ҚАРА БАЛАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

ҚАРА БАЛАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

ҚАРА БАЛАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
ашық дереккөзі
478
Шетел азаматтары асырап алған балалардың жағдайын неге білмейміз?

Бұл өзі айта-айта жауыр болған мәселе. Олай дейтініміз, зиялы деп жүрген ағаларымыздың біріне хабарласып, асыранды балалардың жағдайы жайлы әңгіме қозғағымыз келсе: «Бұл мәселені талай айттық қой…» – деп, қысқа қайырады. Бірақ шетел асып кеткен жетімдер мәселесін қайта көтермеске амал жоқ. Таяуда ғана Ресей мен АҚШ-тың құқық қорғау органдары «Юнона» қайырымдылық қорының атын бүркеніп, бала сатумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады. Халықаралық деңгейдегі даулардан кейін етек-жеңін жия бастаған Ресейдің Бас прокуратурасы 1996 жылдан бері шетелде 13 асыранды орыс баласының өлтірілгенін жария етті. Оның 12-сі – АҚШ-та өгей әке-шешелерінің қолынан қаза тапқан. Қаза тапқан балалардың біреуі «Юнона» қоры арқылы асырап алыныпты. Бұл ұйымның Қазақстанға да қатысы бар көрінеді. Бірақ қазірше еліміздің Бас прокуратурасы үнсіз отырған секілді.

«Юнона» және жетімдер

Ресейдің Бас прокурорының орынбасары Сергей Фридинскийдің мәліметі бойынша, Калифорнияда орналасқан «Юнона» фирмасы Ресей, Украина, Қазақстан, Вьетнам, Гватемала, т.б. елдерде тұратын жетімдер жайлы астыртын мәліметтер жинап, бала асырау агенттіктеріне жетімдерді алып сатқан. Әрбір елде балалар үйлерінен ақпарат жинаған делдалдар жұмыс істеген. Өз қызметі үшін агенттік әрбір бала асыраушысынан 10-20 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жиған.

Иван Жердев басқарған «Юнона» қоры құқық қорғаушылардың көзіне 2003 жылдың желтоқсанында іліккен. Оған себеп болған жәйт, осы фирма арқылы асырап алынған 6 жасар Алеша Гейконың өгей анасы Ирма Павлистің қолынан қаза табуы еді. Осы қайғылы оқиғадан кейін Ресейдің құқық қорғау органдары Америкадағы әріптестерімен хабарласып, қылмыстық топтың ізіне түсіпті. Асыранды ата-аналарының қолынан қаза тапқан орыс балаларының ең үлкені – 11 жаста, ең кішкентайы – 1 жас 4 айлық нәресте болған. 2005 жылы орын алған екі бірдей сәбидің өлімі Ресейде халықаралық асырау ісіне мораторий қабылдануына әкеп соға жаздаған. Бүгінде Ресейде халықаралық бала асырау мәселесіне қарсылықтар ушығып тұр. Бұл мәселе Дума көлемінде талай рет көтерілді. Ресейліктер Америкада көбіне орыс балаларының жапа шегіп жатқанына алаңдаулы. Қазірше орыс жетімдеріне Америкаға жазғы демалысқа барып-келуге шектеу қойылды. Ресейді дүрліктірген оқиғалардың желісі Қазақстанға да жетті. Шетелдегі жетімдер мәселесін Парламент қабырғасында бір емес, бірнеше рет көтерген Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы Ресейдегі жағдайлардан кейін еліміздің Бас прокуратурасына депутаттық сауал жолдады. Амангелді Айталы сауалға жауаптың әлі келмегенін айтады. Ал, Бас прокуратура қызметкерлері мәселені бір ай көлемінде қарайтындарын жеткізді. Десек те, Ресейдің Бас прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, «Юнона» фирмасының Қазақстандағы былықтары да баршылық. Бірақ бұл мәселенің анық-қанығын білу – отандық құзырлы орындардың міндеті.
Шетел асқан асыранды балаларды қадағалауға мүмкіндігіміз шектеулі

