«Скрипаль ісінің» жаңғырығы

 

4 наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресейдің бұрынғы барлау қызметкері Сергей Скрипаль мен оның 33 жастағы қызына қастандық жасалған еді. Қаскөйлер олардың жүйке жүйесіне ауыр зақымдайтын улы дәрі дарытқан. Әкесі мен қызы үш аптадан бері жергілікті ауруханалардың бірінде ес-түссіз жатыр. Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй бұл істі Мәскеу ұйымдастыруы мүмкін деген пікірде. Мэйдың көзқарасын қолдаушылар қатары күннен-күнге көбейіп келеді.

Өткен аптада ағылшындар Ресейдің  23 елшісін Тұманды Альбионнан түре қуып шығарды. Бұған жауап ретінде ресми Мәскеу Британия елшілігінің елдегі 23 қызметкеріне елден кету туралы талап қойды. Ағылшын барлау қызметі мамандарының зерттеуінше, Скрипаль Ресейде шығатын «Новичок» дәрісімен уланған. Бұл дәрі әуелі адамның жүйке тамырларына әсер етеді де, зардап шегуші есінен танып, сал ауруына шалдығады. «Ресей бұл затты бұрын да өндірген, қазір де қайта жасап шығаруы әбден мүмкін. Бұрынғы Ресейдің демеушілігімен ұйымдастырылған адам өлімдерін есепке ала отырып, бір шешімге келдік. Ресей Сергей Скрипаль мен оның қызына жасалған қастандық үшін жауап беруі ықтимал. …Бұл Ресей билігінің біздің елге қарсы тікелей әрекеті немесе ресейлік билік аса қауіпті жүйке токсиндерін бақылаудан шет қалып, ол өзге біреулердің қолына түсті», – деді Ұлыбритания премьері Скрипаль ісіне қатысты ресми мәлімдемесінде. Алайда Ресей «бұл іске біздің еш қатысымыз жоқ» дегенінен танбай отыр. Жағдай ушыға түсетін тәрізді. Өйткені күн санап Ұлыбританияның позициясын қолдайтын елдердің қатары көбейіп,  20-ға жетті. Франция, Германия, Польша, Чехия, Дания, Латвия, Литва және Эстония бастаған елдер де Мэйдің бастамасы бойынша Ресей дипломаттарын елден шығару туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Мұндай елдердің қатары көбейе беретін сияқты.

Халықаралық сипат алған аталмыш іс туралы сөзінде АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: «Біз қылмысты әрекетке бұйрық бергендер және оны атқарғандар жазаға тартылуы керек деген сөзге қосыламыз. Біз бұл істе Ұлыбританияны қолдаймыз және одақтас ретінде ынтымақтастықты жалғастыра береміз», – деген болатын. Франция президенті Эммануэль Макрон да Тереза Мэймен телефон арқылы сөйлесіп, Лондонның позициясын жақтайтынын айтады. НАТО бас хатшысы да бұл іске қатысты Британиямен ортақ мәміледе шешім жасайтынын мәлімдеді. Британияның Қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Лорд Риккетс бұл мәселеде НАТО және ЕО-мен бірлесе отырып қарсы шара қолдану көбірек ықпалды болатынын айтты.

Ал Мәскеу  бұл істі Ресей мен Британия арасына іріткі салу үшін жасалған іс деп есептейді және Ресейге жабылған жала деп бағалады. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Ресейге қаратылған айыптауларды қисынсыз деген пікірін білдірді. Ал Владимир Путин көпке дейін өзін бейтарап ұстап, Скрипаль ісіне қатысты мәлімдеме жасауға асыққан жоқ.  Әйтсе де, жан-жақтан шұқшиған күдікті көздер көбейген соң, Ресей президенті жауаптан қаша алмайтынын түсінді.

«Егер бұл әскери улағыш зат болса, адамдар сол жерде қаза табар еді. Бұл айдан анық нәрсе, осыны түсіну керек», ‒ деді ол.

Путин Ресейде химиялық қару жоқ екендігін айтты. «Біз халықаралық бақылаушылардың қадағалауымен химиялық қарудың көзін жойғанбыз. Уәдесінде тұрмаған серіктестерімізге қарағанда, біз бұл қадамға бірінші болып бардық», ‒ деді Ресей президенті. Оның айтуынша, Ресейдің мұндай қастандық жасауына ешқандай негіз жоқ: «Кез келген саналы адам бұл бос сандырақ, мүмкін емес нәрсе екенін біледі. Ресей президент сайлауы және футболдан әлем чемпионаты қарсаңында мұндай нәрсе жасамасы анық. Бұл ақылға сыймайды».

Қалай болған күнде де, Скрипаль ісі президент тағына қайта жайғасқан Владимир Путинді тығырыққа тіреді. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесі 24 наурызда «Скрипаль ісіне» қатысты президент қатаң шешім қабылдауы керек» деген мәлімдеме жасады. «Еуроодақ елдерінің шешімін қуаттап, АҚШ  Ресей дипломаттарын елден шығаруы керек» деген талап та қойылды. Дональд бастапқыда Еуропалық одақтастарының әрекетін күтті. Еуроодақ елдерінің ұстанымы бір екеніне көзі жеткен соң, 26 наурызда ресейлік 60 дипломатты елден шығару туралы шешім қабылдады.

Дәл сол күні Канада да Ресейдің төрт елшісін өз аумағынан шығаруды ұйғарды. «Дипломаттар Ресей барлау қызметінің офицерлері болып шықты. Олар Канаданың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіру үшін  және біздің демократиямызға қол сұғу үшін елшілік мәртебелерін пайдаланды», ‒ деді Канада Сыртқы істер министрі Христя Фриланд.

26 наурызда ресейлік дипломаттарды елден шығару туралы шешімін Украина президенті Петр Порошенко да жария етті. Украиндар мемлекет аумағынан 13 елшіні шығармақ. Украина СІМ спикері Марьяна Беца Радио НВ эфирінде сөйлеген сөзінде елден қуылатын 13 дипломат Ресейдің арнайы қызметтерінің қызметкерлері екенін айтты.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, «ел билігі мәселені жан-жақты сараптағаннан кейін мемлекеттердің ресейлік дипломаттарды өз аумағынан шығару қадамына қарсы қандай шара қолдану керек екенін шешеді». Көптің күтіп отырғаны да сол – Путиннің қадамы. Бірақ Ресей дипломаттарын өз аймақтарынан шығарған елдер саны күн санап көбейіп келеді.

Back to top button