiлi аумақ Бұқара, Самарқанд, Хиуа маңайы ғана көрiнедi. Тiптi өзбек пен қазақ еншiсi бөлiнбеген бiр халық. Сол үшiн де оларда территория¬лық аумақ та бiр болды. Соның нәтижесiнде өзбек пен қазақ бiрге жайлап, қыстап отырған көптеген қоныс Өзбекстанға кеттi. Ал, Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ Автономиялы Республикасы 1926 жылға дейiн Қазақстан Республикасының құрамында болғанын бiлетiн шығарсыз. Демек, ондағы 450 мың қазақ та бiр жақтан ауып бармаған болар. Оның үстiне Кеңес Одағы заманында Өзбекстанға тағы үш аудан қолды болды. Сөйтiп демографтарымыздың есебi бойынша ондағы 2 миллион қазақ, ресми сан бойынша, 1,2 миллион қазақ та ауып бармағандығы белгiлi болды.

Ал, қазақ диаспорасы шоғырланған үшiншi мемлекет — Ресей. Астрахань, Самара, Омбы, Түмен, Томск, Саратов (Сарытау), Орынбор (аттары айтып тұрғандай), Ресей отарлаған қазақ жерлерiнде тағы да миллион қазақ отыр. Омбыдағы 100 мың қазақтың мекен еткен жерлерiне барсаңыз, әлi күнге дейiн орыстанбаған, тұнып тұрған қазақ атаулардан көз ашпайсыз.

Мiне, қазақ диаспорасының белгiлi бөлегi өзге мемлекетте, бiрақ өзiнiң атамекен-қонысында отыр. Демографтардың тiлiмен айтқанда бұлар диаспора өкiлдерi емес, ирридиенттер. Ал, әлемнiң өзге елiнде шашырап жүрген диаспора өкiлдерiнiң негiзiн Қытайдан ауған қазақтар құрайды. Өйткенi, олар Шыңсысайдың зұлымдық саясатына төтеп бере алмағандардың ұрпағы. Сондай-ақ, аштық немесе ұжымдастырудан Қытай ауған қазақтардың көбi — 1954-1962 жылдар аралығында Қазақстанға қайта оралған.

Демек, қазақ өзге мемлекетте жерiмен бiрге қалды. Ал, Қазақстанның ендiгi саясаты не болмақ? Әрине, өткенге салауат, жердi қайтарып алу мүмкiн емес, сол үшiн сол елдерде елдiгiн сақтап отырған халқын қайтарып алу қажет. Бұл — бiрiншi. Екiншiден, оралманға тарихи отанынан ажырағандар ретiнде емес, басты стратегиялық бағыт ретiнде баға беруi керек. Яғни, оралманға Қазақстан керек пе, Қазақстанға оралман керек пе? Ал, Бақытгүл Бабаш ханым аталған мақаласында Қазақстанға оралман керек пе, өзi? Оларды топырлатып әкелу арқылы бiз «демографияны реттеймiз деп жер жүзiндегi қазақтарды Қазақстанға тоғытқанда, ертеңгi күнi кедей, тұрмысы төмен, өмiр сүруге бейiмi жоқ «әскердi» өз қолымен жасап алмайды ма екенбiз деп ойға қалғанбыз» деп жазады. Бақытгүл ханым, 14 жылда Қазақстанға келген оралманның саяси-әлеуметтiк салмағын таразыға салған кiм бар? Өзге, өзге, Қазақстанға келген қазақтың нақты санын дөп басып ешкiм айтып бере алмай отырған жоқ па? Квота жалпы, кiмдерге бөлiнедi? Олардың арасында қандай мамандық иелерi бар, Қазақстанға қандай пайда, қандай зиян әкеледi? Бұны екшеген жан бар ма? Ең әуелi квотаның толық Ережесi жасалынған жоқ. Оған кiмдердi кiргiзу керек дегеннiң басы және ашылмаған. Соның салдарынан квота жемқорлық көзiне айналды.