Асыранды балалар жайындағы ұлттық ақпараттық қызметтің (АҚШ) мәліметінше, соңғы уақытта американдықтар 16396 шетел жетімдерін асырап алған. АҚШ азаматтары көбіне Қытай, Оңтүстік Корея, Гватемаладан, ТМД елдерінен – Ресей, Қазақстан, Украина мен Грузиядан бала асырауды әдетке айналдырған. АҚШ-тың өз ішінде жетімді асырап алу үшін әл-ауқаты жоғары отбасы болумен қатар, жергілікті полиция мен Федералдық тергеу қызметінің тексерісінен бастан-аяқ өту керек. Екінің біріне мұндай шарттар ұнамайды. Бұл орайда шетелден бала асырау әлдеқайда жеңіл.

Бүгінде еліміздегі әрбір төртінші жетім шетелдік отбасылардың қамқорына беріледі екен. Соңғы уақытта бір ғана американдықтар 4 мыңнан аса қазақ баласын асырап алған. Бірақ АҚШ-та өмір сүріп жатқан кішкентай отандастарымыздың жай-күйін бақылап отыруға толыққанды мүмкіндік жоқ. Себебі Қазақстанның консулдық лауазымды тұлғалары тек қана Вашингтон мен Нью-Йоркте орналасқан. Сондықтан шетелдегі жетімдердің жағдайы бір Құдайға аян. Мынау тұрған Америкадағы асыранды балалардың жай-күйін қадағалай алмай отырғанда, Африкаға асып кеткен қазақ балаларының жағдайы қалай деп сұраудың өзі күлкілі. Осыдан екі-үш жыл бұрын бір ғана Оңтүстік Африка республикасына 16 қазақ баласы жеткізілген. Осы мәселені де Парламент қабырғасында көтерген Амангелді Айталы құзырлы орындардан мардымды жауап ала алмай, жетімдердің тағдырын біле алмаған еді. Бұл жәйт те біздің елде жетім балалардың тағдырына немкетті қарайтынын аңғартқандай. Әрбір мемлекеттік орган мұхит асқан жетімдер мәселесін шешуде әртүрлі жолдар ұсынады. Мәселен, өткен жылы Бас прокуратура Үкіметке «Қазақстан «Бала құқықтарын қорғау және халықаралық асырап алу ісіндегі ынтымақтастық туралы» Гаага конвенциясына тездеп қосылуы керек» деп ұсыныс тастады. Бірақ еліміз «Юнисеф» сияқты БҰҰ жанындағы балаларға көмек көрсету ұйымында мүшелікте болса да, шетелдегі жетімдер жайлы толыққанды ақпарат алмай отырғанымызды ескерсек, бізге халықаралық ұйымдардан бұрын, Қазақстандағы құзырлы орындардың шетел асқан жетімдер мәселесімен білек сыбана айналысу қажеттігін аңғартқандай. Шетел асқан асыранды балалар мәселесімен Әділет министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы Iстер министрлігі айналысады. Бір қызығы, 2001 жылы жетімдер жайлы депутаттар сауалына үш министрлік үш түрлі дерек әкеліпті. Сол уақыт шеңберіндегі санақ бойынша, Әділет министрлігі – 1261, Білім және ғылым министрлігі – 977, Сыртқы істер министрлігі – 736 бала шетелдіктердің қамқорына берілген деп өз деректерін жария еткен. Депутаттар алдында ыңғайсыз жағдайға душар болған министрліктер кейін өзара ақылдасып, ортақ дерек жасапты. Сөйтсе, 1999-2001 жылдар аралығында 1797 бала шетелдіктердің тәрбиесіне берілген. Әлі күнге дейін елімізде шетел асқан балалардың нақты саны мен тағдыры жайлы мәліметтердің жоқтығын ескерсек, жаңа деректер де әрқилы болуы мүмкін. Ал, асырап алынған балалардың басына шетелде үлкен қауіп төнуі ықтимал. Олардың шетелде қорғанышы болмаған соң, балалардың қорғансыздың кейпін киері анық. Шетелде жетім балалардың басына төнетін қауіп тізімі мынадай: №1 қауіп
Өгей ата-аналардың қолынан қаза табу

Статистика көрсеткендей, шетелдік азаматтар асыранды балаларына қол жұмсауды әдетке айналдырғандай. Ресейдің Бас прокуратурасы АҚШ-та өлтірілген 12 баланың қашан, кімнің қолынан, тіпті, не үшін өлтірілгені жайлы толыққанды мәліметтер бере алады. Ал, Қазақстаннан асырап алынған балалардың қаншасы аман-есен, қаншасы үйінде жапа шегіп жүргендігі жайлы мәліметтер жоқтың қасы. Шетел асқан балалардың бәрі тірі ме? Бұл туралы да толыққанды ақпар жоқ… қазірше. Бір өкініштісі, елімізбен өзара дипломатиялық келіссіздер жүргізбеген, соның салдарынан Қазақстанның консулдық қызметі ашылмаған елдерде де асыранды қазақ балалары тұрады екен.

№2 қауіп:
Адам органдарын сататын қылмыстық топқа тап болу

Қазір әлемде адам органдарынан қымбат зат жоқ. Шетелдік миллионерлер мен миллиардерлер керекті орган үшін қыруар қаржы жұмсауға әрдайым дайын. Ресейдің ақпарат көздеріне сүйенсек, кішкентай орыс баласының сау органдарын шетелдік азаматқа сатқан қылмыстық топ та анықталған. Орган сату – өте пайдалы бизнеске айналғалы бері қылмыстық топтар киднеппингпен (бала алып-сатумен) білек сыбана айналысып келеді. Бұл – үлкен әлемдік проблема. Шетелде тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайын, аман-саулығын білу осы жағынан әсіресе маңызды.

№3 қауіп:
Сектанттармен асырап алыну

Интернетті ақтарып отырып, күллі әлемнің христиандарына арналған үндеуге тап болдық. Онда «Bethany Chrіstіan Servіces» ұйымы дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын христиандарды жетім балаларды асырап алуға шақырады. Аталған ұйымның өкілі Ян Пармантер: «Бала асырау – үлкен қадам, бірақ ол өзін-өзі ақтауы тиіс. Себебі, бұл жәйт асыранды балаларға Христосты тануға септігін тигізеді» – деп, үндеу айтады. Негізінен бүгінде көптеген миссионерлік ұйымдар әсіресе мұсылман балаларын асырап алуды жөн санайды. Бұл орайда жетім балалардың тағдыры мен ұлттық сипаттарының сақталуына ерекше мән беретін елдер де жоқ емес. Түптеп келгенде, христиан дінін ұстанатын халықтар өз жетімдерінің мұсылман болуын, ал мұсылмандар елдегі жетімдердің христиан болуын қаламас еді. Содан болар, Африка мен Таяу Шығыс елдерінің заңнамалары шетелдіктерге бала асырауға тыйым салады. Мұндай саясатты Батыс Еуропа елдері де ұстанып отыр. Ал, дінге толықтай бостандық берген елдер талай рет бармағын тістеп қалған. Мәселен, Ресейде «Христос шіркеуі әулиелерінің соңғы күндері» ағымына жататын американдық отбасына православ дінін ұстанатын орыс қыздарын асырап алуға шек қойылған. Воронеждың облыстық сотына Чепмендер отбасының өзге діни ағымға жататыны жайлы хабар жеткен бойда, сот балаларды арашалап алған. Діни сектадан аман қалған апалы-сіңлілі Ольга мен Галина соттың шешіміне дән риза. Кәмелетке толмаған 17 және 11 жастағы жасөспірімдер өз елдерінде ана тілі мен дінінен қол үзбейтінін түсінеді. Ал, есі кірмеген қаншама балалар тегін ұмытып, өгей әке-шешелерінің діни ұстанымдарын қабылдауға мәжбүр?!

Санақ көрсеткендей, бала асыраушы елдердің көшбасында Америка тұр. Діни бостандыққа шек келтірмейтін елді түрлі бағыттағы ағым-секталардың мекені деуге де болады. Сондықтан Америкадан келіп жатқан отбасылары әрқилы діндер мен дін атын бүркенген ілімдерді ұстанады. Алыстан арбаланып, елімізден бала асырауға құлықты отбасылардың әлемде тыйым салынған секта өкілдері болмасына кім кепіл? Дін таратушы миссионерлер өз қатарларын тегі бойынша мұсылман адамдармен толықтыруға аса ынталы. Бұл орайда олар мұсылман халықтарының басына түскен қайғы-қасіретті де өз пайдасына жаратып бағуда. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін шарпып өткен цунамиден кейін «Уорлд Хелп» миссионерлік ұйымы ата-аналарынан айрылған индонезиялық балаларды жинай бастаған. Негізінен Индонезияның заңдары мұсылман балаларын шетелдіктердің асырап алуына тыйым салады. Сондықтан Индонезиядағы Банда-Асех сияқты қалалардың бұрын-соңды Евангелие үшін есігі жабық болатын. Бірақ дүлей табиғат апатынан кейін есін жия алмай жатқан мемлекеттің қиын жағдайын пайдаланып, аталған ұйым 300 мұсылман баласын елден алып кеткісі келген. Мақсат – мұсылман балаларын хрис¬тиандық рухта тәрбиелеу, ой-саналарына христиандық негіздерді салу. Бұл пиғылдарын әлгі миссионерлік ұйым жасырмайды да. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұсылман дінін ұстанатын қазақ балалары мен православ дініндегі орыс балаларын американдық отбасылары жыл сайын көптеп асырап алады. Балалардың аттарын өзгертіп жатқан американдықтар олардың діни нанымдарын да өзгертіп жатқанына шүбә жоқ. Олар – таза «американдық өнім» боп шығады. №4 қауіп:
Біржынысты отбасында тәрбиелену

Күллі әлемді өз ығына жығып жатқан демократия азғындаған батыс қоғамының өмірлік түсініктеріне де еркіндік беруде. Батыста біржынысты махаббат қалыпты жағдай ретінде қабылданады. Тіпті, оларға ерлі-зайыптылар ретінде үйленуге де рұқсат берілген. Таяуда әлемге әйгілі әнші Элтон Джонның жан досына үйленген тойын көріп, жағамызды ұстаған едік. Ең сорақысы, күн өткен сайын біржынысты отбасыларына бала асырауға рұқсат беретін елдер қатары көбейіп келеді. Бүгінгі таңда Испания, Швеция, Канада мен Оңтүстік Африка республикасында екі еркектен, не екі әйелден тұратын отбасыларына бала асырауға рұқсат берілген. Таяуда Ұлыбританияда да біржынысты отбасылардың бала асырауына заңды негізде рұқсат етілді.

Батыс елдерінде орын алып жатқан осы тектес жәйттер Шығыс ұстанымдарына мүлдем кереғар. Жағдай осылай өрши берсе, күндердің бір күні қазақстандық балаларды асырауға ағым-секталардың өкілдерімен қатар, біржынысты отбасылардың да келуі әбден мүмкін. Кезінде бұл мәселені Мәжіліс депутаттары талай рет көтергені ел есінде. Бірақ «қазақстандық демократия» бұған мүмкіндік бермейтін сияқты. Жақында ҚР-ның Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев Ресейдің Бас прокуратурасымен әшкереленген «Юнона» қайырымдылық қорына байланысты баспасөз мәлімдемесін жасады. ҚР-ның СIМ-гі отандық ұйымдар мен жеке тұлғаларға елімізде тамыр жайып үлгерген «Юнона» қорымен байланыстарды үзу қажеттігін айтып отыр. Қазірше аталған министрлік осы қор арқылы шетелге асырауға берілген балалар жайлы толыққанды мәлімет жоқтығын жеткізді. Бірақ бұйрық болған соң, алдағы уақытта мәселенің анық-қанығын біліп беруге министрлік өкілі сендіріп отыр. Мұның бәрі «құрғақ қасық ауыз жыртадының» кебін келтіреді. Ал, қара баланың көз жасын кім құрғатар екен?!

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары