Түркістан облысында ішімдіксіз ауылдар саны 70-ке жуықтаған, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Түркістан облысында "Ішімдіксіз ауыл" бастамасы аясында алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайтын ауылдар саны жыл сайын артып келеді.
Былтырдың өзінде ішімдіксіз ауылдар саны 30-ға жеткен. Оның ішінде, Ордабасы мен Мақтарал аудандарынан 5 ауыл, Келес ауданында – 4, Сайрам ауданында – 3, Қазығұрт, Төлеби және Сауран аудандарында – 2, Отырар, Жетісай және Арыс аудандарында түгелдей бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан бас тартқан.
"Ал, биыл ішімдіксіз ауылдар саны 66-ға жектен. Солардың бірі - Түлкібас ауданындағы Еңбек ауылы. Жалпы 131 үйі, 1 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенде соңғы 3 жылда алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды, ал соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген", - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде ауыл тұрғындары той-мерекелерді де ішімдіксіз өткізуді дәстүрге айналдырып, қоғамға үлгі боларлық орта қалыптастырған.