Бүгiнде Қазақстанда келген оралмандардың тыныс-тiршiлiгiн дөп басып бiлетiн бiрде-бiр мекеме немесе зерттеу институты да жоқ. Ал, сiз мысал келтiрген Әлеуметтiк технологиялар орталығының жүргiзген сауалнамасы үлкен күмән тудырады. Бiрiншiден, сiз оған қатысқан респонденттердiң санын жазбапсыз. Екiншiден, кез-келген әлеуметтiк-зерттеулердiң астарында саясат болады. Осы жылдар аралығында әлеуметтiк зерттеу жүргiзiп келген институттардың қазақтың мүддесi тұрғысынан зерттеу жүргiзгенi есiмде жоқ. Өйткенi, олардың сауалнамасына көбiне-көп орыстiлдi респонденттер қатысады. Екiншiден, бұл белгiлi бiр саяси топтардың тапсырысын орындау. Сол себептi де әлеуметтiк зерттеу институттарының жүргiзген сауалнамасы үнемi бiржақты болып келедi. Яғни, бiр институттың сауалнамасынан бүкiл жағдайға баға беруге болмайды. Сонымен Қазақстанға келген оралманның бәрi сiз айтқандай алақан жайған сұраушы ма, жоқ Қазақстанның экономикасы мен саяси-мәдени, әлеуметтiк ахуалына әжептәуiр үлес қосатын қосымша күш пе? Қалай айтсақ та, Қазақстанға жарты миллионнан астам қазақ келдi. Ал, бiздiң бiлуiмiзше сол жарты миллионның бәрi мойнына дорба асынып қайыр тiлеп кеткен жоқ. Шамаларының келгенiнше күнiн көруге тырысып бағуда. Әлеуметтiк зерттеулер нәтижесi оралмандардың 80%-i жастар екенiн айтады. Демек, зейнет жасында, Қазақстаннан әлеуметтiк көмек талап ететiндердiң саны әлдеқайда төмен. Сондай-ақ, еңбек жасында, еңбекке жарамдылардың 32,7%-i әртүрлi мемлекеттiк жұмысқа орналасқан. Ал, қалған бөлiгi жеке кәсiпкерлiктi дамытып жатыр. Сiз оралмандардың орыс тiлiн бiлмейтiндiгi жайында көп айтасыз. Қазақстан Ресей емес қой. Екiншiден, олардың 38%-i — жоғары бiлiмдi, 44%-i — арнайы бiлiмдi. Ал, орыс тiлiнен алғашқы жылдары қиналғанымен, ортаға сай үйренiп кеткендерi қаншама. Бiр өкiнiштiсi, сол бiлiмдi пайдалану жағы бiзде кемшiн түсiп жатыр. Жаңағы мемлекеттiк қызметте жұмыс жасап жүргендердiң денi ғылыми-мәдени қызметкерлер, мұғалiмдер мен журналистер. Демек, Қазақстанның ғылым-бiлiмiне, мәдениетiне орасан зор үлес қосылып жатыр ма? Ендеше, оралмандар сiз айтқандай өмiр сүруге бейiмсiз, кедей, тұрмысы төмен «әскердi» жасақтап жатқан жоқ, керiсiнше, Қазақстанның мәдени-әлеуметтiк өмiрiне шама-шарқынша үлес қосып жатыр. Иә, оралмандардың арасында өмiрге бейiмделе алмай, күнiн көре алмай жүргендер баршылық. Алайда, сiз айтқандай «әскердi» жасақтап отырған жоқ. Жалпы кейбiр әрiптестерiмiздiң мәселенiң байыбына үңiлмей қоғамдық пiкiр тудыруға, сыңаржақ ой айтуға бейiм келетiндiгi салдарынан қоғамда дұрыс көзқарас қалыптаспайды.

Әрине, оралманға алғашқы кезде бейiмделiп кетуi үшiн, көмек қажет. Қазақстанда 1993 жылдан берi көшi-қон квотасы бөлiнiп, сол квота арқылы оралмандарға көрсетiлетiн көмек көздерi реттелiп келедi. 2003 жылдан берi квота саясаты өзгерiске ұшырап, оларды бұрынғыдай баспанамен қамтамасыз ету тоқтатылды. Бүгiнде квотаға енген отбасының әрбiр мүшесi 650 доллар алады. Ол «былай тартсаң арба сынады, олай тартсаң өгiз өледiнiң» керiн танытып тұр. Өйткенi, бұл ақшаға қалалы жерден жер телiмi де келмейдi екен. Сөйтiп, квота суға сiңген құмға айналуда. Сол себептi де, көшi-қон квотасын түбегейлi алып тастайтын уақыт жеттi. Оның орнына оралманға ата-баба жерiнен алақандай жер берiлсiн. Мен өз басым екi түрлi мысал келтiре аламын. Мәселен, Алматы облысының Қарасай ауданы, Шамалған ауылында Қарақалпақстаннан келген Марал Қалиева деген апай тұрады. 13 баласы бар. Ол кiсi үш жыл бойы айтысып-тартысып жүрiп, квотаға биыл қол жеткiзiптi. Қолына 6 мың доллар тиген. Бұл ақша Шамалғаннан алақандай жер сатып алуға ғана жеткен. Ал, Алматы қаласының iргесiндегi Байбесiк ауылында тұратын қарақалпақстандық Келманов Бахтиярға үй салып алу мақсатында жер телiмi берiлген. Бақтиярдың қазiр 4 бөлмелi үйi бар. Ал, Марал апай үш жылының зая кеткенiн айтады. «Егер, сарсылтпай жер бергенде, үй құрылысын баяғыда-ақ бастап кетер едiм» дейдi. Қазақстан Республикасының Конституциясында да, 2002 жылғы Үкiмет Қаулысында да, Жер кодексiн қабылдағанда да жер қоры және оралманның үлесi жайында арнайы баптар енген. Қазiр осы бап бойынша, арнайы жер берiп, оралмандар ауылын тұрығызып жатқан облыстар баршылық.

Демек, оралман алғашқы жылы ғана оралман. Азаматтығын алғаннан кейiн, сiз бен бiз сияқты Қазақстанның толыққанды азаматы.

Қазақстандай алып мемлекеттiң экономикасы iлгерi жылжу үшiн, кемiнде 60 миллион халық керек. Ал, бiз небәрi 15 миллионбыз. Иә, Елбасы «қазақ өз елiнде отыра берсiн» дегендi қадап айтты. Сонымен қатар, Қазақстанға жыл өткен сайын қосымша жұмыс күшiнiң қажет боп жатқанына баса тоқталды. Қазақстан биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында шеттен 11 мың жұмыс күшiн алған екен. Бұл былтырғы жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда, 5 мыңға артық болған. Ал, осы жұмыс күшiн Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi оралмандар арасынан iздемеген. Сөйтiп, бiз онсыз да ұлттар лабораториясына айналған Қазақстанды тағы да өзге ұлт өкiлдерiмен толтырып жатырмыз. Ал, ЕҚЫҰ-ға (ОБСЕ) төраға болуға ынтығып отырған бiзге, халықаралық қауымдастық 1991-1993 жылдар аралығында Қазақстанды артқа тастаған 3 миллион орысқа (нағыз ел басына күн туғанда ауа көшкендер) байырғы тұрғын ретiнде статус берiп, қайтарып алуды мiндеттеп отыр. Сондай-ақ, Қытайдың мұнай компанияларының көптеп салынуы қытайлық жұмысшылардың көбеюiне де мұрындық болуда. Сiз бен бiз қазақтың қаптағанынан емес, қара қытай мен сары орыстың қаптағанынан сескенейiк. Онсыз да күнi мүшкiл қазақ тiлi мен ұлттық құндылықтарымызды кiм көкке көтередi, соны салмақтайық.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары